Қазақтың ғазиз досы
«Ескендір» поэмасының ең соңғы шумағында Абай бүй дейді: «Ақылсыз өзін мақтап былжырайды, Бойға өлшеп сөйлесең нең құрайды? Жақсы болсаң жарықты кім көрмейді, Өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?!». Осыны айтқан Абайдың өзі жайлы білмеуі еш мүмкін емес қой. Ал, біз бүгінде Абайды айтқан кезде бас салып мақтай жөнелеміз. Сөзімізде ұлы ақынға деген терең танымнан гөрі, эмоция басым. Құдайшылығын айтайық, біздің Абайға деген ғашықтығымыз – сырттай ғашықтық ғана. Абайдың өзі біздің сол мақтауымызға мүлде қарсы: «Мен мақтанға құл емес», – дейді жарықтық. Әңгіме Абайда емес, біздің танымымызда болып отыр. Дәлірек айтсақ, оның жеткен өресі мен деңгейіне біз мұқтажбыз. Жаратушыға керегі де біздің адами деңгейіміз ғой. Сол кісіліктің кілті – ғұламалар еңбегінде жатыр. Қазаққа кісілікті үйрететін кітап – Абайдың еңбегі. Тағы да қайыра айтуға мәжбүрміз. «Самородный сары алтын, Саудасыз берсең алмайды» – деген хакім өз сөзінің сары алтын екенін әбден біледі. Шәкәрім де мұны дәл аңғарады: «Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан» дейді. Абай – рухани инновация. Абай өз замандас ақындарын: «Қобыз бен домбыра алып топта сарнап, Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап» немесе «Ақындары ақылсыз, надан келіп, Көр-жерді өлең ғыпты жоқтан қармап» деп шенейді. Енді ойланып көрейік. ХІХ ғасырда бір ақын келеді де, көр-жерді жиып қойып, «Мені мен менікінің айрылғанын», «Жүректің көзі ашылса, хақтықтың түсер сәулесі» – деп тіптен тосыннан сөйлейді. Сол кездің түсінігі үшін бұл мүлде қисынға келмейтін шұғыл бұрылыс еді. Сондықтан Абайды ХІХ ғасырдың қазағы толыққанды түсінді десек, асылық айтқан болар едік. Адамзаттың сәруары Пайғамбарымыздан қалған мынадай өсиет бар: «Әр ғасырда анық пен танықтың арасын ажырататын ғалымдар келіп отырады». Мұны – муштаһид ғалымдар дейді. Абай алашқа Алланың қалауымен келген ғұлама ғалым деп толық айтқан болар едім. Себебі, ақпараттан ада кер далада туған кемеңгердің ішкі қуатына шынымен-ақ қайран қаласың. Әлиханның Абайды «тағдыр тудырған сом алтын» деуі осы болса керек.
Кімнің кітабы басқа болса, соның түсінігі басқа болары сөзсіз. Бұған бүгінгі діндегі ала-құлалықты мысал етсек те жетіп жатыр. Әркім әр жақтан оқып келді де, содан бітіспес талас туындады. Әр түрлі кітаптан, әр алуан көзқарас қалыптасатыны белгілі. Бір сана мен бір түсінікке ұйымаған ұлт ұзаққа бара алмайды. «Алаш дегенде аттандамағанды атаң да болса ұрып жық» деген кешегіден қалған өсиет бар еді. Қазір осы іргелі түсінік әбден бүлініп бітті. Біздің Абайға деген мұқтаждығымыз да осыдан өрбиді. Қазақ Абайдың сүзгісінен өтпеген, танымына томпақ дүниені әманда қабылдамауға тиіс. Ол – сүзгіде мемлекеттік менталитет пен ұлттық генетиканың коды тұр. Бозжусан болмысымыздың тіні де сол Абайда жатыр.
Жоғарыда Абай өз қадірін, өз бағасын өте жақсы білген адам деп айттық. Өзін-өзі жақсы таныған адам – өзінің миссиясын да жақсы біледі. Ол бір өлеңінде «Орын таппай баптанба», – дейді. Жалпақ тілде «орныңды білсеңші», – дейтін сөз бар. Әркімнің өз орнын білуі – дүниенің гармониялық үйлесімін сақтайды. «Сен де бір кірпіш дүниеге – Кетігін тап та бар қалан», – дейді тағы бірде. Хакімге сенсек, дүниеге келген әр адамның өз орны бар. Мақсатсыз жаратылған адам жоқ. Әлихан Бөкейхановтың «Абай билердің шартты түрде сайланбай, талантымен бағаланатын ескі заңы кезінде өмір сүрсе, атақты би атанар еді», – дегені бар. «Би болу, болыс болу өнер емес» деген Абай үшін бұл сала өз орыны емес болатын. «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ, Наданның көңілін қойып көзін ашпақ». Міне, бұл – Абайдың басты миссиясы. Оның ақындығына келсек: «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқ-барды, ертегіні термек үшін», – дейді.
Мұндағы мақсат айқын. «Көкірегі сенімді, ойы орамды, Жаздым үлгі жастарға бермек үшін». Бұл жердегі жас (жастар) ұғымы келешек заманды аңдатады. Ал «Көкірегі сенімді, ойы орамды» – оның оқырмандарға қойған талабы. Біз осы талаптарға көтеріле алдық па, мәселе сонда болып отыр. Мұндай жетеге жетпесек Абайдың жазғаны бізге арналмаған деген сөз. Демек, кемеңгер өлеңі келмек дәуірлерге емес, кемел деңгейге ғана арналған интелектуалдық туынды. Бұл – Абайдың «толық адамға» қоятын талабы. Ондай болмаққа көз емес, көкірек категориясы қажет. Мұнсыз Абай ашылмас қақпа, шешілмес жұмбақ күйінде мәңгілік қала береді.
Енді Абайдың ішкі темпераментіне қарай ойысып көрейік. Данышпанның «Ашулансам – ызалана алмаймын, күлсем – қуана алмаймын», – дейтін сөзі бар. Бұл өзі қандай деңгей? Ептеп осы бір ойдың әдібін жазып көрейікші. Әсілі – мұны білмекке биік өре, үлкен деңгей қажет. Мұндағы күлкі ұғымын төртінші қара сөзіндегі «рахаттанып күлу» мен «ыза болғаннан күлу» өлшеміне салсақ қана түсінуге болады. Рахаттанып күлу – пенделікпен күлу ғой. Ал, ызалы күлкі дегеннің өзі қайғымен астасады. «Уайым – ер қорғаны, есі барлық» деген – Абай өлшеміндегі уайым әркімге бұйыра бермейтін қымбат дүние. Абай қайғыдан қашпайды. Тағы бір сөзінде «уайымсыздығыңа уайым қыл», – дейтіні бар. Ал, біз уайымдаудан қашамыз. Күлкі дегеніміз рухани деңгей. Жеңіл күлкі жеңілгенімізді көрсетеді. Деңгейімізге қарасақ, жеңілгенімізге күліп отырғандаймыз. Ал, Абайдың күлкісі мен ашуы… Абай талап ететін уайым-қайғы… Мұны түсіндіру тіптен қиын. Деңгей дегеннен шығады.
Абай Оразәліні жұмсап Есіркептің түйесін сұратқанда оның түйені бермей қоятыны бар ғой. Сонда Абай «мен мұсылман екенмін. Егер осы Есіркеп Тәкежанның қасында отырып, Тәкежан осы менше түйе сұратып жіберсе түйесін бермей жібере алмас еді. Түйе бермегеніме Абай ашуланып, ештеңе етпейді деп, менің жұмсақ мінезіме сеніп бермей отыр ғой», – деп күліпті де қойыпты деген естелік бар. Ал бұл қандай дәреже? Мұндай кеңдікке қалай жетуге болады? Абайдың Жаратқан Иені тануы қандай десеңізші. Басқасын сөз етпегенде «Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңір» деген ойына оның бүкіл мұсылмандығы сыйып тұрған жоқ па.
Абай «толық адамның» үш категориясын анықтайды: «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Осы үш құндылықты, яғни «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек», – дейді. Жүсіпбек Аймауытов Абайды терең түсінген адамның бірі болған. «Ұлтты сүю» деген мақаласында: «Жанның тәрбиеленетін үш түрлі сыпаты бар: ақыл, сезім, қайрат. Адам жаратылыстан ақылды болып, осы үш сыпаты бірдей тәрбиеленген болса, ол кісі әрі данышпан болады. … Қазіргі оқығандардың тәрбие негізі қазақ ішінде салынған. Қара қазақтың баласына беретін тағылымы белгілі. «Өтірік айтпа, қиянат қылма, адал бол, ақжүрек бол, өзің үшін оқыма, мен үшін де оқыма, ұлтыңа қызмет қылып, пайда тигізу үшін оқы!» деп үйреткен қазақ некен-саяқ шығар. «Шіркін, бәленшенің баласының қуы-ай! Кісі сыртынан сатып жіберетін», «кісіге ақыңды жібермейтін бол, закон біл, ақша тап, даражаға ілін» деген мақсатпен оқытады», – дейді. Абай айтқан үш сыпат мұнда да қайыра алдымыздан шықты. Қазақтың баласын оқытудағы мақсаты әлі күнге сол күйінде қалды. «Баламды медресеге (университетке) біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім», – деген Абайдай ата-ана бүгін де қат. Оның ата-ана, әке-ұстаз ретіндегі статусы қашанда жоғары. Бақсақ, Абай алдымызды тағы да орап кеткен екен. Біз сол баяғы «Балам закон білді деп, Қуанар ата-анасы. Ойында жоқ олардың, Шариғатқа шаласы» – деңгейінде қалып қойыппыз. Мұндағы шариғат деп отырғаны – білім мен кісілік қой. Олай болса, Абайдың уайым-қайғысы – біздің қам, қазақтың, адамдықтың қамы екен. Оны осы тұрғыдан түсінуге тырысуымыз керек. «Осы үшеуі бір кісінің бойынан табылса, табанының топырағын көзге сүртерлік қасиетті адам – сол», – дейді жарықтық. Абай өлеңдеріндегі бүкіл дүниетаным «толық адам» болуға жетелейді. Біз осы идея үшін Абайға ұмтыламыз, оған мұқтажбыз. Өйткені, Абай қазақтың ғазиз досы, әділ сыншысы. Бізге қағаздағы қатып қалған Абай емес, қан айналымымызға еніп кеткен динамикалық Абай қажет. Тазаруға, кемелдікке ұмтылған адам – Абайға жүгінуге тиіс. Абай ішке түскенде кісілігің мен тұрмыс-тіршілігің арта түседі. Рухани деңгейің Абайды түсінерлік дәрежеге жеткенде, Абай сені міндетті түрде өзгертеді. Өзгере алмай жатсақ, ол Абайдың емес, өзіміздің кемшіліктен. Қазір кемелдену мәселесінде, біз дінге сүйеніп, топ-топқа, жік-жікке бөлініп жүрміз ғой. Анығын айтайық, топтануда еш кемелдену болмайды. Кемелдену адамның жеке мәселесі. Абайды жаттап алу жақсы-ақ, бірақ бұл балдыр секілді тамыры жоқ тәсіл. Құрғақ жаттауға емес, ойлай білуге үйренуіміз керек. Абайға әркім өз жан-дүниесін ашып тастап, жеке, оңаша үңілуге тиіс деген ойдамын.
Қазақтың Абайды түсіну процесі шындығында өте баяу жүрді. Алаш қайраткерлері неліктен Абайды насихаттады? Абайды халыққа танытуға, түсіндіруге не үшін күш салды? Өйткені, Абай қазақтың рухани Гиппократы еді. Алаш пен Абайды бөліп қарастыру әсте мүмкін емес. Абайды тану бұдан бір ғасыр бұрын басталғанымен әлі күнге жұлмалап, жырымдап келеміз. Текстологиясының өзі толықтай бір ізге түсті деп айта алмаймыз. Тіпті, Абайдың кітапханасын әлі зерттеген жоқпыз. «Дүниеге көзімді ашқан Михаэлис», – іспетті күмәнді сөздердің ақ-қарасын айырып, анық-қанығына жетуіміз өз алдына жеке шаруа. Кезінде саяси идеология негізін қалап берген өтірік Абайдың маңайынан ұзап кете алмай жүрміз. Шын Абайдың низамы енді туды. «Құнанбайдың баласы айтыпты», – десе тоқтамайтын қазақ жоқ екенін білеміз де, Абайды көрінген жерге тықпалаймыз келіп. Орынсыз жерге қолданған дүниенің құны болушы ма еді?
Абайды айтпа деп ешкімді тия алмайсың, әрине. Бірақ білмей сөйлеу, түсінбей айту өте қауіпті.
Абайтанудың бетін қалқып қана айтқан сөзіміздің бір парасы әзірге осы ғана…
Ықылас Ожайұлы,
ақын.