Деректерді құбылту кімге керек
22.06.2018
1391
0

Оңғар НАҚЫПҰЛЫ


Шыңғыс ханды «Моңғол атын ХІІІ ғасырда шартты түрде алған» (Л.Н.Гумилев) тайшуттарға тели салу үшін соған мүдделі топ «халха моңғолы» деген этнонимді ойлап тауып, ғылыми айналымға ендіріп үлгеріпті. Түбі шикі бұл жаңалық ғылыми ортада толық қолдау таба қоймаса да, оны кәдеге жаратып жүргендер баршылық. Солардың бірі – Қойшығара Салғараұлы «Қазақ қазақ болғанға дейін» атты роман-эссесінде былай дейді: «Ғалымдар тілдің Алтай семьясына жататындарын үш тармаққа бөледі. Солардың бірінші тармағы – «Түрік-моңғол деп аталады. Осыдан түркі тіліне – батыс хунну, шығыс хунну; моңғол тіліне – ойрат, бурят, халха моңғолы, қалмақ, моңғол тілдерін жатқызады».


Этноним болып қалыптасып, дер­бес тілге ие болу үшін тұтас дәуір керек. Оны «этногенез» дейді. «Бұл мың­жылдықтар бойы қалыптасатын үдерістен халха моңғолы қашан өтіп үлгерді?» деген сауал туады. Біздің бі­луімізше, Шыңғыс хан өз қандас­тарын қазақтың бүгінгі ұлы даласына қоныс аудартқан ХІІІ ғасырдың екін­ші жартысына дейін Халха хун­ну – қазақ, түркі-қазақ тайпаларына тән еді ғой. Өзін тарихшымын деп са­найтын Қойшекең бұл деректерді біл­меуі мүмкін емес. Әлде елді адас­тыру үшін біле тұра деректерді қа­са­қана құбылтып отыр ма деп, шы­ғар­маны қайтадан парақтағанда тағы да соны «жаңалықтарға» тап болдық.
«Хуннуымыз-моңғолдар» деген та­раудың аты құлаққа тосын естіледі екен. Мақаланың бірінші абзацында роман-эсседен келтірілген үзіндіден біл­геніміздей, Қойшекең батыс хун­ну, шығыс хунну тілдерін түркі тіліне жат­қызып еді ғой. Енді келіп «хун­нумыз-моңғол» деп отыр.
«Әулие, білгіш айтты деп, жа­зыл­­ған талай қате көп», – дейді екен Шә­кәрім баба, осындайда. Шын­дықты іздеп көрейік. Ол үшін, әри­не, әңгімені хуннудан бастауға тура келеді. Ертедегі бұл халық дербес патшалық ретінде біздің дәуірімізден 1200 жыл бұрын тарихқа енген. Дә­уірлеуі б.д.д. 209 жылы таққа отыр­ған шаньюй Модэнің билігі кезеңіне тура келеді. Солтүстік өңіріне мез­гіл-мезгіл шапқыншылық жасап, ел тәуелсіздігіне қатер төндірген бұл патшалыққа Қытай билігі алым-са­лық төлеп отырған, Модэге қытай хан­шасын әйелдікке берген. Ша­ньюй Модэ деген ілтипатты атауда қы­тайлықтардың оған деген құр­меті­нің белгісі жатқандай. Бұл есім «ержүрек билеуші» деген мағынаны білдіреді. Қазақ тарихшылары болса қытай транскрипциясындағы бұл лауазымдық атты дыбыс үндестігіне сай Мөде, Мөде тәңірқұты деп, ал Қой­шекең болса Мүде деп ала сал­ған. Мұнда ғылымнан гөрі, қарадүр­сін­дік басым сияқты. Азия тарихшы­лары болса шаньюй Модэні «Оғыз хан» деп қабылдаған. Модэ мен әке­сі Тұман шаньюй арасындағы шие­леніс, Оғыз бен әкесі Қара хан ара­сындағы жағдай ұқсас, әрі о­лар­дың дәуірі, ел билеудегі жеткен та­быстары осындай қорытынды жа­сауға мүмкіндік береді. Айта кетейік, ше­жіреші Шәкәрім қажы өз зерт­теуінде Оғыз ханды Қоңырат тайпа­сы­ның атасы дейді. Тарихи деректер ғұламаның бұл айтқандарын толық айқындайды.
Хун патшалығының құрамында Хуянь, Лань, Сюйбу деген негізгі үш тайпа, 24 ру болған. Этнографтар зерттеу жүргізсе, олардың тұрмыс-сал­тынан қазаққа тән көптеген бел­гі табар еді. Тілі де бізге жақын. Хуннудың «сағдақ» деген сөзін біз садақ деп түсіндік, ал қазақша біл­мейтін Л.Гумилев болса, оның ба­ламасын орыс тілінен іздейді.
Хунну елінің өмір салты көш­пе­лілер өркениетінің тартымды көрі­ні­сі іспетті. Заңдарының әділдігі, мем­лекетті басқару жүйесінің оң­тай­лылығы ел өміршеңдігіне зор ық­пал еткен. Әскери құрылым­дары­ның өзара үйлесімділігі, ұрыс ке­зінде тактикалық тұрғыда ұтқыр­лы­ғы оларды сол заманда жеңілмес күш­ке айналдырған.
Осындай керемет патшалықтың та­рих­тағы орнынан ығысуы ұрпақ­тар ауысуымен келген билеушінің жағдайды дұрыс бағаламауы, тайпа көсемдерінің кертартпалығы сал­дарынан орын алғаны байқалады. Сек­сенінші жылдар шамасында қып­шақ тайпасы Еділ, Жайық, Дон бойына қоныс аударып, Шыңғыс хан заманына дейін «гун», «поло­вцы» деген атаумен тіршілік еткені мә­лім. Қаңлы тайпасы да бөлек­тен­ген. Осылайша сол кезеңде дұшпанға ай­налған қырғыз бен татардың орта­сын­да жеке қалған қиян (қытайша-хуянь) тайпасы 87 жылы солардың біріккен қолынан ауыр жеңіліске ұшырайды. Ал 93 жылы Қытайдың атты әскері Қиян қолын толық күй­ретеді. Хунну елі тарих бетінен кетеді.
«Юйчигянь был последним се­вер­ным шаньюем из рода Модэ. На основании этого китайские исто­рики считали 93 год концом хунс­кого государства» деп жазады
Л.Гумилев (Хунну. Москва. 2003). Әбілғазы шежіресіндегі Елхан осы болса керек деп қабылдадық. Шежі­реде жеңіліс тапқан тайпаның ханзадасы Қиян мен оның туысы Нүкіз Ергене қонысына келіп пана­лағаны жазылған. Біздің ойымызша «Қиян» қытай графикасы бойынша «Хуянь» деп оқылған қытай дерек­теріндегі тайпа атауы болса керек. Хуянь атауын Л.Гумилев «қоян» деп дыбыс үндестігіне сүйеніп аударған. Ғалымның бұл аудармасы көңілге қонымсыз. «Қиян» алыс, қиыр шет деген мағынаны білдіретін сөз ғой. Оны Л.Гумилевтің «Первоначальная ставка хуянов была в Бэй-шане» деген сөзі қуаттайды. Бұл тайпаның Халха өңіріне алыстағы Байсыннан келгенін білдіреді.
Қытай тарихшылары Қиян тай­пасының бұдан кейінгі тағдырынан бейхабар. Олар бұл тайпаны жойы­лып кеткен деп есептесе керек. Оның есесіне Әбілғазы шежіресінде бұл тайпа туралы тарихи оқиғалар­мен қабысатын деректер баршылық. «Тайпа Ергене қонысында төрт жүз жылдан астам тіршілік етіп, төрт жүз елу жылдан кейін татарларды жеңіп, ата қонысын қайтарып алды», – дейді. Қиян нәсілінен Құрлас атты кісіні хан көтергенін, оның ағайын­дары өздерін ханның атына үйлес­тіріп, құраттармыз деп атағанын, бұл ата­ластар көбейе келе хоңқұрат, яғни үлкен құрат елі атанғанын білдік. Шежірешінің жазуынша, бұл аң­ғардан қоңыраттармен бірге қорлас, дүр­ман деген еншілес рулар да шы­ғыпты.
Ергене қонысының атауына кел­сек, мұнда кездейсоқтық жоқ. Ер­ге­не – қоңырат тайпасының таңбасы. Киіз үй есігінің тұрқын ергене дейтінін біреу білсе, біреу білмес. Оны босаға деп те атай береді. Кө­рі­ні­сі кирилл графикасындағы П әрі­пі­не ұқсас. Ертеде оны «қапа» деге­нін де байқадық. Қазір оны арка де­й­ді. Араға төрт жүз жылдан астам уа­қыт салып, Ергене қонысынан етек­­ке түскен тайпаның бұдан ке­йін­­гі әрекетін Қытай тарапы жіті ба­қылауға алғаны байқалады.
Тарихи оқиғаларға келейік. Қы­тайлар татар-сәнби тайпасының қа­лай жужанға айналуын біледі, өйт­кені бұл тайпа Қытай барлау қыз­метінің бақылауында ғой. Аты­ра­бындағы елдерге шапқыншылық жасап, тонауға дағдыланған жужан­дар сол маңдағы елдердің малдарын, жас әйелдері мен қыздарын ол­жа­лап, балаларын құлдыққа әкетіп отыр­ған. Жужандар билік құрған сол бір қасіретті заман Шыңғыс Айтма­тов­тың «…И дольше века длится день» деген романында Найман-ана мен жужандар құлдыққа алып кет­кен ұлы – Жоламан арасындағы оқи­ғамен шынайы өрілген. Жужан­дардың ауыр азаптауынан жадыдан айырылған Жоламан мәңгүртке айналып, артынан ақ маясымен іздеп келген анасын танымай, оның айтқан сөздеріне сенбей, қожайы­ны­ның бұйрығын орындайды. Мәң­гүрт баласының атқан садақ оғынан ажал құшқан ана ақ маядан құлаған кезде ақ жаулығы желмен ұшып, ақ құсқа айналады да: «Атың кім сенің? Кімнің баласысың? Сенің әкең Дө­ненбай, Дөненбай, Дөненбай» деп шырылдайды. Ұлының атқан оғынан ажал құшқан ананың ақ маядан құлаған орнын ел-жұрты қасиетті Ана-Бейітке айналдырады. Шыңғыс Айтматов туған жұртының тағдыр-талайынан хабарсыз мәңгүрт ұрпақтың күні үшін Отан-Анасына опа­сыздық жасаудан да тайынбай­ты­нын осындай көркем әдеби тіл­мен нанымды бейнелейді.
Жужандардан азап шеккен елдің бірі теле тайпасы қалың қол жасақ­тап, жужандарды дәл жүректен соғу үшін Халхаға аттанған. Жолда Гоби Алтайының шатқалынан үстілеріне көк сауыт киіп, қарағай найза ұста­ған жарау атты сарбаздар қатар-қатар сап түзеп, алдарынан шыға бе­реді. Те­лелердің жолын кескен Ер­гене қо­нысынан шыққан Бумын­ның әс­кері еді. Телелерді бағын­дыр­ған соң Ергене қондықтардың күші еселене тү­сетіні түсінікті. Бумын 552 жыл­дың қысында жужандарға қарсы тосын шабуыл жасап, олардың тас-тал­қанын шығарады да Халханы қай­тарып алады. Әбілғазының ше­жіресі қытай дереккөздерінен алын­ған осынау тарихи оқиғалармен то­лық расталып тұр.
Жужандарға қарсы тұратын күш керек болғандықтан Қытай жағы Бумынның елімен 545 жылы елші ал­масып, дербестігін таныған еді.
Олар жас мемлекетті тукю деп жазады, Еуропа тарихшылары турк-ют деп түпнұсқаға жақындатқан. Біз­дің тарихшыларымыз түркі деп қазақшалай салыпты. Бұл атау түркіт тәрізді мағынасыз аттан арылтуды қа­жет ететін секілді. Тукю, түрк-ют жат­жұрттықтар тіл білместіктен таң­ған атау. Көне түркі тілі бойынша ол тү­рікюрт болуы керек деп ойлаймыз. Қазақша түркі жұрты ғой.
Елдің жады мықты болса, еш­кім­ге есе жібермек емес екен. Ергене қо­нысында отырған жұрт, арада қаншама жылдар өтсе де, дұшпандар қырғынға ұшыратқан ата-баба әруа­ғын, тартып алған туған жерін ұмыт­пай, қалайда кек алудың қамын жа­саған. Ол үшін тауда темір қоры­тып, қаруын сайлаған, аңыз-әңгі­ме­лермен, батырлық жырлармен ұрпақ тәрбиелеген. Хандар төңірегіне елді топтастыру, жауынгер ұрпақ тәрбие­леу мақсатын көздейтін Ергене қо­ны­сында туған екі аңызға тоқта­лайық.
Бірінші аңыз: Қырғыннан тірі қалған он жасар ханзаданы азаптап өл­тіру үшін дұшпандар қол-аяғын ке­сіп, сазға лақтырып кетеді. Бал­а­ның сорлы халін көрген қаншық қас­қырдың мейірімі түсіп, оны ет беріп асырай бастайды. Біршама уа­қыт өткенде ханзададан құрсақ­танады. Қайта оралған дұшпандар қорғансыз баланы өлтіреді. Ал қан­шық қасқыр болса тау аңғарына қа­шып құтылады да, он бала табады. Хан­дар ұрпағын дүниеге әкелген қан­шық қасқырды қытайлар Ачино деп атайды. Ал қазақшасы Әше­не, орысшасы Ашин делінеді. Әже де­ген қасиетті сөз сол Әшенеден шық­са керек. Оғыз ханнан бермен қа­рай келе жатқан хандар ұрпағы Ер­гене қонысында қаншық қасқыр-әже­міз туралы аңыз арқылы жалға­сын тауып, Шыңғыс ханға дейін еш ауытқымай, қасқыр мінездес қай­сар, бөрі енеміз секілді елімізге қам­қор болғанын тарихтан білеміз.
Екінші аңыз: Жұлдыз ханның жас­тай жесір қалған келіні әмеңгер­лік­пен алғысы келген туыстарына келісімін бермей, ерінен қалған үш ұлы­на қарап отыра берген. Бір кеште шаңырақтан түскен нұрдан шикіл сары кісі пайда болады да, қатты қор­қып, тілі байланған келіншектің құр­­сағын сипайды. Сол оқиға қай­та­лана келе жас ханым құрсақтанып, ұл табады. Аңдыған ағайындар бұл оқиғадан хабардар болады. Осындай нұрдан пайда болған ұлдары Көктен, Көктің ұлы атанады. Хандар әулеті­нің нұрдан пайда болуы содан екен. Қағанаттың «Көк түріктер» атануы, Туы көк түсті болуы, онда алтын жіп­пен Бөрі ененің басы кестеленуі осы аңыздарға байланысты екені анық. Көк ұлдары, Көктен ұрпақ­тары Шәкәрім баба шежіресінен орын алыпты. «По Радлову и древ­ним казахским преданиям, предк­а­ми конратов являются Кок и Кок­тен­ши», (Журнал «Аманат», 2008 г.) деп жазыпты дана қажы.
Тарихи оқиғаларды қеңінен қам­ту мақала көтерер жүк емес. Ең бас­тысы қазақ руларынан құрылған Хун мем­лекеті дәуірінен бермен қарай ке­ле жатқан хандық дәстүрдің үзіл­мей, Түрік жұрты (түркіт емес) қата­ры­на тұрмыс-салты тек қазаққа тән ал­пысқа жуық рудың енгенін Алтай­дың түстігінен табылған сынтаста қа­шалған таңбалардан көруге бо­лады. Оны тауып, ғылыми айналым­ға енгізген – Қаржаубай Сартқожа­ұлы.Сынтаста қыпшақ тайпасының тік екі сызықтан тұратын таңбасы жоқ еке­ні Еділдің арғы бетіне осы дәуір­дің сексенінші жылдары жер ауған бұ­лардың қайта оралмағанын біл­діре­ді.
Тарихты зерттеу хундар мен тү­рік­тердің тамыры бір екенін біл­ді­ре­тін ортақ белгілер көп екенін бай­қат­ты. Солардың тек біреуін кел­­­тірейік. 2003жылы Мәскеуде шыққан «Хун­ну» деген кітабында Л.Гумилев бы­лай деп жазады: «Жен полагалось бра­ть исключительно из чужого ро­да» (86-бет). Бұл дәстүр қазақтан бас­қа кімде, қай елде бар? Сон­дық­тан «Қазақ елі тарихының Хун дәуі­рі», «Қазақ елі тарихының Түркі жұр­ты дәуірі» деген арнайы тараулар «Қа­зақстан тарихына» енгізілгені жөн болар еді демекпіз.
«Ашин» әулетінің қағана­тын­да­ғы әлеуметтік айрықша бір белгі әс­кери және тайпалық құрылымды ұш­тастыру болды. Осы жұптастықты іс жүзіне асырған түркілер өздерін «Мәң­гі Ел» деп атады («Көне түрік­тер», 62б., А.: 1994 ж.). Алға озып айта ке­тейік, Шыңғыс ханның «Ал­ты Алаш» елі де түркі жұртының мұра­ге­рі ретінде өздерін «Мәңгі Елміз» деп атады. «Алты Алаштың» құра­мында татар тайпасының орын алуы орыстардың «монголы-татары» де­ген тіркесінің дүниеге келуіне се­беп болды. Еуропа тікелей солардан алса керек. Моңғол атын тайшут­тардың ХІІІ ғасырдың аяғанда «біз де моң­ғолмыз» деп иемденуі тарих­шыларды әбден шатастырды. Қазақ­тың кейбір тарихшылары әлі де адасып жүр. Сол адас­қандар Л.Гу­милевтің «Хуннудың ұрпақ­тары – түріктер, түріктердің ұр­пақ­тары – Шыңғысхан жақтас­та­ры» деп қарас­тыруы кездейсоқ емес екенін ескерсе жөн болар еді.
Өздерін «Мәңгілік Ел» деп ата­ған Түркі жұртының ішкі жағдайы қы­тайдың барлау қызметі тарапынан жіті бақылауда болды және олар елді іштен ірітудің барлық амалдарын жа­сады. Ашин ұрпақтары арасында­ғы ырду-дырду да мемлекет іргесінің беріктігіне теріс ықпалын тигізді. Сонымен Қағанат әуелі 584 жылы Ба­тыс, Шығыс болып екіге жарылды да, Шығыс Түрік Қағанаты 630 жы­лы, Батыс Түрік Қағанаты 657 жы­лы құлап тынды. Бұл жағдай Қағанат құрамындағы Ұйғыр ағаманына, Қырғыз иналына, тайшыларға, т.б. тәуелді тайпаларға қол келді. Ұйғыр ағаманы Халханы басып алды, орда ойран болды. Қырғыздар, қарлық­тар, тайшуттар түркі тайпаларының (қазақ рулары деп түсініңіз) ауыл­да­рын шауып, малдарын айдап кетіп жат­ты. Ел аш-жалаңаш қалып, жойы­лып кету алдында тұрды. Осы кезде тарих сахнасына алдымен Құт­лығ бастаған көтерілісшілер шықты. Оның бас кеңесшісі, әрі қолбасшысы түнде ұйқы көрмей ел қамын ойлай­тын, сол үшін Түн Күк (жапалақ, әл­­де үкі) атанған дана, бас батыры бай­сындық Ашин ұрпағы, Шығыс Түрік қағанатының соңғы ханы Қат Елханның немересі, Бөрі шадтың ұлы Алып Елетміш (Алпамыс) еді. Қат Елхан сатқындардың алдауымен Қытай елінің қолына түсіп, Қағанат құлағандықтан Кавказ майданында жүрген Бөрі шадтың Байсынға ба­рып паналаудан басқа амалы қал­маған. Өйткені, Халха ұйғырлар қо­лына өтіп кеткен еді. Арадан елу жыл өткенде, 680 жылы Халхадағы туыс­тары көтерілгенін есіткен Ал­па­мыс батыр бастаған қол көмекке кел­ген. Ақыл-парасат,ел арасында та­нымалдық, батырлық сияқты ұлы қа­сиет иелері біріккен соң ел оларды қол­дады. Алпамыс пен Дана Түн-күк алдымен Тола өзенінің бойында екі мың адамдық шағын қолмен ұй­ғыр­дың алты мың адамдық әске­ріне қарсы айқасты. Алпамыс ба­тыр­дың алмас қылышынан жүздеген дұшпан жер жастанды. Ұйғырлар қашты. Алғашқы жеңістің дабылы да­лаға жайылып кетті. Жетпіс адам­нан басталған Құтлығ ханның қолы көп ұзамай жеті мың адамға жетті. Кезекті бір шайқаста жас батыр Ал­памыс ел Қараман деп атап кеткен ұйғыр Ағаманын жер жастандырды. Түркі жұрты Халханы қайтып алды. Орда сонда бой көтерді. Батыр енді ел­дің малын олжалаған Тайшық хан­ға (тайшуттарға) аттанды. Ұзаққа со­зылған кескілесуден соң ол елді де қай­тадан тізерлетті. Бұл тарихи оқи­ғалар «Алпамыс батыр» жырына арқау болды.
Алпамыс батыр Ел төресі атан­ған Құтлығ ханның, Қапа ханның бас батыры болды. Қапа ханның бұй­рығымен Қадаз қаласын 715 жы­лы алуы оның ең соңғы жорығы еді. Батыр 719 жылы өз ажалымен қай­тыс болды. Ол Орғын өзенінің бо­йын­да, ғылыми айналымға Орхон-Енесей атауы­мен енген хандар әулетінің пан­теонында жерленген. Алпамыс ма­зарының жанында Білгі хан, Күл­тегін батыр, Дана Түнкук бейіттері де орын алған. Алпамыс батыр – адам­гершілік қасиеттері мол кісі еді. Ха­лықтың оған деген сүйіспеншілігі сол дәуірдің жыраулары тарапынан керемет фольклорлық туындылар болып ел аузына кеңінен тарады. Оны Алтай халқы «Алып Манаш» деп, өзбек қоңыраттары «Алпомыш» деп, қырғыздар «Манас» деп, қазақ рулары «Алпамыс» деп жырға қосты.
Алпамыс батыр жырында Тай­шық ханды өлтіріп, оның халқы бо­лып саналатын тайшуттарды ба­ғындырғаны айтылады. Бұл ел қай­дан шықты? Қағанат өмірге келген ал­ғашқы жылдардың өзінде түркі­лер­дің көк сауытты көкжалдары жу­жандарды талқандап, теріскейде қыр­ғыздарды қайтадан бағындырған соң 553 жылы шығысқа қарай жо­рыққа шыққаны, сонда моңғол тілі диалектісінде сөйлейтін татаптарды, қидандардың бір бөлігін өзіне қара­тып алғаны тарихи шындық. Міне сол тайпалардың ұрпақтары уақыт өте келе тайшуттар болып шықты. Бұл тарихи оқиға Лувсанданзанның «Алтын шежіресінде», оның біршама жетілдірілген аңызға ұқсас түрі Қ.Салғараұлында да бар. Бұл елді бағындырған түркі жұртының алғашқы ханзадаларының бірі Бөрте екен. Оны Қ.Салғараұлы Шың­ғыстың жиырма екінші атасы дейді. Демек Шыңғыс хан түркі ханзада­сының ұрпағы болса, оны тайшут­тарға жатқызудың ешқандай жөні жоқ. Сол тарихи 553 жылдан бері тайшуттар түркілердің боданы бо­лып келген. Бірінші қағанат құла­ған соң өздерінің Тайшық ханымен бас көтерген ол тайпаны Алпамыс қайтадан жөнге салды. Бұдан кейін тайшуттар Алпамыс ұрпақтарының уы­сынан шықпағанын, Есукей баһа­дүрдің сол елде билік құрғанын көріп отырмыз.
Көк түріктер қағанатының тағы­на Иоллоғ тегін ханнан кейін Білгі хан­ның ұлы Тәңір хан деген лауа­зым­дық атпен отырғаны мәлім. Ол анасы Бөбек ханымның ақылымен орталықтағы әскербасылыққа қара­дан шыққан тарханды тағайындауы батыс және шығыс шадтарының ашу-ызасын тудырды. Ал батыстағы шад қызметіндегі сұлтанды өлтіруі шығыс шады-сұлтан Паңкүлдің орданы шауып, ханды өлтіруіне әке­ліп соқты. Осы оқиғадан кейін сұл­тандар орталық билікке бағынуды доғарып, Қағанат құрамындағы тайпаларды жеке-жеке бөліп алып, билеуге көшті. Бөбек ханымның Қы­тайға қашып барып, ол жерде пат­шазада атағын, князьдік киім, қара­жат алғаны, Қытайдың шекара­лық мың­дығын әкелуі қағанатты қай­тадан қалпына келтіруге көмектесе алмады. Осы орайдағы оқиғалар желісі орыс ғалымы А.И.Левшиннің «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қай­сақ ордасы мен даласын сурет­теу» деген еңбегіне енген халық аузынан жазып алынған аңызда бейнесін тауыпты. Аңыз дерегі бойынша әуел­­де қазақ елі ноғай татарларымен бір тудың астында құдіретті мемле­кет құрғаны, кейін келе таққа талас­қан сұлтандар әр руды бөлектеп, жеке-жеке хандық құрып алғаны ай­тылған. Бұндай жағдайдан Алаша хан шашыраған хандықтарды бір тудың астына біріктіріп, бар билікті өз қолына алғаннан кейін ғана құ­тыл­ғаны аңыз дерегі бойынша қа­ғазға түсірілген. Қабыл хан, Бардан хан, Есті хан (Есукей), Темірші деген кісі аттарын қазақша емес деуге еш­кімнің тілі бұрыла қоймас. Түрік қа­ғанатының ордасы тігілген Хал­ха­да қоңыраттар бұрынғысынша ме­кендеп отырғаны бірталай тарихи мағ­лұмат береді. «Алты Алаш» құра­мына енген най­ман, жалайыр, мер­кіт, татар, керей тайпаларының ме­ке­ні болған Алтай, Кентау өңірі, Керу­лен, Толы, Орғын, Шіліңгір де­ген жер-су аттары да қазақша. Есу­кей баһа­дүрдің тай­шуттарға қатыстылығы оның хан­дық құрып, осы тайпаны билеуінде, соларға мал бақтырып, олардан алым алуында ғана. Тайшуттарға қандық тұрғыда еш қатысы жоқ. Есукей қазасынан кейін ол тайпа­ның Темірше балаға өре түрегелуі бодандықтан құтылу амалы еді. Шыңғыс ханның тайшут­тарды қалай сабасына түсіргені шежіре­лерде бар. Шыңғыс ханды қазақ емес деуге ешқандай негіз жоқ.
Қ.Салғараұлының айтуынша, Шың­ғыс хан шыққан қоңырат тай­пасы Халхадан қазақ ортасына – Түркістан, Ұлытауға келген соң «түр­кіленіпті». Мақаланың өн бойын­да әуелде қиян аталып, Ергене қо­нысынан қоңырат болып шық­қанын, кейін Түрік қағанатының негізін құрағанын, тайпаның Көк ұл­дары, Көктен аталары хандық би­лікті ұстағанын айттық. Бұларды қазақ емес деу әбестік. Ғалым Марат Мұ­қанов, оған сілтеме жасаған Қой­шы­ғара Салғараұлы да қоңырат­тардың Дешті-Қыпшақ тайпалары арасында кеңінен тарауы Шыңғыс қоға­мы билеушілерінің жеке нөкер­лері осы тайпадан болуымен түсін­діре­ді, бірақ оның себебін ашып көр­сетпейді. Айтпаса да түсінікті жағ­дай. Кез келген билеуші өз аты­рабына ең сенімді деген ағайын-туы­сын топтастырады, соларға сүйе­неді. Бұны бүгінгі өмірдің шын­дығынан да көріп жүрміз. Сондай-ақ, кейбіреулердің Шыңғыс ханды, оның заңды ұлы әрі мұрагері Жо­шы­ны меркіт, шапырашты қылу үшін өсек-аяңға салынуы, Ұлбике, Бөрте аналарымыздың әруағын мазалап, олардың арына тіл тигізуі ғылымға да, адамгершілікке де сыймайтын ұят тірлік. Бұл сонымен қатар Шың­ғыс бабамыздың сыртынан іш­тар­лықпен өсек өрбітіп жүрген жат­жұрт­тықтар диірменіне су құюмен тең.
Алаш елінің көсемі Шыңғыс қа­ған­ды жасырын жерлеу, оның сүйе­гін ат тұяғына таптату сияқты аңыз­дар­дың да еш қисыны жоқ. Көзі тірі­сінде ешкімнен аяқ тартпаған Шың­ғыс бабамыз ұлдарына ондай өсиет қалдырмаса керек. Алаш елін дү­ниеге әкеліп, Алаша хан атанған Шың­ғыс хан бабамыз өз елінің орта­сындағы Ұлытауда жатқанына сені­міміз кәміл. Бұл сенімге осы мақа­лада келтірілген тарихи деректер негіз бола алады. «Алтын Орда» мұ­ра­гері болуға тиісті Жошы хан саят­шылық кезінде опат болып, Шыңғыстың «Алтын Ордасындағы» алтын тағы немересі Батуға (Сайын ханға) бұйырды, сөйтіп атақты «Ал­тын Орда» хандығы дүниеге кел­ді. Шыңғыс қағанның Батыс пен Шы­ғыста жалғау туралы ұлы идеясынан туған бүкіләлемдік жобаны жүзеге асыру үшін Сайын ханның тарих­та­ғы атқарған ісі өз алдына бөлек әң­гіме.

Мақтарал ауданы, ОҚО.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір