КІМГЕ БАРЫП ЖАН-СЫРЫМДЫ АҚТАРАМ
Қалибек ШАЙЖАН
Жүйткітемін кейде ойдың кемесін,
Жасартамын тарихтардың көнесін.
Қара сөздің дәмін татқан адамдар,
Ақындары бейшара жұрт демесін.
Жақпай қалам тура сөзбен жақынға,
Көкпардайын басып алған тақымға.
Алдаспандай жарқыраған жүздері,
Тіл тигізбе, айналайын Ақынға!
Барлық жанмен еркін жүрем жарасып,
Дүниеге ойлы көзбен қарасып.
Татулықтың белгісіндей, тамаша,
Бірлікпенен жатқандаймын тарасып.
Кейде шалқып, асып-тасып жатамын,
Дәмді сөздің тұнығына батамын.
Періштедей желеп-жебеп жүретін,
Қадіріне жетсем болды батаның…
***
Жүрек жүдеп әлде нені іздеді,
Дірілдейді тоңған гүлдей күздегі.
Биылғы күз жылдағыдан өзгеше,
Көрінбейді тырналардың тізбегі.
Қар жауғандай адамдардың қабағы,
Ортайғандай асқа толы табағы.
Қарабайға ұқсап кеткен бұлттардың
Тамшылары әрең-әрең тамады.
Егін шықпай берекені қашырған,
Қолын үзіп қалған жандай асылдан.
Жақсылығын асып-тасып беретін,
Жомарт күн де нұрлы жүзін жасырған.
Төрт мезгілдің жоқ қой білем жаманы,
Тыныш тұрса жетіп жатыр заманы.
Бай мен кедей бара жатса алшақтап,
Күз ғой, шіркін, жалғастырар араны…
***
Сенім деген сезіктеніп барады,
Жылдан-жылға алшақтатып араны.
Тәтті күндер бір тұйыққа тіреліп,
Сыздатады бітіп кеткен жараны.
Сенім деген сезіктеніп барады…
Бауырларың бұл күндері жат болған,
Ойлайтыны алтын, күміс, зат болған.
Екі жанның бірі бүгін, бейшара,
Көкірекке айтылмайтын дат толған.
Армандарым бара жатыр сарқылып,
Аралымдай жылдан-жылға тартылып.
Биіктегі жанның бәрі, Шығайбай,
Байлықтары көрген емес артылып.
Жараспайды жаңа қазақ сөздері,
Шала туған жандай білем өздері.
Туа салып шомылғандай алтынға,
Дүниеден көрінбейді көздері.
Аспан ашық, қадірі жоқ адамға,
Бара алмайсың игілікті қадамға.
Асылдардың көбі бүгін дәрменсіз,
Асуларын беріп қойған наданға.
Елде тыныш болып жатса жарады,
Сенім-құсым желге ұшып барады.
Биліктегі азаматтар ес жиса,
Ажыратпай күннен-күнге араны…
Қарттарым
Кісіліктің сақтап барлық шарттарын,
Еш адамға міндетіңді артпадың.
Ырысымның басы болған қашан да,
Жанымдасың, қасиетті қарттарым.
Қиындықтан қайсар тұлға қайтпадың,
Өтірікті бас кессе де айтпадың.
Бойтұмардай сақтап жүрсің әлі күн,
Бабалардың өсиет сөз айтқанын.
Өзің барда сөз айтуға батпадым,
Үнсіз, іштей Ұлы Абайды жаттадым.
Пейіліңмен жаулап алдың жанымды,
Тарылмайтын қазыналы қарттарым.
Байламадың жол көрсетіп барымды,
Байлау бердің барлық іске жағымды.
Өздеріңдей абзал жандар азайып,
Сындырмайтын жиі-жиі сағымды.
Емдеп сөзбен жүректердің дақтарын,
Аралаттың бабалардың бақтарын.
Ұрпақ үшін беріп келген аямай,
Қайталанбас балғын бала шақтарын.
Тек өзіңе бар сырымды ақтардым,
Киесіндей келер күннің, шақтардың.
Ұлықпандай жүре берші мың жасап,
Даламыздың абызындай қарттарым…
***
Кімге барып жан-сырымды ақтарам,
Ерлік істі қалай ғана атқарам.
Біреу мақтап, біреу даттап кетеді,
Әлі күнге ашылған жоқ ақ-қарам.
Жүріп жатыр жүрек шыдап жарылмай,
Өсек сөзден әлі күнге арылмай.
Көзімізден бұлбұл ұшып барады,
Күліп-ойнап жүрген кездер тарылмай.
Кездер қайда хас өнерге табынған?
Тыңдамаса дауыстарын сағынған.
Табыстарға қолың жетсе көрінбес,
Жаралғандай кейбір достар сағымнан.