Тұнықтан туған тұлпар жырлар
01.06.2018
1819
0

Ұлттық тілдің телегей-теңіз бай қазынасын игермей тұрып, қолға қалам ұстау – жалаңаш қолмен от көсегенмен пара-пар. Ал рухани бай қазына халық ауыз әдебиеті мен фольклорында жатқаны анық. Сол қайнар бұлақтан сусуындап, нәр алған ақын не жазушы ғана келісті де көркем туынды берері тағы рас.


 

Нағыз поэзия ақыннан «іші ал­тын, сырты күміс сөз жақсысын ке­­лістіруді» керек етеді. Ақынның өз ойы мен ішкі сезім иірімдерін оқу­шыға түсінікті етіп жеткізуі үшін сөз қорының мейлінше мол болғаны жөн. Сонда ғана туа біткен талант­тың, тұнық бұлақтың көзі ашылмақ.
«Бұл айтылғандардың өзіміз сөз ет­келі отырған Дәулеткерейге қа­ты­сы бар ма?» – деген сұраққа: «Бар!» дер едім. Себебі, ол – кеңестік ке­зең­де туған елден тысқары, шетте жү­ріп, еліміз тәуелсіздік алған тұста ға­на жұртымен жанасқан ұлтымыз­дың ұланы. Жай ғана ұланы емес, көш­пелі көштің кеңістігінде жүріп, со­нау ауыз әдебиеті мен фольклордан бас­тау алатын айтыс өнерінің өрісін­де, сахнаның төрінде түлеген түлегі.
Қазақ жұртына тиесілі төл өнер­мен табысып, тәңірдің тартуымен ті­леуін содан тапқан талант иесінің ай­тыстар жинағының жарық көрге­ніне де бір-екі жылдың жүзі болып-ты. Бұған дейін ақынның «Сүтті іңір», «Бүлдірген ағып түскенше» ат­ты жыр жинақтары жарық көргені бар-ды.
Иә, сонымен «дәулескер ақын» атанған Дәулеткерей Кәпұлының өлең өнерінде өрілген шығар­ма­шы­лық жолына азды-көпті тоқталып өт­сек. Осы тұста бір ескеретін жайт – айтыс өнерінің өрісін кеңейтіп, жа­лынды жырларымен жақсы мен жайсаңды жуасытып, жас пен кәріні тамсантып келе жатқан айтыскер ақынның жыр жүйріктерімен сөз сайыстары топтастырылған «Шер­толғақ» жинағына алғы сөз жазған әдебиет зерттеушісі Кенжебай Ах­ме­тов өзінің жүрекжарды ойларын нақты мысалдар дәйегінде білдірген. Ғалымның пікірлерін пайымдай келгенде, мынаған саяды.
Біріншіден, Дәулеткерей замана са­зын саралай отырып, жұрттың жа­дында жүрген, көкейін тесіп, көңі­лін күпті еткен келеңсіз көрі­ніс­терді көпшілікке көркем кестелеп, көл­беңдете біледі. Бұл, әрине, мұн­дай дәл де дөп айтылған сөздер «мөңіреп жұрттан қайтқан ойдай» бол­масын білгендігі деп білеміз. Мә­селен:
Қазақты қай ұшпаққа шығарады,
Ана тілде нан тауып жемегендер? –
десе, ол мәселе Мемлекет тарапынан жөнге қойылып, игілікті іс-шаралар орындалып жатқанмен, көпшілік тарапынан қолдау табылып жатқаны шамалы. Әсіресе, жергілік атқамі­нер­лер мен әкімшіліктегілер бұл мә­се­ленің шешілуіне салғырттық та­нытуда екен анық.
Екіншіден, айтыс ақынына тие­сілі тағы бір ерекшелік, ол – кө­рер­меннің көңілінен шығып, шабытын ша­рықтыратындай тақырыпты та­мы­зық етіп, таңдап алуында. Ай­та­лық, ұлттық мүддені масғұттап, рух­қа қозғау салу арқылы ел ертеңіне елең­деп, ой екшеуі десек болады. Оны­сын Алматыда өткен айтыста оның Біржан Сөктеймен сайысынан көруге болады:
Мүйізі қарағайдай қасқаларым,
Абырой біздерге көк тиын деп жүр.
Бір қазанда қайнамақ түгілі, олар
Бір өріске сыюы қиын боп жүр, –
деген өлең жолдарынан Дәулет­керей­дің «бас-басына би болған өң­кей қиқымдардың», тәуелсіздікті же­леу етіп, тасып тайраңдауын, қара бас­тың қамын жеген қам-қара­кет­терін сынағанын байқаймыз. Сон­дай-ақ, үлгі алар ағаларымыздың өрес­­кел қылықтарын, ерсі мінез-құ­лық­тарын көріп, күйінеді де, ұлт ұла­­ны ретінде ұлағатты ой тізбек­теу­ге тырысады.
Тағы бір байқағанымыз, айтыс­кер ақынның ой орамдарын образды сөзбен, айшықты тіркестермен тіз­бек­теп термелеген тұста көрермен көп­шіліктің көңілінен шығып, талай рет таңдай қақтырғаны рас. Мыса­лы:
– Мен емес айтыстағы бос өлермен,
Белгілі жүйрік едім бесенемнен.
Өлең өрдім өр қазақ өз алдында,
Көгергенім шығар деп көсегемнен.
Аң соғарда кей ақын алаңдайды,
Қансонарда болса да неше мерген.
Пейілі – періштедей перзентің ем,
Неде болса көрейін пешенемнен! – деген сынды шуақты шумақтар елі­нің үкілі үмітін ақтау үшін «еріне тұр­ман, жұртына құрбан болуға» дайын Дәулеткерейдің шынайы пәк се­зімінен туып, көркем сөзбен көмкерілгені анық білінеді.
Шынында, қай тарапта сайысқа түскен қайсы бір айтыс ақыны бол­ма­сын, ол – әуелі өнер иесі. Сондық­тан ол сол үрдістің өресінен, көркем өнердің сөресінен табылуға тиісті. Бұл тұрғыда ғалым К.Ахметовтың пікірі барынша шынайы шыққанға ұқ­сайды: «…Айтыскерлердің кейінгі буы­ны сөз көркемдігін айрықша құнт­тауға құмбыл. Бұл жағдай Дәу­лет­керей ақынға да етене. …Көкірегі ояу жанды салиқалы ойларға жете­лейтін көркемдіктің әсерлі үлгілерін оның кез келген айтысынан кезікті­ре­міз».
Зерттеушінің аталмыш ақынның айтыскерлік өнері жайлы жазған пі­кіріне толық қосыла отырып, оның жоғарыда аталған жыр жинақ­та­рына тоқталсақ деймін.
Асылы, Дәулеткерейге ақындық ата мен анадан дарып, бойға біткенге ұқсайды. Тумысынан сөз өнерімен егіз­дігі бар ақын әуелде шымылдық түр­ген айтыс сахнасында түленсе, кейін жазба жыр сайыстарынан да құр­қол қайтқан емес. Ақындықты ар­да емген ол айтыстан алыстап, жаз­ба жырдың жалына жармасып қа­на қоймай, өзіне тиесілі сыба­ғасын да алып қайтуда.
Міне, сол төл түлекті өгейсітпей, өзек­талды пікірін білдірген ақын Ты­ныштықбек Әбдікәкімұлы: «те­гін­де, өз түсінігімде: қазақтың ай­тыс­кер ақындары – көшпенділіктің, жазба ақындары – отырықшылық­тың символдары. Өйткені табиғат­тың төл баласы болып табылатын көш­пелінің миы-қыртысы күрделі жа­ратылыс, санасы – ойға бай эпи­калық парасат болып келеді. Көш­пе­ліге тән сондай ерекше қасиет – ай­тыскер ақындардың көш-керуен­дей тізілген көркем сөзді кезі келгенде, кез келген сәтте суырып салып айта жөнелмегінің басты кепілі» – дей келіп, «суырыпсалма ақындықтан жазба ақындыққа бет бұрған» Дәулеткерейдің қолжазбасын қолға алып толғанса, ал біз оның қоржы­ны­на салған қос кітабына пікір қос­сақ болады.
Анығын айтсақ, Д.Кәпұлының кешеуілдеп қолымызға тиген «Сүтті іңір» атты бірінші өлеңдер жинағын оқи отырып, көкейдегі ойды көр­кем­­деген, кермедегі күреңді кербез­де­ген шуақты шумақтарына шаттан­ған сәттерімізді тілге тиек етелік.
Кітаптың атауы өрістен мал қай­тып жамырасқан, қозы-лақ маңы­рап, бұзауы мөңіреген, құлынымен та­бы­сып, бие кісінескен ауылдың кеш­құрым мезгілін көз алдыңа елес­тетеді:
Құлағымда мұңлы үнің,
Іңір кештім, ілбідім.
…шекесін кеп қасып тұр
Жұртта адасқан бір құлын.
Сондай-ақ, бұл өлең жол­дарын­да ақын сөзбен сурет сала отырып, кес­телі сөз түзгенін айқын аңғара­мыз. Бұл секілді – ақындық қыр-қа­сиет Дәулеткерейге ғана тән қол­таң­ба екені анық.
Оның бұл жинағына енген жыр­ларынан ой орамдарына иек артқан тағылым бары байқалады:
Түн жылатқан сезімді таң жұбатып,
Ауыздықпен алысқан арда уақыт.
Күлдір-күлдір кісінеп бара жатсың,
Күншілдердің төбетін қарғылатып.

Торғын белде тобылғы құлпырғаннан,
Шұлғи берме асаудай, шіркін, жалған!..
Қаз омырауын тіктеген шұбар аттың
Шылбырындай сусырсың бір күн қолдан!..
Ақынның уақытты «күлдір-күл­дір кісінеп, ауыздықпен алысқан» асау­ға теңеп, дүниенің жалғандығын «ат­тың шылбырындай сусырсың» деп бедерлеуі ат құлағында ойнап өс­кен­дігі әрі жылқы жануарын се­нім­ді серігі сезінгендігі болар дейміз.
Мына өлеңдегі түйін сөз ақын­ның шынайы мөлдiр сезiмiнен бас­тау алған, «Тәңірден нәсіп, әкеден әмір» күткен талапты ердің елінің ер­теңіне елеңдеген шын сыры сын­ды.
Таңғы бір нәсіп Тәңірден,
Жортуыл да көп, жол қиыр.
Әкешім берген әмірмен
Ертеңім болды елге үйір.
деген өлең жолдарынан оның көр­генін көңіл көрігінен өткізіп, көрікті ойға жүгінгенін байқаймыз.
Жалпы Дәулеткерейдің бірінші кітабындағы тақырып пен идея ау­қы­мы оның екінші кітабында өз жал­ғасын тапқан. Бұл – заңды да. Мы­салға кітаптың эпилогі ретінде алын­ған ақынның бір шумақ өлеңін кел­тірелік:
Жағада – жалбыз,
жағада жалғыз тұрдым мен,
Тасжарған бұлақ,
танакөзденіп гүл күлген,
Басымнан құстай
үркетін дәуренді ескертіп,
Қызарған ернін
шығарып тұрды бүлдірген.
Байыптап қарасақ, Дәулеткерей өткінші өмірдің өтпелі бір кезеңі – боз­бала, жастық шақтың өтіп бара жатқандығын табиғаттың әдемі бір көрінісі арқылы әсерлі жеткізген.
Жинаққа енген өлеңдер үш бө­лім­ге бөлшектеліп, топтасқан. «Ұлар ұшқ­ан жайлауда мен – жалғыз тал қауыр­сын» деген бірінші бөлімге ен­ген шығармаларының дені – ақын­ның балалық, балғын кезін Баян Өлгей өңірінде өткізген сәт­тері­нің сағынышы, басқаша айт­қан­да «байырғы бабалар ғұрпындағы кө­шелі де көшпелі тірліктің уыз дә­мін сезіну бақыты бұйырған» жан­ның жан тебірентер тылсым сыры, Табиғат-анаға деген тағзымы, туған жер­ге деген тұмсалығы, т.т. жайлы жыр­лар.
Заманның мынау жеткендей
заңды асқарына,
Көшпелі кербез тірліктен
мән қашқаны ма?!
Сұлу жорғаны әспеттеп
сөйлеп қайтейін,
Сұлы дорбаны білмейтін
қандастарыма?!
немесе:
Күреңтөбел кісінейді құлын күн,
Құлын күннің түсінеді тілін кім?
Қыл мойынға құрық түсіп, тұқыртып,
Жүгенделген жылдарыма жүгіндім… –
деуі – ақынның қазақтың төрт түлік мал бағып, теңселіп өткен тірлігіне там­сана тіл қатып, тебіренуі, «көш­пе­лі кербез» керуенді көркемдеп, көм­керуі.
Айтыстың додасында талай рет жүл­де алған Дәулеткерейдің енді жаз­ба әдебиеттің жамбысына қол со­зып, қарпуы да мүмкін-ау?! Бұған оның бұл жинақтағы жалынды жыр­лары, шымыр шумақтары дәлел бол­мақ. Мәселен:
Кермені бірден кесіп-ақ
өтіп кетердей,
Әспеттей бердім сыршыл
сезімді сетерлей.
Мен сонда мынау
дүбірлі өмір-додаға,
Көзімді жұмып,
қойып-ақ кеткен екем ғой! –
деген жолдардың мағынасын түсін­ді­ріп жатқаннан гөрі, ақынның то­сын образдар арқылы жүрекке жылы жұ­баныш ұсына білгенін айт­қа­ны­мыз жөн сияқты. «Шабандоз жас­тық» атты бұл өлеңнің соңғы түйінді шу­мағы тосын ойдан хабар береді:
…Көмбеден күткен тілеулес
жұртым секілді,
Тақымын қысып ажал тұр ма
екен алдымда?!
Қазіргі қазақ ақындарында пост­мо­дерндік ағым сарыны бар десек, со­ның нақты дәлелін Дәулеткерей өлеңі­нен табуға болады. Бұл жөнінде Б.Майтанов мынандай ой топ­шы­лайды: «Постмодернизм үрдісіндегі қа­зіргі қазақ поэзиясында айна­ла­сы­на көңілі толмау сарыны бәрінен ба­­сым. Лирикалық кейіпкерлер тар­тысты ғұмыр кешеді. Әлемдегі тех­ногенді заман өзгерістеріне жы­лы ұшырай алмайды. Байырғы ұлт­тық құндылықтардың жойылып ба­ра жатуына наразылығы күшті. Тәр­кі дүние соққыларына төтеп беру қиын. Олар жалғанның опасыз­ды­ғынан түңіледі де, белгісіз бағдарда, уақыт пен кеңістікті сезінбейтіндей жағ­дайда шарасыздық мұнарасына сіңіп кетуге бет алады…» («Қаз.әдеб», 14.10.2011). Бұл ой-тұжы­рым­ның көп жағдайда аталмыш ақынға да қатысы баршылық. Себебі жо­ғары­да келтірілген жыр жолдарынан, әсі­ресе, «көшпелі кербез тірліктен мән қашқаны ма?» әлде, «тақымын қы­сып ажал тұр ма екен?» деген сөз тір­кестері мен басқа да өлең өр­нек­те­рінен лирикалық қаһарманның көңіл құлазысы, екіұшты ой үзгісі ай­қын аңғарылады. Мәселен, ақын­ның:
Пенделіктің әшейін пердесі ғып,
Адаммын деу… ол дағы – өлмес үміт.
Жапырақтай, жүрегім, жайқала бер,
Топырақ боп кеткенше жерге сіңіп! – («Адасқақ»)
немесе:
Қабарған қара түн қақырап,
Түнектің етегін түремін.
Үзіліп түскенде жапырақ,
Кіжініп күлемін!
…ай, жүрегім! – деген жыр пер­не­лерінде қазіргі кезең кескіні – ға­сыр қасіреті саналатын қоғамдағы ке­сапаттар мен ұлттық санадан ада ұрпақ­тың келбеті көлбеңдейді.
Әдетте, әр бөлімге тоқталып, әр өлең­ге баға берудің жөні жоқ сияқ­ты. Ең бастысы – Дәулеткерейдің жаз­ба жырдың жарысында жол шиыр­ламай, соны сүрлеуге түсуін құп­тап қана қоймай, ізденіс үстіндегі ізгі қадамдарын игілікті іс деп біле­міз. Оған қоса айтарымыз – оның өлең­дері көрмеге қойылатын көркем дү­ние іспетті шын шебердің қолы­нан шыққандай іші-сырты әсем көм­керілген, тіл кестесінде кем-ке­тік кездеспейді.
Сайып келгенде, ақын Д.Кәпұ­лы­ның айтыстар жинағы мен жазба жыр кітаптарына жылы лебізін біл­діріп, шынайы пікір айтып жатсақ, оны­мыз оның шығармашылық жол­дағы табысына тамсанып, талан­ты­на таңырқағанымыз болар.

Сейфуддин СҮТЖАНОВ, фи­лол­­огия ғылымының
докторы, профессор.
Павлодар қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір