Тұлпар тағдыры (әңгіме)
26.06.2023
2932
0

Тамыздың тамылжыған саумал күні. Тау бөктеріндегі көделі жазыққа ат­тылы-жаяулы ағылған жұрт. Құлақтарын қайшылап, пысқырып, жер тарпыған жүйріктер ауыздықпен алысып тұр. Баптаған жүйріктерін үлкен той алдында бір сынап қалмақ.
«Мына Ардакүрең тұрғанда, жүлде деген түсіңе де кірмес», – деп, сөз тастады зоотехник Қиясбай. Басқалар дуылдасып қостай жөнелді. Ардакүрең – аудан көлеміндегі талай тойларда бәйгенің алдын бермей жүрген саңлақ. Сүліктей боп жараған жануар әне, шекіп басып, ойнақтап барады. Үзеңгі қағысқан небір жүйрік соңғы айналымда Ардакүреңнің шаңын жұтып қала береді. 
Аудан халқының асыға, дегбірсіздене күтетіні шопандар тойы. Ат жарыс, балуан күрес, қыз қуу жұрт­тың делебесін қоздырып, керемет өтеді. Сол бәйгеге «Жеңіс» совхозының Ойлыбұлақ бөлімшесі бес жүйрік қоспақшы. Тойға да бір-ақ жеті қалды. Алдын ала сол бес жүйріктің бабын байқамақ.
Алтыншыны бітірген мен де елеңдеп, ентігіп тау бөктеріне жет­тім.
– Жүйріктердің бабын байқайық, анау тұмсыққа дейін құйындатып барып, кері қайтыңдар, – деді бөлімше бастығы Сәпек.
Шү-ү-үу деп аға жөнелгенде-ақ Ардакүрең суырылып алға шықты. Үстіндегі шабандоз бала атсоғармен бауырлай екі тартып еді, ышқына заулады-ай келіп. Ат үстіндегі Қуаныш деген бала менен бір жас кіші. Көйлегінің екі етегі далиып, ат үстінде ебедейсіз-ақ отыр. Ардакүреңнің дауылдатқан екпінінен қорқып қалғандай. Қопаң-қопаң етіп барады. Өзі қамшы басып алып, енді шошығандай. Тізгінді күшене тарта бастағанын аңғардым. Басындағы қалпағы бағана ұшып кеткен. Тау тұмсығынан айналып жеткенде Ардакүреңнің арындап, бойдағы қаны буырқана тасып, әлі де шабыс тілеп тұрғаны байқалды. Еркін көсіле алмағанына қамығатындай. Осқырып, жер тарпып тұр. Қуаныштың екі көзі бақырайып, ерден түсе берді. Қорқып қалған сияқты. Сәпек соны аңғарды.
– Қуаныш ат басына ие бола алмайды, ертең аудан тойында 50-60 жүйріктің қыспағына түскенде абдырап, сасып қалады, – деді Сәпек ат иесі Аусар Аманға бір қарап алып. – Заңғар, сенің тақымың мықты екенін байқағанмын. Сен отыршы Күреңге. Бәйгеге қатысып жүрген, жүйріктің қабағын бағатын баласың ғой. Тура жаңағыдай тұмсыққа дейін құйындатып барып, кері қайтасыңдар. Барынша бауырын жазыңдар, аяқ тастастарын бір байқайық.
Жылқы өте есті жануар ғой, ақырын келіп Ардакүреңнің кекілін сипадым, мойнынан қақтым. Үзеңгіге аяқ сала бергенім сол «сен кімсің ей?» дегендей мойнын бұрып, сәл осқырына қарады. Аспан асты, жер үсті жанарында аунап түсті.
Аудан бәйгесіне түсетін бес жүйрік атыла жөнелді. Тақым қысып қалғаным сол, жарықтық ытырыла шықты. Құлақ түбімнен су-су еткен салқын ауа. Дүсірлеген тұяқ үнінен өзіңді қанат байлап қалықтап келе жатқандай сезінесің. Басында жүйтки жөнелгенде, денемді сәл ғана діріл билегендей еді. Қанша жүйрік жалына жабысып бәйгеге қатысып жүрсем де мұндай дүлей дауылдай арынды жүйрікті көрмеппін.
Тізгінді сәл тарта ұстап өз еркіне жібердім. Тау тұмсығына жетіп кері айналғанда қайрыла бір көз тастадым. Арқан тастам жерде Жұманның жирені. Үстіндегі бала жүйрікті қос өкпеден тепкілеп, қамшы үйіріп келеді. Есіл-дерті маған жету. «Ардакүреңді қуып жет­тім, озып та кетер едім…» деп, жылдар бойы аңыз қылар сөз қалдырмақ. Тақым қысып, ақырын өкше қадағаным сол, жарықтық жүйтки жөнелді. Жылқы шіркін өте есті жануар ғой, менің ойымды тап басты.
Бәйгеге қосатын ат­тарды күнде осы бөктерде өкпесін қыспай, желмен жарыстырып алатын болдық. Ардакүрең де маған бауыр баса бастады. Жылқы да адам таниды. Мені көргенде оқыранып, құлағын қайшылап тұра қалады. Мен болсам кекілін, жалын тарап, жағымды жағына сүйеп құшақтап тұра қалам. Үйде кейде еркелеп тап осылай анамды да құшақтаушы едім.
Күндіз ауыл іргесіндегі өзенге түсіремін. Сабынды көпіршітіп жуындырамын. Өзенде әрі-бері ойқастап алып, жұтынып шыға келеді. Бір ерекше күйге түседі-ай жануарым.
– Бәйге бітіп, той тарқағанша Күреңге енді өзің ие бол, саған сендім, – деді менің ерекше ықыласымды байқаған Аусар Аман. – Әкең атағы алысқа кеткен жылқышы. Жылқы жайын жақсы білесің. Күрең екеуің бір-біріңе бауыр басқандайсыңдар.

* * *

Аудан орталығынан бес шақырым жердегі тау алқымы. Бәйге ат­тары айнала шабады. Бәйге өтетін жерді дөңгелете жыртып тастапты. Жүйткіген жүйріктер белгілеген шеңберден шығып кетпесін дегендері. Не ішке кірмейді, не сыртқа шықпайды. Жарыс жолының ені жиырма метрдей. Жер тарпыған жүйріктер ауыздықтарын қарш-қарш шайнайды. Бастарына шыт орамалдарын шарт байлап жұтынған шабандоздар. Сарытіс сыншылар назары екі жүйрікке ерекше түсті. Қаптаған ай тұяқ жүйрік тұстарынан жанарлары сырғи өтіп, Ардакүрең мен Сүлік қара тұсына айналсоқтап қалды. «Сүлік қара» деп түймедей теңбілі жоқ түсіне, сұлу мүсініне қарап атаған болар. Ал «Ардакүрең» деп жаңа туған қозының жылт-жылт жүніндей түгінің ерекше түсіне қарап қойғанын құлағым шалған. Әсіресе Ардакүрең тұсына келгенде сыншылар тұсалып қалғандай. Тұрқына, шоқтығына, жалына, жанарына, кеудесіне, тұяғына сығырая кеп қарайды. Қарайды да ешкімге естіртпей, күбірлей бастайды…
Әр жүйрікті баптаған атсейістер болса шабандоздарға соңғы кеңестерін құлақтарына құйып-ақ жатыр. Сырт көз естіп қоймасын дегендей, сыбырлап қана айтады.
– Жел жағын алып отыр.
– Шаң қауып қалмасын.
– Қалың топтың ортасына түсіп қалма.
– Бірден суырылып алға шығам деме, жүйрік барлығып қалады.
– Шын жүйрікке қамшы да ауыр.
Кекілдерін шоқтап, құйрықтарын шарт түйіп осқырына ойқастаған жүйріктерін әрең тежеген шабандоздар. Оқырана, пысқыра шабыс тілеген тұлпарлар. Дүбір аңсаған дала.
– Жеті айналым, ұмытпаңдар, жеті айналым, – деп бәйгенің бас төрешісі тамақ жырта қыр-қыр етеді.
– Бұл аз ғой, сегіз айналым болсын, – деді өңкиген бір бұжыр бет қара қазақ. – Қара да тұр, менің Сүлік қарам сегіз айналымда алдына қара түсірмейді. Сенбесең бәстесейік.
– Қой, бүйректен сирақ шығармай, хабарлап қойдық, жұрт құлақтанып қалды, – деді бас төреші жақтырмай қарап.
– Ағасы бір айналым қоса салсаңыз тағыңыздан түсіп қалмайсыз, – деп, кеуделеп барады. Жанындағы қылқына галстук таққан буылтық қара келіп килікті.
–Төреші, бір айналым қоса сал, ештеңең кетпес, азамат өтініп тұр ғой, – деп көзін ежірейт­ті. – Жүйріктердің бауыры жазылады, қызығын көрейік.
– Сендерге бұл мал базары ма, ала сал, қоса сал дейтін, – деп ашуға басты бас төреші. – Әрі тұрыңдар.
– Сен де біздің алдымызға келерсің, – деді галстугын онан сайын қылқындыра тартып ызбар шашқан буылтық қара. – Сүлік қара бүгін қалайда бас бәйгені алады. Алады деген соң алады.
Соңғы сөзді буылтық қара тістене, ықтыра, ызғар шаша айт­ты. Ызғарлы сөзден ызғырық ескендей. Сірә, ауданның сары ала қамшы ұстаған бір дөкейі болуы ықтимал. Ал ана ат иесі жақын інісі немесе сүйектес біреуі болуы кәдік.
…Қарасы 50-60 жүйрік бар-ау, жер-дүниені ұршықша үйіріп жүйтки жөнелді. Жұмыр жер сансыз тұяқ бауырында дөңгеленіп жүре берді. Дүсірлеткен тұяқтардың орта тұсында келемін. Самал жел шығыстан лекіте соғып тұр. Жылыстап солай қарай ойыстым. Қалың дүрмектен шығып, тынысым ашылғандай.
Топтала атылған жүйріктер үш айналымнан кейін тізбектеле жүйткіді. Сәлден кейін төртінші айналым да арт­та қалды. Ылдиға қарай Ардакүреңді еркіне жібердім. Қайтарда сәл өрге қарай сауырына батырмай екі рет қамшы бастым. Еліріп, жұлқынып ала жөнелді. Қамшымның өрімі жұмсақ әрі қысқа. Бауырын орай тартатын үзын өрім қамшы жүйрікке ауыр тиеді.
– Бесінші айналым бітерде сытылып ілгері шықтым. Жел жақта желдей есіп келемін. Алдымда бір шоғыр ғана құйрық тістесіп барады. Жантая бере қамшы сабының өрім жалғасар тұсына байлап алған бет орамалыммен Ардакүреңнің қос жанарының су ағарын сүрт­тім. Жұлдыздай аққан жануарымның екі көзі де жасаурай қоймаған секілді. Салқын ауаны қақ жарып келе жатқан Ардакүреңнің жалына жабысып, тәніммен де, жаныммен де ұғысып келемін.
Алдымдағы топ жүйрікті басып озып, қара үзіп кететініме сенімдімін. Жүйріктердің аяқ алыстарын бақылап келемін. Соңғы бір-екеуі шатқаяқтай бастаған. Бұлар барлығып қалды деген сөз. Бірден атыла шығып өкпесі қысылып қалды ма, қалың шаң ат тынысын тарылт­ты ма, әлде бабы келмеген болар. Менің Күреңім төрт аяғын тостағандай тастап, бауырын жазып, қамшы салдырмай сілтеп келеді. «Адамнан да есті жануа­рым-ай!» Көзіме жас тығылды.
Алтыншы айналым қалың тұяқ астында жұтыла берді. Алдыңғы топқа алқынбай жет­тім. Ә дегенше оза бердім. Тек жал-құйрығы сүзілген Сүлік қара жеткізер емес. Ай тұяқтары көделі жазықтың қара топырағын бұрқырата аспанға атып жүйткіп барады. Қарап отырып алғаш рет бөтен, өзіммен бәсекеге түскен тұлпардың шабысына сүйсіндім. Жер басып емес, қалықтай ұшып бара жатқандай.
Жетінші айналымға да тұяқ іліктірдік. Соңғы айналым. Нағыз дода осы айналымда. Ардакүрең әр қимылымды қапысыз аңдайды, ұғады. Өкпесі күймей, төрт аяғы жерге тимей құйындатып келеді. Топтан қара үзген қос жүйріктің сыналар-ақ сәті.
Аяғымда ұзын қоныш былғары етік. Тақым қысып, онша батырмай өкше қададым. Ытырыла жөнелді. Ардакүрең керемет сезімтал. Бәйгенің алдын бермей жүрген тұлпар емес пе?! Алдындағы құйындатқан Сүлік қарадан қалайда озу керек екенін бірден ұқты. Қос танаудан құшақ-құшақ дем шығарып, арындап ала жөнелді. Қос құлағын жымқырып алып желдей есті. Желіңіз де ілесе алмай қалғандай. Тура бір шақырымдай қалғанда кұйрық тістесіп келіп, оза бердім. Шабандоз бала алара бір қарап қала берді.
Қарақшы тұсында қу даладан қиқулап, елдің алдына шығып далбаңдай жүгіріп, айқайлап тұрған бір жанға көзім түсті. Сүлік қара сонікі екенін бірден сездім. Есі кете еліріп, милицияның тоқтатқанына да қарамай елден бөлек есіріп тұр. Тани кет­тім. Бағана кеуделей сөйлеп, төрешіні өз айтқанына көндірмек болып өзеуреген бұжыр бет қара. Тақым қысып, қамшы бастым. Ардакүрең Сүлік қараны шаңға көміп, қас-қағымда суырылып кете барды. Содан атқан оқтай заулады-ай келіп. Қайырылып бір қарап едім, Сүлік қара шатқаяқтай бастапты, әрең келеді. Құйындатып қара үзіп қарақшыға келіп-ақ қалдым. Қалың ел дүрлігіп, қиқуға басып тұр.
– О, Жаратқан!..
– Тұлпарым-ай!..
– Самғауын-ай!..
– Ардакүрең!.. Ардакүрең!.. Ардакүрең!..
– Жарықтық-ай, айтса айтқандай-ақ екен!..
– Жебеден ұшқыр тұлпарым-ай!..
– Бұл жылқы емес, қанат­ты пырақ қой!…
Небір керемет теңеулер айтылып жатыр. Жылқымен жаны бірге қариялардың жанарлары сулана бастады. Мына мақтаулардан бұжыр бет қараның өті жарылардай. Ардакүреңге бағыт­талған небір керемет теңеуді естіген сайын, шабына шоқ түскендей шыбжың ете қалады.
Қиқуға елірген Ардакүрең. Қуа­ныштан көзіме жас құйылды. Кенет… Тұла бойындағы үрей екі көзіне атып шыққан бұжыр бет желке жағына қайырыла қарап, қолын бұлғай сілтеп қалды. Сол кез­де бүйірден төрт ат­тылы атып шықты. Біреуі Сүлік қараның сауырына қамшы жаудырып, екіншісі сулығына жармасып, болдыра бастаған ат­ты сүйрей жөнелді. Ал қалған екеуі көлденеңдеп, менің жолымды кесіп тұра қалды. Қолдарын ербеңдетіп, қамшыларын сілтеп, Күреңімді үркітіп тұр. Сырт қарағанда төртеуі де Сүлік қараның көтермешілері сияқты.
Мұндай сұмдықты кім көрген?! Милиция мен төреші біткен: «Кет, кет!.., жарыс жолынан шық!..» – деп айқайлап, қара ниет екеудің ат­тарын қамшылай бастады. Жолымды бөгеген екеуі құлақтарына ілер емес. Қиқуға елірген Ардакүрең езуінен ақ көбік атқылатып ұшып келеді. Қат­ты терлеген де жоқ, тек бусанып алған. Ағызып арқан бойы келіп қалдым. Ана екі оңбаған көлденеңдеп жүйрік жолын жауып қалды. Сол сәт­те Күреңім қат­ты шошып, осқыра келіп оңға қарай жалт бергені. Ер үстінен ұшып кете жаздап, қисайып жалына жармаса бердім. Үріккен ат арындап ие бермей, қалың елдің сыртына шығып кет­ті. Абырой болғанда жұрт жапырыла қашты, Күреңім бұлтың-бұлтың етіп қалың адамды қақпай-соқпай аман өт­ті. Айдалаға қат­ты шошына заулаған тұлпарымды әрең тоқтат­тым. Бұл кез­де жолымды тосқан екеу де Сүлік қараға қамшы жаудырып, қарақшыдан сүйрей өткізіп бара жатқанын көзім шалды. Менің көз алдым тұманданып, екі шекем қысып, дүние дөңгеленіп жүре берді. Қиянатқа төзе алмай, қараулыққа көне алмай жүрегім қан жылады…

* * *

…Күн арқан бойы көтерілген. Аусар Аманның Ардакүреңді арбаға жегіп жатқанын көзім шалды. «Желсаңлақты арбаға жеккені несі, есі дұрыс па?!». Жүрегім мұздап қоя берді. Екінші жағында мәстек құла. Құла арбаға үйренген, жуас ат. Тыпыңдап арбаға жексең де, шанаға жексең де торс-торс еткізіп құмалақ тастап алып, борс-борс желіп тарта береді. Бәйге үшін ғана жаратылған Күрең болса, бұған көндікпеген. Осқырына атылып тұр. Басын кегжитіп алған. Аусар Аман тәштиіп, бойы жетпей, қамыт­ты кигізе алмай арпалысты. Күреңнің жеті атасын түгендей боқтап жүріп қамыт­ты кигізді-ау бір кез­де. «Пар ат жегіп бұл әуейі қайда бармақ?» – деп тұрған орнымда қат­тым да қалдым.
Үй арасы жақын еді. Бір кез­де салдырлатып арбамен өзенге жет­ті. Арба қорабына өкірте құм тиеп жатыр. «Қораның іргетасына керек-ау». Өзен жақын, Аусар Аманның айқайлай сөйлеген дауысы анық естіліп тұр. Бәрін айқын көрейін деп жүгіріп күресін үстіне шықтым. Бәрі алақандағыдай.
– Сен, оңбаған, бәйге алғанда, мен бүйтіп құм тасып жүрмес едім, – дейді ызғарлы жүзбен Ардакүреңге түйіле. – Бас жүлдеге тігілген «Урал» мотоцикліне мініп алып, туысқандарды аралап, көрімдіктерін жинап қалтаға басар едім. Құдай-ау, үркіп айдалаға кеткенің не? Жарайды кес-кестеп жолыңа шыға келген екен, тапап-таптап өте бермедің бе?! А!.. Енді өз обалың өзіңе, күнде құм тасисың. Мен сені… Мен сені…
Үнемі дөңгеленген дүниені дүбірлетіп, дүркіретіп, қалың елді қиқулатып, делебелерін қоздырып, көздерінен жас парлатып ағып өтетін Күреңге бұл бір ауыр азап еді. Осқырына, көзін төңкере қарап қояды. Бір кез­де Аусар Аман екі атқа бишік үйірді. Құм толы арба қозғалар емес. Бишікті олай да сілтеді, былай да сілтеді. Мәстек ат белін қайқаң еткізіп, күшене тартқан болады, ал Ардакүрең шошына аспанға секірді. Ашуға булыққан Аусар бишікті лақтырып жіберіп, жалма-жан құрыққа жармасты. Құлаштай келіп салып-салып қалды Күреңді. Мұндайды күтпеген Күрең құрықтан шошып, сол жағына ытқи жалт берді. Қанша ышқынса да қамыт­тан босай алар емес. Қылқындырған қамыт жіберсін бе?! Арба бір бүйіріне аударылып бара жат­ты. Алдыңғы дөңгелектің күпшегі сынды ма, арба шоңқиды да қалды. Жетектегі екінші ат­тың жуа­с­тығы абырой болды.
– Қап, мына оңбағанның істегенін қара, арбамды сындырды-ау. Мен сені… тұра тұр… етке өткіземін. Болмаса қыста семіртіп, соғымға соямын. Жоқ, өзім сойып, басыңды өзім мүжимін. – Қалш-қалш етеді. – Солай, құм тасый алмайды екенсің, пышаққа түсесің. Сені бәйгеге қосып енді абырой таппаспын.
Ардакүрең Аусар Аманның құрығына шапыраштана қарап қояды. Қат­ты шошынып тұр. Ана құрық сауырыма тағы сарт ете қала ма деген үрей.
Қаққан қазықтай болып мен тұрмын. Тыпыр ете алсамшы. Жүрегім қан жылап, көз алдым тұманданып, кеудеме өксік толды. «Тұлпарды осылай қорлайтындай Күреңнің не жазығы бар?!». Қаптаған сауалдар миымды жаншып қысып барады.
Бағанағы бағанағы ма, Аусар Аман енді шын жындана бастады. Арбаны айнала жүгіріп жүр. Жай жүрген жоқ, Күреңнің жеті атасын түгендеп сыбап жүр. Құм болса суси төгіліп жатыр. Жын қаққан Аман енді арбаның алдына шығып Ардакүреңді ұзын құрықпен басынан салып қалғаны. Соққы ауыр тиді ме, Күреңім жамбастап құлай берді. Шырқырап, шырылдап ұша жөнелдім. Есік алдына киетін жаман тәпішкем ұшып кет­ті аяқтан. Оған қарайлайтын уақыт жоқ. Аяғыма батқан тікен, тасты сезуден қалдым…
Өліп-талып жет­тім-ау. Күрең арбадан босана алмай, бір бүйірімен тыпырши тулап жатыр.
– Ұрмаңыз, ұрмаңызшы, Аман аға, – деп, шырқырай келіп, Күреңімнің басын құшақтай жығылдым. – Күреңнің не жазығы бар? Жолымызды тосып, қараулық жасады ғой. Мені ұрыңыз, тиіспеңіз Күреңге. – Еңіреп жатырмын.
– Кет, Күреңшілін мұның, қазір екеуіңді қатар сабаймын, – деп төніп келгені. – Кет!..
«Өлсем жаным Күреңнен артық па?!». Осы бір ой санамды найзағайдай тіліп өт­ті. Атып тұрдым. Атып тұрып ежірейе қарадым.
– Ал, ұрыңыз. Ұрыңыз екеумізді де. Ұрыңыз да екеумізді бір шұңқырға көміңіз.
– Не дейді-ей, мына күшік?! – деп шошына, қабағы түксиіп алара қарады. – Ә-ә-әй, әй, Заңғар, не деп кет­тің, шалық шалды ма, сені? – Құрығын түсіріп, кекештенген беті көткеншектей берді. – Құмалақтаған жаман жылқы үшін…
– Есі дұрыс адам жылқыны басынан ұрмайды. Ардакүреңнің қадірін білмесеңіз, маған беріңіз. Соғымға союға семіз бір мал бергізейін.
– Не дейді-ей, мына жаман, мал тұрмақ тышқақ лағың жоқ.
– Менде жоқ болса, әкемде бар.
Осылай сөз қайтарып, батырсынып тұрғаныма өзім таңмын. Ардакүрең тынши қалды. Соққыдан есеңгіреп қалған. Қақ маңдайдан оңбай тиген-ау. Тыпырши тулап та болдырғандай. Сәлден кейін тапырақтай тулап тұрды-ау. Маған шекесінен қарап, оқыранып қалды. Жүрегім езіле жөнелді. Өзін қорғап тұрғанымды сезетіндей. Анда-санда тыпырши, ыңырси, ауырсына басын шайқайды.
– Сізге керегі мотоцикл болса, ол бізде жоқ. Төрімізде ілулі тұрған кілемді әкеп берейін, тек Күреңге тиіспеңіз.
– Кет, ей, қайдағыны шығармай. Елге күлкі болар жайым жоқ, сенің кілеміңді алып.
– Онда ана Күреңді босатып беріңіз, жалғыз ғана өтінішім. Өзім бағып, өзім күтемін.
– Ей, әкетші, басымды қатырдың ғой, – деп аяқ асты сылқ ете қалғаны. – Есіңде болсын, қысқы соғымға үш елі қазысы бар бір жылқыны аламын, әкеңе айта бар.
Арбадан босатып, қамытын сыпырдым да Күреңімді жетектеп жүре бердім. Жарықтық басын иығыма салып кісінеп жіберді. Тұтқыннан босағанын сезгендей. Құм толы арба қалды қисайып. Аусар Аман болса темекісін үсті-үстіне будақтатып, мәңгіріп отыр.

* * *

Ой шырмауынан шыға алар емеспін. «Осының атын «Аусар Аман» деп қалай тауып қойған! Аман болып жарық дүние есігін ашып, «Аусар Аман» деген жамау­лы атқа ие болды. Ін аузында отырған ақ көт торғай сияқты қыпылықтаған, шыжбалаң қаққан бір жан».
Күреңді кермеге байлап, сұлы төктім алдына. Әкем есік алдында таяғына сүйеніп, менен көз алмай тесіле қарап қалған. Тіс жармады. Өзен жағасында болған Аусар Аманның бар сұмдығын көрген сияқты. Жасырмадым, жайып салдым.
– Е-е-еҺ, – деп ауыр күрсінді. – Шүленнен туған шірік. Әкесінің құлынынан танып, баптаған ай тұяғы еді бұл желсаңлақ Күрең. Мына шірік жылқы қадірін қайдан білсін?! Жылқы мен қазақтың қашанда жаны бір. Жылқы өте ақылды, сезімтал әрі кінәмшіл. Анау Аусарға енді жүген салдырмайды бұл Күрең.
Жүзі күреңітіп, торыға ой үстінде отыр әкем. Кермеге байланған Күрең анда-санда монтиып маған қарап қояды. Оң аяғын сәл бүгіп, ол да ойға шомғандай. Анда-санда ауырсына дүр сілкініп, басын шайқайды. Құрық батып-ақ кеткен. «Адамнан да осындай жауыздық шығады екен» деп тұрғандай.
– Ана Аусар Күреңді қалай ғана жетектетіп жіберді? – деді әкем таңдана бетіме қарап. – Тастаған құмалағының ізінен қалмаушы еді.
– Күреңнің қадірін білмеді ғой, оның құлқынын тескен – дүние-боқ, бәйге жүлдесі.
Әкей жүзіне болар болмас қан жүгіріп, сәл жымиғандай болды. «Дүние-боқ» – әкемнің өз сөзі. «Кімнен қалмаған бұл дүние-боқ» деп отыратын. Дүниеге мойын бұрмады, барына қанағат қылды, арына дақ түсірмеді. Әкемнің де қолы ашық. Айдалада кетіп бара жатқан адамды үйге шақырып, әңгімелесіп, жөн-жосық сұрасып, қымыз беріп, шығарып салатын. «Кең болсаң, кем болмайсың, ол да бір жолаушы, біз де жол үстіндеміз», – деп отырады үнемі. Алды даусыз, арты шаңсыз ғұмыр кешіп келеді.
– Бұл Аусардың әкесі аймаққа аты жайылған керемет атсейіс болғанын көзің көрді, – деп ой сілеміне түсті. – Жарықтық алды ашық, мырза жан еді. Жүлдесінен шүлен үлестіріп, лақ-қозысын көңілі жүдеу жандарға таратып жүре беретін. Дүниеге қызықпады. Жүйрік жаратып бейнетін де, қызығын да көрді. Әкесіне тартпай туды мына жаман. Тек жүлдеге жармасумен күн кешіп келеді.

* * *

Бір топ ауыл жігіт­тері қысыр әңгіменің көбігін сапырып тұр. Қыршаңқы жылқыдай бір-бірін сөзбен тістелеп, қыжыртып әлек. Аман дүкенге қарай қиыстап өтіп бара жатқан. Аналардың ортасына түскісі жоқ. Ортаға түссе қақпақылдап, жоқ жерде күлкі тудырып ит әуреге салатындары даусыз. Көздеріне түспейін-ақ деп еді. Болмады…
– Ей, Аман, қиыстап, қырыстанып барасың ғой, – деп қылжақбас Еркін соқтыға кет­ті.
– Аты бәйгеден келген адам бізді менсіне ме? – деп қалды қырсық езу Қиясбай.
– Бұл бізбен амандасса, қолы былғанып қалады, – деді Иманбек қарқылдай күліп. Бұларға дауа жоқ. Аяқ асты мүйіздей бастады.
Не керек, бұрылуға тура келді. Қол беріп бәрімен амандасып шықты.
– Дүкенге барамын, – деп, мұрнының астынан мыңқ ет­ті бұл.
– Әне, көрдіңдер ме, бұл дүкенге барады, ал біз неге бармаймыз, а? – деп тұрғандарды шолып өт­ті Еркін маңызды мәселе көтергендей. – Өйткені біздің қалтамыз тесік. Ал бұл бәйгеден тапқан олжасын қайда жіберерін білмей басы қатып жүр.
Жырқылдаған күлкі. Аусар Аман жарылуға шақ қалды, тырсылдап тұр.
– Дұр-е-ес, – деп, Иманбек іліп алып кет­ті. – Қайын жұртыңа барып қайтқан шығарсың.
– Қайдағы қайын жұрт? – деп Аман жақтырмай қарады. – Шаруа босата ма?
– Бәйгеден алған «Урал» мотоцикліммен шайқақтата, шайқала қайын жұртыма барамын, көрімдігін аламын деген сияқты едің, – деп Иманбек тақымдай түсті. – Әлде мен қағыс естідім бе?! – Бейкүнә кейіппен қутыңдаған қуларға бір қарап өт­ті.
Олар болса мырс-мырс күліп мәз. Еріккен қуларға ермек табылды. Аусар Аманның жүзі күреңітіп, сілейді де қалды. Жұдырық ала жүгіруге батпай тұр. Мына еріккен есер топ жүндей түтері сөзсіз. Кілт теріс айналды да, басын мойнына тығып, жүгіре басып жөнеле берді.
Түнеу күні осыларға айтқан сөзі есіне түсіп, өкініш шоғы кеудесін күйдіре бастады. «Бекер-ақ айтқан екенмін, өзіме де обал жоқ».
«Ардакүреңімнің алдына түсер қыл құйрық туған жоқ, – деген сонда күмпілдеп. – Бас бәйге алақанда. Бас бәйгеге «Урал» мотоциклін тігіпті. Сол мотоцикліммен шайқақтата, шайқалта қайын жұртқа барамын, барамын да көрімдігін аламын». Қоспасы жоқ, өз сөзі.
Тағат таппай, оңашада ойға қалып, қуаныштан есі кете қиял қайығына отырып біраз шарлаған еді сол жолы. Ойбай, ол қиялын айтқанда ғой, мыналар қақпақылдап өмірі естен кетпес күлкіге айналдырар еді. Қалай-қалай қиялдап еді сол жолы.
«Көрімдікке құлын атар ма екен? – Қашаған қиял алып қашты. – Қой, зіңгіт­тей күйеу баласына құлын атамас. Жабағы берер ме екен? Әлде қой бере ме? Қойы несі?! Білдей күйеу баласы келіп тұрғанда. Қой, өйте қоймас. Қайтемін, сол құлағың ұрайынды маңыратып, жап-жаңа мотоциклімнің ішіне құмалағын шаштырып, сасытып. Жаман ой сап ете түскенін қарашы. Қойы не, ойбай? Жабағы берсе керемет болар еді. Шіркін-ай, ол жабағы да желсаңлақ болса, Ардакүреңнен өткен. Жо-жоқ, Ардакүреңімнен озбай-ақ қойсын. Оны да бәйгеге қосам. Екінші келіп кілем алса да жетіп жатыр. Қарындасымды ұзатқанда жасауына бермеймін бе?! Ол кез­де бас бәйгеге «Москвич» те тігіп қалар. Қашанғы тырқылдатып «Уралмен» жүремін, Аман атыммен. «Москвичімді» шайқақтата мініп қайын жұртқа барсам… Көрімдікке не берер екен, а?..»
Өз қиялы есіне түсіп, өз ойынан өзі шошып, екі беті ду ет­ті. «Бұл ойымды аналар естігенде… айта көрме, сөзбен тірідей терімді сыпырар еді».

* * *

Ардакүреңнің алдына сұлы төгемін, суын беремін, кешкісін бір мезгіл беткейде бауырын жазып аламын. Түгінде күн көзі шағылыса аунап түсіп, жұтынып шыға келді. Көп ұзатпай тепсеңде жүрген құр ат­тарға қостым. Күн сайын сырт­тай байқастап, бақылап қоямын. Үйреніскен саяқ жылқылар шашырай жайылады, күрең болса осқырына, орағытып оңаша жүреді. Жан біткеннен күдер үзіп, шошынып қалған. Мені жазбай таниды. Көрген бет­те құйрығын аспанға шаншып құйындатып келеді де, оқыранып, кербездене тұра қалатын сәті-ай! Тілің байланып, үздіге, үзіле қарап, осы бір таңғажайып сұлулықты қос жанарыңмен жұта бастайсың. Ардакүрең болса тамсандырып, одан сайын таңқалдыра түсіп, аяғын шекіп басып келіп мойнын созады. Торы шолақтан түсе қалып кекілінен сыйпап, мойнынан құшақтап ұза-а-ақ тұрып қаламын. Тер иісін құмарлана, құштарлана иіскеймін келіп. Деміміз бірігіп, жүрегіміз кірігіп кеткендей күй кешемін. Құмарым қанып, көз жасым тамып, сағынышым басылды-ау деген кез­де, сауырынан қағамын. Ардакүрең мұңды жанарын жалт еткізе бір тастап, ойқастай оқыранып атыла жөнеледі.
Күндіз де, түнде де көз алдымда Ардакүрең. Тұлғасы жүзік көзінен өткендей. Түгі күн сәулесімен құбылып көз қарықтырады. «Осындай да сымбат­ты, осындай да ақылды болып жылқы баласы жаратылады екен-ау!» деген ой сүйегіме де сіңіп кеткен.
«Кейбір екі аяқты аусар адам Ардакүреңімнің құмалағына да татымайды-ау» деген ой иектеп алды. Алабұртқан оймен жатып жұлдыздар жымыңдасқан шақта ғана кірпігім іліне берді. Түсіме Ардакүрең енді. Иегін иығыма сүйеп мұңайып тұр. Жанарында мөлт-мөлт еткен жас. Ауыр күрсінді. Бір кез­де оқыранып қоя берсін. Жер тарпып, қайтадан басын сүйеп еркелегендей қылық көрсет­ті. Шыдай алмай, құшақтай алдым. Жағына жағымды сүйеп, тас қылып жабысып қалдым. Кірпігіме тамшы ілінді. Бір кез­де Ардакүреңіме тіл бітіп, сөйлей жөнелгені.
«Заңғар, сенімен жаным бірге. Мені сендей түсінген, жанымен ұғынған жан болған жоқ. Мен енді кетемін, тым алысқа, көз көрмейтін алысқа… Енді көрмейсің мені. Тұлпар болып туғанның өзі қасірет екен. Тұлпар болып туғаныма өкінемін. Артық болып жаратылғаным өзіме сор болды. Артық туғанымды да кешіре алмады. Ана мәстек құрлы құным, мәстек құрлы қадірім жоқ. Мәстек сияқты мыңқ етпей арба сүйреп жүре берсең, сөз де естімейсің, таяқ та жемейді екенсің. Басыма Аусар Аманның құрығы тимес еді. Бар жазығым басқадан озып туғаным ба?! Айтшы, Заңғар, неге бұлай?! Қош!.. Қош!..». «Мені де ала кет, мен де адамдардан түңілдім…» – деп, айқай салдым. Күреңім қайрылмады.
Шамырқана шап­шып кісінегенде, жанарында жұмыр жер аунап түсті. Іштегі шерін, мұң-зарын қас-қағымда лақ еткізіп ақтара салды. Енді бірде уыздай ұйыған ақ сәуленің астында жал құйрығы өртеніп, қия бет­те жүйткіп бара жат­ты. Әлден уақыт­та үзіліп түскен жұлдыздай жоғала берді…
Шошып ояндым. Жастығым шылқыған су…
Аласұрып далаға атып шықтым. Елірген түріме қарап қабағын түйе сұраулы жүбен көз тікті әкем. Жанына келіп құйрық бастым. Сырласқым келді, мұңымды шақпақпын. Көрген түсімді айт­тым. Әкем ауыр күрсініп алып, қалың ойға бат­ты.
Әкем ұзақ жыл қамшы сабында мызғып, ат жалын құшақтай қалғып ғұмыр кешті. Кезінде осы аймаққа аты жайылған атақты жылқышы еді. Үзеңгіге аяқ салуы қиындағанда ғана ат­тан түсті.
Ойға беріліп кетіппін. Әкем еңсеріле маған бұрылды.
– Байқаймын, сенің де есіл-дертің жылқы, – деді әлден уақыт­та қорғасын ойды сілкіп тастап сәл жымия. – Жылқымен жаның бірге, бұл – өте жақсы қасиет. Ал енді құлағыңа құйып ал. – Аз-кем тосылды. Ширығып отыр. Еңсесін тіктеп, екі көзі шоқтанып, бір кез­де мені шыңырау ойға жетелеп есе жөнелді.
– Жылқыда бір ерекше қасиет бар. Туа сала шешесі өлген сәбиді жылқының саумалымен асырауға болады. Бұл – жылқы сүті ананың сүтімен бірдей деген сөз. Қазақ жылқыны «жұпар иісті» дейді. Жылқы адамды қорғайды, жер бедерін тап басады. Атқа мінген қазақ арқаланып кетеді. Айтшы, жылқыдан басқа қай жануарды қастерлеп, құрмет­теп күмістелген ер-тұрманымен жерлеген?! Жүйрік жылқының етін жемейді есті қазақ. Радлов деген ғалымның айтқан керемет сөзі бар екен: «Қазақ астындағы атын қойнындағы әйелінен де жақсы көреді». Бұдан асырып қалай айтуға болады?! Керемет сөз! Иә, мен де жылқыда жүргенде шешеңді ұмытып кетуші едім.
Миығына күлкі үйірілді. Ат үстінде отырғандай қопаңдап қалды. Сәлден кейін үзіліп қалған ойын сабақтады.
– Бір қызығы, жылқы тұра қалып қалғып-мүлгіп тынығады. Құлын-тайлар ғана жата қалып ұйқыға кетеді. Жылқыдай адамға адал мал жоқ. Өте есті жануар. Өзін ренжіткен адамды өмір бойы ұмытпайды. Кек сақтайды. Орайы келгенде тістеп, теуіп қалады. Айсыз боранда иесін адастырмай тұмсық тірейді үйіне. Мың шақырым қиян­ға күштеп алып кеткен жылқының қоршаудан қашып шығып, арып-ашып су ішкен жеріне жеткені аңыз болып тарихта қалды. Мына Түркіменстан елінде таңертең тұрған соң әуелі әкесіне, содан кейін тұлпарына барып амандасады екен. Керемет! Жылқының қандай қасиет­ті жануар екенін осыдан аңғара бер. Қазақ құрықты, желіні ат­тамайды. Мұның өзі жылқының ерекше жаратылған, қасиет­ті жануар екеніне айғақ. «Қазақ жылқы мінезді» деген бағзыдан қалған сөз бар. Неге сиырға, қойға, түйеге арнап керемет жырлар жазылмайды? Бар, там-тұм ғана. Ал жылқыға арнап жазылған жыр-дастандар мен аңыз-әңгімелердің шегі жоқ. Ақын-жазушылар, егіле, жүрегі езіле, ғажап тебіреніспен отырып жазады. Шежірешілер желпініп, жұтына сыр шертеді. Кішкене кезімде жылқы туралы әңгіме қозғалса, елең ете қалатынмын. Құлағым қалқайып әңгімешіл қариялардың жанына отыра қаламын. Әрине, жылқының да бәрі бірдей емес. Ерекше жаратылған тұлпары да, қыршаңқысы да, шабаны да, шәлкем мінездісі де, қулығы барлары да кез­деседі. Адамдар ортасы да тап солай. Кейбіреулер асқан дарындарды күндейді, көре алмайды. Бұл бір айықпас дерт. Сондықтан алдына қара түсірмейтін саңлақ тұлпарлар мен біртуар талант­тар тағдырлас.
Әкем сәл тыныстап, ойын жинақтап алғысы келгендей тым-тырыс қалды. «Осының бәрін қайдан біледі?» деген ойға түстім. Ғұмыры естімеген тың әңгімелер. Сәлден кейін суланған жанарын көкжиекке қадап, сөзін жұптап көсіле жөнелді.
– Ал саумалы мен қымызының емдік қасиеті, етінің асылдығы туралы таңды-таңға ұрып айтуға болады, оны өзің де білесің. Сенің жаның жылқы тектес. Ардакүреңмен жаның бірге ме деп қаламын кейде. Ардакүрең де сені сағынған болар. Түсіңе кіруі бекер емес.
Әкемнің соңғы сөзі кеудемді алай-түлей ет­ті. Түсімде көрген соңғы сурет көз алдымда тұра қалды. Ардакүреңім уыздай ұйыған ақ сәуленің астында жал-құйрығы өртеніп қия бет­те жүйткіп бара жатыр… Көзімнен қос тамшы ыршып түсті…

 

Зейнел Жекейұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір