Жанарымда жарқыл қақты жаңа күн…
Болат ҮСЕНБАЕВ.
***
Уылжыған көңілге у ұрттатып,
Жылдар жылдам барады жымып басып.
Пенделіктің қамайды қорасына,
Егделіктің ауылын жуықтатып.
Елең қылмай жылдардың аяңына,
Таусылуда күнтізбе парағы да.
Мүсіркейді уақыттың қарқыны үдеп,
Аяп қарап жарқылсыз жанарыма.
Өмір – өзен күркіреп, өктем ағып,
Шығарғысы келеді шетке қағып.
Уақыт жап-жас, өңімді әжім бүркеп,
Самай қудай, мойыл шаш кетті ағарып.
Жылдар маған жатқандай салық салып,
Сөнсем деп ем сөнсем де жанып барып.
“Күзің келді, күрсінбе!” – деп тұр ма екен,
Жарқылдаған жазымды алып қалып.
ЕКІ ОТЫЗ
Аманбысың, екі отызым, қол қысқан,
Мұқағали жете алмаған бұл алпыс.
Қараша екен жапырағы желге ұшқан,
Сезеді іші күтетінін қырау қыс.
Күлкі орнына күрсіністер кимелеп,
Жабығасың жаратқанға мұң шағып.
Айғыз-айғыз әжімменен сүрмелеп,
Адастырар бақытыңның бұлты ауып.
Аяғыңды әлтек-тәлтек бастырды,
Келмесе де жігеріңді жеңдіргің.
Қатал уақыт қуырады апшыңды,
Ойсырапты қатарласың, тең-құрбың.
Қолды бопты қимайтұғын көп мүлкің,
Келмесе де қазынаңды тонатқың.
Бөтен елге келгендей-ақ боп тұрсың,
Өлім жайлы жиі ойлайтын боп апсың.
Қаперіңде қатер менен қауіп көп,
Бас шайқайсың арындаған шақты ойлап.
Өткен дәурен түске айналды ғайып боп,
Отырасың өзіңе өзің жақпай қап.
Құлақта тұр жел уілі, қыс демі,
Алаң-ашық жүретұғын шақ ұмыт.
Боран бірге ұлитындай іштегі,
Отырасың отызыңды сағынып.
***
Сейілер емес бұққан бұлт,
Таяқ жеп жүрсің тірліктен.
Қайраңға батып құштарлық,
Не екен сонша жүнжіткен?
Шоғы жоқ күннен шошынып,
Алдың ба рухты сөндіріп?
Тобырға жүрсің қосылып,
Топ жарған, қайда сол жігіт?
Жаныңды өртке шарпыған
Алады енді кім емдей?
Опасыз тағдыр антұрған
Жасытты, сілкіп жібермей.
Соңынан қырсық күнде аңдып,
Бұл күні бөгде, бөтенсің.
Армандарыңды құрбан ғып,
Атаусыз қалар ма екенсің?
Өлеңің қайда, сен қайда,
Қиысар емес бұралаң.
Шайлығып жүрек әр жайға,
Итжемі бопты сыбағаң.
Керіге бұрып көшіңді,
Көрсетер мінез қитығып.
Тұтатып кетпей отыңды,
Жұтадың, кеттің ұйтылып.
***
Бұлың, бұлың, бұлың жол,
Бұл тағы мол, қиын жол.
Қиыспаған иіндер,
Түйткілі көп түйіндер.
Шеше алмай түйінді,
Көкірегің күйінді.
Ақылыңның аздығы
Ашытады миыңды.
Мүләйімсіп мұң кірді,
Көбейтуге кірбіңді.
Азабына көндіріп,
Тозағына күйдірді.
Тасығанды жым қылды,
Жасығанды жүн қылды.
Мұң жүректі шаншытты,
Кезіп ұңғыл-шұңғылды.
Қиындықтың қамалы
Қибыжыққа салады.
Жылағаның көбірек,
Жырғағаның шамалы.
Басыңа қан шабады,
Жаның дірдек қағады.
Өмір – асау сәйгүлік,
Ойнақ салып барады.
***
Қайрат та қайтты, күш кеміп,
Тасқын жоқ тауды бұзатын.
Жастық шақ жиі түске еніп,
Сыздатар жүрек сызатын.
Қырқылжың шақта қызық кем,
Қондырды мұңның қосына.
Үркемін жасық үміттен,
Құлайтындай-ақ қапыда.
Түре алмай ойлар түнегін,
Жана аламай жаным әбігер.
Қартайыпты ма жүрегім,
Доғдыр-ау, маған дәрі бер!
***
Артта қап ауырсынған көп өткелең,
Өрт болып лапылдайды өзекте өлең.
Ашық күн, бұлтты күн де төңкеріліп,
Соңымда қалып жатыр кезекпенен.
Мұңым жүр шаттығыма қосақталып,
Тірліктің бар қызығы осы-ақ па анық?
Емініп жеңіліне желпең қағып,
Қайқаңдап қиынынан қашықтадық.
Алдымнан болжау қиын не күткенін,
Арман құсым аптықты кезіп көгін.
Таңдауға, талғауға да мұрша келмей,
Бал мен уын қосарлап тең ішкемін.
Сәулелі үміттерге сенгім келіп,
Әуремін күдіктерді жеңгім келіп.
Сүйем ғой, сүйгеннен соң тіршілікті
Тұрады тікенін де тергім келіп.
ЖЫЛАҒАН ҚЫЗДЫ ЖҰБАТУ
Армандарың алдап кетсе не етерсің,
Қызық болып көрінді ме бөтен түн.
Тағдырыңның тас талқанын шығарар,
Алматымен ойнап жүрген екенсің.
Мұнар толы, көшелері қараңғы,
Қиялдарың тығырыққа қамалды.
Аяғыңды қаптырып ап қақпанға,
Арланға ұқсап жалап жатсың жараңды.
Көкірегіңе өксік толып, жас қыстап,
Сүріндірді, бүліндірді жастық шақ.
Мода санап жұлым-жұлым джинсиді,
Жүруші едің кірпік бояп, қасты ұштап.
Бұл Алматы кеудесіне қыспайды,
Өгейсітіп, сені алшақ ұстайды.
Бағы әдемі, гүлі көркем болғанмен,
Адамдары көңіліңді ыстайды.
Түнгі клуб, би билейсің, ән естіп,
Жаңылдырды жастық және әуестік.
Думанына елтемін деп қаланың,
Бұрындар да жылапты мың, дәл өстіп.
Бұл қалада айтылмаған мың мұң бар,
Түнгі шамдар жалт-жұлт етіп жылмыңдар.
Қалай сені түсірсем деп торына,
Қыр соңыңнан қалмай небір жүр қулар.
Ұрылар бар, алаяқ та, зор да бар,
Ақшасы жоқ адам мұнда қор болар.
Біреулерге бақ сыйласа бұл қала,
Біреулердің көзінен жас сорғалар.
Сен ғана емес бұл қаланың бөтені,
Сен ғана емес маңдай соры бес елі.
Жылатады, құлатады орына
Сондай, қалқам, миллиондар мекені.
АЯҢ
Өзгеріс аз, баяғы аяң, сол аяң,
Күзді көрем, қысты ойлаймын таяған.
Қоңылтақсып, қобалжиды көңілім,
Қалай оны бүркемелеп қоя алам?
Жүгірмеппін, жаңылмаппын аяңнан,
Қамсыз жүріп, шашым аққа боялған.
Ертегінің кейіпкеріне ұқсаймын,
Ұзақ ұйықтап, енді ғана оянған.
Күн ілбиді, ол да аяңнан танбаған,
Шырқалмайды баяғыдай арман ән.
Басу айтып тұрам алаң көңілге.
Басыла алмай тағы да алға қарманам.
Күнде-күнде арбасына жегетін,
Тіршілікпен таусылмайды егесім.
Аяңымнан танған емен, білсем де
Күнді қуып жету мүмкін емесін.
Ақ боранын ұйтқытады желді күз,
Қаусырады көңілді мұң, жерді сыз.
Әлі күнге аялдауға мұрша жоқ,
Әлі қанша аяңдарым белгісіз.
***
Жанарымда жарқыл қақты жаңа күн,
Келіп тұр ма бүгін тағы гүл атқым?
Талпынамын таппақшы боп жауабын
Санамдағы сан мыңдаған сұрақтың.
Демім қалай, дене-тұлғам ширақ па,
Ырғағынан қалмады ма жаңылып?
Үлгерді таң сөнбес қуат сыйлап та,
Шалдыққаным, шаршағаным бәрі ұмыт.
Ой ойқастап, жүйткігісі келе ме,
Тұла бойым сәл жеңілдеп қалған ба?
Көңілімнің кеңейді ме кемері,
Ағайын боп табысам ба арманға?
Саумын ба өзі, аманбын ба сырқаттан,
Миым, жүйкем күресуге әзір ме?
Жүректерді шұғылаңмен жылт, ақ таң,
Жарылқашы адамзаттың бәрін де.
Төбемде тұр басқа аспан, басқа бұлт,
Өмір деген – алғы күнге ұмтылыс.
Кешегідей сергектігім сақталып,
Қалпында да қанымдағы құлшыныс?
Шырқатам ба жаңа күннің жаңа әнін,
Толғанам ба, тағы да ойға шомам ба?
Өзіме өзім таң-тамаша қаламын,
Бір тыныштық жоқ екен-ау адамға.
***
Өмір деген – күре жол шым-шытырық,
Біреулер жүр көзінде күлкі тұнып.
Біреулердің қабағы түнеріңкі,
Қобалжытты көңілін бұлт ұсынып.
Бұлттарын да,
Жатсынбай, шуағын да,
Тиісті екем бәрін де құп алуға.
Мұң көлінде жүзе алмай малтығамын,
Қисын таппай қиналам қуануға.
Өмір деген – қисық жол, (баршаға айқын),
Шаттықты да, реніш те арқалайсың.
Кенезеңді кептірер ұзақ сапар,
Адам бар ма сол жолда шаршамайтын?
Жүрісімнің көбейіп кібіртігі,
Адымымды өзім бе, кім іркіді?
Арындаған аттылар алдыға озып,
Жаяулардың үзілді жіліншігі.
Бір жол ойға жетелеп, бір жол қырға,
Жолда жөргем ілместен құр қалдым ба?
Бұйырғанын аларсың сыбағаңа,
Жол бітпесін,
Арманды құрбан қылма!
***
Кейде мен өзімді
Өмірі өлең жазбаған сияқты сезінем,
Тірлікке қараймын таңданып,
Бейтаныс адамның көзімен.
Шегінем балалық – тазалық шағыма,
Көбелек қуамын,
Гүлдердің иісіне елігем.
Кейде мен отырам
Жыр атты ғаламнан жырақ қап,
Елеусіз пенде боп,
Көл-көсір күн нұрын шуақтап.
Бейкүнә балалық өксиді
Қай жаққа қалдырып кеттің деп,
Басынан сипаймын,
Боламын байғұсты жұбатпақ.
Кейде мен музаның
Мұңына құлақ түрмеймін,
Жыр болып лапылдап,
Ақын боп өмір сүрмеймін.
Кәдімгі адаммын
Қарынының қамын ойлаған,
О, тоба, о, тоба,
Неге олай екенін білмеймін…
***
Жел ұйықтапты тыншып бір сәт,
Естілмейді уіл – демі.
Тамылжыта құстар шырқап,
Күн елжіреп, күлімдеді.
Көк төсінде, кең өлкеде
Мамыражай қалқыды бұлт.
Желөкпе жел көлеңкеде
Жатқан шығар сәл тынығып.
***
Ой опырып, мұң кеміріп,
Бастар жүрек күнде бүлік.
Тайталасты тірлікпенен
Бірде жеңіп, бір жеңіліп.
Бірде жылап, бірде күліп,
Тұр көңілі күйреп, ұлып.
Үміт оты бір жылт етсе,
Соның өзі сый көрініп.
***
Түнексің бе, түнсің бе, өмір?
Сырларың көп тылсым не бір.
Қабағыңды шыта берме,
Жаным жасып, күлкім кемір.
Күнсің бе, өмір, гүлсің бе, өмір?
Табар емес тыншу көңіл.
Күй боп шалқы, ән боп тасы,
Жүрек болып дүрсілде, өмір!