Мүсірәлі – қазақтың пірі
15.06.2018
1776
2

 

 

 

 

Сапар ОСПАНОВ,
философия ғылымының докторы.

 


Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынған «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» идеясын тереңінен зерттеп, оның ғылыми-теориялық негізін қалау қазіргі қазақ зияткерлеріне үлкен сын. Рухани құбылыстардың бастаулары ұлттың тарихымен, сол ұлттың өкіліне тән азаматтық болмысымен де тығыз байланысты. ХIХ-ХХ ғасырлардағы әлеу­меттік-гуманитарлық ғылымдардың клас­сиктері өздерінің қоғамдық және әлеуметтік өмірге тән заңдылықтарын, басты сапалық ерекшеліктерін, түрлі елдердегі өмір салттарын, сенімдерін, аңыз­дары мен мифтерін зерттеп, ашқан. Қазіргі біздер үшін де рухани жаңғыру мақсаттарына жету жо­лындағы бір сүбелі нәрсе – өзіміздің ұлттық тари­хы­мыздың жалпы жылнамалық жақтарын ғана емес, сонымен бірге халқымыздың танымал тұлғаларының ғибратты өмірін, өнегелі сөздерін, ерекше қасиеттерін түйсініп-біліп, басты рухани құндылықтарын тиісті деңгейде көрсету арқылы жастарды тәрбиелеуге және рухани-мәдени байлығымызды байытуға пайдалана білу.


Осы бағытта жарық көрген жұмыстар да аз емес. Солардың бірі «Әзиз Мүсірәлі» атындағы қоғамдық қордың қолдауымен 2017 жылы жарық көрген «Сопы Әзиз Мүсірәлі» атты кітап. Ав­тор­лары: философ, әрі теолог ғалым Досым Омаров және ҚР білім беру ісінің үздігі, қоғам қайраткері Еркетай Иманбаев. Бұл кітапта әулие Мүсірәлінің өнегелі өмірі мен мол мұрасы сарапталып, со­лар­дың негізінде бүгінгі рухани жаңғыру ісіне қосу­ға болатын талдаулар мен тұжырымдар жасалған.
Мүсірәлі Жәдікұлы – ХVІІ ғасырда Тәуке хан тұсында бүкіл қазақтың алғашқы бас пірі болып сайланған әулие. Ол Тәуке ханмен біріге отырып халықты жоңғар шапқыншылығына қарсы ұйым­дастыруда маңызды рөл атқарған. Мүсірәлі 1639 жылы Бұхар хандығына қарасты Тамдыбұлақ ай­мағында өмірге келіп, 1721 жылы қайтыс бо­лады. Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи мед­ре­сесінде оқып, Бағдат, Басыра шаһарларында со­пылық ілімнің тереңіне бойлап, «ахун» (Алланы тану ғылымын меңгерген) дәрежесін алған. Рухани жетілу барысында жоғары тылсым қа­сиеттерге ие болған. Тәуке ханның «жеті жарғы» атты заңдар жинағын қабылдауда өз үлесін қос­қан. Өмірінің соңында Құдай жолына толық бері­ліп, өзінің рухани ұстазы Баба Түкті Шашты Әзиз әулие басына шырақшы болып, дүниеден өт­кен соң, соның жанына жерленеді.
Кітапта қазақ хандығы тарихына шолу жа­салып, Мүсірәлі тұсындағы қазақ елінің әлсі­реу себебі баяндалады. Басты себеп – сол кездегі халықтың рухани жүдеуі еді деп көрсетілген.
Өз кезінде қоғамдағы саяси ахуалды жақсы тү­сінген Мүсірәлі Пір халықты рухани бірлік жо­лына бағыттаған. Мүсірәліні пір деп танудың не­гізі тегін емес. Оның ерекше адами қасиеттері бол­ған. Оның үстіне өз дәуіріндегі негізгі ғылыми ор­та болған жерлерде білім алуы, алған біліміне қо­са өзінің адами, әулиелік қасиеттерін дамытуы оның Пір және әулие атануына үлкен негіз болса керек.
Үш жүздің Бас Пірі болып сайлануы үшін бір­неше адам сынақтан өтеді. Олар туайын деп тұрған буаз сиырдың ішіндегі бұзаудың қандай екенін айтып беруі керек еді. Сынаққа түскен басқа адамдардың арасында Мүсірәлі: «Бұл сиыр­дың ішінде ұрғашы қара бұзау, құйрығы ақ, құй­рығының ағы бұзаудың басынан маңдайына ора­лып келіп жатыр», – деп басқалардан анық жауап беріп, алға шыққан екен. Осындай көре­ген­дік қасиетімен қатар, Мүсірәлінің жалғыз өзі көп­теген жау әскеріне қарсы тұрып, оларды жеңе білгені; ауа райына әсер етіп, дауыл тұрғызғаны; алақанының биотогымен құмғандағы суды тез жылыта алатыны; табалдырықтың астындағы тығылған Құран Кәрімді сезіп-білуі; жеті өлікке жан бергені; жауды адастырып, жеңуі; өзен ағысын тоқтатып, денесін көпір етуі; жалындаған оттан өртенбей шығуы тәрізді көптеген тылсым­дық әрекеттері ел аузында сақталған.
Пірдің осындай қасиеттерімен қатар оның көркем мінез-құлқымен халыққа әсері, жарлы-жақыбайға деген мейірімділігі, дауларға төрелік айтқан кезіндегі әділеттілігі, ешбір жанға залалын тигізбегендігі де ел есінде құрметпен сақталған, кейінгілерге үлгі болған.
Сонымен Әулиенің жетілу жолы біз үшін үлкен ғибрат. Қазақстан егемендік алғаннан бергі кезеңде қазақ ауыз әдбиеті мен ауызша тарихы бойынша, тіпті мұрағаттық материалдарға негізделген зерттеулер аз емес. Олардың көпші­лігімен салыстырғанда, біз қарастырып отырған Д.Омаров пен Е.Иманбаевтың зерттеу жұмыс­тарының маңызды бір ерекшелігі бар. Ол ерек­шелік – авторлардың Мүсірәлі Пірдің тұлғалық қасиеттерін, табиғи дарындылығын, саяси қай­рат­керлігін баяндап қана қоймай, Пірдің тыл­сымдық қасиеттеріне ғылыми тұрғыда талдау жа­сағаны.
Олар адам жаны мен рухының ара қатына­­с­та­ры­на талдаулар жасайды. Философиядан бел­гілі нәрсе: адам – микрокосм болса, әлем – мак­рокосм болып табылады. Олардың арасында ұқсастық, әрі тығыз байланыс бар. Өз орайында адамның да ішкі табиғаты аса күрделі. Адам жаны, психологиясы, санасы, руханиятты­лығының бір-бірінен айырмашылығы ғана емес, олардың өзара байланыстары да терең. Авторлар адам болмысы мен әлемнің байланысын көрсете­ді. Рухани жаңғыру барысында адамның психоло­гиясы мен денсаулығы қандай өзгеріске түсетіні баяндалады. Ол өзгерістер адам табиғатының материалдық құрылымы мен рухани-тылсымдық әлемінде жатыр. Адамның іс-әрекеттерінің таби­ғатпен үйлесімді, дұрыс болуы – оның жан таза­лығының, рухының бекуінің кепілі. Адамның әу­лиелік деңгейге жетуі – оның барлық өмірінің көр­сеткіші.
Авторлардың пікірінше, адам өмірі үш бастаумен байланысты. Біріншісі – тектілігі, ол туа біткен генасы іспетті. Екіншісі – қалыптасу ортасы, яғни алған тәрбиесі. Үшіншісі – жан дүниесінің ерекшеліктері. Бұл еңбекте Мүсірәлі өмірі осы үш бастау аясында қарастырылып, оның әулиелік қасиеттерінің сыры талданады. Авторлар осы бастаулардың жетілу сатыларын: бес жасқа дейінгі, бес жастан он бес жасқа дейінгі және он бес жастан кейінгі кезеңдерге бөлген. Бұл кезеңдерді талқылау мақсаты – бала тәр­биесінің рухани қалыптасу ретін көрсету.
Әулиенің негізгі құндылығы – оның рухани болмысы. Тылсымдық қасиеттер – материалдық нәзік болмыспен байланысты. Рухани деңгей – жан қасиеті, ал тылсым – нәзік дене қасиеті. Біріншісі – рухани әлемге жатса, екіншісі – заттық әлемге жатады. Сондықтан Мүсірәлі пір­дің жан қасиеттері оның тылсымдық қасиеттеріне қарағанда құндырақ. Ол рухани қуатымен халықтың жүрек көзін ашып, елдің рухын өсіріп, жігер-қайратын шыңдады. Адамды өзгертті.
Халық есінде сақталған Мүсірәлінің тылсым­дық қасиеттерін қазіргі заманда адам бойындағы магнетизм, спиритизм, телепатия, телекинез, гипноз тәрізді түрлі эзотерикалық сипаттаулар мен тұжырымдар тұрғысынан қарауға болады. Әрине мұндай қасиеттер қазіргі ғылым тұрғы­сынан өте терең зерттелмеген. Дегенмен әлемде бұл бағытта жасалып жатқан талдау-ізденістер аз емес. Талданып отырған кітаптың авторлары да өз ізденістерін мүмкіндігінше жан-жақты етіп, Мүсірәлінің адами, әулиелік болмыстарының терең сырларын ашуға ұмтылған. Оның тылсым­дық қасиеттерін қисындық сызба нұсқасына дейін келтіріп, тіпті математика әдісімен де өр­нек­теп берген.
Мүсірәлінің елге жасаған қызметі оның тыл­сымдық іс-әрекеттерімен емес, халыққа берген ру­хани әсерімен құнды. Ол өзінің рухани қуа­тымен елде ислам дінін нығайтып, халықтың ру­хани дәрежесін көтеруге күш салып, хан, би­лермен бірге халықты жауға қарсы біріктіре білді. Нәтижесінде халық жұдырықтай жұмылып, қалмақ басқыншылығын тойтарып, соққы берді. Осылай ел ұлттық намысын қорғап, тәуелсіздік жолына түсті. Қазақ тарихындағы «Алтын ғасыр» дәуірі осылай орнаған.
Руханияттылық пен рухани жаңғырудың не екенін жақсы түсінген Мүсірәлі қоғам өмірін бір арнаға салуға ұмтылған. Ол қазақтың атақты билерімен ақылдаса отырып, қазақтың ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, діні мен тілі тәрізді ұлттық кодын қалпына келтіріп, нығайтуға назар аударды. Осы мақсатпен, жоғарыда айтылғандай Тәуке хан басшылығымен жасалған «Жеті жарғы» жинағын жетілдіруде, жарғыларды қоғам өмірінің негізімен байланыстыра отырып, оған қосымша өзінің нұсқау, қағидаларын берген. Бұл құнды құжат бүкіл қазақ тарихында ерекше орын алып, көптеген жылдар бойы халықтың рухани тірегіне айналды.
Мүсірәлі өз заманында үш жүздің рухани ұстазы болып, халықты біріктіріп, ұлттық идеяны айқындап, соның іске асуына белсене араласты. Бұл идеяның негізі – адамның сана-сезімін өсіріп, халықтың рухани жігерін көтеру арқылы оны бір тудың астына біріктіріп, жауды тойтару еді. Осылай ол қазақ халқының ұлттық сана-сезімін көтеру арқылы қазақты жаңа рухани деңгейге көтеруде маңызды рөл атқарды.
Мүсірәлі мұрасын саралай отырып авторлар бүгінгі күндері бізге де сол дәуірдегідей қоғамдық өзгеріс керек екенін алға тартады. Рухани жаң­ғырудың жолы ретінде олар ұлттық идеяны жан-жақты негіздеу керектігін ұсынады. Осы істе қазақ халқының өзіне тән бұрынғы ерлік қасиет­терін қайта қалпына келтіру қажет дейді. Ұлттық идея мақсаты – халықтың намысын оятып, рухын көтеру арқылы «Мәңгілік ел» идеясын іске асыру­ды баянды ету.
Авторлар ұлттық идеяны пайдалана отырып, рухани жаңғырудың жолын ұсынады. Ұлттық идеяның мақсаты – адамның болмысын жетіл­діру. Бұл жетілу жолы деңгейлерге бөлініп, оларға түсініктемелер беріледі. Ол деңгейлер: бүгінгі қоғамдағы жағдайды түсіну; қалыптасқан жағдайдың ақиқаттығына сеніп, мойындау және оны түйсіну; қалыптасқан жағдайдан шығу үшін нысана қабылдау; нысана – ұлттық кодтың практикалық тиімділігін қалпына келтіру; соның жолы мен шараларын іздестіру; ұлттық кодты қал­пына келтіру жолы – халқымыздың рухани-мора­льдық байлықтарын толығымен пайдалану; бабаларымыздың ерлік қасиеттерін бойға сіңіру; нәтижесінде Еліміздің Мәңгілік болуын ұлттың рухани табиғаты арқылы қамтамасыз ету.
Рухани жаңғыру барысында адам сана-се­зімнің түрлі сатыларынан өтеді. Олар: тәндік сана-сезім; ой-өріс деңгейі; рухани білім деңгейі; өзінің рухани болмысын тануы; рухани деңгейдегі шек­сіз ләззат, яғни нағыз бақыт деңгейі.
Мүсірәлі сопы сана-сезім өсуінің осы бес дең­гейінен толық өткен. Сондықтан оның жас кезінен дұрыс тәрбиеленіп, медреседе білім алып, ахун дәрежесін алған соң, білімін өмірде пай­далана отырып өзінің рухани болмысын түсінуі және өмірінің соңында діннің тура жолында Алла тағаламен тоғысып, жетілудің шыңы болып та­былатын ләззат деңгейіне көтерілуі рухани өмір­дің шыңына жету үлгісі болды.
Қорыта келе, бұл шығарманы өзіміздің қазіргі күн­дері көз жазып қалған ұлы қасиеттерімізді, жо­ғалтқан құндылықтарымызды қайта қалпына кел­тіріп, рухани жаңғыруды тарихтың қойнау­лары­нан өмірге қайта әкелген құнды еңбектердің бірі деуге болады.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 17.06.2020 | 19:48

Осы кітапты қайдан алуға болады

Аноним 03.09.2020 | 14:04

Қонаққа. Бұл кітапты мына телефонмен алуға болады
8 777 692 7494

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір