Өткенге құрмет, ертеңге тағылым
Бауыржан БАЙБЕК,
Алматы қаласының әкімі
___________________________________________________________________
31 мамырда Алматыдағы ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш алаңында, оларды еске алу жиыны өткенінен оқырман жұртшылық құлағдар. Бүгін сол жиындағы қала әкімі Бауыржан Байбектің сөйлеген сөзі мен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет оқыған арнау өлеңін жариялап отырмыз.
___________________________________________________________________
Ардақты алматылықтар! Қадірлі қауым! Бүгін ел тарихындағы аса бір қасіретті, нәубет жылдарын, ол жылдарда жазықсыз жапа шеккен саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, олардың рухына тағзым ететін күн.
Біз тарихтан тағылым алып, өткенімізге салауат айтуды, бұрынғылар алдындағы осынау қасиетті борышымызды келешек ұрпаққа аманат етуді ниет етіп, дәстүрге айналдырдық.
Былтыр Елбасы тапсырмасымен осы жерде ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылды. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қолына арып-ашқан, өлімші хәлдегі баласын ұстаған ана мен төңкерілген қазан-ошақ бейнесі «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының қиын-қыстау кезеңдегі тағдырын суреттейді. Тарихтың шерлі үнін жеткізген бұл ескерткіш – қаламыздың киелі нысандар тізіміне енді. Бұл – Елбасы атап өткендей, «ашаршылықта құрбан болған миллиондардың рухына бүгінгі буыннан тағзым және келер ұрпақ ата-бабаларының қандай қасіреттерді бастан өткергенін біліп жүруіне қажет тағылым».
Өткен ғасырдың 1931-1933 жылдары қолдан жасалған қастандықтың кесірінен бар-жоғы екі жылдың ішінде 2 миллионнан астам қазақ аштықтың құрбаны болды. Қаншама қандастарымыз бас сауғалап, өз атамекенінен алыстады. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанда ғана емес Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық 7 млн. адамның өмірін жалмады. Қазақ сондағы жасанды зауалдан ең қатты зардап шеккен халықтың бірі еді. Тұтас ұлтты жойып жібере жаздаған нәубет ешқашан ұмытылмақ емес», – деп баға берген болатын.
Дархан да дана халқымыз осындай алмағайып тұста береке-бірлігін жоғалтпады, «тағдырдың тезінен, тамұқтық өзінен» жарып шықты. Жер аударылып, тағдыр тәлкегіне түскен өзге жұртты да бауырына басты.
Ел еңсесін езіп, ынтымағын ыдыратпақ болған тоталитаризм мұнымен ғана шектелмей, қуғын-сүргін салдарынан қаншама шаңырақ шайқалып, түтіні сөнді.
Ғалымдар мен ағартушылар, мәде-
ниет және саясат қайраткерлері қудаланып, қоғамға қауіпті адам атанды. Олардың ішінде Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Ораз Жандосов секілді еліміздің біртуар перзенттері болды. Олар, тарихқа – өшпес із, ұрпаққа – қайталанбас үлгі-өнеге қалдырды. Қуғын-сүргінге, қайғы-қасіретке қасқайып қарсы тұрған алаш арыстары ұлы мұрат – Тәуелсіздік жолында күресіп, жан тапсырды.
Ал бүгін, біз ең құнды байлығымыз Тәуелсіздігімізді алып, сөнуге айналған шырағымызды қайта жақтық. Бір шаңырақтың астында 100-ден астам ұлыс ұйысқан Қазақстан – бейбітшілік пен бірліктің мекеніне айналды. Кешегі арыстарымыздың асыл арманы орындалып, ел тұтқасын ұстаған Елбасы мен еңселі елордасы бар әлем таныған қуатты ел болдық. Осы күзде мың жылдық тарихы бар шаһарымызда 14 мамандандырылған ұйымның қатысуымен Біріккен Ұлттар Ұйымы хабының ашылуы жоспарланған. Бейбіт елде халықаралық ұйымдардың көптеп шоғырлануы, оның салтанатын асырып, жасампаздығын айшықтауы – бүгінгі заманның заңдылығы.
Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап халқымыздың тарихи жадын жаңғыртуды басым бағыт ретінде айқындады. Ұмыт бола бастаған парақтар қайта ашылып, елдің отансүйгіштік рухы, ерік-жігері оянды. Арыстарымыз ақталып, тың деректер жарық көрді. Елді мекендер мен көшелерге, мұражайлар мен мектептерге саяси құрбандардың есімдері берілді. Олар жайлы құнды еңбектер жазылды.
Өткен жылы қаламызда бірқатар көшелерге Смағұл Сәдуақасұлы, Телжан Шонанұлы, Жанша Досмұхамедов сынды алаш арыстарымен қатар, Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағанбетов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Әмина Өмірзақова, Мақаш Тәтімов, Герольд Бельгер секілді халық батырлары мен ақын-жазушылардың, өнер саңлақтарының және өзге де ұлт жанашырлары мен мақтаныштарының есімдері берілді.
Биыл алты құрлыққа аты танылып, 20-ға келіп асқақтаған Астанамыз сол боздақтардың, Тәуелсіздік жолында жанын пида еткен арыстарымыздың арманының орындалғанының көрінісі. Тарихи тұрғыдан қас-қағым сәтте арқа төсінде бой көтерген елорда – Елбасының ерлігі, барша қазақстандықтардың зор мақтанышы. Айналып келгенде мұның барлығы ел-жұртымыздың береке-бірлігі мен жасампаздығының арқасы.
Құрметті қауым! Тарих тек ақтаңдақтардан ғана тұрмайды. Бүгінде мемлекетіміз іргесін бекітіп, қарттар мен жастарға, ана мен балаға, еліміздің әрбір азаматына қамқорлық, жағдай жасауда.
Соның айқын дәлелі – көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды мәселелер шешімін тапқан «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы».
Мұның барлығы «алтау ала болмай, төртеудің түгел болғандығынан». Дана халқымыз өз басшысының жанынан табылып, Елбасының жасампаз саясатының маңына шоғырлана білгенінен. «Тірлігіміздің барлығы – бірлігімізден!».
Әрине, береке-молшылық әп-сәтте келе қалмайды. Десек те, 27 жыл ішінде сан белесті бағындырдық, мүмкіндігі орасан еңселі ел құрдық.
Құрметті ағайын! Әр заманда «аспандағы айды әперемін, жерде жұмақ орнатамын» деп іріткі салушылар болған. Нәубет жылдары да «коммунизм орнатамын, теңдік әперемін» деп, оңды-солға қарамай, істің байыбына бармай солақай саясат жүргізіліп, талай жан қудаланды, босыды.
9 мамыр – Ұлы жеңіс күнінде Алматыға арнайы келген Елбасы ардагерлерге алғысын білдіре отырып: «Біз соңғы 70 жылда соғыстың, нәубеттің не екенін білмей өскен ұрпақпыз. Бейбіт заманның арқасында биік белестерді бағындырдық. Бірлігімізді сақтай білсек, бұдан да үлкен жетістіктерге жетеміз. Сондықтан да бабалар ерлігін жадымызда сақтап, нәубет жылдар қайталанбасын деп еңбек етуіміз керек. Бүгінгі бірлігіміз – ертеңгі жарқын өмірдің кепілі», – деп атап өткен болатын.
Өркениеттің ұлы көшіне ілескен Қазақстанның ертеңі айқын, келешегі кемел. Өйткені, бірлігі жарасқан елі бар.
Ендеше, мерейі асқақ мемлекетіміз әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарынан табылып, қалаларымыз гүлденген заман болсын!
Іргеміз тыныш, халқымыз аман болсын, ағайын!
___________________________________________________________
Құрбандық
Ұлықбек Есдәулет.
Қабырғам қақырайды қасiреттен…
қан жұтып, қайғы жұтып ғасыр өткен.
Құдай-ау,
қай дәуiрде,
қай заманда
қазақтың көздерiнiң жасы кепкен?
Қыр бар ма қазақ тәнi көмiлмеген,
ой бар ма қазақ қаны төгiлмеген?
Қашаннан құрбандыққа қайыл халық
қайғысыз қара суға семiрмеген.
Қырылса қара орманым қынадайын,
қалайша жоқтамайын,
сұрамайын?
Құрыған аштықтан да, қастықтан да,
қайда сол қыршындардың құны, ағайын?
Тереңге тамырларын жайған шынар,
балтадан көз ашпаса қайдан сынар?
Қара жер
қанша жебiр болса дағы,
қазақтың сүйегiне тойған шығар?!.
Жүрсем де жайбарақат сырт жайланып,
Шығамын қылыштайын кілт қайралып:
Қазақтың судай аққан қан мен жасы
Төбемде бұрқырайды бұлтқа айналып…