Рухтың жаңғыруы – ұлттың жаңғыруы
25.05.2018
2134
1

Рухани құндылықтарымызды дәріптейтін, салмақты сараптамалар мен бай мазмұнды қамтитын «Рухани жаңғыру» атты республикалық журнал жарық көргелі көп бола қойған жоқ. Сонда да салмақты сараптама, мақала, сұхбаттарымен оқырман көңілінен шығып келеді. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген жайттарды қалың оқырманға таратуды, насихаттау мен жариялауды мақсат тұтқан басылымның бас редакторы, журналист Бақтияр Мырзаханұлын әңгімеге тартып, басылымның мақсаты мен бағыт-бағдары туралы сұрап-білген едік…


Бақтияр МЫРЗАХАНҰЛЫ,
«Рухани жаңғыру» журналының Бас редакторы


– Бақтияр Мырзаханұлы, «Ру­хани жаңғыру» атты журнал шыға­рып, оған Елбасының «Бола­шақ­қа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарл­а­малық мақаласында көзделген жайт­тарды оқырманға кеңінен таратып жатыр екенсіздер, идея қайдан туды, әңгімемізді осы сауалдан бастасақ?
– Идея қайдан туды дейсіз бе? Елбасы мақаласы жарық көрген соң, журналист ретінде, жалпы мемлекеттің болашағына алаңдар азамат ретінде бағдарламалық ма­қа­ланы толық оқып шықтым. Оқып шықтым да, мұнда көзделген жайт­тарды қалай көпшілік қауымға одан әрі таратуға болады деп ойладым.
Бір нәрсе анық – бүгінгі таңда журналистика, әсіресе қазақ тілін­дегі басылымдар ұлттың бары мен жоғын түгендеп жүргенін еш­кім жоққа шығара қоймас. «Рухани жаңғыру» атты журнал шығаруды ойға алғанда оның жауапкер­шілі­гінің үлкен болаты­нын, әрине, қа­перге алдым. Алайда, мұндай басы­лым­д­ы шығару – үлкен жау­ап­кер­шілік жүктеумен қатар, оқырман үшін мәртебелі басылым боларын да ойладық. Осы күні жыл­тыр, арзанқол басылымдар көп­теп шыға бастаған кезең ғой. Журналымызды осындай арзан журналдардан аулақ ұстау – басты міндетіміз болып тұр.
Басылымның тұсаукесерін Ал­маты облысының орталығы – Тал­ды­қорған қаласында жасадық. Се­бебі, басылымның шығуына Ал­­маты облысы әкімдігі, атап айт­қанда, өңір басшысы Амандық Бат­талов мырза жан-жақты қолдау көрсетті. Журналдың ұстанған бағыт-бағдары жайлы танысқан Амандық Ғаббасұлы бірден жаңа ба­сылымға қамқорлық танытып, оқыр­манға жетуіне үлкен көмегін тигізді. Орайы келгенде айта кету парыз – басылымның оқырманға таралып, танысуы үшін Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбек пен Қазақ Ұлттық Аграрлық универси­тетінің ректоры Тілектес Есполов мырзалардың да сіңірген еңбегі аз емес.
– «Рухани жаңғыру» журналы­ның ұстанған бағыты қандай?
– Жаңа басылымның ұстанған бағыты – ұлттық құндылық­тары­мызды дәріптеу, мәдениетімізді, әдебиетімізді зерттеп, зерделеп, жа­рия етуге мол мүмкіндік жасау. Жу­рналда ақпараттық материалдар мен күнделікті хабарламалар ба­сылмайды, тиісінше, руханият пен тарихқа қатысты құнды, ұрпаққа ой салар тың сараптамалар қамтылмақ. Тарихымызды таразылап, төл мә­дениетімізді қайта жаңғыртуға тың серпін берген Елбасымыздың «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласы негізінде жаңа басылым – жаңа идеямен жарыққа шықты. Басылымнан мемлекеті-міздің жаң­ғыру жолындағы же­тістік­тері мен жеңістерін, еңбекке үлгі болған жандардың ұстанымдары, көне көрікті қалаларымыз бен тарихи ескерткіштеріміз, мәдени мұра­ла­ры­мыз жайлы жан-жақты мағлұмат ала аласыздар.
Сонымен қатар «100 жаңа есім», «Қасиетті Қазақстан», «Туған жер», «100 жаңа оқулық» жобаларының кейіпкерлері осы басылым арқылы жасап жатқан іс-тәжірибелерін халықпен бөлісе алады.
– «Рухани жаңғыру» журналын шы­ғарып, оқырмандармен кері бай­ланыс орнатып үлгерген боларсыздар. Жал­пы, оқырман ойын салмақтап отырғанда, Елбасының бұл бағдарла­масы халық тарапынан қандай қол­дау­ға ие болды деп ой түйдіңіз?
– Рухани жаңғыру халыққа ғана емес, рухани ойлаудың қозғаушы күшіне айналуы тиіс мемлекеттік аппараттың өзіне де әсер етіп жат­қанын айтқым келеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақ­ты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Қоғам­дық сананы жаңғыртуға бағытталып отырған бұл идеяның ұсынылуы уақыт талабы мен ел дамуының тарихи кезеңіне сай, маңызы зор шешім дер едім. Сананы рухани жаңғыртуға бәсекеге қабілетті, білімді елдің ғана шамасы жетеді. Жас буын өкілдері халықтың игі дәстүрінен тәлім алып, елжан­ды­лық, патриоттық қасиеттерді бойы­на сіңіріп өсу үшін нақ осындай бағдардың маңыздылығы зор. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарла­ма­лық мақаласы – қоғам дамуына тың серпін берген, барша қазақстандық­тардың жаппай қолдауына ие бол­ған тарихи бастама. Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рө­ліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. Оның ең негізгісі ұлттың терең тарихынан бастау алатын рухани ұстанымды сақтап қалу. Елбасы мақаласында ұлттық бірегейлікті сақтау, азамат­тар санасының ашықтығы мен білімге баулуын дәріптеу, прагма­тизм, бәсекеге қабілеттілікті арт­тыру, қоғамдық сананың жаңғырту­дың маңыздылығын алға тартады. Бұл қасиеттер заманауи қазақстан­дық­тардың негізгі бағыты болуы қажет.
Ұлттық жаңғыру дегеніміз – ұлттық санамен тығыз байланысты. Оның түпкі мақсаты – ұлттық біре­гейлікті сақтап, ел ішінде бей­біт­шілік пен келісім үйлесе отырып, ұлттық береке, бірлік салтанат құрған бәсекеге қабілетті, табысты ел болу. «Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді», – дейді Н.Ә.Назарбаев. Сондықтан рухани жаңғыру үдерісін дер кезінде қа­был­данған оң шешім деп танимыз. Осы рухани жаңғырудың жүзеге асырылуын біз және сіз болып, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шы­ғарып» бірлікте орындауымыз аса қажет. Бәсекеге қабілетті, әлемдік деңгейде танылған әрі дамыған рухани кемел ел болу – Елбасының асыл арманы. Ендеше, мемлекет басшысының жастарға соны сер­пін, тың бастама ұсынуы келешекке қамданудың әрекеті деп түсінеміз.
– Журналдың негізгі бағыты қан­дай болмақ сонда?
– Журналдың негізгі айдарлары – Елбасы мақаласында айтылған бағыттардан құралады. Мәселен, «Туған жер» айдарында туған өңірін көркейтіп жүрген, қоғамның әлеу­меттік мәселелердің шешуіне атсалысып жүрген азаматтар туралы әңгімелейміз. «Қасиетті Қазақстан» айдары – тарих пен мәдениетке, негізделген. Дәл осы айдар аясында еліміздегі киелі мекендерді, олар­дың тарихы мен ерекшеліктері ту­ралы мақалалар ұйымдастырамыз. «Бәсекеге Қабілетті Қазақстан» айдарында еліміздің экономикалық, саяси әлеуеті мен биігін айшықтап көрсетпекпіз. Бәсекеге қабілеттілік саясат пен экономикада, білім, ғы­лым­да, технологияда, яғни барлық салада болуы тиіс. Бәсеке болған жерде әрбір тұлға өзінің ең сапалы қызмет түрін ұсынады. Білім мен тәрбиесі ғажайып түрде үндескен, ұлттық идеологиясы темірқазығына айналған табысты ел болуымыз үшін жақсылыққа ұмтылып, жа­ма­н­шылықтан арылып, саналы түрде барлық қасиеттерімізді ізгілендіріп, сананы рухани жағынан үнемі же­тіл­діріп, дамытып отыруға тиіспіз. «Жүз жаңа оқулық» – бәсекеге қабілетті Қазақстанның жаңа ұрпағы оқуы тиіс оқулықтардың мәні, мазмұны, мақсатын танысты­ратын айдар. «Жүз жаңа есім» ай­дарында тәуелсіздікке маңдай тері тамған жаңа тұрпатты тұлғалардың өмірлік тәжірибесі, парасат-пайы­мы сарапқа салынып жүр. Бұдан бөлек, латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі, жаңа әліпбиді үйрену жөніндегі ұсынымдар мен әдісте­мелік материалдарды беріп отыр­мақпыз. Компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттар санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты айдарлар да журнал үшін өзекті.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Бо­ла­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» ат­ты бағдарламалық мақаласында тарихтың өткеніне көз жүгіртіп, жа­ңа тарихи кезеңдерге жан-жақты баға бере отырып, рухани жаңғыру арқылы болашаққа деген өзінің парасатты пікірлері мен көзқарасын білдірді. «Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаң­ғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр… Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөнін­дегі осынау ұсыныстардың маңы­зын терең түсінеді деп сенемін. Жа­ңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыз­дың ең басты қағидасы», –деп ел келешегіне үміт артады.
Біз де басылымымызда ел та­ри­хы, жаңа заман қадамдары, бо­лашақтағы бағындырар биік­те­ріміз­ге арнап арнайы айдар ашып отырмыз.
Енді бұл айдарлардың барлығын қалай алып жүрмексіз деген сауал­дың тууы заңды. Біздің авторлар – ғалымдар, академиктер, жазушы­лар, бір сөзбен айтқанда зиялы қауым өкілдері.
– Журналдың бірнеше санын тасқа бастыңыздар. Қазақстан қоға­мы рухани жаңғыру үшін тас түйін дайын ба екен? Шамалап, саралап көрген боларсыз?
– Қоғамның мәдени ерекшелігі, ұлттық менталитет – реформаларды тиімді ілгерілетуге де, оған кедергі келтіруге де ықпалын тигізе алатын маңызды фактор. Реформалардың табысты болуының маңызды фак­торы – барлық қазақс­тан­дық­тар­дың «Рухани жаңғырудың» мақ­сат­тары мен міндеттерін түсініп, қа­былдауы ғой. Түптің түбінде барлық өзгерістер адамның мінез-құл­қының өзгерістеріне келіп саяды.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Гүлім Сыдықова.

ПІКІРЛЕР1
Құрманжан 31.05.2018 | 19:27

Қазіргі кезде жартастан жаңғырық шықсада рухани жаңғыруға балап жүрміз ғой. Біреу атасына ас берсе де рухани жаңғырудың аясына еніп кетіп жатыр! Ал «бұл əн басқа əннен өзгеше» дегендей Бақтиярдың бұл сұқпаты жаңғырудың жанын ашып көрсетіпті! Негізі санадағы сілкініс осылай болса керек.ті. игі іске сəттілік тілеймін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір