«ТУҒАН ЖЕР, МЕН СЕН САЛҒАН ҚҰС ТҮЛЕТІП…»
Біздің қатарластарымыз кітапқұмар, жырқұмар болып қалыптасты. Рухани әлемімізді ата-әжелеріміздің айтқан ертегілері, шерткен әңгімелерімен және кітап әлеміндегі небір сыршыл дүниелермен толықтыратынбыз. Жасөспірім шағымыздан бастап жастығымыздың астына жастанып оқитын жыр кітаптарының қатарында жасын ақын Төлеген Айбергеновтың «Құмдағы мұнаралар», «Аманат» атты жыр жинақтары да бар болатын.
Университет, факультет көлемінде, қала берді курстастар ортасында өткізілетін жыр кештері аз болғандай-ақ, курстас досым Рахия Қашақбайқызы екеуміз оңашаланып алып, өзімізше жыр кешін жасап, бір-бірімізге сүйікті ақындарымыздың өлеңдерін жатқа оқитынбыз. Рахияның өлең жазатын таланты бар-тын. Сондықтан болар, қызды-қыздымен, тіпті әлгі жырларды өзіміз жазғандай-ақ шабыттана, тоқтамастан оқи беруге пейіл едік. Тек бөлмелес қыздарымыз келіп қалғанда барып, «аттың басын» әрең іркетінбіз. Енді міне, Жаратқанның бұйыртуымен, өміріміздің алтыншы асқарын алқымдап қалған шағымызда Төлеген ақынның «Бір тойым бар» атты жыр жинағын қайта оқып, сол бір балғын студенттік шағымыздағы көңіл-күйлерімізді біртіндеп еске түсіре бастағандаймыз. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы бірінші курстың 17 жасар студенттері туған ауылдарын сағынады-ақ… Ондайда, бір-бірімізге Төлеген ақынның «Сағыныш» балладаларын оқи жөнелеміз. Бейнебір, толқынның соңынан асқақ жаңа толқын қуалағандай, өршіл де сыршыл рухты жыр жолдары:
«Мен мынау ыстық жүрегіммен
қара тасты да сағынам,
Қаланып қалса, тәртіппен»,–
деп, көкірегіміздегі сағынышымызды одан әрі ұштай түсіп, туған жердің қадіріне тереңірек жете түсуімізге жетелейтіндей көрінетін бізге.
«Қажет жерінде қатыгездік пен
қаталдық керек» десек те,
Адамның заңғар ұлылығын сен
сағынышымен есепте».
– Ақынның «қатыгездік» дегендегі айтпағы – адамдарға дұшпандық жасап жүргендерге қатал болу керектігі шығар, – деп өзімізше тұспалдап қоятынбыз. Бүгіндері ойлап отырсам, расында адамзат баласының бұл жалғандағы басты міндеттерінің бірі – жұмыр жер бетіне жақсылық атаулыны мейлінше кеңірек жайып, ал жамандық біткенге, қолынан келгенінше, табанды түрде қарсылық білдіру екен ғой. Демек, біздің болмысымызда жарқын дүние атаулыға деген сағыныш сезімінің терең де тұрақты болуының бір себебі, Төлегендей арынды ақындардың жыр жолдарының әсер күшінде еді. Расында, адамзат бойындағы «заңғар ұлылық» атты қасиет сағынышыңыздың қаншалықты деңгейде екендігіне және сол сезімнен туындап, жүрегіңізді одан әрі жұмсарта түсер «Мейірім» атаулының сіздің болмысыңызға қаншалықты тамырлана сіңіскеніне тікелей байланысты екен-ау! Ал «Апаларым» атты жырын оқи отырып, болашақта ұзатыла кетсек, кішкентай бауырларымызды бұлайша зарықтырмасқа іштей серт бергендей күй кешетінбіз. Себебі, жырдағы сарғайтқан сағыныш қатерлідей көрінетін бізге.
«Кеттіңдер, біздің үйден ұзатылып,
Қатыгез қимастықты «қыз» аты ғып,
Сан түндер сағынышым көз ілдірмей,
Жүгіріп, сыртқа шықтым, жүз атылып».
«Көп өтті, қимас күндер белестері,
Көп болды, сендер жақтан жел еспеді.
Өз ұшқан ұясына қонбай кету –
Япырым-ау, құстарға тән емес пе еді?!», –
деген жолдарды оқи отырып, бір сәт тіпті ақын баланың әпкелеріне іштей қосыла ренжуші едік. Оқырманын осындай ширығысты сезім толқындарына салып, өзімен бірге жан күйзелісіне түсіре алуы – сөз жоқ, ақынның суреткерлік қарымының қуат-күшінде еді. Және сондай шамырқаныстарға жеткізу үшін ақын қандай ұтқыр ойлар мен соны теңеулер, күтпеген көркемдік тәсілдерді қолдана білген, десеңізші. Алайда, уақыт өте келе одан да терең жайттарды аңғарғандаймыз.
Бүкіл адамзат баласына үлгі-өнеге ретінде жіберілген Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз бір сөзінде: «(Туыстарының қарым-қатынасына) жауап қайтарушы – байланыс жасаушы емес, (нағыз туыстық) байланыс жасаушы – туыстары қарым-қатынасты әлсіреткенде де – байланысын жалғастырушы», – деген екен. Төлеген ақынның да айтпағы сол еді. Қарашаңырақтағы бауырмалдық сезімнің көмескіленбеуін күйттеген жарғақтай бала әпкелерінің «бұрымдары сияқтанып, «шартарапқа шыққан жолдарға» қарайлаумен күн кешкен екен.
«Көңліме тисең, үндемен,
Ащы ғой кейде тіл деген.
Өкпелеп қалсаң сен егер,
Үйіңе келем күнде мен».
Айбергенұлы осылайша, адамшылықтың тағы бір қырын – яғни, кешірімшіл бола білу деген қасиетті жыр тілінде насихаттаған екен. «Расында, сендердің ең жақсыларың – ең жақсы мінез-құлықтыларың»,– делінген шынайы хадистердің бірінде. Рухани тұжырымдарын асыл дініміздің қасиетті Бұлақтарына сүйене отырып жасай білген дана халқымыз мұндайда: «Жақсы адамның өкпесі – шай орамал кепкенше!» – деп, бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген ғой. Ендеше, татуласуға бірінші қадам жасаған жанды «жігерсіз» деп бағалап, оның әрекетін «жеңілдіге» саймайық», – дейді Төлеген ақын.
«Адамның адамшылығы – барлық уақытта, барша жағдайда сабырын, қалыбын сақтай білуінде!» – деуші еді аталарымыз. Дәл осы тұжырымды Төлеген ақын қалайша тарқата жырлады екен, оқып көрелік. Өмірді қуанышы мен қайғысы қатар өрілген қара домбыраның қос шегіне теңеген Айбергенов сәл сабыр етіп, олардың пайымына барған жанға:
«Бұл екеуі жұп жазбайды әуелден,
Қосып тартсаң, күй қалады құлақта.
Жаңыласың кеудеңдегі әуеннен,
«Сыңар шекпен тартам», – десең бірақ та», –
деп, шынайы бақытқа шақырар кеңесін өрістете түскен екен. Жаратушы Иеміз: «Шын мәнінде, қиыншылықпен бірге жеңілдік бар», – деп, қасиетті Кітабының «әш-Шарх» сүресіндегі алтыншы аятында, адам баласының мынау бес күндік жалған дүниеде кездескен қиындықтарға бола өмірден баз кешпеуіне, ал қуанышты жағдай атаулыны өз күшімен жеткен жеңісіндей көріп, дандайсымауына шақырған ғой. Сол бір студенттік жылдарымызда жанымыз жабырқай қалса, ақынның осы өлең жолдарынан көңілімізге тиянақ тапқандай болатынбыз. Ақынның келесі жыры оқырманына нығмет әкелетін елжандылықтың, шынайы ұлтжандылықтың, шүкіршіл мінездің жарқын үлгісіндей-ау.
«Түп-түгел, төрт құбыламды түстік етіп,
Туған жер, мен сен салған құс түлетіп.
Дүние-ай, қандай жақсы ед, табаныңа,
Тұрғаны өз топырағыңнан ыстық өтіп».
Өз қарақан басының қамын ғана емес, тұтас ұлтының бақытын ойлап шарқ ұрған Айбергенов үшін «табаныңа… өз топырағыңнан ыстық өтіп» тұруы дегеніңіз – ғаламат бақыт! Расында, ойлап қарасаңыз, сан жағынан 20-30 миллионнан асып жығылатын, алайда өзінің дербес мемлекеті, шегарасы, нақты белгіленген жері жоқ қаншама халық: «Шіркін-ай, өз алдымызға дербес те тәуелсіз ел болсақ қой!» – деп «аһ» ұрып, армандауда. Сондай армандарына қол жеткізу жолында малдарын да, жандарын да құрбан етуге әзір. Алайда, талайлары үшін ондай бақыттың ауылы алыстау сияқты. Бағамдай қарасаңыз, Төлеген ақынның рухани ірілігі дәл осы шумағында екі жағдайға байланысты айқындала түсетіндей. Біріншісі, туған халқы Кеңестер Одағының құрамында болғанына қарамастан, Қазақ елінің, шартты түрде болса да, бөлек республика болып отырғанына қуанды. Ал, сондай арда азамат еліміздің тәуелсіздік алған жылдарында яғни бүгінгі күндері өмір сүрген болса, бақыттылықтан бұдан да керемет дастандарын төгілтер еді-ау. Екіншіден, естелік жазушылардың сөздеріне қарағанда, Айбергеновтер отбасы «советтік» дәуірдің тұрмыстық тапшылығын көрудей-ақ көрген екен. Соған қарамастан, өзгенің табысына өз жетістігіндей қуана білетін, жалпы халықтық нығметтерді өз қарақан басының игілігіне балайтын Төлеген ақын үшін туған жері – оның «төрт құбыласын түп-түгел түстік етіп» қана қоймай, ақын перзентін қыран құстай түлетіп ұшыратын бақыт бесігі. Міне, бауырым, Отанды сүйсеңіз Мұқағалиша, Төлегенше сүйіңіз. Әйтпесе, қос-қосынан үйі, бес-бесінен көлігі, тағы толып жатқан «қоқырсық» дүниелері бола тұра, соған да місе тұтпай, сырттағы «алакөздердің» берген бес-он тиын «қарашақасына» бола елінің тәуелсіздігін аяққа таптап, дербестігін тәрк етіп, ел ішінде бүлік шығаруға барын салып жүрген «көсемсымақтардың» жетегінде кетіп қалуыңыз әбден мүмкін. Ондайдан Жаратқан Ием сақтағай!
«Мен сенің ақ төсіңе, шаңқай түсте,
«Көлеңкем түспесін», – деп тік тұрамын».
Мұндай жыр жолдарына «пәлен» деп, қосымша пікір қосып жатудың қажеті шамалы сияқты. Себебі, шиыршық атқан жыр жолдары өз бойына сығымдалған осыншалықты алапат сезімдерді сыйғызып тұрғанына қайран қаласың. Тек оқырман ретіндегі жеке қабылдауымызды айтар болсақ: жалпы алғанда, Тереңдік пен Биіктік қасиеттері белгілі бір уақыт пен жағдайларға қарай түрлі пішіндік өлшем-өлшеуіштермен бағаланатыны рас. Алайда, қағидасы – біреу-ақ. Ол – жақсылыққа ұмтылыстағы ниет шынайылығы, ойға алған ізгі мақсаттың орындалуы жолындағы жанкешті әрекеттер. Айбергенов болса, туған елінің болашағына, бақытына қатысты сол өлшем биіктерінен табылғандай. Себебі,
«Өміршең, біздегі ұлы махаббаттар
Бөз көйлектің ішінде бүршік жарған»,–
деп өзі жырлағандай, ақынның елі, жері, туған халқына, айналасындағы ағайын-туыс, отбасына арналған Махаббаты (қоқырсық дүниеге айырбастауға келмейтін) сатусыз көңілден, барға қанағат ете білген алғаусыз ниеттен туындаған ғой! «Отанды сүю – иманнан», – дейді ғұламалар. Алла Тағаланың Өз пәрменімен Айбергеновтей пендесінің жүрегіне құйып, көкірегіне толтырған имани қасиеттері ғана осындай жырлардың жазылуына түрткі болса керек.
«Мен ойланам: егер түзу өспесе кей бәйтерек,
Қисықты да біз «түзу» деп,
қабылдар ма ек, қайтер ек?!
Егер де сен «туралықтар жеңсін», десең әлемде,
Өзгелердің қисықтығын тура тұрып, дәлелде», –
деп ақын өз оқырманына тағы бір имани биік талаптар қоюда. Расында, Хақ дініміздің Қияметке дейін өзгермес заңдылықтары бойынша, мәңгілік жайында жақсылыққа қол жеткізбекке үміт еткен әрбір жұмыр басты пенде, мынау жалған дүниеде яғни жер бетінде жақсылықтардың мейлінше өрістеп, дамуына, ал жамандық атаулының жолының кесілуіне, шама-шарқының жеткенінше, өз үлесін қосуға жанын салып, өмір сүруі керек екен. Сонда ғана, Ақырет күнінде, Жаратқанның қалауы және кеңдігімен, ондай пенденің амал дәптерінің оң жағынан берілуі мүмкін көрінеді. Ақын жырлары оқырманын осындай үмітті ойларға жетелеп, мәңгілік түгесілмес бақытқа шақыруда.
«Ақын боп өмір кешіру – оңай», деймісің, қарағым,
Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның.
Көкірегіңе құйып ап, әлемнің асқақ бар әнін,
Қосудың арпалысы – бұл, тоғыспас жолдар торабын».
Біздің қабылдауымызда, дәл осы жыр жолдары – ақынның азаматтық бағыт-бағдары, шығармашылық берік ұстанымы, оқырманына айтар түйінді сөзі. Тұтас адамзат баласынан бастап, өз туған халқыңыздың, оның ішінде өз отбасыңыздың бақыты үшін де «тоғыспас жолдар торабын» өзара қосуға арпалысып жүрер болсаңыз, демек сіздің өз ғұмырыңызды тектен-текке сүрмегеніңіз. Ал енді, салыстыра ойлап көріңізші, Айбергеновтей «бөз көйлектерінің ішінде ұлы махаббаттары бүршік жарған», таршылықта ғұмыр кешкен жандардың (тағдырдың ыстығына күйіп, суығына тоңа жүріп) «өзгелердің бақыты үшін», деп, бар жігерлерін сарқа жұмсап, тоғыстырып, қосып кеткен жол тораптарын, бүгінгі небір семіздіктен әукелері салбыраған, «демократия» деп, өтірік «ұрандатқан» «ала өкпелер» ыдыратуға жанын салып, аласұрып жүр емес пе! «Сыздаған барлық жараның аузында болып», оны сауықтыруға ұмтылған Төлеген ақынның армандағаны мұндай ұрпақты яғни сау денедегі болмашы қабыршықты тырналап, жараға айналдырғысы келетін отандастарын көру емес еді ғой!
Айбергенов жырлағандай, өмірде біздер түзу бой түзеген бәйтеректерді көрмей өскен болсақ, онда сорымызға қарай: «Қисықты да біз «түзу» деп, қабылдар ма ек, қайтер ек?!». Замандастарының ғана емес, келер ұрпақтардың да ондай бақытсыздықтардан сақтануын ойлап, жырларымен дабыл қаққан Төлеген ақын Айбергеновке екі дүниенің де жақсылықтары бұйырғай! «Мен сенің ақ төсіңе, шаңқай түсте, «көлеңкем түспесін», деп тік тұрамын», – деп жырлаған ақберен ақынның туған елге деген махаббаты, өскен жердің амандығына деген тілектес көңілі бүгінгі және келер ұрпақтарымызға бірдей үлгі болғай.
Нұрлытай ҮРКІМБАЙ.