ЖАҺАНҒА ҚИҚУ САЛҒАН «ЖАС ҚАЗАҚ»
04.05.2023
418
0

Өткен жылдың тамыз айында үлкен бір қуанышқа кенелдім. Немерем Мадина көкшетаулық жігіт Достияр­мен бас қосып, жер жәннаты Жетісудан сексен көлді, қараса көз тоймайтын Көкшетаудың сұлу өңіріне баруға Алла Тағала нәсіп етіпті.

Құдаларым Көкшетаудың құрмет­ті азамат­тары, ел ағасы болып жүрген Мейрамбек (Рамазан Елебаевтың бірден-бір жоқтаушысы) Қайыргелді, Ергелді, т.б да құдаларым аяғымызды жерге тигізбей, үш күн бойы күт­ті. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, олардың бала-шағалары, келін-кепшіктері, іні-қарындастары Асқар-Ләйла, Едіге, Ержан, Бақыт, Шайзада, Динара, Арман, Зейнолла табандарынан тік тұрып, қызмет ет­ті. Көкшетаудың көрікті жерлерінің бәрін аралат­ты. Абылай ханның «Хан тағына» тағзым етіп, Сәкен жырлаған Оқжетпестің биік шыңдарын тамашалап, Бурабайдың көз жасындай мөлдіреген тұп-тұнық бұлақтарынан шөл қандырдық.
Сөз арасында құдаларымнан «Құдық­ағаш» деген сөздерді жиі естідік. Ол елдімекеннің тарихын бізге сексеннен асып, тоқсанның жалына жармасқалы отырған қазіргі Қиықовтар әулетінің абызы Мейрамбек Қиықов түсіндірді. Өзі туып өскен «Құдықағаш» ауылынан 123 азамат соғыста қаза тауып, біразы хабарсыз кетіпті. Соның ішінде Рамазан Елебаев та бар. Мейрамбек жеңістің 70 жылдығына байланысты мәдени-әдеби шаралар өткізу жөнінде ауыл әкімдігіне өтініш беріп, бірнеше мәселені алдына қояды. Соның бірі – Құдықағашта Рамазанға арналған мұражай ашу. Енді бірі – аудан орталығы Степняк қаласында ескерткіш-бюст қою. Бұл шараларды аудан әкімдігі де қолдап, жүзеге асырылады. Жасының келіп қалғанына қарамай, ел үшін тыным тап­пай жүрген Мейрамбек жайлы жазушылар Байқал Байәділов пен Дәулет Ахметжановтың «Елім деп соққан егіз жүрек» ат­ты кітабы дүниеге келеді.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өшпейді» деген осы болар.
Ал енді осы атақты «Жас қазақ» әнінің авторы құдықағаштық Рамазан Елебаевтың есімін Қазақ­станда құрмет­темейтін адам жоқ. Оның әкесі Ержанның жасынан ән салып, өнер жолын қуған кісі екенін ел аузынан тастамайды. Біржан салдан бата алып, біраз уақыт жанында бірге жүреді.
Ержан:
Баласы Елебайдың атым Ержан
Өзіме бата берген ақын Біржан
Кереймін Ақсуатының ұрпағымын
Көкшенің Бұландысын мекен қылған, –
деп, өмір тарихын өлеңмен айтып, ұрпағына мұра етіп қалдырып кетіпті.
Кезінде жазылып, хатқа түспегендіктен, Рамазанның туу, балалық шағы туралы деректер әрқилы. Бірінші дерек: (дұрысы осы болу керек) Ержан әлемнің опыр-топыры шығып, болшевик-меншевик, ақ пен қызыл болып ойран-асыр салып жатқан қиын заманда елден бас сауғалап кетеді. Бұл 1907-1910-шы жылдар шамасы. Сонда Сәлима деген башқұрт қызына үйленеді. Бір жылдан соң Рамазан дүниеге келеді. Елін, жерін сағынған Ержан елге қайтуды ұйғарады. Сірә, бұған Сәлима қарсы болса керек. «Ер туған жеріне» дегенді қанына сіңіріп өскен Ержанның түсіне Құдықағашы, Мақпал тауы, Бурабайы мен Көкшетауы жиі кіріп, мазасы кетеді. Сәлимамен жылы қоштасып, жеті жасар Рамазанын жетектеп, елге оралады. Рамазан әкесінен айрылмайтынын, қайда кетсе де бірге болатынын анасына айтады. Көз жасын сығып, жүрегі шерге толып, Сәлима қала береді. Ол да туған елін қимайды.
Елге келген соң әкесі ауылдық молдаға оқуға береді, бірақ одан ештеңе түсінбеген соң Шортандағы төрт жылдық орыс мектебінен білім алады. Екінші анасы (әкесі елге келген соң Зейнеп деген өнерлі қызбен табысып, тұрмыс құрған-ды). Өгей шешесі өкпесінен теп­пей, өз баласындай қабылдап, оның да өнерлі болуына бар күш-жігерін жұмсайды. Қалаған музыкалық аспаптарын (домбыра, гармон) сатып алып береді. Әке-шешеден осындай тәрбие алған Рамазан сегіз қырлы, бір сырлы бала болып өседі.
Әскерде Мәлік Ғабдуллинге берген жауабында, Құдықағашта туып-өскенін, дүниеге 1908 жылы келгенін айтады. («Башқұрт елінде дүниеге келдім» демейді). Бұл оның жас кезінен-ақ жігіт­тік намысының зор екендігін көрсетсе керек. Шешем – Зейнеп, әкем – Ержан деп өт­ті өмірден. «Болар бала боғынан» деп қазағым тегін айтпаған болар. Ауыл қариелерін тыңдасақ біреуі Рамазан 1910 жылы туылған, енді бірі 1911 жылы, тіпті 1906 жылы туылған дегендер де бар екен. Дұрысы М.Ғабдуллинге берген мәлімет болар деп ойлаймыз. Өйткені атақты батырдың бұл мәселеде жаңылысуы мүмкін емес.
Рамазанның қайтыс болған жылдарында да ала-құлалық бар. Батыр Мәлік: «Ол 1944 жылы сәуірдің 4 күні қайтыс болды», десе, көрнекті композитор Ілия Жақанов 6.11.1943 жылы қайт­ты дейді. Еңбекшілдер (қазіргі Біржан сал ауданы) соғыс комиссариатының архивінде 4.11.1943 жылы қайтыс болған дейді. Мұның бәрін келешек зерт­теушілеріміздің үлесіне қалдырайық.
Сәті түсіп, Рамазан сол кезде Мәскеу­де жауапты қызмет­те істейтін Әбілхайыр Досовтың Бурабайда демалып жатқанын естіп, сәлем беруге барады. Оқуға көмектесуін өтінеді. Ол жас баланы өзімен бірге ала кетіп, Орын­бордағы рабфакқа оқуға түсіреді. Мұнда да талапты да өр жігіт оқу орнының көркіне айналады. Көркем өнерпаздар үйірмесіне бір жылдай қатысып, келер жылы үйірме басшылығына сайланады. Мұнда өзі бұрын көрмеген пианино, гитара, мандолин, балалайка сияқты музыкалық аспаптарды еркін меңгереді. Бұларға қосылып, халық әндерін орындағанда тыңдармандардың айызын қандырып, зор қошеметке ие болады.
Ендігі көңілі Алматыда болады. Бірақ қаржы тапшы. Қалтасында үш-ақ сом ақшасы бар. Оның өзін бір таксист адам алдап соғып, тәжікелесіп тұрғанда бір әскери адам келіп, мән-жайды түсініп, таксистен ақшасын алып береді де самолетке жетпейтінін біліп, өз қалтасынан бес сомды ұсынып, реті келгенде берерсің деп, зор жақсылық жасайды. Сөйтіп, Алматыға да келіп жетіп, консерваторияға түсейін десе, қабылдау бітіп кетіпті.
Екінші анасы Зейнептен туған Қанипамен пәтерде бірге тұрады. «Сенен жақсы дәрігер шығады: қолың ұзын, саусақтарың салалы деп, жолдастары дәрігерлік оқуға баруға кеңес береді. Бақытына қарай, оқуға түсіп, 2 жылдай оқып, ақыры өнерге деген құлшынысы филармонияға алып келеді де, сонда музыкант болып орналасады. Актерлік қырын да танытып, Жүсіпбек Елебековке серік болып, «Сүңгуір қайық» пьесасында мотористің рөлін сомдайды. Осы қойылымның декорациясын жасауға қатысады. Оның суретшілік өнерін жұрт жақсы қабылдайды. Ол салған ұлы Мұхтардың, Сәкен мен Ілиястың, Бейімбет­тің, Күләштың кес­кіндері кезінде жақсы баға алған. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне де қатысып, «Қазақ­стан», «Қуаныш жолы» әндерін шығарады.
Рамазанның жан-жақты дарынын байқап қалған ғұлама ғалым Ахмет Жұбанов оған Мәскеуде Луначарский атындағы өнер институтының композиторлар даярлайтын бөліміне жолдама алып беруге көмектесіп, батасын беріп, Москваға ат­тандырады.
Мұнда Қапан Мусин, Бекен Жылыс­баев, Мұқан Төлебаевтармен танысады. Консерваторияға түсу үшін бір музыкалық пьеса жазып, ұсыну керек екен. «Біржан-Сара» пьесасын жазып, бұл сынақтан да мүдірмей өтеді. Кейін М.Төлебаев осы пьесаның желісімен «Біржан-Сара» операсын жазып, бүкіл Одаққа есімі кеңінен танылады.
Консерваторияны бітіріп, енді дип­лом алайын деп тұрғанда соғыс басталып кетіп, өз еркімен майданға ат­танады. Онда Панфилов дивизиясына тап болады. Барған соң Мәлік Ғабдуллин бастаған Қазақ­станнан барған Іңкарбала Иманбеков, Балтабек Жетпісбаев, Насыр Изимов, Жұмажан Бат­талов, Бақтияр Меңдіғазин, Павел Кузнецов, Леонид Макеев, Дмитрий Снегин секілді жауынгерлермен танысып, ағайын-бауырдай болып кетеді. Полк комиссары Мұхамедяров оны М.Ғабдуллиннің ұсынысымен өзіне секретарь етіп тағайындайды. Мединститут­та 2 жыл оқығаны санитарлар бөлімінде де жұмыс істеуге мүмкіндігін береді. Талай жаралыларды жау тылынан сүйреп әкеліп, оларды емдеп жазып, қайта қатарға қосады. Өзі де талай өлім аузынан қалады.
Бір күні Алматыдан бірге келген досы Төлеген Тоқтаров ерлікпен қайтыс болды деген қайғылы хабар оны есеңгіретіп тастайды. «Қайран Төлеген.. Қимас досым.. сенің ерлігіңді әнге қосып, есіміңді мәңгіге өшпес әнге айналдырамын…» Осылай деп өзіне серт береді Рамазан.
Міне, ән де туды. Гармонын арқалап, жауынгерлеріне жетіп келді. Гармоны орман ішін жаңғырықтырып, туу аспанға алып кетіп шарықтатып, қазақ жеріне қарай ұшырып ала жөнелді.
– Әннің аты қалай? – деді М.Ғабдуллин.
– Жас қабір – деді Рамазан.
– Былай етсек қайтеді, сөздерінің аздап, кедір-бұдыры бар екен. Соны қайта бір ақынға жаздырсақ. Атын «Жас қазақ» деп өзгертсек. Қалай қарайсың? Бұл – Мәліктің ұсынысы еді. Жауынгерлер түгел келісті. Құдай оңдағанда дивизияға Қазақ­станның бір топ өнер қайраткерлері келе қалсын, ішінде Жүсіпбек Елебеков, Ғабиден Мұстафин сынды белгілі адамдармен қатар музыкант­тар, бишілер де бар. Бұлар ән ырғағымен егіле отырып, еске алды Төлегенді. Әннің мәтінін жазу көпшіліктің ұсынысымен Ғ.Мұстафинге жүктелді. Ақын жанды прозашы, жазушы ән мәтінін әп-сәт­те даяр ет­ті. «Қар жамылған кең дала қанға бөгіп» деп басталатын Рамазанның «Жас қазағы» бүкіл қазақ даласын шарлап кет­ті. Тұңғыш рет үлкен сахнада бұл әнді атақты әнші Қазақ­станның халық әртісі Жүсіпбек Елебеков шырқап, оған өлмейтіндей жан бітірді.
«Соңынан» Рамазан орыстың Новосокольный қаласының маңында болған кескілескен ұрыста, мәңгі сапарға ат­танды. Қазір сонда ескерткіші бар. Өскен жеріндегі мектепте мұражайы ашылды. Аудан орталығы Степняк қаласында еңселі ескерткіші Көкшенің абызы Мейрамбек Киықовтың бастамасымен 2017 жылы бой көтерді.
«Келешек-30» баспасынан «Рамазан Елібаевтың елі» ат­ты кітап 25 баспа табақпен Көкше жұртына тарады. Мұның да ұйытқысы – Мейрамбек.
Қазақ барда – Рамазан бар. Оның «Жас қазақ» әні бар. Бұл әнді бүгінде бүкіл қазақ болып шырқайды.

Тұрсынбек
ЕШЕНҚҰЛОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір