Кәсіп түбі – нәсіп…
18.05.2018
1368
0

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамының 61-шісінде: «ЕТ ӨНДІРІСІ МЕН ӨҢДЕУДІ ДАМЫТУ ҮШІН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ИНВЕСТОРЛАРДЫ ТАРТУ. Негізгі міндет шикізат базасын дамыту және өңделген өнімдерді экспорттау» турасында айтылған еді. Осы орайда, Біз қазіргі ауыл шаруашылық, оның ішінде мал өсіру мен ет өндірісі мәселесіне тоқталған едік.

Жуырда Қызылорда облысының Жаңа­қорған ауданында IV Облыс­тық мал­шылар слеті өткен еді. 2015 жыл­дан бас­тап өткізіліп жүрген бұл шара, биыл төр­тінші рет ұйымдас­ты­рылған-ды. Осы слет­ке ҚР Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі, Ауыл шаруашылығы қыз­мет­керлерінің салалық кәсіптік одағы, «Қаз­Агро» Ұлттық басқарушы хол­дин­гі­нің өкіл­дерімен қатар, ғалымдар мен Аты­­рау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жам­­был, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан өңірлерінен осы саланың білгірлері жи­­налды.
Қызылорда облысының әкімі Қы­­рым­бек Көшербаев жиналған қауымға ізгі тілегін білдіріп, ауыл шаруа­шы­лы­ғын­дағы басты-басты делінген мә­се­ле­лерге тоқталды. IV Об­лыстық малшылар сле­тінің төрт жыл қатарынан өтуі – об­лыс­тың ел қа­зынасына қосқан үлес сал­­ма­ғының бір бөлігі – мал шаруашы­лы­ғы­на аса мән беретіндігінің айғағы. Ел экономикасына үлес қосып жү­р­ген мал­шылардың жасы да біртектес емес: жиыр­мадан жаңа асқан жастар мен жет­пістің мол ішіндегі қариялар. Жиынның бас­ты мұраты – жан-жақтан жиылған мал­шылардың бір-бірімен тәжірибе ал­масу. Еңбек елену керек. Слетте де солай бол­ды! Жыл бойына үздік деп танылған бақ­ташылар мараптатталды. Со­лар­дың бірі – Ф.Нағашыбайұлы. Ол сө­зін түйін­дей келе былай деді: « – Негізінен, бұл жұ­мысты түйе өсіру­ден бастадым. Кейін түйе­лерді будан­дастыру арқылы жақсы көр­сеткішке жеттім. Ал, содан соң ақбас сиыр өсірдім. Аллаға шүкір, қазір асыл тұ­қымды мал сатамын. Жемге, шөп­ке көп қаржы кетеді. Бірақ, шы­ғын­ның ор­нын жабу үшін үнемі еңбек ету­деміз». Та­ғы, бір малшы – Б.Мақ­сат. Ол 2015 жыл­дан бастап мал өсірумен айналысып, он беске жуық адамды жұмыспен қам­тамасыз етіп отырған-ды. Сөзін бақсақ, Бо­лат «Сы­баға» бағдарламасын тиімді пай­даланғанға ұқсайды. Демек, Үкі­мет мал шаруа­шылығымен айна­лы­суға дайын әр азаматты қолдауға әзір. Осы ретте, Қызылорда облы­сының әкі­мі Қ.Е.Кө­шер­баев өз сө­зінде мы­на бір мәселеге баса назар аудару қа­жет­тігін айтты: « – Мал шаруашы­лы­ғын дамытуда шешімін күткен: жем-шөп қорының жеткі­лік­сіздігі, мал басының жеке сектор­дағы үле­­сі­нің басым болуы, жергі­лікті мал өнім­ділігінің төменділігі сияқты мә­­се­ле­лер бар. Оларды шешу мақса­тында жайылымдық жерді барынша тиімді пайдаланып, ет, сүт, жүн, теріні терең өң­дейтін жаңа техноло­гия­ларды енгізу және жеке секторда от­басылық шағын тауар өндірістерін ұйымдастыру мен оларды ауыл шаруа­шылығы коопера­­тивіне бірік­тіру керек».
Соңғы бес жылда ауыл шаруа­шылық са­ласы айтарлықтай да­мы­ғанын байқа­дық. Мәселен, 2017 жы­лы «Байқоңыр» әлеуметтік кә­сіп­кер­лік корпорациясы ар­қылы Об­лыстық бюджеттен аталмыш са­ла­ны да­мытуға 1 млрд., ал, 2018 жы­лы 1,3 млрд. теңге қаржы бөлі­ніп­ті. Соңғы бес жылда ет өндіру 2,7 есе­ге, сүт өн­діру 1,6 есеге артыпты. «Сы­баға», «Алтын асық» мен «Құ­лан» атты әлеуметтік бағ­дар­ламалар ая­сында соңғы кездері мал саны ұл­ғайған екен. Соның нәтижесі ре­тін­де, репро­дукторлық шаруа­шы­лық­­тар құрылып, бес жыл ішінде 4,5 мың ірі қара, 36 мың қой сатып алынып, 23 мың бас мүйізді ірі қара ма­лын бор­да­қы­лай­тын алаңдар са­лыныпты. Слет­те ай­мақ­тың ауыл шаруашылық кешенінің үздік деп танылған қыз­меткерлері ҚР АШМ медалі, құрмет гра­мотасы мен Облыс әкі­мінің ал­ғыс хатымен марапат­тал­ды. Ал­ла аман­дығын берсе, келесі – 2019 жы­лы бұл слет Республикалық дең­гейде өткізілмек екен. Слет ая­сында аймақтың тауар өндірушілер өнім­дері, ветеринар­лық техника мен құрал-жабдықтарының көрмесі көр­сетіліп, асыл тұқымды мал шаруа­шы­лығын дамыту мен мал шаруа­шы­­лығы өнімдерінің бәсекеге қа­­бі­­­лет­тілігін арттыруға бағытталған се­­минар өтті. Қазіргі кезде Иран, Қы­тай, Монғо­лия, Еуропа, Ресей ел­­дері Қазақстанда өндірілетін өнім­дерге қызығушылық та­нытып, аг­росекторға қаржы құюға бейіл­ді еке­­нін білдірді. Бұған дейін, Сыр өңі­­рінде малшылар слеті 1996 жылы ұйым­­дастырылған-ды. Бүгіндері ай­мақ­тағы ірі қара, жылқы мен түйе са­ны тоқ­саныншы жылдармен са­лыс­тырғанда бұрынғы көрсеткіштен әлдеқайда асып түс­кен екен. Мал­шы­лар слеті еңбек­кер­лердің тойына ұласты. Киіз үйлер тігі­ліп, ұлттық дәс­түр ұлықталып, ұмыт бо­ла бас­та­ған салт-дәстүр қайта жаң­ғы­рып, қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу, қол кү­ресі мен арқан тарту секілді ұлт­тық ойын­дар ұйымдастырылды. «Ма­лым – жа­нымның садақасы, жа­ным – арым­ның садақасы» деп тү­сі­нетін атам­қа­зақ үшін төрт түлікті да­мыту – аса қажет дү­ние. Соған кө­зіміз жетті!..

Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір