КӘСІП ҚАЙТСЕ НӘСІПКЕ АЙНАЛАДЫ?
Мәншүк Алтынбекқызы Алматы облысында дүниеге келген. Орта мектепті үздік бітіріп, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде білім алды. Ол қоғамдағы құбылыстарды, адамдардың тұрмыс-тіршілігіндегі қарым-қатынасты зерттеуді, сараптауды ұнататын. Алғашқы таңдаған мамандығы осыған сай әлеуметтанушы мамандығы болды.
Жалпы Мәншүк Алтынбекқызының кәсіпкерлік жолы бірден даңғылға айнала салған жоқ. Көп замандастары сияқты ол шағын және орта бизнесті түрлі бағытта бастап көрді. Әуелі компьютер клубын ашып, іс жүргізуді үйренді. Нарықты зерттеп, сұранысқа ие орталықтар ашуға ниеттенді. Бильярд клубын ашуға қол жеткізді. Ізденіс пен талпыныс іскер ханымды сән индустриясына бастап, кілең қыз-келіншектердің көзайымына айналған киім-кешек дүкенін ашуға жетеледі. Мұның бәрі іскер жанның табысқа жетудегі талабы мол, сауабы бар жұмысы болатын.
«Көп адам бизнес дегенді қаржы-қаражат табудың жолы деп түсінеді. Негізі табысты істің көзін табу тек ақшамен жұмыс істеу ғана емес, әуелі адамға қызмет етуден тұрады. Бұл жерде үлкен жауапкершілік бар. Әуелі заңға бағыну, одан кейін қоғам алдындағы міндеттеме және айналаңдағы адамдарға деген сенім мен құрмет болмаса, істің ілгері жүруі неғайбыл». Бұл – Мәншүктің ойы.
Кейіпкеріміз Мәншүк Ықыласова өзін нағыз іскер әйел ретінде заңгерлік білім алғаннан кейін сезіне бастады. Заман өзгеріп, енді бизнесті сауатты, әділ де ашық жүргізудің кезеңі туған. Ол сол себептен «Тұран» уиверситетіне оқуға түсіп, заңгер мамандығын меңгеруді бастап кетті. Бұл оқуды бітірген соң Мәншүк ханым мамандығы бойынша жұмыс істеуді ұйғарады. Бір жағынан тәжірибе жинау әрі мамандыққа деген адалдық міндеті тұрды. Осы мақсатпен ол мемлекеттік қызметке қадам басты. Қателеспепті, мемлекеттік қызмет адамды жинақылыққа, жедел шешім қабылдауға, тиянақтылыққа үйрететін еңбек жолы ғой. Әсіресе мемлекеттік тапсырыс саласы бойынша іс жүргізудің қыр-сырын меңгеріп, кәсіби маманға айналды. Бүгінде Мәншүк Алтынбекқызының есімі осы саладағы бірден-бір сарапшы-маман ретінде аталады.
– Адам ізденуден қашпауы керек. Өз мақсатыңа жету үшін өмір бойы оқып, үйренуге тура келсе, соған мойынсұнуы тиіс. Ізденген сайын жаңа жол ашылады, ол табыс көзіне бастайды. Әрине, адамға айналасы да қамқор болуы керек. Өзіңді түсінетін отбасыңда, ортада әйелдің бағы жанады. Іскерлікте бұл бұлжымайтын қағида болуы тиіс. Қысқасы, мен табыс жолын өмірден үйрендім десем де болады. Тәжірибе жинау да көп көмектесті. Әсіресе мемлекеттік қызметте істеген аз уақытта мол сабақ алдым. Тәртіпті, жоспарлауды үйрендім. Осының бәрі менің табысты болуыма игі ықпалын тигізді, – дейді Мәншүк Ықыласова.
Мәншүк нөлден бастаған кәсібін аяққа тұрғызып, өзі құрған «Атамекен» компаниясын отандық нарықтағы сұранысқа ие бизнес нысанына айналдыра алды. Әуелі шағын мемлекеттік тапсырысты орындаудан басталған іскерлік жоба қазір түрлі бағыттағы жобалауларды жүзе асыратын компанияға айналды. Мысалы, еліміздегі қағаз өндірісімен айналысатын бірегей кәсіпорын – Шымкент қаласындағы «Қағаз ордасы» зауытының жұмысын жобалау ісіне үлес қосты.
Енді Мәншүк ханым бизнес саласындағы мол тәжірибесін жаңадан іс бастағысы келетін жас кәсіпкерлерге ақыл-кеңес ретінде үйретуге бет бұрды. Оның «Первые шаги к миллиону» атты кітабы осылай жазылды. Тәлімгер бұл еңбегінде шағын және орта бизнесті нөлден бастап жүргізіп, табысқа қол жеткізудің жолдарын ашып түсіндіреді.
– Кәсіпкерлікке қадам басқан адам әуелі істің бірден мол табыс әкелуін ғана емес, ұзақ мерзім бойы қызмет көрсетіп, қаржы табатындай тұрақты механизмге айналуын болжай білуі тиіс. Біздің еліміздің экономикасында мұндай табысты орталар жеткілікті. Алғашқы тәуекелден өтіп, нақты болжаммен ісін бастаған кәсіпкер аз қаржымен де табысты бизнеске қол жеткізетінін уақыт көрсетіп отыр. Тек, нақты бағытты адаспай таңдаған жөн. Мен қазір іс бастағысы келетіндерге туризм саласындағы қызмет көрсету бағытын ұсынамын. Бұл бағытта әлі де көптеген бос орындар тұр. Мен әйгілі Шарын шатқалына жақын ауылда туып, өстім ғой. Бала кезден шатқалға барған сайын «неге осындай қызықты демалыс орынында ішетін сусын, жейтін тамақ сататын орындар жоқ» деп ойлатын едім. Кәсіпкерлер қызметтің бұл түрін енді дамыта бастады. Еліміздің туристік әуелеті зор ғой, түбі бұл бағытта табысқа жеткен кәсіп иелері көптеп шығады, – дейді Мәншүк Ықыласова.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ