Қазақ әдебиеті Алаш арыстарына қарыздар
18.05.2018
1616
0
Сәбит ДОСАНОВ,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:


– Сіз жазушы ретінде Кеңес ода­ғы тұсында танылдыңыз. Ол кез­де халықтың жазушыға деген құр­меті ерекше еді, оған сол кездегі жүйе­нің ықпалы болғаны сөзсіз. Жазу­шыға деген ол замандағы көз­қарас пен бүгінгі көзқарастың пар­қынан не түйесіз? Бүгін әдебиетке кел­ген жас буын Сіздер секілді оқыр­манға ие бола ала ма?
– Ол кезде билік өз идеология­сын жүргізу үшін жазушыларды жақ­­сы пайдаланды, шыққан кі­тап­­­тарымызды таратты, шы­ғар­ма­шы­лықпен алаңсыз айналысуға жағ­дай жасады. Біз мемлекетке идеологиялық тұрғыдан ғана кө­мек­тескен жоқпыз, сатылымға шық­қан кітаптарымыз арқылы бюд­жетке де қомақты қаржы тү­сір­дік. Партияның алақанында өс­тік. Алайда, шығармашылық ер­кіндік болмады, партияның қас-қабағына қарап жаздық, тарихты бұрмаладық, партияға жағымпаз­дан­дық. Одан мен де құралақан болған жоқпын, десе де өзімше сақ­танған кезім болды. Бір ға­на мысал айтайын: шы­ғар­маларымда бай адамның образын Совет өкіметі түсіндіргеннен бас­қаша етіп жаздым. Байлар өз ор­тасындағы озық ойлы адам, озық ойлы болмаса байлық қайдан ке­леді?.. Қазақтың байлары ұлттық бур­жуазияның басы деп есептеп, шығармаларымда соны дә­лел­де­дім.
Ал қазіргі жазушылар өз күнін өзі көріп жүр, қаламақы тоқтады. Жа­зушылар одағы мемлекет тара­пынан қаржыландырылмай­тын бол­ды. Меніңше, биліктің жазу­шы­­ларға қарамағанының екі се­бебі бар. Бірінші – шындығында эко­номикалық жағдай нашар бол­ды. Екіншіден – әдейі жасады. Себебі, жазушылар барлық уа­қыт­та халықтың сөзін айтты. Алғашқы пар­ламенттің құрамында Олжас Сү­лейменов, Сұлтан Сартаев, Са­лық Зиманов сынды керемет мық­ты адамдар болды. Олар депутаттар тұрғай, Үкімет басшысының өзі тай­сақтап қалатындай өткір сауал­дар қоятын. Жазушылар да күшті болды. Олардың күшін әлсірету үшін билік оларға қаржылай кө­мек берген жоқ.
Кеңес Үкіметі тұсында Жазу­шыл­дар одағының ролі Компар­тия­ның деңгейімен бірдей болды. Оны Желтоқсан көтерілісінен кейінгі қоғамдағы жағдайды рет­теу үшін Колбиннің өзін Жазу­шы­лар одағына шақырып сөйлеске­ні­нен білуге болады. Шаханов Кол­бинге «қазақ тілін білмейсіз, қа­зақтың белсенді азаматтарымен қай тілде сөйлесесіз, аудармашы арқылы сөйлесу сенімді болмайды ғой», деді. Енді бір жазушы, иті­ңізді самалетпен алдырдыңыз, оған мем­лекеттің ақшасы жұм­сал­ды, ол заңға қайшы емес пе деді. Тоқаш Бер­дияров болса Колбинге батыл қа­рап, Жолдас, Колбин, сіз оқу­шы­лар мен студенттердің ал­дында емес, жазушылардың ал­дында сөй­леп тұрсыз, ойыңызды нақты ай­тыңыз дегенде Колбиннің есі шық­ты. Жұбан Молдағалиев «Мен ком­мунистпін, Ұлы Отан соғысы­на қатысқан жауынгермін, сол со­ғыс­та өліп қалмағаныма өкіне­мін. Мен не үшін соғыстым, менің қыздарымның шашынан сүйреп, те­пкенін көру үшін соғыстым ба?», – деп өте батыл сөйледі. Мен де сөйлемек едім, маған сөз бе­ріл­ген жоқ. Колбин залдан шығарда жұп-жуас болып кетті.
– Сіздің буынның елге, жерге, отан­ға деген сүйіспеншілігі әдебиет ар­қылы қалыптасты. Әдебиетке ете­не жақын болып өскен Сіздің за­мандастарыңыз неден ұтты, не­ден ұтылды? Бүгінгі заман ұр­па­ғында бар қасиеттің қайсысы сіз­д­ерде жоқ?
– Алдыңғы буын өзінен кейін­гі ұрпаққа ылғи көңілі тол­май жүреді. Бұл ежелден келе жат­қан әдет. Бірақ аға ұрпақтың бір жақсы жері біз көбіне (мүм­кін қателесетін шығармын) ұлт­шыл болдық. Мұрат Әуезов пен Ма­қаш Тәтімовтер Мәскеуде «Жас тұлпар» ұйымын құрып Кеңес үкіметіне қарсы жұмыс іс­те­ді. Қарағандыда Бүркіт Ыс­қа­қов, Алматыда Хасен Қожа-Ах­мет, Павлодарда Арман Қа­ниев сынды азаматтар Кеңес үкі­метіне қарсы идеологиялық жұ­мыстар істеді. Менің деңгейім олар­дан төмендеу болған болуы керек, мен ұйым құра алмадым. Бірақ, қаламнан үлкен қару жоқ, қа­лам арқылы күресейін деп 25 жа­сымда «Ақ аруана» деген шы­ғар­ма жаздым. Цензура өте қатал бол­ғасын Орталық Комитеттегі адам­дарға білдіртпес үшін ұлт­тың тағдырын түйе арқылы бер­дім. Мұның идеясы туған жерге де­ген отаншылдық сезімді көр­се­ту. Портакраттар ішкі ойымды бай­қамай қалып, шығарма өз­бек, грузин, орыс тілдеріне аударылды.
Кеңес одағы тұсында Қазақ­стан­да 30 млн қой болды, ет жоқ. Қой­дың жүні көп, киім жоқ. Мұ­ны жалғыз мен сезініп өскем жоқ, біздің ұрпақ тұтас сезінді. Кем­шілігі – жүзшіл, рушыл, жер­­шіл, күншіл, қызғаншақ. Қа­зақ халқы үлкен тұлпар болса осы жаман әдеттер тұлпардың жүрісін бөгеп тұр. Бұл жаман әдет қазіргі жастарда жоқ. Мүм­кін бірен-саран бар шығар, бірақ жалпы алғанда бүгінгі ұрпақтың бойында дәл біздегідей күшті емес. Бұрынғы аға ұрпақтың бір ар­тықшылығы – жастардың шы­ғармасын міндетті түрде оқи­тын және оларға моральдық, ма­териалдық көмек көрсетіп жүре­тін. Қазіргі классиктеріміз өзі­­мен-өзі. Бұрынғы ағалар жылт еткен талант көрсе көзін ашып, қолдау көрсететін. Өкі­ніш­ке қарай, бұл дәстүр үзіліп қал­ды. Әр ұрпақтың өзінің кем­шілігі, артықшылығы болады. Қа­зіргі жас ұрпақ жаңашыл, өмір­ге тез бейімделгіш, ақпарат­пен күшті қаруланған. Олар әде­биетте де жаңашыл. Шетелде жүр­ген жастар тіпті білімді, ұлт­шыл. Сол себепті Мағжанның сө­зі­мен айтқанда «Мен жастарға сене­мін!».
Аға ұрпақ өкілдерінің барлығы өз әлінше Тәуелсіздік үшін күресті, кү­респеген ешкім жоқ. Бұл жұмыс біт­ті деген сөз емес. Тәуелсіздікті алу­дан оны сақтап қалу қиын. Ендігі мә­селе жаннан тәтті, қаннан қымбат – тәуелсіздікті сақтау, нығайту. Елі­міздің болашағы жастардың қолын­да, қазіргі жастар қандай болса, елі­міздің ертеңі сондай болады.
– Әдебиет ендігі жерде терең пси­хоанализге негізделуі керек дегенге көз­қарасыңыз қалай?
– Психоанализ деген менің тү­сі­ні­­гімде адамның жанын суреттеу. Ол ана заман ба, мына заман ба айыр­ма­с­ы жоқ. Әдебиет пайда болғалы әде­биеттің бірінші міндеті сол. Бол­ған оқиғаны суреттеп журналист те жаза алады. Адамның ішкі әлемін су­­реттеу заманға сай түрліше атал­ға­­нымен заты біреу ғана. Жазу­шы­ның шеберлігі сыналатын тұс та осы.
– Қазір тарих ғылымы үлкен оқи­­ғалар мен айтулы тұлғаларға ғана емес, кішкентей оқиғалар мен кіш­кен­тай адамдардың тарихына мән бе­ре бастады. Бұл үрдіс әдебиетте бар ма? Жазушы ретінде айтыңыз­шы, әдебиет үшін кейіпкердің үлкен я кіші болуы маңызды ма?
– Ол маңызды емес, кішкентай адам­ның да үлкен тағдыры болады. Оқи­ғаны үлкен, кіші деп бөлуге бо­лар, алайда кейіпкерді бөле алмай­сыз. Жазушының объектісі – адам. Жазушыға керек қасиет көп, оның ең маңыздысы – адамдарды сүю. Адамға жаны ашымаған жазушыдан ешуа­қыт­та жақсы шығарма тумай­ды. Кейіп­керің туысыңдай болып ке­теді. «Жиырмасыншы ғасыр» ро­ма­нымда арманымдағы қазақ қы­зы­ның обра­зын жасадым. Айжан бұ­рынғы роман­дар­дағы кейіпкерлерге ұқ­самайды. Мен қазақтың әйелін Еу­ропалық биік­ке көтергім келді, сөйтіп Айжан­ды Сарбон универ­си­тетіне түсірдім, французша сайрап тұр, елге келіп жұмысқа тұрып, ба­тыс идеологиясын жоққа шығара­тын кітап жазып шығады. Мен өзім армандаған, өз қиялыммен сомдаған об­раз – Айжанға ғашық болып қал­дым.
– Қазір шетелден оқып келген қа­зақтың қызы көп. Арманыңыз орын­­далды ма?
– Арманыма жеттім. Қазір шы­нын­да ондай білімді, қайраткер қыз­дар көп. Алайда, қазақ әдебие­тін­де Алаш арыстарының образы жоқ. Қазақ әдебиеті Алаш арыста­ры­на қарыздар. Тарихшылар бұл та­қы­рыпты жетер жеріне жеткізіп зерт­теп жазды, жазушылар жаза ал­май отыр. «Жиырмасыншы ға­сыр» романымда Әлихан да, Ахмет те, Міржақып та, Мұстафа да бар. К­еремет үлкен полотно жасамасам да олардың іс әрекетін, арман-мұратын көрсеттім.
– Жазушы қоғамның тамыр­шы­сы деген сөз бар. Жазушы ретінде бү­гінгі қоғамның тамыр соғысынан не сезесіз?
– Бұрын баяу дамыған қо­ғам қазір өте жедел дамып жатыр. Күн сайын қырық құбылады. Мұның жақ­сы жағы да бар. Техникалық про­цесс, оқу білім жетіліп мүлде бас­қа арнаға бет бұрды. Жаһандану де­ген жайын шықты. Ол ұлттық құн­дылықтарымызды жұтып бара­ды. Оған қарсы тұрудың жолы әде­биет пен өнер, қазақы дәстүр. Ға­би­ден Мұстафиннің «Біз бұрын ұлт­шылдықпен күрессек, енді ұлт­сыз­дықпен күресу керек», – деген жақ­­сы сөзі бар, ол күні бүгінге дейін құнын жойған жоқ.
Қазір Қазақстандағы елуге жуық театр бейнелеп айтқанда аш отыр. Драматургия жоқ. Жазылған драма оларға жетпейді, жеткені режиссердің көңілінен шықпайды. Осы теңсіздік реттелуі үшін Мәде­ниет министрлігі жанынан репер­туар­лық коллегия құрылып, ай­мақ­тағы театрларды пьесалармен қамтамасыз етудің тұрақты жүйесі жасалса.
Президенттің жанынан мәде­ниет жөніндегі ұлттық кеңес құ­руы­мыз керек. Мұндай кеңес Еу­ро­па елдерінде, Ресейде бар. Оның төрағасы бекітіліп, мәдениеттің әр са­ласынан білікті маманды мүше етіп, ол елдің мәдениеті мен руха­ниятын бағыттайтын ұжымдық ақыл-ой орталығы болғаны жөн.
18 млн халқы бар Қазақстанда әр­түрлі қорлардың саны 25 000-ға жетіпті. Бұл қорлардың көбін атақ­ты адамдардың ұрпақтары аш­қан. Тендерге түсіп мемлекеттен қаржы алып, елден жылу жинап ақша табады. Ол ақшаның қалай, қай­да жұмсалатыны белгісіз. Бұл қор­лардың жұмысын бақылауға алу керек деген ұсыныс айтамын. Со­сын бізде газет көп, Шымкент­тің өзінде 400 газет шығады екен. Ал телевидениеге өкпелімін. Өйт­кені онда көбіне қолдан жасалған жұл­дыздар «жарқырайды». Елден тәп-тәуір жас қыздар келіп эфирге шы­ғуға ұмтылады. Кімнің киімі қан­ша тұрады, үйі қанша бөлмелі, кім кімге үйленді, кім кімнен ажы­расты дегенді ғана айтады. Ол жас­тарды бұзады. Арнаның бар­лы­ғы концерт, бірінен бірі айны­май­тын әндерді, бірінен бір озғы­сы келген әншілер айтады. Сосын амал жоқ, Ресейдің арналарын кө­­­ресің. Онда көретін дүние же­тер­лік, саяси пікірталас, таным­дық хабарлар өте көп. Біздің ар­на­лар бірін-бірі қайталайды. Оларды біріктіріп, бақылауға алу керек. Ораз Әбішев деген мықты адам, де­ректі фильмнің атасы өмірден өтті. Ол түсірген деректі фильм өте көп. Аппаратын арқалап жүріп, Қа­­зақстанның киелі жерлерін, аб­сент деген тұлпар туралы, шөл да­ланы гүлге айналдырған еңбек адам­дары жөнінде көптеген дерек­ті фильмдер түсірді. Оның әрқай­сы­сы 20-30 минут, адамға берер тәрбиесі жақсы, отанға деген сүйіс­пеншілігіңді арттырады. Те­леар­налардан осындай тәлім бе­рер­лік дүние бермесек ұлттық ру­ханиятты сақтау қиын.
Медицина сала­сын­да да көп келеңсіздік бар. Дәрі сау­дасымен кім болса сол айналы­сып жүр. Еліміздегі дәрінің 87 пайы­зы сырттан әкелінеді. Оның кө­бі мерзімі өтіп кетсе де сатылым­да жүре береді. Ал дәрігерлікті кім­нің ақшасы бар сол оқып жа­тыр, дипломды сатып алады. Мұн­дай дәрігер адам өлтірмегенде қай­теді? Бұл ұлттың болашағына ора­сан зор қауіп. Барлығы осын­дай деп айту жарамас, көбіне сон­дай. Сол себепті дәрігерлерді бір­те-бірте мемлекет есебінен тегін оқы­туға көшу керек. Білімі бар адам оқиды, білімі жоқтар оқы­май­ды.
Бізде қазір қағаз жұмсалатын өн­діріс көп. Қағазды берісі – Ре­сей­­ден, арысы – Финляндиядан, Жа­пониядан аламыз. Олар әке­сі­нің құнын алады. Оған қаншама миллиард ақша кетіп жатыр. Оны бол­дырмау үшін не істеу керек? Ме­нің ұсынысым: Қызылордада кар­тон шығаратын зауыт бар, со­ның негізінде қағаз шығаратын үл­кен комбинат салу керек. Оған ши­кізат болатын күріштің, бидай­дың сабаны бізде көп, су бар. Ин­вестиция келсе өзін аз жылда ақ­тап шығады.
Қытайдағы қазақтарға жер­гі­лік­ті билік асыра сілтеп қысым жа­­сап жатыр. Біздің елдің Сыртқы іс­тер министрлігі Елбасының бе­де­­лін пайдалана отырып, осы мә­се­леге бір шара қолдануы керек. Он­дағы бауырларды жылатып қойып қарап отыруға болмайды.
Мәдениет министрлігіне Арыс­­­­танбек Мұхамедиұлы келген соң шеттен ешкімді шақырмай-ақ, өте көп қаржы жұмсамай-ақ «Ал­мас қылыш» атты тарихи сериал тү­сірді. Голливудқа дейін барып, «Әміре» фильмін түсірді. Бұл екі фильм кейінгі жылдардағы қазақ киносына қосылған үлкен олжа. Мұн­дай істе қазақ жазушылары ми­нистрліктің ісіне барынша қол­дау білдіргені абзал. Кейкі ба­тыр­дың басын алып келгені ең ал­ды­мен Елбасы Н.Назарбаевтың бе­­делі арқылы жүзеге асты, екінші осы министрдің еңбегі. Оны алу оңай шаруа емес, Ресей Мем­ле­кет­тік Думасының бірде-бір құжат сыртқа шықпасын деген қаулысы бар. Кейкі батырдың басы елге кел­гесін қазақтың рухы көтерілді. Ен­ді Кенесары батырдың басын әкел­сек халықтың еңсесі тағы бір кө­­тері­лер еді.
– Өзіңізден кейінгі қаламгерлер­ден, тәуелсіздік дәуірінде танылған буын­нан кімдердің шығармаларын оқисыз? Олар несімен ұнайды?
– Жазуым қанша көп болса, оқуым да сонша көп. Күні-түні оқи­мын, өте еңбекқор адаммын. Уа­қыттың бағасын білу керек. Ап­тасына 15 шақты жерге шақырту аламын. Оның ішінде торқалы той, салтанатты жиын бар. Қа­зақ­тар қызық, тойына атақты адам қатысса той жоғары деңгейде өтеді деп ойлайды. Онша араласпасам да шақырады. Уақытымды үнемдеу үшін олардың бір-екеуіне ғана ба­рамын. Оған кеткен уақытымды оқу­ға арнаймын.
Бала күнімізде тұр­мыс өте нашар болды, соғыстан кейін­гі уақыт қой. Тұрмыстың на­шар­лы­ғы сол: аудандық коми­тет­тің бірін­ші хатшысының әйелі қи жағады. Соны басқалары күндейді. Өйткені, өздері қоға, қамыс жаға­ды. Қоғамен ет пісіріп отырғанда со­ның жарығымен кітап оқып отыр ем, мақта шалбарым өртеніп, мен есіріктеніп, шапқан атқа жет­кіз­бей далаға атып шығып ем, туыс­тарым бұғалық тастап әрең ұс­тап қалды, содан аман қалдым. Кітап оқуға деген құмарлығым осы­дан көрінеді. Біз тойып нан же­месек те кітап оқып өстік.
Қазір бізде (аттарын атамай-ақ қояйын) Құдай керемет талант бер­ген ақындар бар. Бірақ оқы­май­ды, ізденбейді. Сол себепті та­қы­рып таппайды. Құдай берген қы­зыл сөзбен махаббат туралы, туған жер туралы ғана жазады не­месе бегілі бір тұлғаға арнау өлең жазумен ғана шектеледі. Жазушы егер биікке өрлеймін десе оқу ке­рек. Өз халқыңның ауыз әдебие­тін, жазба әдебиетін, орыс әдебие­тін, еуропа әдебиетін оқу керек.
Кейінгі буын жазушылардан Нұрғали Оразды, Асқар Алтайды, Айгүл Кемелбаеваны оқимын. Ақын­дардың барлығын оқимын. Жас­тарға ара-тұра қамқорлық көр­сетіп жүремін. Қазіргі жастарда кү­рескерлік жоқ. Сүйген қызы қа­ра­­май кетсе де, кітабы шықпай қал­са да түңіліп шыға келеді. Өлең­­­­­дерінде де пессимизм басым. Бор­кемік болу жастарға жараспай­ды, жас адам күрескер болуы ке­рек.
– «Көп сыналған жазушымын» деп айтып қалдыңыз, Сізге арналған өлеңнің де көп екенін байқадым. Қа­зақ жазушыларының ішінде көп атақ алған қаламгерсіз. Сынның жазу­шыны қайрайтыны белгілі, ар­нау өлеңдер мен атақ-дәреже Сізге не береді?
– Мені көп сыналған жазушы деп айтады. Біраз сын естідім. Байып­тап қарасам, сын 10 пайыз, мақ­тау 90 пайызды құрайды екен. Оған дәлел мен туралы екі кітап шық­ты, қазір үшіншісі дайында­лып жатыр. Үлкен-үлкен тұлғалар мен туралы жақсы пікір айтқан. Менің Алла берген бір бақытым, әр елдің паспортына айналған даналар: Расул Гамзатов, Шыңғыс Айтматов, Мұстай Кәрім, Қайсын Кулиев сынды қаламгерлердің бар­лығына ұнадым. Қазақтың кейбіріне ғана ұнап, көбіне ұна­ма­дым. Мені өзімнің қатарым, жер­лестерім жаратпағанмен, жастар мен қарияларға ұнаймын. Өмірде бір табысқа жетсем, осы жақсы адамдардың арқасы.
– ҚР Мемлекеттік сыйлығы­ның иегері Марфуға Айтқожина Сіз туралы «Ауыздықпен алысқан асау көрсем, көз алдымда тұрасың қа­шан да сен», – деп жазыпты. Бұл мі­не­зіңізбен көп жетістікке жеттіңіз бе, әлде көп опық жедіңіз бе?
– Асау дегені – күрескер адам­мын. Жығылып жатсам да дұшпа­ным­ның құлағынан тістеп жата­мын. Л.Бетховеннің «Қайғы келіп есі­­гіңді қақса, есігіңді аш та айқаса түс. Қалайда жеңіп шық», – деген сө­зі бар. Үйлену тойының үстінде қай­тыс болған ұлымның қайғысы маған өте ауыр болды. Ол өте да­рын­ды, артық туған бала еді. Сон­да мені сақтаған бірінші – Аллаға де­ген сенімім, екінші – халықтың, елдің көңілі, үшінші – күрескерлік. Қайғымды жазумен жеңдім. Үш айдың ішінде «Қасқыр ұлыған түн» деген роман жаздым, бірнеше кі­тап шығардым. Екі жыл бойы көңіл айтқандар толастаған жоқ. Қа­зақтың данышпан шалдарының «Қайғыны бөліссе азаяды, қуа­ныш­ты бөліссе көбейеді» деген жақ­сы сөзі бар. Оның шын екеніне кө­зім жетті.
– Бір сөзіңізде «Мылтықсыз май­данда» күн кешіп келемін деген едіңіз, қару қалам қазір қаншалықты қауқарлы? Қаламмен айтқан сөзіңіз жетуге тиіс нысанаға жетіп жүр ме?
– Қалам – қаруым қазір бұ­рын­­ғыдан да қауқарлы. Себебі, өмір­ден көп нәрсе көрдік. Жаза­тын дүние көп, тәжірибе жиналды. 25 жасымда «Ақ Аруананы» қалай жаз­ғаныма таңғалам. Алла Тағала бір идея берген болуы керек. Бая­ғы­да Сәбит Мұқанов «Басым тол­ған роман, пьеса, әңгіме, қайсы­сын жа­зарымды білмеймін», – де­ген­де таң­ғалатынмын. Ол менің ұста­зым, прозаға келуіме сол кісі себеп бол­ды. Одан бұрын тек мақала мен өлең жазатынмын. Менен Сәбең «Сен неге проза жазбайсың?», – деп сұра­ды. Мен жаза алмайтынымды, сю­жет жоқ екенін айтып ем, ол кісі: «Айнала­йын, сюжет деген мы­нау: Ауылда екі сауыншы бар, бі­реуі еңбекқор, күні-түні тыным тап­пайды. Сүтті де мол сауады, бұ­­­заулары да аман. Екіншісі – жал­қау. Сүт аз, бұзау өлі туады. Бі­­ріншісі депутат болады содан екеуі­нің арасында бақта­ластық туа­ды», – деп түсіндірді. Содан мен прозаға бет бұрдым. Менің ал­ғашқы шығармаларымды Сәбит Мұ­қанов пен Ғабит Мүсі­репов екеуі қолжазбадан оқыды. Ол кез­дің шалдары қандай?! Қазіргілер ақша бермесең оқы­майды. Сәбең мені үйіне шақырып «Қыран қал­ғымайды» повесімді оқытып, өзі тың­дады. Төсекте жа­тып тыңдай­ды, ара­сында тоқта­тып, бірдеңені қағазға түртіп алады. Сосын бір кү­ні дастарқан жайып үйіне ша­қыр­ды. Шайыма сал деп шақпақ қан­тты нұсқады, бір қант салып ем, та­ғы сал деген соң екіншісін сал­дым, тағы сал деген соң үшінші қант­ты да шайыма салдым. Сәбең та­ғы бір қант сал дегенде шыдамай «Сал­маймын, тәтті болып кетеді, жүре­гім айниды», – дедім. Шай ішіп бо­лып, жазу үстеліне келгенде «Се­нің жетістігің қазақтың көркем ті­лін жақсы білгенің, кемшілігің де осы. Тілді көп білемін деп бояу­ды оңды-солды жағасың. Сурет­ші­нің қолында алуан түрлі бояу бол­са да орнымен қолданады. Сен сөз­ді оңды-солды қолдана берсең ба­ғанағы қантты көп салған шайың секілді оқырманның жүре­гін ай­нытып жібереді», – деді. Көр­діңіз бе?! Қалай үйретеді. Ол кі­сілер ме­нің шығарма­шы­лығымның шың­далуына көп көмек жасады.
М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мү­сі­ре­пов, Ғ.Мұстафин сынды алып­тардың орны ой­сырап тұр. Олардың сөздері де, өз­дері де ірі еді. Олар халықтың ті­ре­гі еді.
– Бақыт дегенді қалай түсінесіз?
– Бақытсыздық болмаса – сол ба­қыт.
– Шығармаларыңыз әлемнің көп­теген тілдеріне аударылды. Қа­зақ­станда ғана емес шетелдерде де та­нымалсыз, түрлі атақ-даңқа ие бо­дыңыз. Бақыттысыз ба?
– Күнде деп айтпайын, ара-тұра М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мү­сі­­­­­ре­пов, Ғ.Мұстафин сынды алып­тар­дан кешірім сұраймын. «О, менің ұлы ұстаздарым, сендер алмаған атақ­ты алып кеттім, сол үшін ке­шірім сұраймын», – деп айтамын. Олар да мен алған атақты алар еді, тек олар өмір сүргенде шетелмен мұн­дай тығыз қарым-қатынас бол­ған жоқ.
Жазушы ретінде бақыттымын. Ойыма алған шығармалардың бар­лығын болмаса да 60 пайызын жаз­дым, армандаған кейіпкер­лерім­ді шығардым. Еңбегімнен асы­рып атақ алдым, халықтың құр­метіне бөлендім.
Бірақ адам ретінде бақыт­ты­мын деп айта алмаймын. Ұлым бар кезде бақыттымын деп толық айта алар едім. Өйткені, жанымды түсі­нер жарым бар, Олжас Сүлейменов сияқты мықты адаммен дос болу­ды Алла маңдайыма жазды. Төрт құ­былам сай еді. Кенже ұлым ке­ре­мет дарынды бала болатын.
Анам оқымаса да өте даныш­пан адам еді. Менің дүниежүзін ара­лап, түрлі марапат пен атаққа ие бо­лып жүргенімді көріп, наразы бол­ды. «Қазақтың атағының бар­лығын алдың, ормандай орыстың да атағын алдың, енді ол жетпе­ген­дей Франция дей ме, сол жақ­тан да темір-терсек алып келдің, аспан­нан түспейсің бе?.. Тым асқақтама, мұның арты жақсы­лыққа апар­май­ды», – деген еді. Апамның осы сөзінен кейін көп ұзамай ұлым қай­тыс болды.
«Бақытты едім өзің барда мен қан­дай, әкең енді нағыз сорлы сор­маңдай…», – деп жаздым. Ұлым кеткен соң бақытсыз болып қал­дым. Бір кем дүние…
Жарық дүние деп аталатын мы­на жалғанда ешкім толық ба­қыт­ты болған емес. Небір ұлылар­дың да арманы өзімен бірге о дү­ниеге кетті. Шыңғыс хан «Менің орын­далған арманымнан орын­дал­маған арманым көп», – десе, На­по­леон күнделігінде «Мен бақыт­­ты бола алмадым», – деп жазыпты.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір