Боздақтан қалған бір белгі
04.05.2018
1472
0

Атам Зарлы діни сауатты, ескіше хат таныған иманы берік адам болыпты. Бірінші әйелі Ақбала апамыздан Мырзахмет, Өтеғұл, Бәтиманы босанып апамыз науқастанып өмірден өтеді. Шиеттей балалармен қалған атамызға Шу өңірін мекендейтін, тектілігі тереңнен тамыр тартқан қайын жұрты, Қоралас елінің ү лкендері, ата жолымен, апа­мыздың туған сіңлісі Тоқсұлуды қосса керек.
Ол апамыздан Мұстафа, Мұр­таза, Абілхасым, (Ақыл) Молдаха­сым дүниеге келіпті. 1941 жылғы сұрапыл соғыс басталғанда әкем Мұстафа (1906-1973) алғашқылар­дың қатарында соғысқа аттанады. Ар­тынша бауырлары Мұртаза (1910-1944), Ақыл (1918-1987), Молда­қа­сым (1924-1988) немере інісі Нұрхас­тар (1920-1986) да аттаныпты. Әкем Украина майданында мергендер (снайпер) қатарында болып бір ая­ғын сонда қалдырып, 1944 жылы ел­ге аман оралады. 1945 жылдардың соңына қарай Ақыл, Молдақасым, Нұрхас тәтемдер аман келді. Ал Мұр­таза хабарсыз кетті. Әкем рахме­тіллік әр кез інісін есіне алып: «Мен бүгін бір түс көрдім, інім Мұртаза аман-сау екен, үстінде аппақ көйлегі бар, «Тәте, мен тірімін ғой, мені неге сыртта қалдырдыңдар?», – деп келіп тұ­рады, ол тірі, пленге түсіп, Гер­ман­ға өтіп кетті ме екен?..», – деп қай­ғы­рып отыратын. Кейін­нен іздес­тіріп те көрген еді, еш хабар бол­мады. Арада қаншама жылдар өтті. Теледидардан «Бар­мысың бауырым» хабары жүріп жатқанын көріп, әпкем Гүлбахира: «Қойшан, тәтем өмірбақи інісін айтумен кетті, соны қарастырып көрші», – деп айтып жүрді. Мен бір-екі рет сұрас­тырып, аты-жөнін жазып та бердім, бірақ еш дерек шықпады. Қазақ радиосына келгеніме де он жылға таяп қалды. «Үйрек ұшады, қаз қона­ды», – демекші Радио бас­шы­лығы ауысып, басшылыққа жур­на­лист ініміз Мәди Манатбек келіп, «Бармысың бауырым» хабарын радиодан ашты. Талайлардың жоғы табылып, қызметкерлеріміз алғыс­тың астында қалып жатты. Біздің «Әдеби-Саз» редакция­мызға том­пи­ған, көп нәрсемен ісі жоқ Әсел Ас­қарқызы атты бір қыз бала келіп, оңашалау отырып, өз шаруасын дөңгелетіп отырды. Бір күні кешкі­сін жұмыс соңында, сіз немен ай­налысып отырсыз деп сұрап қалдым. «Ағай, мен елдің жоғын іздеп отыр­мын», – деп жауап берді. Ендеше сізге бір өтініш, менің әкемнің інісі 1941 жылы соғысқа аттанып, белгісіз болып кетіп еді, соны қарастыра аламыз ба? – деп өтініш жасадым. Аты-жөнін жазып алды. Ертесіне таңертең жұмысқа келсем әріп­тесім: «Сіздің атаңыздың дерегін таптым», – деп өмірбаяндық құжаттарын қолыма ұстатты.
Фамилиясы: Зарлиев Есімі: Мұртаза /Муртаза/.
Туған күні: __.__.1910
Туған жері: Казах ССР, Жамбыл обл., Свердлов ауданы, Сары-Барақ колхозы.
/Қосымша: Свердлов ауданы – 1996 жылдан бері Байзақ ауданы деп аталады/.
Соғысқа кеткен күні: 28.06.1942 ж.
Жасы: 32-де.
Соғысқа қай жерден шақыр­тылған: Казахская ССР, Джам­булс­кая облыстық әскери комиссариаты.
Әскери шені: қызыл әскер.
Жауынгер қатарынан шыққан уақыты: __.12.1944ж /немесе __.10.1944 ж./ Жауынгер қатарынан шығуының себебі: іс-түссіз жоғалған.
Ақпарат: Ресей Федера­циясының Қорғаныс министр­лігінің орталық мұра­ғатынан алынды. 18.04.2018 ж.

Сол уақытта абайтанушы ғалым Сұлтан Ыбырай, Жасұлан інім, Әбдірәлі ағалар да келе қалған еді. Сұлтан: «Аға мынаның көшірмесін маған да беріңіз, мен де қарасты­райын», – деп алып кетті. Ертесіне ол да, бар архив­терден сұрасты­рып,аталарым Зарлиев Муртаза, Зарлиев Ахил, Зарлиев Молдахасым­дардың деректерін тауып, марапат­талған ордендері мен құжаттарын әкеліп берді.
Жаны жәннатта болғыр, Мұр­таза атамның соғысты қай жерден бастап, қай жерлерді қорғағандығы жөніндегі соғыс жолдары да табы­лып­ты. «Бір тәуекел бұзады мың қай­ғының қаласын, Бір жақсы сөз бітірер, мың көңілдің жарасын», – демекші, енді атамыздың сүйегінің қай жерде қалғандығының дерегін іздестіруге жан-жаққа сұрау салып отырған жағдайымыз бар.

Зарлы (Қошан) Қойшығұл Мұстафаұлы,
Халқаралық Ж.Жабаев атындағы сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір