Ақ параққа отырмын тізіп өлең…
Бауыржан ӘЛІҚОЖА
Қасқа құлын
Желідегі байлаулы қасқа құлын,
Жем емес-ау байқаймын басқа мұңың…
Осқырынып жас құла кісінейді-ау,
Сезіндіріп тұлпардың асқақ үнін.
Салатындай додада бүлік керім,
Қай бәйгеден жазған-ау, үмітті едің?!
…Шапқан сайын сауырың көбіктеніп,
Әлі талай шығады тұнық терің.
Демесек те Құлагер, Тайбурыл ең,
Қосыларсың додаға сай дүбірмен,
Бар болса егер аймүйіз Толыбайлар,
Сәйгүлікті танитын тай күнінен.
Шабандозды түсірмей күйге мұңды,
Көрсетерсің шабыспен түйдек үлгі.
Өрен жүйрік боларсың желқанатты,
Дүбіріне таң қылған қилы өңірді…
***
Осы болды-ау саған жайсыз тиген күз,
Мезгіл мұңы серігіңе айналмақ.
«Өзімді емес, өлеңімді сүйген қыз»,
Адасқанға қона қойсын қайдан бақ?
Өлең – өзім екендігін кеш ұқтың,
Түйсік сезім бірін-бірі жеңе алмай…
Енді алдында тұрғаның не есіктің,
Баяғыдай ішіме еркін ене алмай.
Түніменен маза бермей елесім,
Таңды ұйқысыз қарсы алдың ба тағы да…
Бақыт құстың қонарына сенесің,
«Жоғалмас» – деп – «жаралған жан бағыма».
Елегізіп, көше жаққа елеңдеп,
Махаббаттың оңаша айтып қилы әнін, –
Зарықтың ба «жаным қашан келер» – деп,
Бар мұңыңнан құтқарардай дидарым.
Көңіліңнің мені аңсайды айдыны,
Кездесуге тапқысы кеп бір амал…
Жанарыңа жасырынған қайғыны,
Жасың жусын ағыл-тегіл жылап ал…
Өмір – сынақ абайсызда сүрініп,
Шыны – ғұмыр кетпесе екен бүлініп…
Қауышатын кезге сеніп,
Бір үміт…
Тұрды үзілмей кірпігіңде ілініп.
***
Жоғалды сол бір бал күндер,
Тұр ма еді соған күз жылап…
Біреулер бәлкім тағдыр дер,
Жасадық қолдан біз бірақ.
Тағдырдан қашып тағдырға,
Жетектеді ме бір сенім…
Мұңайтқан мына жаңбыр ма,
Көз жасың ба әлде, бұл сенің…
Өтті ғой небір тәтті күн,
Тұратын аңсап, шіркін-ай…
Кетуші ек шалқып, шаттығым,
Ерінің татып құлпынай.
Ақыл да бүтін, дене сау,
Білмеймін неге, торықтым…
Өзгергеніңе емес-ау,
Жалғыздығыңнан қорықтым.
Азапталғаны жанымның,
Сүйгені шығар айыбы.
Келмеске кетті-ау лағыл күн,
Мұның да болар қайыры.
Күтуге мәңгі жетер ме ой,
Қорқынышты емес ол да аса.
Ұмыту оңай екен ғой,
Сағыну қиын болмаса…
Торундегі түн
Көз байлауға қамданды кешкі дала,
Қарақоңыр түске енді ескі қала.
Жасанды шам көшеге сән бергенмен,
Бар жарығы аспанның өшті жаңа.
Жарқырайды қайтадан таң атады,
Құбылыстар туады жаңа тағы.
Ату үшін асыққан Күн сияқты,
Дөңгеленіп дүние бара атады…
Кеңге жайды қанатын қала түні,
Қанша жерге белгілі баратыны…
Менің ойымдағыдай жыр жаза алмас,
Жиылса да Торунның бар ақыны.
Қысқан кезде бойымды дара шабыт,
Топтан қашып іздеймін оңашалық.
Жылдам жазып алмасам мұң басады,
Қылдан нәзік жаныма жара салып.
Тұлғам жырға толғанда, жуған нұрға,
Қызық болмас сауығың, думаның да…
Таңсық емес Галилей, Коперник те,
Фараби топырағында туған ұлға.
«Қайтыңдар деп бұл жақтан өмір көріп»,
Торун бізге тұр, міне, төрін беріп.
Түн өлеңге, ал өзім түнге сіңіп,
Асқақ басып келемін көңілденіп.
Краков. Висла жағасы…
Краковта жауып тұр қар қылаулап,
Аппақ түске боялмақ барлық аумақ.
Бар сұлулық Висла өзенінде,
Тарануда топ аққу жанды баурап.
Көріністен тұр көңіл өлең аулап,
Сыр бермейді мүлгіген керенау бақ.
От шашады мүсіні айдаһардың,
Дегендейін жүріңдер менен аулақ.
Самарқаулық, салқындық танытпастан,
Иба, ізет бойына қалыптасқан, —
Кең жүректі польяктың екі қызы,
Жол көрсетіп келеді жалықпастан.
Бұйым көрмей ақпанның ақ ұлпасын,
Жаңа достар салып жүр бар ынтасын…
Біздің елге келіңдер, айналайын,
Сол құрметтің көріңдер қарымтасын.
…Толқып тұрмыз Висла жағасында,
Раушанов жазған құстың бәрі осында.
Жауған ақ қар,
аққулар,
екі қыздың,
Байланыс бар ұққанға арасында.
Түсірмеген арулар еш қабағын,
Жалғасындай жайдары есті ананың!
Гүлдәурен шақ, бір кешкен күндерді аңсап,
Нұр жауған сәт сендерді еске аламын.
Поляк қызы
Айналайын, атыңнан Анна деген,
Өзің жайлы жазайын талғап өлең.
Тілімізді түсінбей отырсақ та,
Жақын болып алғансың жанға неден?!
Жәудірейді нұр шашып тұнық көзің,
Тереңінде жатыр ма бұғып сезім.
Краковтың қысына ұрындырмай,
Деп тұрғандай жанымды жылытшы өзің.
Найзадайын тіп-тіке кірпіктерің,
Көзін ашты көңілдің түртіп керім.
Дымға ебім жоқ жүргенде қыз қасымда,
Тірлігімнен жүрмеші үркіп менің.
Жүрегіме кеттің-ау сыйлап арман,
Жалғыз мен бе осындай күйде қалған.
Сезімімді асырды арнасынан,
Сенің толқын-бұрымың бұйраланған.
Сүйкімді қыз реңі гүл жайнаған,
Сенің сондай аяулы нұрлы айналаң.
Тілді тістеп мен кеттім түк айта алмай,
Не болды екен япырым-ай тіл байлаған?!
Махаббат көпірі
Бүгінгіге жарайтын үлгі етуге,
Қанша тағдыр түйіскен бұл көпірде.
«Қылкөпірге» айналып біреу үшін,
…Біреулердің ойнады-ау нұр бетінде.
Қос қапталы көпірдің толған құлып,
Тұрды мұнда тоңған қыз, тоңған жігіт.
Висланың үстінде таңды атырып,
Жүректерден жүрекке жолданды үміт.
Белгісі боп сезімнің құлып қалды,
Қанша жүрек ашылмай құлыпталды…
Ал біреуі серттесті серігімен,
Мәңгі-бақи мұрат қып ұмытпауды.
Мұңнан басқа айтпайды күз де еш сырды,
Сабылдырып Мәжнүнге із кестірді.
Талайларды бұл ара қоштастырып,
Талай жанды қуантып жүздестірді.
Құп алатын шаттықпен қарсы алғанды,
Күту, іздеу бұл жерде аңсау бар-ды.
Қосқан көпір өзеннің қос жағасын,
Жалғады екен үзбестен қанша арманды?!
***
Шаттыққа толы гүл өңің, –
Бақытқа толы әлемім!
О, менің – ғажап Жүрегім,
О, менің – тұнық Өлеңім!
Өзіңе тартып тұратын,
Жанарыңдағы тереңдік.
Болар ем асқан Ұлы ақын,
Жаза алсам соны өлең ғып!
Себілген сен бір – алтын дән,
Мен үшін туған қарағым, –
Жанымды нұрға толтырған,
Жайдары жаздай жамалың.
Осындай ма едің сұлулық?!
Тұрасың төгіп шуақты.
Шаңырағымдағы жылу, құт
Өзіңмен енген сияқты.
Шалқыды шабыт көз ілмей,
Жырлайын сені мен бүгін.
Кіршіксіз әппақ сезімдей,
Тұмса бұлақтай мөлдірім!
Тәңірдің керім тартуы, –
Болмысы бөлек, Жарығым.
Өзіңді сүю арқылы,
Махаббатты кең таныдым.
ҚазҰУ қалашығы
Ұстаздардан тәлім ап аты мәлім,
Дұрыс болған ҚазҰУ-де оқығаным…
Қалашықты сыйғызып қарашыққа,
Жағалауда ой кешіп отырамын.
Тұлпарына мінгесіп зор талаптың,
Ұлы ілімнің қақпасын қорқа қақтым.
Дәні егіліп бойыма ізгіліктің,
Дос жинадым, аяулы орта таптым.
Жылу берді жаныма жамырап нұр,
Қасиетіңнен оғланың тамыр ап тұр.
Талайлардың мінезін тезге салып,
Адалдыққа баулыған – шаңырақ бұл.
Қолда бардың қадірін елепті кім?!
Құтхана орны түлекке әр бөлек бұл күн.
Сағынтады үйреткен бұла мекен,
Қалай сүру өмірді керектігін.
Бақтарыңда естідім самал әнін,
Бар алабын армансыз араладым.
Қанша қызға айта алмай тілегімді,
Қанша қыздың жүрегін жараладым.
Әдемі қыз қымсынып көрікті ұлдан,
Жыр-әуенге тұп-тұнық толып тұр маң.
Тағдыр жазды, ризамын Алматыма,
Қиялдағы арумен жолықтырған.
Көк құрағын көңілдің жел тербеуде,
Бозбала ойлар күн сайын өркендеуде.
Түспегенде қастерлі бұл Ордаға,
Қалар ма едім кездеспей еркеммен де?!
Сексеуіл
Ұстазым, профессор Кәкен ҚАМЗИНГЕ
Қаламды өзіңменен қуандырам,
Даламды өзіңменен жұбандырам,-
Қалтарыс бұлтарысы көп дүниенің,
Тылсымы діңіңде ме бұраң-бұраң?!
(Шегі жоқ шалқарымнан құт арылма,)
Жөнің бөлек сахара кітабында.
Өмір мәні жатқандай сезіледі,
Иір-иір тарғылдау бұтағыңда.
Тербейсің тіршіліктің нұр бесігін,
Бұл-дағы табиғатпен үндесуің.
Тағдырлы терең кеткен тамырыңмен,
Дүлейден қорғап тұрсың құм көшуін.
Бересің жазираңа ғажапты үйіп,
Ұғар ма болмысыңды қазақ биік?!
Келесің пана болып талайларға,
Саяңда өсті қанша азат киік.
Қарасақ шеңберінен парасаттың,
Еншінде үлесің бар болашақтың.
Қызуды Күннен алған аямастан,
Маздатып тұрсың шоғын әр ошақтың.
Мұқалтпас төзіміңді жұты жердің,
Өзіңсің қуаң тартқан құты белдің.
«Қалғанша жарты жаңқам мен сендік»-деп,
Қажетін тұрсың өтеп мұқым елдің.
Дүйімді пайдақұмар кінәлама,
Тобырды түйсіксіздеу сынама да…
Осынау шөл бетінде сен болмасаң,
Білмейді-ау азғындарын мына дала…
Ыстамбұл. Сағыныш
О, Стамбул, жанымды гүлге ораған,
Табиғатың жып-жылы жыр бораған.
Жайсаңдардың көптігі баурыңдағы,
Аман қалсаң қаншама зіл-заладан.
Айналғанда шындыққа арман, лебіз,
Тартты өзіне мөлдіреп Мәрмәр теңіз.
Кемеңменен жүзгізіп, шаттық құйдың,
Тоғысқанда көңілдер арнаңда егіз.
Жүрегімді нұр тұнған алып-ұшып,
Жеттім сәулем…
Жүздестік сағынысып.
…Жағаңдағы серуен шығар ма естен,
Ерке ернінің тұрған сәт балын ішіп.
Көріністер жыр сыйлап ұнаған әр,
Куә болар сәтіңе қуана алар.
Кірген уақытын намаздың сүйіншілер,
Азан даусы жаңғырған мұнаралар.
Шежіреңнен ғажайып жайды ұғына,
Кірбіңді де ұмыттым, қайғыны да.
Сұлтан Ахмет мешітін көкке жалғап,
Шағалалар шағылды Ай нұрына.
Сала берген ашылып жан сарайым,
Шақты қалай сендегі аңсамайын.
О, Құдірет,
Қауыштыр ғашығыммен,
Келбетіне тағы бір тамсанайын.
Жүрегімнен өткізген байқап әр күн,
Бар мезгілін өлеңмен айта алармын.
Мөлдір ме едің сұлудың жанарындай,
Кеп жүргенін қарашы, қайта барғым!
ПІКІРЛЕР2