Үмбетбай Уайдин: «Менің мансабым – қаламсабым»
Сатира саңлағы Үмбетбай Уайдинсіз қырық күн өтіпті. Қазақ сатирасына қапысыз қызмет еткен қаламгердің көзі тірісінде жарық көрген жазбаларынан үзінділерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
«Әдеп әлемі» кітабынан:
1. Біздің пәтеріміз бен лифтінің арасы жақын – есікпе-есік. Пәтерден шығып, лифтіге қарай аяқ баса бергенімде, сурет жапсырылған қағазға көзім түсті. Жерден көтердім. Бұл 1973-жылы туған Рахымжан есімді бейтаныс қазақ жігітінің жеке куәлігі болды. Қап!
Суретке олай қарадым, былай қарадым – танымадым. Үйдегілер де бастарын шайқады. Көршілерден сұрастырып, одан нәтиже шықпаса жоғалған заттарды тапсыратын жерге (стол находок) апарып тастайын деген ойда болдым. Бірақ куәлік иесі оңай табылды. Біздің пәтермен қабырғалас пәтерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан-ды. Куәлік иесі сол жөндеушілердің бірі болып шықты. Қалай қуанды!
2. Екі қолымда азық-түлік салынған екі тор-дорба. Ырсылдап-пырсылдап келе жатырмын. Кенет, тұсымнан әйел даусы естілді.
– Вам далеко?
– Жоқ, жақын, анау тұрғын үй.
– Келіңіз, отырыңыз, жеткізіп салайын.
– Ойбай, рахмет, жақын жер ғой.
Ол машинасынан секіріп түсті.
– Жоқ, аға, келіңіз, отырыңыз.
– Мақұл, жарайды.
Жеткізіп салды.
– Сау болыңыз, ағай.
– Көсегең көгерсін, қарағым!
Аты-жөнін сұрағым кеп, аузымды ашам дегенше, ол ұзап кетті. Қап!
3. Жас шамасы мектеп жасындағы бала көшеде тұсымнан өтіп бара жатып, бетіме қарады да:
– Ассалаумағалейкум. Қарттар күнімен, ағай. Сізді құттықтаймын, – деп, қолыма бір үлкен апорт алма ұстатты.
– Ой, рахмет! Не, атаң есіңе түсіп кетті ме? Алмаңды, мә, өзің жей ғой?
Бала ыржыңдап жүгіре жөнелді. Айналайын!
4. Микрофон қолдан-қолға көшіп, дастархан басындағылар осыдан бір сағат-жарым сағат шамасында қара жердің қойнына тапсырған азаматтың қадір-қасиетін және бала-шағасына жұбату сөз айтып жатыр. Біз отырған столда бізге қарама-қарсы европалықтарға ұқсайтын екі жұп әйел-еркек отырды. Микрофонсыз да жұбату сөз айтып жатқандар бар. Мыналар тым-тырыс. Ахатқа қарап:
– Аха, осы мына өзге түсті ағайындарды танимысың? Құдалар-ау деймін, микрофонды бейімдесек қалай болады, – дедім.
– Соның қажеті жоқ-ау, – деді Ахат, – өздері қол созып жатпаса қайтеміз.
Соңғы сөз. Микрофон марқұмның жұбайының қолында. Марқұмның жұбайы булығып, жылап сөйледі. Біздің қасымыздағы өзге түсті ағайындар қоса жылады… Менің құлағыма әлдекім: «Ең түсінікті тіл – көз жасы. Ол – бүкіл адамзаттың тілі», – деп сыбырлағандай болды. Шынында да…
«Оңашадағы ойлар» кітабынан:
1. «Біреуді құртқың келсе, мақтай бер, мақтай бер. Мақтай беретіндерден, Алла, Құдай, мені де, оны да, оларды да сақтай гөр, сақтай гөр! Әумин!
2. Маған мансаптың не қажеті бар. Менің мансабым – қаламсабым.
3. Сексенінші жылдары жастар басылымдарының бірінен Мейірханның (Ақдәулетов) «Сабақ әже» деп аталатын шағын шығармасына көзім түскені бар. Онда Сабақ әже үйінің тұсынан олай-былай өткен немесе мектепке бара жатқан, мектептен келе жатқан балаларды шақырып алып, ауыздарына сөк құйып, қолдарына құрт, кәмпит, пешеней ұстатады. Шығарманың сол кейіпкері менің анам болатын.
Анамның құжаттағы ат-есімі – Сырға. Бірақ, неге екенін білмеймін, ел ішінде Сабақ, Ақсабақ атанып кетті. Қазір ойлап қарасам, сонда бір гәп бар-ау…
4.Көшеде жиек жолмен мектеп жасындағы қыз баласын жетектеп, бір әйел адам кетіп бара жатады. Шұқанақтағы суды бірі айналып, бірі үстінен басып, ерсілі-қарсылы жүйткіген машиналар.
Келесі бір машина құқанақтың үстімен зу етіп өте шыққанда, шашыраған лай су әлгі әйел мен қыздың үсті-басын алып кетеді. Әрегіректе тұрған ГАИ инспекторы машинаны тоқтатып, айдаушыға:
– Сіз не істедіңіз? – деп, қастарына жақындап қалған әйел мен қызды көрсетеді. Машинаның иесі (шетелдік) кешірім сұрап, «зардап шеккендердің» қолына біраз доллар ұстатып кетеді.
Мәселе долларда ма? Таққа отырсақ та, машинаның рөліне отырсақ та құдайымызды ұмытып кететін «жел-құз» ауруынан енді қашан айығар екенбіз?
5. Ақыл істен шықса, жұдырық жұмыс істейді.
6. – Қатты-ы қарным ашып отыр.
– Қатты-ы қарның ашса, тойы-ы-п тамақ іш. Сонда қарның ашқаны қояды.
7. – Мына портретті шеге қағып, қабырғаға ілейін десем, құлап қалам ба деп қорқамын.
– Онда ілме. Сонда құламайсың.
«Быды-быды» кітабынан
«Өтірік айтпа, өлтірем!
Жақиымның бір жақсы жері –баласы Бақыманның санасына ылғи да жақсылық егеді. «Өлтіріп жатса да өтірік айтпа. Өтірікші бала өскенде сухит болады, сұйық болады. Сұйық болғасын өмірі оңбайсың, от басасың. От басқасын табаның күйіп қалады», – деп түңілдіреді.
– …Мен өтірік айтпаймын.
– Өтірік айтпа! – деп Жақиым бұл жолы да сөзін леп белгісімен бекітті.
Сол күні Жақиым түнімен телевизордан хоккей көріп, төсекке дағдылы мезгілінен ауып барып аунады. Ертеңгісін оны баласы оятты.
– Папа, бүгін демалыс па?
Папасынан жауап болмады. Жалма-жан бетін бір уыс сумен сыпырып жіберіп, тайғақтап жүріп киініп. Бақыманға бір ауыз бұйрық берді.
– Киін!
– Папа, кешіктік қой, мұғалімге не деймін?
– Не дейсің. «Құлағым ауырып, папаммен поликлиникаға бардым», – дейсің де.
– Ұрыспайсың ба?
– Не деп ұрсамын?
– «Өтірік айттың» деп.
– Онда: «Автобус тоқтап қалды», – де.
– Ұрмайсың ба?
– Не деп ұрамын?
– «Өтірік айттың» деп.
– Неге ұрамын, автобус тоқтап қалатыны өтірік пе? Өтірік айтпа, өлтірем!
– Папа, мен онан да мұғалима апайға: «Түнгі сағат бірлерде папаммен аэропортқа барып, мамамды күтіп алдық», – десем неғылады?
– О, қағынғыр, қағынғырдың айтып отырғанын қарашы. Өтірік айтып не, ішің толып бара ма? Онан да: «Түнде хоккей көріп, ұйықтап қалыппын», – деп шыныңды айтсаң неғылады?
– А, мен хоккей көрдім бе?
– Хоккей көрмесең: «Үйге кісі келіп қалып, солармен болдым», – десең бірдеме көріне ме? Қаршадай болып алып қарашы, шылп етпей өтірікті соғуын. Өтірік айтпа, өлтірем!…
«Із» кітабынан:
1. – Меке, сен осы қалай ойлайсың, арақ күшті ме, жоқ болмаса, рак күшті ме? – деп сұрады Тортай Мертайдан.
– Меніңше, арақ күшті, – деді Мертай.
– Меніңше де солай, – деп толықтырды Тортай.
– Арақ ішетіндердің көбі ракпен ауырмайтын көрінеді.
– Сен қандай дәлелге сүйеніп айтып отырсың?
– Арақ адамды ракқа жеткізбей алып кететін көрінеді. Соған сүйеніп айттым.
2. – Ата, келінді болыпсыз, құтты болсын!
– Әумин!
– Қайда өзі, көрейікші?
– Кішкене кідіре тұрыңдар, темекісін тартып болсын…
3. Көпен Әмір-Бек: үйіңіз Алматының төрінде, аржағы – Алатау. Самал жел, сиқыр көріністен тыныс аласыз ба?
Ү.У.: – Гүлге, гүлзарға қарап, жаңа салынып, тұтынуға берілген үйлерге, ерсілі-қарсылы машиналар зулаған әдемі көшелерге, адамдардың қуанған көздеріне қарап денсаулығымды түзеймін. Құдай сәтін салған шығар, біз тұратын үйдің терезе-балконы жағынан айнала-төңірек (панорама) тамаша көрінеді. Денеме сол көріністен денсаулық сорамын. Сол арқылы бақытымды бағалаймын.
К.Ә.: – бала кезіңізде қалжыңбас болдыңыз ба?
Ү.У.: – Қазақ «Жасыңда қалжыңбас болсаң, үлкейгенде мылжыңбас боларсың» дейді. Ал жас кезіңде жаңғалақ болған жарықтықтан үлкейгенде қандай адам шығады? Бұл сұрақтың жауабы бізден болсын.
Әскерде танкінің оқуын оқытатын батальонға тап болдым. Онда рота-ротаға бөлді. Ротаға апарардың алдында моншаға түсірді. Моншаға түспес бұрын кім қандай размерлі етік киетінін айқайлап сөйлейтін бір орыс сұрап жазып алды. Ол кезде маған сарының бәрі орыс. Кейін білдім, әлгі Коршак деген старшина екен, ұлты еврей. Құлақшынның размерін қасымда тұрған шағындау жігіттің айтқанын қайталап айта салдым. Бұным жобаға соқты. Етіктің размеріне келгенде, састым. Коршак ойлан деп кетіп қалды. Қасымдағы шағыннан: «Сен нешінші размерлі етік киемін дедің?», – деп сұрап едім, ол «34» дегендей болды. Коршак қайтып айналып соққанында «34-размер» дедім. «Не, қуыршақ болдың ба, сонда?» – деп ақырып, старшина кетіп қалды. Айналамда мырс-мырс күлкі. Балқаш жағынан Мырзалиев деген қазақ, Еңбекшіқазақ ауданының Пахрудинов деген ұйғыры бар еді, соларды іздедім. Тақан (Мырзалиев) шек-сілесі қатып күліп алып: «Өзіңді жын қаққан ба, отыз төртінші размер киіп не, шынында да, қуыршақ болғаның ба? Сен дегенің… сен дегенің, мен айтайын тошнасын, 57-размер киесің», – деп бетін ары бұрды. Мен айдап салып отырып, старшинадан шықтым. Орысшамның бет-аузы жап-жаман кез, бірін түсінсем, бірін түсінбеймін, старшина айқайлап-айқайлап алып, артынан жұмсарып, мені әңгімеге тартты. Размерімді өзі жобалап жазып алды. Онысы шұлғаумен тарлау болып, басқасымен ауыстырды. Кейін мені жақсы көріп кетті.
К.Ә.: – «Бір жылыңды ойласаң – күріш ек, он жылыңды ойласаң – ағаш ек, жүз жылыңды ойласаң – адам тәрбиеле» дейді Шығыс даналығы. Тәрбиелеп өсірген шәкірттеріңізге тоқталсаңыз…
Ү.У.: – Педагогикада көп жылдан бері келе жатырмын. Бір кездегі шәкірттеріміз: «Сіз бізге сабақ бергенсіз», – десе, құлаққа тосындау. «Ағай, біз сіздің шәкіртіңіз боламыз», – десе, жүрекке жылылау. Бұлай деуіміздің мәнісі: ұстаз – үлкен сөз. Бұл үлкен сөзге оқытушы, мұғалім атаулының барлығы лайық па? Менің ұғым-түсінігімде нағыз ұстаз шәкірттердің жүрегіне жол таба білген, шәкірт мойындаған, табынған идеал тұлға.
… Ұзаймын әлде де әрі жолдас-еке,
Қарсылық сіз тараптан болмаса егер.
Шәкіртке білім беру әйдік парыз,
Ал көзге шырақ жағу – зор мәселе!
Иә, ал әр шәкірттің көзіне шырақ жағу кез-келгеннің пешенесіне жазылған бақыт па? Ондайлар ілуде біреу. Ондай үлкен абыройға өзім жеттім деп айта алмаймын. «Біз сіздің шәкіртіңізбіз», – деп күлімсіреп сәлем беретіндер баршылық.
Шәкірттерден хат-хабар алып тұрамын. Мен ол хаттарды бөтен көздерден құпия ұстаймын. Ол хаттар – менің мерейім.
ПІКІРЛЕР1