Бүкпей айтсам жүректегі сөзімді, Менен гөрі бұлт жақын боп сезілді.
Ли Бай
(701-762)
Таң патшалығы тұсында өмір сүрген қытайдың ұлы ақыны. Туған жері Орта Азия өңірі, түркітекті деген де деректер бар.
Ай астындағы ақын
Иен дала, көмкерілген шалғынға,
Ежір құмған шарап толы алдымда.
Мен құмғаннан дәру іздеп отырмын,
Жалғыздыққа, жүрек толы зар мұңға.
Қолыма алып кесе толы шарапты,
Маңдайымды көк аспанға қараттым.
Ай астында көлеңкеме шер төгіп,
Жан жарасын ай нұрына жалаттым.
Ішпей қойды шарабымды ай бірақ,
Ал көлеңкем жатыр жерде жай құлап.
Ай астында көлеңкеммен қалғаным
Жалған достың сарайынан жайлырақ.
Мен әндетсем, ай жамалын изейді,
Мен билесем, көлеңкем де билейді.
Міне осындай адал достар барында,
Менің төбем көкке аз-ақ тимейді.
Мастық кетіп, қаптағанда нала мұң,
Аппақ айды, көлеңкемді табамын.
Шарап улап, мүлгігенде ой-санам,
Ай астында соқа басым қаламын.
Азуды да айға қарап білеймін,
Түнесем де, ай астында түнеймін.
Түптің түбі мәңгі дос боп айменен,
Көк аспанда қауышсам деп тілеймін.
Сағыныш сазы
Сағындым сені зарығып,
Шалғайда қалған Чаңаным*!
Зарыма менің қосылып
Шегіртке салды зар әнін.
Ызғырық жел мен аязға,
Қандай бір амал табамын.
Май шамға жалғыз телміріп,
Мұңымды соған шағамын.
Терезе перде ысырып,
Кеудемнен жалын ұшырып,
Көктегі айға қарадым.
Бұл-бұл ұшты көзімнен,
Ай қабақ, ерке маралым.
Төбемнен төнсе қара аспан,
Желекті дала табаным.
Рухым шарлап кезеді,
Аспан мен жердің алабын.
Бұза алмай жатам түсімде,
Қат-қабат таулар қамалын.
Сағыныш буып жүректі,
Меңдеді жанды нала-мұң.
Ұясына күн құлап,
Орады тұман гүлдерді.
Көлкілдеп күміс ай нұры,
Бәтестей аппақ түрге енді.
Сағыныш меңдеп, ұйқыдан –
Аулаққа салдым іргемді.
Күй тыңдап едім әредік,
Көктемдей көңіл гүлденді.
Күйдегі сыйқыр сезімнің,
Қадірін кімдер білген-ді?!
Ілесіп сәуір желімен,
Хангайға* көмсін іргемді.
Сағыныш жетсін шалғайдан,
Өзіңе жаным, бір мендік.
Тұңғиық сенің көздерің,
Айнакөл болып үлгерді.
Нанбасаң егер сен маған,
Көргейсің келіп сүлдерді.
——————————————
*Чаңан – Қытайдың ежелгі астанасы. Қазіргі Сиань қаласы.
*Хангай — жер аты.
Шарап шаттығы
Қарашы, анау Сарыөзен өрден төмен құлдайды,
Құяды да мұхитқа, қайтып мойнын бұрмайды.
Қарашы анау ақ шашқа, сарайдағы айнамен:
Таң алдында гүл едім, қайда кетті қайран өң?
Шаттанғанда адамның көңіл күйі тасымақ,
Бос тостаған ұсынба айға қарап ақымақ.
Тәңір берген дарыным бір керекке жарай ма,
Алтыныңды ағызсаң оралармыз қалай да.
Ас әзірлеп аста төк, тойлайықшы ағайын,
Үш жүз кесе шарапты бірден сілтеп алайын.
Сэнь бегім мен Дан Чюшэң кел, сілтеңдер, тынбаңдар,
Бір ән салып берейін, құлақ түріп тыңдаңдар.
Тіршілігі байлардың қызықтырмас мені түк,
Шалқығанға не жетсін, шарап ішіп елітіп.
Жай жақсылар өлгенмен аты қалмас артында,
Маскүнемге бұйырар атағың да, даңқың да.
Кеше Чэнь Уаң Лояңда дастарқанды жырлапты,
Қанып ішіп шараптан, елі-жұрты жырғапты.
Қожайынның неге осы аз болады жармағы,
Бастаған соң шарапты, керек шөлдің қанғаны.
Бер шарапқа жүйрік ат,
тоныңды алтын жалатқан…
Сілтеп, сілтеп қайғыны, жөн болады таратқан!
Ай Чиң
(1910-1996)
Көрнекті қытай ақыны. ҚХР Чжэзяң өлкесінің Зиньхуа деген жерінде өмірге келген. 1929-1932 жылдары Париж қаласындағы өнер академиясынан сурет өнерін оқыған. Ақынның өлеңдері мен поэзия туралы толғамдары көптеген шет тілдеріне аударылған.
Күн
Обалардан бағзылық жерге айналған,
Ғасырлардан қараңғы шер байланған,
Бақи жақтан аруақтар ентелеген,
Тау-даладан құж ұйқы желкелеген,
Ізгіліктен, не түрлі сұмдықтардан
Жалынын аспанға атқан құмдықтардан,
Маған қарай пырлап келеді.
Патшаң да тоса алмайтын
Байтақ сәулесінен –
тіршілік құлпыруда.
Орман біткен би арнап,
өзен біткен ән салып, тек соған ұмтылуда.
Келгенін оның мен ап-анық естимін –
Қыс жәндіктерінің жерге құлағанын.
Алаңдарда жұрттардың алақайлап,
Шаһарлардың шалғайдан шулағанын –
Шырақтарын жолдарда жарқылдатып,
Темірлерін қолдарда тарсылдатып.
Сол сәтте менің жүрегім
Жалынынан тоналады.
Сарғайған рухтарын өзенге атып,
Адамзат
Жерге қайта оралады.
Жерге махаббат
Егер мен бір құс болсам –
Мына бір топырақты,
келбетін дауыл менен мұң басқан.
Жылаңқы өзендерді,
біздің зарымызға үн қосқан.
Гулейтін тынымсыз боранды,
Қасіреттерімізді алысқа ұшырған.
Анау орман жақтан келетін таңдарды…
Шексіз шапағат ұсынған.
Тамағым жыртылғанша жырлап өлер едім.
Сосын осында қауырсындарымды төгер едім.
Көзім жасы неге кетті боталап?
Бұл құдірет – жерге деген махаббат.
Жоғалған бақыт
Жоғалған уақыт,
Ол сенің қоржының емес, батырым,
Іздеу сап жүріп тауып алатын ақыры.
Жоғалған уақыт,
Кей кезде өтті сәт санап,
Кей кезде болды мүшелдің өзі атқан оқ.
Кей уақыт шулаған қалаларда,
Кей уақыт баябан далаларда,
Кейбіреуі вокзалда — сарылуда,
Кейбіреуі май шамның жарығында –
Жоғалды.
Жоғалған уақыт,
Жыртылған сенің қағазың емес, батырым,
Еңкейіп барып теріп алатын ақырын.
Жоғалған уақыт –
Құмға құйған судайын білінбейді,
Тор жай, ау сал, оныңа ілінбейді.
Уақыт – су, қыр-сырын көз көрмейді,
Уақыт қатты затқа өзгермейді.
Керемет болар еді,
Уақыт қатып қалса тасқа айналып,
Мың ғасырдан кейін де тауып алсақ,
Тас қорымдар ішінен саспай барып.
Уақыт-түтін, будақтаған паравоз мұржасынан
Тоқтамайтын, жұқпайтын қолға сірә.
Жоғалған уақыт,
Кәдімгі мысалында,
Ізсіз-түзсіз ғайып болған досың болар.
Жүргенде тәтті үміттің құшағында
Келетін «өлді» деген тосын хабар.
Көпір
Бүтін бір топырақты су келіп бөліп кеткенде,
Бүтін бір соқпақты су келіп орып кеткенде,
Екі жағаның жалғамақ болып бір-бірін,
Бабалар сені ойлап тауыпты тым бұрын.
Көпір дегенің –
Жағалаудың айқасқан білектері,
Өзендер мен жолдардың жүректері.
Қайық пенен арбаның мекені ол бас қосар,
Жердегілер мен қайықтағылардың алаңы ол қоштасар.
Арлы-берлі ағылған теңгелердің атынан,
Арлы-берлі сабылған пенделердің атынан,
Көпір саған мың алғыс!
Қол арба
Хуаңхэ суы емес бір сәт тоқтаған,
Бірақ онда кеуіп қалған көп таған.
Қол арба,
Доңғалағымен бір-ақ тал,
Қиқылдаған дауысы өтіп құлақтан,
Аяз бенен тыныштықты кесіп өтіп көлденең,
Мына таудың етегінен,
Ана таудың етегіне,
Жеткізеді қасіретімді өлмеген.
Мұз құрсанған күндердің қалқасында,
Жоқ-жітік ауылдардың ортасында,
Қол арба,
Жалғыз доңғалағымен бейуаз үні жаңғырып,
Кетіп барады топыраққа терең бедер қалдырып.
Дала менен шөлдерді басып өтіп,
Мына жолды ана жолға ғашық етіп,
Бара жатыр қасіретімді ән қылып…
Юй Гуаңчжұң
(1928 — …)
Тайваньдық әйгілі қытай ақыны. 1928 жылы Нанкиньде туған. Кейін ата-анасымен бірге Тайваньға қоныс аударған. Ол бүгінге дейін Тайваньнің, ҚХР-ның, АҚШ және өзге де көптеген батыс елдерінің мемлекеттік сыйлықтарының иегері. Шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.
Жел қоңырау
Жел қоңырау жүрегім,
Жеті қабат мұнараның төбесіне ілінген.
Талып жеткен бір есімге ұқсаттым,
Дыңғыр-дыңғыр, сыңғыр-сыңғыр үнін мен.
Мұнараңыз сілкінді ме қыңбайтын,
Бұл өзіңнің моп-момақан тамырыңның тулауы.
Күндіз-түні тыншымайтын, тынбайтын.
Естідің бе қоңыраудың шулауын?
Жел-желемік бұл маңнан алшақтасын,
Болмаса қоңырауды алып таста,
Мұнараңды қаласаң шағып таста,
Әйтеуір жексұрын үн шаршатпасын.
Шығаруда жел қоңырау – жүрегім
Қиқы-жиқы, дыңғыр, сыңғыр жесір үн.
Бұл дауыстың не екенін білемін:
Ол біреудің қайталанған есімі.
Күтіп тұрмын жаңбырда
Өзіңді күтіп тұр едім, құйды жаңбыр шелектеп,
Кемпірқосақ керіп қойған жалаудай.
Безілдектің үні өшіп, шықты бақа безектеп.
Тұңғиықгүл көлдегі лапылдайды алаудай.
Енді жаным, демен саған: «себебін айт, кел, ұқтыр»,
Мына гүлдер аумайды екен өзіңнен.
Арамызды түн мен жаңбыр бөліп тұр,
Сенің бейнең бұл-бұл ұшты көзімнен.
«Мәңгі» деген бір сәт ол, бір сәт деген мәңгілік,
Сені күтіп тұрмын мен уақыттың мүлде сыртында.
Күтем және уақыттың ішінде,
қос жанарды талдырып,
Мейлі бір сәт, мейлі мәңгі, ол өзімнің ырқымда.
Алақаның тиіп алақаныма,
Жұпар лебің қытықтаса сезімді.
Айтар едім туған дала, тауыма,
«Сүйіктім!» деп өзіңді.
Шаттанар ем осы қолмен сосын ол,
Гүлдей жайнап әдемі гүл терсе егер.
Разы едім қайық айдап осы қол
Гүйцзяң суын ендей өтіп келсе егер.
Тұрса ілулі бір жұлдыз анау көрме залында
Қалқайған бір құлақ құсап кәдімгі.
Көрсеткенде жетіні швецариялық қолсағат,
Кенет сен де келе қалсаң шырқап әсем әніңді.
Жаңбырдан соңғы үр тұңғиық гүліндей
Келсең жетіп қалықтап.
Немесе бір әсем саздың үніндей,
Не ғашықтық жырындай боп шалықтап.
О, аяулым, жүрегімнің зарын ұқ,
Күткен кезде бір өзіңді сарылып —
Цзяң Байши жырларының ұйқасындай
Келе қалсаң ағылып.
Туған жерге сағыныш
Балалық шақта
Ауылға деген сағыныш – сәлем хат еді ағылған –
Бір бетінде мен өзім, бір беті анам сағынған.
Есейген кезде
Ауылға деген сағыныш – билеті болды кеменің,
бір бетінен өзімді, бір бетінен сүйіктімді көремін.
Соңғы кездерде
Ауылға деген сағыныш – бір бейіт болды шағындау ғана пішінде,
Мен тұрам ылғи сыртында, жатады анам ішінде.
Бүгінгі күні
Ауылға деген сағыныш – тар түбектегі құба таң,
Бергі бетте мен жүрмін, арғы бетте ұлы Отан!
Соқыр бақсы
Түстен бастап күн батқанша маңайда,
Қара эрху* аңырады, зарлады.
Бал аштырған жан болмады алайда,
«Жалғыздықтан басқа досым қалмады», —
Деп эрхуын одан сайын толғады.
Былайғы жұрттың ертеңін,
Анық болжап бергенменен қас-қағым,
Өз тағдыры қолында еді басқаның.
Өмірін жалғыз қызына сүйеніп,
Жүрер жолын таяғына сүйеніп ….
Өткеруде.
Киім жыртық, аш қарын….
——————————————-
эрху* — қытайдың қобыз типтес халықтық музыкалық аспабы.
Чжао Лихуа
(1964 — …)
ҚХР Хэбэй өлкесінде өмірге келген. ҚХР жазушылар одағының мүшесі. «Мемлекеттік бірінші дәрежелі қаламгер» атағын жастай иеленген әйел ақын.
Сен қартайғанда…
Сен қартайғанда, еңселім,
Мен де қартаям теңселіп.
Ол кезде саған не берем,
Ырза етпесем қазір мен сені…
Мен жарымды ойлаймын
Жол үстінде жүрсемде,
Мен жарымды ойлаймын.
Асханаға кірсем де,
Мен жарымды ойлаймын.
Көзімді сәл ілсем де,
Мен жарымды ойлаймын.
Мен жарымды ойлаймын,
Нұр құйған өңірге, көңілге,
Ондай жан табылмас өмірде.
Ол о баста-ақ жақсы боп жаратылған.
Мен үшін идеал ол, дара тұрған.
Мен жарымды ойлап жатып ұйықтап кеттім…
Бар өзгеріс өзімнен басталады
Түн жарымнан енді ауа бергенде
Жел күшейіп, есік-терезем сартылдады.
Жылымық күн жаңа ғана келгенде
Күн қайтадан салқындады.
Кеше ұялы телефоныма SMS келіп,
«Ертең күн суытады» дегенде
Иланбағам, мән бермегем ескеріп.
Біздің мақсатыңыз біреу ғана
Тұмасы тұнығырақ,
Бұлаққа жуығырақ,
Бір сулы жер табайық,
Сонда бірге қонайық.
Мөлдір бұлақ ағылсын,
Бір тазарып қалайық.
Құпиялық
Құпиялық дегенді не десеңіз бауырым,
Қараңғыда жарған гүл ол үржаңа қауызын.
Мен бір кезде желкілдеп тұрып желегім:
«Құпиялығы жоқ заттың бәрі күңгірт», — деп едім,
Бірақ емес ол менің «жарық болып кеттім» дегенім.
Иә, ол гүл ашылған, әлі де ол ашылады,
Жарыққа шығуға жанын салып асығады.
Тар жол, тайғақ кешулерден өтіп,
Ит арқасы қияннан келгеніңде,
Еңкейіп, оған сәлем бергеніңде,
Кешір қалқам, сен тұрғанда құшағыңды жайып кең,
Саған сонда былай дейді ол байыппен:
«Қандай ғажап,
Бәрі де жалған екен ғой тегінде…»,
Дейді дағы әлгі гүл оранады кебінге.
Ай туып келеді
Қарашы айға, көк аспандағы күміс түймедей,
Көтеріліп келеді ешкім итермей де, сүйремей.
Қарап тұрсаң сол айға ,
Түнді бөлеп арайға:
Тасымайды,
Асықпайды,
Шаршамайды.
Зорланбайды,
Көлгірсімейді,
Желікпейді.
Қамықпайды.
Оңай ма?!
Жалғыздық
Адамдар арасында жалғызсырайсың.
Қайда барсаң құлағы төрт қазаның!
Табылса да іздеп жүрген адамың,
Одан сайын жалғызсырайсың…
Чэн Дуңдуң
(1961 — …)
Шаңхай қаласының тумасы. Көптеген жыр жинақтары жарық көрген. Жаңа буын қытай ақындарының көрнекті өкілдерінің бірі.
Шырақ жағу
Шырақ жағып тастарға апарыңдар,
Көрсін ол, теңіздің түрін, ежелгі балықты.
Көрсін ол сәуленің не екенін,
Таулардың төбесіндегі ежелгі жарықты.
Шырақ жағып теңізге апарыңдар,
Көрсін ол балықтарды, мұхитты шалқыған.
Көрсін ол күннің батқанын,
Оттай жанған құстарды аспанда қалқыған.
Шырақты жағып, тұрып ап шатқалда,
Қос білек терістік желінен арашалайды.
Олардың бәрі менің қасыма үймелеп,
Менің шырақтай сөздерімді тамашалайды.
Жаңбырда қалған ат
Қараңғы түнде қолыма
Бір саз аспабы ілінген.
Тым-тырыс түнді қақ жарып
Естідім аттың үнін мен.
Жаңбырда қалған ат.
Ескі болғанмен аспабым қолымдағы,
Теңбіліндей атымның тұмсығындағы,
Ағаштың ұшар басындай жалтыраған,
Тұңғиық гүлдері жыбырлап бүршігін жарды.
Құстар үркіп, қанаттары қалтыраған.
Жаңбырда қалған аттың өзі де,
Кетті қиялымнан босанып.
Қолымдағы саз аспабындай,
Дәліздің түбіндегі тұңғыйық гүлі қалды оталып.
Жылы түндерде гүлдердің бүршік атқанындай –
Малшынғандай күні бойы жаңбырға,
Мелшиіп қалдым аттың алдында.
Түні бойы бүршік атқан гүлдердей,
Мелшиіп қалдым, түк естімей, дым көрмей.
Жаңбырда қалған ат, бір сыйпатпай жалыңнан
Босансам дейсің, сен де менің жадымнан.
Қолыма алып аспабымның құлақ күйін оңдайын,
Қасыңа келіп қалаған бір өлеңімді толғайын.
Гу Чэң
(1956-1993)
Пекинде туған. Қазіргі қытай поэзиясына тың бетбұрыс, өзгеше сарын алып келген, жаңа буын қытай ақындарының көрнекті өкілі.
Алыс пен жақын
Сен –
Бір тұрдың да аспандағы бұлттарға қарадың,
Енді бірде жанарыңды тура маған қададың.
Бүкпей айтсам жүректегі сөзімді,
Менен гөрі бұлт жақын боп сезілді.
Жүрегім менің қалашық
Жүрегім менің қалашық,
Үлкен емес қамалы.
Ығы-жығы базары жоқ,
Тұрғыны да шамалы.
Сап-салқын әрі тап-таза,
тап-таза әрі сап-салқын.
Тек жапырақтары бар әр жерде үйілген,
шоқ-шоқ гүлдері бар қыздай иілген.
Тағы да тереңге жасырылған —
Балалық шақтың шертемін сазды күйін мен.
Түстерім де менің қалашық,
Бірақ ол да шағын кейіпте.
Сарайлар жоқ сәулетті,
Жоқ сыйқырлы бейіт те.
Тып-тыныш һәм беймарал
Беймарал һәм тым-тырс,
Жұқалтаң бұлттар қалқиды
Самал жел ептеп шалқиды.
Одан өзге шеберлікпен байланған—
Арманға бүгін айналған
Естимін балалық атты ән-күйді.
Уа, дәриға, мен бір қалашықпын,
Шағындау бірақ көлемі.
Бір адам ғана тұрғыны,
Бір адам ғана бар елі.
Түсімдегі адам – ардағым –
Жүректегі адам – арманым –
Аяулым менің, —
сен неге келмейсің?
Келмейсің сен неге?
Мен өз әнімді шырқаймын
Мен өз әнімді шырқаймын,
Машина алдында көсілген,
Көңілді таудай өсірген,
Жолдарда жасыл желекті
Мұраптардың жиынында кезекті,
Би кешінде қарағай мен қайыңның
Тойларында тау-дала мен сайын құм –
Мен өз әнімді шырқаймын.
Мен өз әнімді шырқаймын,
зауыттардың үрейлі үндерінде,
Ығы-жығы мансаптың мінберінде,
Моторларға жағармай құйылғанда,
Әлеуметтік мәдени жиындарда —
Мен өз әнімді шырқаймын.
Мен өз әнімді шырқаймын,
Шырқаймын таныс та бейтаныс әнімді.
Мен ән үйреніп жүрген баламын кәдімгі.
Хор үйірмесіне кіргім келеді.
Жұрт қалыпқа түсіп қалмасын деп,
Өзгеше бір әуенге салмасын деп
Мен өз әнімді шырқаймын.
Мен шырқаймын, өз әнімді, жырымды
Мына заман түскенше ырғағына бұрынғы.
Қияқтай ай төбемізден төнеді,
Теңіз бойлап, маған қарай баяу жылжып келеді.
Мүмкін әнім айға сәл-пәл ұнады,
«Сен неге өз әніңді шырқайсың» деп,
Таяп келіп менен жаймен сұрады.
Өлеңдерді қытай тілінен тәржімалаған
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ.