Бүгіндері тірі болса, сексеннің сеңгіріне шыққан мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Садықбек Хангелдин сонау институт қабырғасында-ақ өзінің болашағын айқын байқатқан болатын. Өнер кештерінде Сәкең биле десең, биледі, ән айт десең шырқады, өлең оқы десең, өзіндік қана үнмен жұртты елітті. Студенттердің ғылыми қоғамына жетекшілік етті. Ұзындығы үш метрлік тіл әдебиет факультетінің «Филолог» атты қабырға газетінің редакторы, институттың көп тиражды «Педагог» газетінің жауапты хатшысы, әрі шығарушысы, әдебиет үйірмесінің жетекшісі, көркемсөз, драма үйірмелерінің иықты мүшесі болды.
Садықбек Хангелдин қасиетті қаламды да қолына ерте ұстады. 1962 жылы Қазақстан Жазушылар одағының Қызылордадағы Асқар Тоқмағамбетов басқаратын об-
лысаралық бөлімшесінде жас ақынның тұсауы кесіліп, тұңғыш өлеңдер жинағы баспаға ұсынылды. Ол өлеңнің шексіз де шетсіз әлеміне былайша аяқ басқан болатын:
Түскен жоқ бұл өнерім талқыға әлі,
Көрген жоқ еңбегімді халқым әлі.
Әйтсе де от жалынды қызба көңіл,
Дамылсыз өр қияға шарқ ұрады.
Осы бір азат жолдар өзі келешегінен көп үмітті ететін жастың аяқ алысын танытып еді. Алайда Садықбек Хангелдиннің жан-жақтылығы, қазақ айта беретіндей, бір сырлы, сан қырлы болуы оның 30 жылдан астам жастық жалынды кезеңі қоғамдық, мемлекеттік жұмыстарға кетті. Қызылорда қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, обком комсомолдың хатшысы, 1971 жылы Алматыдағы партия мектебін бітіргеннен кейін Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің насихат және мәдени-бұқаралық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі болған Садықбек Хангелдин 1974-1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде, Қазақ ССР Халықтық бақылау және Қазақстан Мемлекеттік телерадио комитеттерінде басшы қызметтер атқарды. Өзінің азаматтық, қайраткерлік қасиеттерін абыроймен атқарды, шын мәнісіндегі, кісілік келбеті толымды болды. Ол қай лауазымда болса да өзіне тән іскерлікпен, жауапкершілік сезіммен, қажыр-қайратпен атқарды.
Садықбек Хангелдин Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің бөлім меңгерушісі қызметінде жарқырай көрінді, белсене қызмет етті. Бұл Одақта шоқтығы биік болған еліміздің жастар ұйымын тұғырлы тұлға, керемет қайраткер, жастардың ақылшы ұстазы Өзекең – Өзбекәлі Жәнібеков басқарған кезең болатын. Шұбартау, Ерейментау, Бескөл аудандық, Теміртау, Кентау, Рудный қалалық жастар ұйымдарының жаңа жұмыс әдістері мен ізденістері, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев, Кәмшат Дөнентаева, Жансұлтан Демеев, Владимир Дитюк, Наталья Геллер сияқты Еңбек Ерлерінің жарқын үлгілері бүкіл республика жастары арасында қызу қолдау тауып, кең өріс алса, соны насихаттау, жаңа дәстүр мен салт үлгілерін тарату осы Орталық комитеттің бөлімінен бастау алып жататын.
Осы қызметте Садықбек Хангелдин талай шығармашыл жастармен араласты, талайға жақын болды, талайға өмірге жолдама берді, талайдың көңілін риза етті. Әдебиетіміз бен өнеріміздің талантты өкілдері – Фариза Оңғарсынова, Қалдарбек Найманбаев, Бексұлтан Нұржекеев, Жарасқан Әбдірашев, Иранбек Оразбаев, Серік Тұрғынбеков сынды шығармашылық шырайы мен өріс бағыты комсомол-жастардың республикалық штабының тұрақты қамқорлығында болды. Реті келгенде айта кету керек, кешегі республика комсомол ұйымының бай мәдени-көпшілік және сан-салалы идеялық-тәрбие жұмыстарына әсте көз жұмуға болмайды. Бұл, әсіресе, бүгінгі күні жастар арасындағы жұмыстың бағыт-бағдарының әлі толық айқындала қоймаған кезінде ерекше мәнді, таптырмас тағлымды.
Садықбек Хангелдин туасы ақын болатын. Сондықтан ол күнделікті қауырт қызмет бабынан уақытты «ұрлап» жазды. Тек жаздырмай қоймағандарды ғана қағаз бетіне түсіріп отырды. Ол лауазымды қызметте жүріп ақындықтың айдынына еркін шығып, даңғыл жолына тура түсе алмады. Қанша шебер жүзгіш болғанымен теңіз бұйырмай, тағдыр маңдайына көлден басқаны жазбағандай құбылыс болды. Сол себепті бала күнінен серік еткен өлеңді ұзақ тербетіп отыра алмаған ақынның төмендегідей көңіл-күйін, саналы сезімін, ашық та адал пейілін, кішірейіп басын июін түсінуге болады:
Кешір, Өлең?
Келдім қатты сағынып,
Бір өзіңде бар қызығым, бар үміт.
Оңашада сырласыншы өзіңмен
Ақын жаны ағынан бір жарылып.
Кешір, Өлең!
Айыптымын алдыңда!
…жоқ, аяма, қайта мені сал мұңға.
Кештеу келіп, ерте кеттім қоштаспай –
Кім біледі – жатырқап та қалдың ба?
Кешір, Өлең!
Бір лап етіп жандым да,
Лаулай алмай обалыңа қалдым ба?
Ғашықпын деп жылап жүріп,
Оралмай, кеткен қыздай
Сені азапқа салдым ба?
Қандай бір өнер болмасын, сүйген сұлуыңдай тұрақты да шынайы ықыласты тәуір көреді. Поэзия да солай, жан-жаққа алаңдауды ұнатпайды. Өйткені өнер – қасиетті дүние, құдіретті күш. Содан «Әнімнің келтіре алмай күнде ырғағын, Сезіп-ақ ащы тердің жүрмін дәмін» деген, ақындықты тұрақты жансерігі ете алмаған Сәкең зейнеткерлікке шыққаннан кейін ескі досына қайта жолықты:
Келдім қайтып –
Мың қайғымен алысып.
Саған деген сағынышпен жарысып.
Бұлбұл қонып,
Құшағыма Күн кірді –
Өзіңменен бүгін қайта табысып.
Шегі де, шеті де жоқ ақындықтың сапарына қайта түскен ақынның көңіл-күйін, жүрек лүпілін өмірінің соңғы жылдарында жазған «Жансарай» атты өлеңінің мына алғашқы жолдары былайша сездіреді:
Сапардамын –
Тынымсыз жүріп келем.
Қамшылайды жол серік – үміт деген.
Кезігер ме ақ құсым іздеп жүрген –
Қалың нуға қақ жарып кіріп келем.
Ақын жаны әдетте ізгілікті сүйеді. Оның жүрегі Отан деп соғады, шабыты халқым деп қанат қағады. Оған елінің тыныштығы мен бірлігінен артық ардақты, қасиетті дүние жоқ, сезім пернелері осыған арналады, осыны биіктетеді. Сондықтан ақынның:
Мен тілеймін таңым күліп атса деп,
Тау мен Дала ән тербетіп жатса деп.
Қабақ шытпай бір-біріне адамдар,
Достық нұрын Күн жамылып батса, – деп жырлауын оқырман түсінеді, тілегіне тілек қосады. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің басты жетістігі де, асыл мұраттары да, ертеңгі оны тұғырлы ететін құдіретті күштер де осы бірлікте, тұтастықта жатыр емес пе?
Қанша ақындықты тұрақты серік ете алмады десек те Садықбек Хангелдиннің бұл өнерге өкпесі жоқ, артында шығармашылықтың мол мұрасын қалдырды. Оған 11 өлеңдер жинағы, 9 публицистикалық кітаптары дәлел бола алады.
Әдебиет пен өнер саласында Садықбек Хангелдин өлеңмен ғана шектелген жоқ, әңгіме, очерк, әдеби зерттеу, рецензиялар мен мақалалар да жазды. Оның «Махамбет жырларындағы Исатай бейнесі», «Абай және Лермонтов», «Ілияс Жансүгіровтың жаңашылдығы», Қасым Тоғызақовтың «Сібір Омары», «Баспасөз бетіндегі тұрақты сөз тіркестері» және басқа зерттеулерімен қатар Асқар Тоқмағанбетов, Айтпай Хангелдин, Әбілда Тәжібаев, Зейнолла Шүкіров, Иранбек Оразбаев, Әнуарбек Дүйсембиев, Азат Алтаев, Саид Баязитов, Тұрсынзада Есімжанов, Қалаубек Тұрсынқұлов, Нұрхан Жанаев сияқты қаламгерлердің шығармашылығы жайлы мақалалары; Даргомыжский мен Қалдаяқовтың, Жандарбекова мен Ералиеваның және басқа әнші-күйшілердің өмірі мен өнері жайлы очерктері; көрнекті қоғам қайраткерлері Міржақып Дулатұлы, Өзбекәлі Жәнібеков, Аманша Ақбаев жайлы естелік, эсселері; тәуелсіздік тұсында ел басына орнаған қоғамдық, саяси-әлеуметтік, мәдени ахуалға байланысты жазылған «Тәуелсіздікке тәуекел», «Бұлдыр бағыт», «Басы ашық әңгіме», «Біз жан ашығандықтан айтамыз», «Ұлттың жайын, тілдің қамын ойласақ», «Отқа май қүймаса да…» деген мақалалары оқушы жүрегін жылытпай тұра алмайды. Бұл заман талабына сай жазылған мақалалары, публицистикалық туындылары еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе, газет-жорналдарда жиі жарияланып тұрды. Мұнан басқа ол – ұрпақ тәрбиесіне, қоғамда болып жатқан әрбір саяси өзгерістерге байланысты және де спорт тақырыбына үн қосып баспасөз беттерінде жариялаған көптеген мақалалардың авторы.
Әр қаламгердің өмірде өз «терезесі» болады. Ол сол өзінің терезесімен ғана өмір, қоғам туралы толғанады, дүниеге зер салады, көргеннен өнеге алады, ойдан түйін түйеді. Сәкеңнің терезесі кең еді, сондықтан ол басқалардан көбірек көретін, басқалардан тереңірек түсінетін, анықырақ ұғынатын. Оның үстіне ақынжанды адамның ойлау, түйсіну қабілеті бөлек қой. Ол қай салаға қалам тартса да, жорғалай жөнелетін, жеткізбей кететін.
Садықбек Хангелдин Сыр бойының танымал журналисі, көп жыл қызметтес болған Өтеген Жаппарханов «Ол алдымен пейілі жомарт, адамгершілігі асқақ, іс-әрекетімен, тыныс-тірлігімен, сөзімен де, жүріс-тұрысымен де өзгеге ұсынар үлгісі бар, мінезге бай тұнба тұлға» дегендей, шын мәнісіндегі абзал азамат болатын.
Белгілі ақын Қайнекей Жармағамбетов кезінде «Әр адам ашылмаған бір роман» деп жазған еді. Мен де елу жылдан астам Сәкеңмен қатар жүріп, талай сыр алыссам да байқамаған дүниелерім жоқ деп айта алмаймын. Алайда оның азамат, қайраткер ретінде адалдықты ту еткеніне, ақын ретінде әділеттілікті жыр еткеніне кепілдік бере аламын.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымының докторы, профессор.