ҚАДЫРДЫҢ ҚАДІРІ
14.01.2025
181
0

Қадыр Мырзалиевтің «Бұлбұл бағында» мынадай бір сырлы шумақ бар:
Жүйірік арман қуып жете қалсаң-ақ
Жалт береді,
Соның өзі бір сабақ!
Осалдар жүр өзін жұрт­тан артық деп,
Ал мықтылар өзін жұрт­тан кем санап!
Тап-таза шындық!
Алдымен, азамат ойдың адамында ешқашан арман таусылмақ емес.Ардан туған адам әрқашан арман қуады және арман қуудан жалықпайды, туғаннан өлгенге де­йін қуады және сол арманның шегіне жетпейді, жетсе де жеткенін сезбейді. «Арманым жоқ дейтіндер» қателеседі, яки өтірік айтады. Адамның арманы болмаса, ертеңі болмағаны; арман бітсе, ертеңі бітеді, мақсаты түгесілгені; арманның таусылған жері – адамның өлген жері. Саналы кісіге мұның өзі сабақ екені рас.
Содан соң, осалдардың өзіне-өзі қарық боп, өз деміне өзі буланып, жіпсіп, күпсіп жүретіні, ал мықтылардың өзіне-өзі көңілі толмай,өз ісіне өзі разы болмай, өзін-өзі іштей сынап, мінеп жүретіні рас. Айтатыны жоқ, осалдық дегенде бір ботатірсек бозбалашылық – өз көлеңкесіне өзі жігітсіген қысыр қызтекелік қой, құрысын! Осалдар өпірем, өрекпігіш, бойлауық күпілдегіш келеді! Осалдығын сонымен жасырмақ болады. Онымен де қоймай, осалдық омырау­лап, мықтылықты біраз көзден тасалап, ықтыра алмаса да бұқтыра тұруы мүмкін. Бірақ мықтылық деген – мықтылық, түбінде осалдық атаулының бәрін көне тамдай қопара құлатып, сілкініп шыға келетіні сөзсіз.
Осындай мықтылық иесінің бірі – Қадырдың өзі. Дәлірек айт­қанда, Қадырдың қадірі – мықтылығында.
Мықтылығының бір дәлелі: Қадыр өлең өлкесінде күйбеңсіз, кібіртіксіз, тіпті ешқашан ешбір жат­тығу жасамағандай бірден кәнігі шебер қалпында келді. Мұны біз тұңғыш рет Қазақ университетіндегі Әуезов аудиториясында танып білген едік.
Күні кеше шәкіртке «сөз сиқырын» үйреткен шабыт­ты шақтарда Ұлы ұстаздың өзі шынтақ сүйеген биік мінбеге киіктің асығындай ғана шып-шымыр қара бала жүгіріп шыққан емес, тура шырылдап түскендей…дік етіп алшысынан тұра қалды да, ағытыла жөнелді:
Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып,
Және жылап өледі, өзгені де жылатып.
Жылайтыны туа сап – жамандар бар қинайтын,
Жылайтыны өлерде – жақсылар бар қимайтын.
Жым-жырт тұна, тына қалған дүйім жұрт кенет ду-ду етіп, зал іші самал шайқаған көлдей теңселді де кет­ті. Хаос гармонияға көшті. Жұрт­тың бәрі бір деммен тыныстады.Әлгі шумақты тыңдаған әр адамға қас пен көздің арасында бұрын ешкім айтпаған бір сыр айтылып, ешкім ашпаған бір шындық ашылды да қалды. Өлең әркімді өзінің өзгеше философиялық тереңіне тартып, оқыс ойға шомдырды да қойды.
– Жаным-ау, жанартау ғой мынау,– деп таңдай қақты көп ішінен бір білгіш. – Жанғалы, жалындағалы тұрған жанартау ғой! Дәл осы тұста Қадыр да дәл осыған үндес тағы бір тылсым сыр ашып, тағы бір қызық түйін түйіп тұрған.
Жанартаудың сөнгендері – даңқты,
Ашылмаған жанартаулар – қауіпті.
Аудитория ырғала бере қайта тынды.Енді жұрт дуылдамай, үнсіз ойланды.Тағы да сыр, тағы да шындық. Әркім-ақ айтуға болатын, бірақ айтылмаған сыр, әркім-ақ ашуға болатын, бірақ ашылмаған шындық. Жалғыз-ақ тыңдаушылар осыны табан аузында талдап түсініп отырған жоқ, тамсана түйсініп отыр еді.
Сол кештен күні бүгінге де­йін Қадыр ақын қалың оқырманын таңдандырудан, тамсандырудан бір жаза басып көрген жоқ. Неге?
Асылы, адам әдебиетке сұлудың бұрымындай өрілген екі мақсатпен келеді: бірі – өзінен бұрын ешкім айтпағанды айту; екіншісі – өзге ешкімге ұқсамай, тек өзінше айту. Осы екі мақсат орындалған жерде ғана шын мәніндегі әдеби туынды бар. Шын мәніндегі әдеби туынды дегеніміздің, Леонид Леонов айт­қандай, мазмұн жағынан жаңалық ашу, пішін жағынан өнер табу болатын себебі де сондықтан.
Енді турасына көшсек, мүбәда қазақ поэзиясына осы ғасырдың орта тұсынан өте бере келіп, соңғы отыз жылда тек қана өзіне тән өзгеше мазмұнын ашқан, тек қана өзіне тән өзгеше пішінін тапқан шын мәніндегі шынайы талант екеу болса – бірі, біреу болса – өзі – Қадыр Мырзалиев. Бір кез­де өзінің түлеп ұшқан Қазақ университетіндегі Әуезов аудиториясын ғана білетін кәдімгі бала Қадырдың бүгінде бүкіл елі – туған халқы тұтас таныған қадірлі дана Қадырға айналу себебін де дәл осы арадан іздеген жөн.
Демек, қазіргі қазақ поэзиясын көп дауысты, қуат­ты оркестр десек, мұның құрамындағы Қадыр музасының қайталанбас өз үні, машығы мен мәнері, айшығы мен өрнегі бар; Қадыр лирасының сыңғыры бөлек, сыры терең. Қадыр Мырзалиев соңғы ширек ғасыр меғдарында қатарынан қаздай тізілтіп ондаған кітап берді: «Ақ отау», «Бұлбұл бағы», «Ой орманы», «Дала дидары», «Домбыра», «Жерұйық», «Алақан», «Қорамсақ», «Қызыл кітап», «Көкпар», «Мәңгі майдан», «Қылыш пен қанжар», «Заман-ай», «Алмас жерде қалмас» т.б. Мұның бәрі, әрине, қолыңыздағы таңдамалы томдарға сыйған жоқ. Ал сыйған кітаптардың бірі болмаса біріне аздап көз тоқтатқанның өзінде де әрқайсысының шежірелік мағынадағы шалқар мазмұн тұтастығы, симфониялық сипат­тағы сұлу композициялық құрылымы адам таңғалғандай. Сонымен қатар бұлар жеке-жеке тұрғанда ақынның ондаған жыл бойы үздіксіз өнуін, өрбуін, өсуін көрсететін эволюциялық сатылар секілді де, бәрі қосылғанда тамаша талант­тың өзгеше творчестволық тұлғасын, айрықша ақындық мінезін, сайып келгенде, ұлан-ғайыр әсемдік әлемін қалыптастырған.
Айталық, «Ой орманы». Бұл кітап үшін кезінде Қадыр Мырзалиевке Қазақ­стан комсомол сыйлығы берілгені мәлім. Мұның өзі тегін емес-ті. «Ой орманы» – автордың азамат­тық келбетін танытқан кітап. Мұнда Қадырдың ешкімге ұқсамайтын айрықша өз бітімі мен мінезі бар. Ақындық бітім, ақындық мінез мағынасында айтып отырмыз.
Кітаптағы өлеңдердің тақырыбы мен мазмұны–адам, адамға тән алуан түрлі сезімдер, ойлар, толғаныстар, адамның өмірге көзқарасы, адамның табиғатқа қарым-қатысы, сайып келгенде, адамның тағдыры мен тіршілігі.Бұлардың қай-қайсысы да тақырып-мазмұн ретінде жаңалық емес, сан рет толғанған сырлар, жырланған шындықтар, әбден шиыр болған тақырыптар мен мазмұндар. Бірақ осы тақырыптар мен мазмұндардың қандайы болмасын, Қадырдың жырлауында жаңа қырынан, бұрын-соңды ешкім айтпаған соны мағынада, тың пішінде көрінеді. Мәселен, бір өлеңде «биікке шықпағандардың биіктен құламайтыны» оқыс айшықпен ойнақы кестеленіп, бір өлеңде «қателесем деп қорқудың өзі–қателік» екені ұтымды жеткізілсе, енді бір өлең даңқ туралы; даңқ деген де бір шың секілді, шың басына шыға алмай, «етекте қалғандардың іші күйсе, бсына шыққандардың басы айналатынын» майдай жұмсақ юмормен аңғартады. Осылардың бәрі әше­йін ауызекі айтыла салмайды, әсем өрнекпен, ақындық шабытпен шебер айтылуының үстіне, әр оқушының өзі ойлап, іздеп тауып алғандай құпия-сырмен, қызық астармен айтылады. Өлеңнің ойлылығы дегеннің өзі осы емес пе?
Әрбір шын мәніндегі суреткер секілді Қадырдың да кешегі жыры – Адам туралы болмақ.
Ал адам, оның тағдыры мен тіршілігі әдеби шығармада әрқашан белгілі бір уақыт пен кеңістікте көрсетілуі шарт. Демек, Қадырдың адамы да мезгіл-мекенсіз әлдебір абтракциялық нәрсе емес. Сондықтан Мырзалиев поэзиясына үзілмейтін өзекті желі боп тартылып, жан -жақты ашыла сурет­теліп, жинақтала тұлғаланып келе жатқан бір күрделі образ бар. Ол қазақ даласының образы. Осынау шетсіз-шекіз кең далаға, өзінің туған даласына Қадыр «Ой орманында» бір бөлім арнап, айрықша бір мол шабытпен көкірегін кере, мақтана сөйлеп: «Уа, дала! Кеңдігіңе тамсандым көп, айта алман бәрін жазып тауыса алдым деп. Сен – алып пластинка дөңгеленген, инең боп тұрады ылғи ән салғым кеп!» – десе, соның іс жүзіндегі дерегі секілді келесі кітабын түп-түгел далаға арнап, тұп-тура – «Дала дидары» деп атады.
«Дала дидары» – Қадыр ақындығының жаңа белесі, тың өрісі. Бұл кітаптың, яки кітапқа енген жүз өлеңнің бір ғана көркемдік құны мен идеялық қасиетін бір сөзбен айтсақ, үндестік деуге болар еді.
Александр Блок: ақынның ақындығы – үндестік деп ұққан және осы ұғымын терең теориялық тұжырымға айналдырған. Ал үндестік, яки гармония дегенді шебер суреткердің шындықты сырға, сырды жырға айналдыруы, өмірді өнерге, өнерді өмірге көшіруі, сөйтіп, мынау әлемдік тіршіліктің небір құпия сырларын ғажайып келісімге көшіре танытуы деп түсіндіреді.
«Дала дидарында» тек сырт қарағанның өзінде көзге бірден шалынатын бір түрлі бір композициялық бірлік, тың келісім бар. Кітаптағы төрт бөлім өзара тұтасқан төрт алуан сыр мен шындықты желілі, арнаулы түрде тарата жырлап жатса, осылардың ара-арасында ақын үш мәрте арнайы лирикалық шегініс жасап, оқырманын өзгеше бір толғаныстарға түсіріп, оның сезімін тербейді. Сөйтіп, ақын мен оқырманның көңіл күйлері өзара тағы бір тың үйлесім, үндестік тапқандай болады.
Ал мазмұн жағынан келсек, мұндағы жүз өлең бір идеялық мақсатқа жарыса жол тартқан тағы да тұтас толғамды сыр, толқынды жыр. Мысалы, «Көне заман көріністері» атанған бірінші бөлім бір ғана басты тақырыптың кезеңді құбылыстарын жан-жақты әрі қаз-қатар өре, өрістете толғайды: «Жар-жар» мен «Бесік жыры», «Бәйге» мен «Көкпар», «Қыз қуу» мен «Күрес», «Ән» мен «Бата», «Қарақшы жыры» мен «Күндестер», «Барымта» мен «Өлім», «Ауыл түні» мен «Көш»…– осылардың әрқайсысында байырғы көне ауылдың әр алуан шындығы әр қырынан көрініп кеп біртұтас бейне – дала дидарын алдымызға тартады. Сонда бір өлең осы даланың күлкісі, қайғысы мен көз жасы, бір өлең әні мен назы болса, енді бір өлең мұңы мен зары, бір өлең күші мен ірілігі болса, бір өлең әлсіздігі мен күйкілігі…секілді өзара өріліп тұтасып кете барады. Жоқ, кете бармайды, ақын өзі сурет­теп отырған шындық құбылыстардан қызық-қызық ойлар, философиялық байыптаулар, парасат­ты түйін-тұжырымдар қорытып отырады.
Мәселен, «Бабамыздың шоқ басқан табанымен, бірдей екен жақсысы жаманымен: бір жаманы – тынымсыз көше берген; бір жақсысы – қимаған даланы кең. Бір жаманы – жел сөзге ерген екен, бір жақсысы – тілге ерік берген екен; бір жаманы – кетпенге орашолақ, бір жақсысы – найзагер, мерген екен. Бір жаманы – кешігіп әліппе ашқан, бір жақсысы – күйлері көбік шашқан; бір жаманы – қыздарын малға сатқан, бір жақсысы – сүйгенін алып қашқан. Бір жаманы – шаруасын мандытпаған, бір жақсысы – қулықпен жанды ұтпаған; бір жаманы – үйленіп жеңгесіне, бір жақсысы – жесірін қаңғытпаған. Тату-тәт­ті көршілер шыр бұзбаған, бірге тоңып суықта бір мұздаған; бір жаманы – сонда да үй салмаған, бір жақсысы – абақты тұрғызбаған!..» Міне, бұл – бір жағынан, осыған де­йін әр қырынан сурет­теліп көрсетілген дала шындығын енді бірде ойша байыптаудан туған жиынтық-синтез болса, екінші жағынан, байтақ далада ғасырлар бойы ғұмыр кешкен бүтін бір халықтың бір алуан мінез-құлқы екені даусыз.
Байқасақ, осы секілді әр өлеңде және жинақтағы бар өлеңде автор мөп-мөлдір шындықты тап-таза ағысқа, ақындық ағысқа айналдырып, соншалық бір кең тыныспен еркін, ешқандай қитықсыз есіле, көсіле жырлаған Әр өлең кәдімгі «қиыннан қиысу» жағынан жасандылықтан аулақ, соншалық табиғи, тіпті оп-оңай құйыла салған секілді.
Ең жеңілі мынау эпифораны оқып көрейікші: Күншілдер өледі, Көңілін от қарып. Батырлар өледі, Борышын атқарып. Бұзықтар өледі, Пышаққа құлшынып. Сұлулар өледі, Құшаққа тұншығып. Арғымақ өледі, Артында шаң қалып. Ақындар өледі, Бәріне
таңғалып.
Өлеңнің мазмұнындағы қоспасыз шындықты айтпағанның өзінде, пішіндегі мұндай шынайы, сұлу айшықты, яки фигураны, асқан шебер ақын ғана жасай алады. «Дала дидарындағы» өлеңдерде, міне, осындай өзіндік дидар бар…
Сонымен, бірінші томдағы бірнеше кітап – «Ой орманынан» «Дала дидарына», одан «Бұлбұл бағына» көшіп, ақыр аяғында Қазақ КСР Мемлекет­тік сыйлығын алған «Жерұйыққа» келіп, өзінің ақындық өнер биігіне осылай сатылап өрлеген Қадыр енді бір тұста поэзия жайлауына «Ақ отау», яки өз отауын, өзінің жыр отауын тігеді де төрінде отырып, екінші томда қолына құйқылжыған көңіл күйінің екі ішекті, он екі пернелі «Домбырасын» алады, сөйтіп, тағы да сол өзі тапқан ырғақпен, мәнер-машықпен төңірегін ағыл-тегіл шалқыған кербез күйге, сылқым сырға, сырбаз жырға толтыра күмбірлетіп кетеді.
Сөзімізді ұзарта бермей, тұжыра түсу үшін біз «Бұлбұл бағын» араламай-ақ, «Ақ отауға» кірмей «Жерұйыққа» бармай-ақ, бірден «Домбыра» сазына сәл құлақ түріп көрсек дейміз.
Қуып шығар қызыл сөзді ой ке­йін,
Мен оларға киліккенді қой де­йін.
Өзің көтер,
Алтын тиек идеям,
Егіз шектің беу-беуі мен
Гөй-гөйін!
Қадыр «Домбыра» тиегін осылай қондырады. Мұның өзі домбыра тиегі болуымен бірге екі кітапты өлең-эпопеяның беташары да: тиек тиеп көтерген екі ішек құр құйқылжып ойнамайды, ой айтады, сыр шертеді, демек, Қадыр домбырасының тиегі шанақ пен ішек арасындағы мөлшерлі қашықтық қана емес, жинақтағы өлеңдердің идеялық-көркемдік биігінің де мөлшері болуға тиіс. Осы ұғыммен біз, міне, бірінші кітапты ашып оқыдық, яки домбыраның үстіңгі ішегін шертіп тыңдадық дейік. Ал, қане , не аңғардық?
«Дала дидарында» Қадырдың оқушы қауымға ағынан жарыла айт­қан мынадай бір шыны мен сыры бар еді: «Мына бассыз, мына қолсыз жоқ құным. Қолымда да, басымда да жоқ тыным. Іссіз өткен күнді өмірге санама! Онда өз қолым жармасады жағама»
Домбыраның үстіңгі ішегі, алдымен, Қадырдың дәл осы айт­қандарының әше­йін сөз емес, қолма-қол істелген іс екеніне көзімізді жеткізеді. Тағы да тынымсыз әрекет: жазу, өлең жасау, о бастағы ұлы тақырыпты одан әрі өрбіте жырлау, оның жаңа қырларын ашу, осындай қиын, қызық қимылдар үстінде ентікпеу, шаршамау, кең тыныспен, қылаң жүріспен келе жату, өзінің ақындық сапарының үстінде тағы да ілгері басу, жаңа бел-белестен асу…Шумақтап айтар болсақ, біз «Домбыра» сазынан, міне, осыларды аңғарамыз.
«Табиғатпен табысу», яки «Сағатпен сырласу», «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру», яки «Ауылды аңсау», «Кәрия және күн», «Дала мен гүл»… Осылардың қай-қайсысын алып қарамалық, тақырып Қадыр өлеңдерінде бұрын жырланған тақырып болғанмен, қазір мағына-мазмұны жаңарып, жаңа қырынан көрінген, баяғы қаз-қалпында қатып тұрып қалмаған. Орынсыз қайталанбаған, уақытпен, мезгілмен бірге ілгерілеу, даму үстінде көрсетілген: «Домбырадағы» дала «Ой орманындағы» немесе Дала дидарындағы» дала емес, оянған өлке: «Танымайсың бүгін Дала-ноянды. Ноян – дала қызыл ту боп боянды. Оянды ол гудогі боп зауыт­тың, дауысы зор аэропорт боп оянды. Төңірегі жолдас толы, дос толы. Тізгініне берік бүгін қос қолы. Көзін ашты шамы болып Ильичтің, көзін ашты Қазақ­стан ГЭС болып». Мұнан әрі ақын төске­йінде телеграф сымдары мен теміржолдар жосылып жатқан алып даланың төбесінде құс жолы сайрап, ол жолмен космос корабльдері зымырап көтерілгенін, сөйтіп, бір кез­де керуен жолы болған қазақ даласының бүгінде ғарыш жолы болғанын шалқыған шабытпен жырлайды.
Мұнан әрі Мырзалиев Дала төсіндегі космодромды, Дала мен ғарыш арасындағыұлы сапарларды, орыстың ер елі мен қазақтың сері елінің керемет достығын, Күн мен Жердің достығы секілді отандас ұлт­тардың ұлы ынтымағын жырлай келіп екінші кітапқа, яки астыңғы ішекке ауысады да одан «Алақанға» көшеді.
Ал «Алақан» туралы осы кітаптың дәйектемесінде дәл айтылған: бір кез­дері бір-біріне жұдырық боп жұмылып келген Орталық Азия халықтарының қуат­ты қолдары бүгінде достықтың алып алақаны боп жайылса, татулық пен туыстықтың бейбіт құсы сол алақаннан ұшып, сол алақанға қонады. Орталық Азия сапарларынан туған қонақ-кәде кітабын «Алақан» атай отырып, ақын алдына қойған әдеби мақсатын әдемі орындап шыққан. Ол өз дәуірінің үніне осылай айналған.
Қадыр Мырзалиев – сөздің сәйгүлігі, ойдың озарманы. Жекебастың дара мұңынан бастап, қым-қиғаш халықаралық қайшылықтарға ше­йін қысылмай, қымтырылмай еркін жырлай алады. Мысалы, Қазақ­станның тағдыр-тарихындағы алатын және атқарып келген отаршылдық орнын екі ақ өлең жолымен әдемі жеткізе білген.
Қараса егер Ресей түйіп қабақ,
Көмейіңнен өтпейді сұйық тамақ, –
дейді бір шағын поэмасында. Шынында да солай болып келген, біразға ше­йін әлі де солай бола беретін шығар.
Қадыр Мырзалиевтің жазғандары бір кітаптан ғана тұрмайды, бірнеше томнан тұрады. Бір ғана әдеби жанрмен шектелмейді, бүкіл көркем жанрларды қамтиды. Қолдарыңыздағы он екі томның бес-алтауы лирика болса, біреуі – поэмалар, біреуі – драма, біреуі – эссе, біреуі – афоризмдер мен ғибратты мөлтек әңгімелер, екеуі бөбектерге арналған өлеңдер. Өкінішіне орай, әдеби сыны (оның ішінде «Сөз сиқыры» бар) және бірнеше томнан тұратын көркем аудармалары он екі томның сыртынды әзірше сыймай қалып отыр, Шынында да, өкінішті! Бірақ мұз бұзылды, сең жүрді. Бұл рухани көктемнің нышаны. Құдай қаласа, көркем сөздің көктемі қайта оралып, жан жадыратар жарқын күндеріміз де келер.
Қысқасы, Қадырдың өзі айт­қандай, ақын да бір жанартау – қоздаған шоқ, маздаған от. Ал «Ақынның оты өз дәуірінің жалынымен жалғасқан жерден Шекспир, Гете, Пушкин туады» (И.Сельвинский).

Зейнолла Қабдолов,
академик-жазушы

Қадыр ағаның «Ой арманы» атты кітабы әдеби ортада үлкен резонанс туғызды. Ол әрбір кітабының құрылымына дейін ерекше мән беретін. Мәселен, «Алақан» кітабы Орталық Азиядағы туысқан халықтар туралы жазылған жырларды топтастырған. «Домбыра» кітабы. «Астыңғы шек», «Үстіңгі шек» деген екі бөлімнен тұрады. Біз студент болып жүрген кезімізде «Қорамсақ», «Көкпар» атты кітаптары шықты.  Ол кезде жаңа шыққан кітапқа деген жастардың ықыласы керемет еді. Кітап шыққанын ести сала Абай мен Фурманов көшелерінің қиылысындағы «Прогресс» кітап дүкеніне барып, кезекке тұрып сатып алушы едік.
Қадыр Мырза Әли – шетел әдебиетін көп оқыған, аса талғампаз ақын болатын. Оның әдебиет туралы білімі ұлан-ғайыр еді. ҚазҰУ-ге 1980 жылы оқуға түскен бізге «Әдебиет теориясы» пәнінен Қадыр аға лекция оқыды. Дәрісі аса тартымды өтетін. Сабағында қазақ әдебиетінен ғана мысал келтірумен шектеліп қалмай, орыстың Андрей Вознесенский, Евгений Евтушенко, Александр Блок, Федор Тютчев, шотланд ақыны Роберт Бернс, үнді ақыны Рабиндранат Тагор т.б. шығармаларынан үзінділер келтіріп, оқуға кеңес беретін.
Қадыр Мырза Әли қазақ поэзиясына, философияға құрылған, бас-аяғы жинақы, қаққан қазықтай ойға құрылған өлеңдерді әкелгендігімен де ерекшеленеді. Ұмытпасам, 1981 жылы ҚазҰУ-дегі жас ақындардың бәрінің өлеңін жинап алып, әрқайсымыздың жырларымызды талдап, таразылап, өз бағасын берді.
Ол өзінің ойлы лирикасымен қазақ поэзиясындағы орнын ойып тұрып алды. Абайдан кейінгі ойлы поэзияның, философиялық лириканың өкілі десек, артық айтқандық емес.
«Ақылды қызды көргенде,
Әдемі қызды аяйсың.
Әдемі қызды көргенде,
Ақылды қызды аяйсың».
Немесе:
«Ақынды ақын күйелесе ол қайғы,
Ақынды ақын сүйемесе болмайды», –
деген сияқты ішкі дидактикаға, терең психологиялық иірімдерге толы жырларды көп жазды.
«Айтамыз біздер ақын деп,
Адамды от боп маздаған.
Ақынға керек ақыл көп,
Асаулық керек аздаған», – деген жолдары ақындық өнердің анықтамасындай болып қалды.
Қадыр жырлары қазақ қауымының қанына сіңіп, нақыл сөздер сияқты жадыңда жатталып қалатындығымен де өзгешеленеді.
Қадекең – көркем аударманың да шебері болды. Әсіресе орыстың ұлы ақыны Сергей Есенин мен қазақтың орысша жазған ұлы ақыны Олжас  Сүлейменовті аударған тәржімалары аса сәтті шыққан.
Қадыр – балалар ақыны ретінде де мол мұра қалдырды.Оның «Күміс қоңырау» атты балаларға арналған таңдамалы кітабы – қазақ балалар поэзиясының жау­һары санатында. 
Оның сыншылық қыры да зерттеуді қажет етеді.Академик Зейнолла Қабдоловтың «Қадырдың қадірі» атты керемет мақаласында Қадыр Мырза Әли шығармашылығының ерекшеліктері біршама ашылған.

Бауыржан Жақып

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір