Түркияның бас қаласы Анкарада Көк Ту Қазақ Мәдениеті Қоғамы түркі халықтарының дәстүрлі, ұлық мейрамы Наурызды атап өтті. Бұл шарада Түркияда қоныс теуіп тұрақтап қалған отбасылы қазақтар мен арнайы шақырылған өзге ұлт өкілдері бас қосып, бір-бірімен жақын танысып, мерекелік дастарқаннан дәм тату құрметіне ие болды.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында құрылып, салтанатты кеште тұсауы кесілген Көк Ту Қазақ Мәдениеті Қоғамының басшысы Ләззат Мүйләзімоғлы Қоғамның мақсат-міндеті мен болашақта атқарылатын жұмыстары туралы: «Көк Ту Қазақ Мәдениеті Қоғамы қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптей отырып, Қазақстан мен Түркия арасындағы әріптестік, серіктестік, достық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға себепші болады деп үміттенеміз. Қоғам аясында болашақта қазақ тілін, салт-дәстүрін, қазақ ұлттық музыкалық аспаптарын, ұлттық би, қол өнер жұмыстарын оқытатын және үйрететін курстар ашылады деп жоспарлануда. Студент жастар мен жасөспірімдерге, балаларға арнап мәдени, әдеби, ғылыми тақырыптардағы түрлі кездесулер мен байқаулар, спорттық жарыстар ұйымдастырылатын болады. Екі ел арасындағы байланыстарға үлес қосу мақсатында әр түрлі бағыттардағы жобалар жүзеге асырылады. Бұның бәрі, әрине, болашағымыз жастар үшін», – деп алдағы жоспарлармен бөлісті.
Көк Ту Қазақ Мәдениеті Қоғамын құрушылар туралы мәлімет бере кетсек: Ләззат Мүйләзімоғлы – Түркия Мәдениет және Туризм Министрлігі жанындағы Түркі Әлемі музыкалық аспаптар оркестрінде өнерпаз, қоғамның құрушы басшысы. Ілге Қарагөз Ахметова – Түрік стандарттары институтының Сыртқы қарым-қатынастар бөлімінің сарапшысы және сапа менеджменті жүйесінің аудиторы. Торғын Сұлтанқызы – журналист, Лаура Сүер – Түркия Ақпарат және баспа басқармасының аудармашысы, Рустам Арғымбаев – заңгер, Асел Лахаева – Хажеттепе университетінің докторанты, журналист. Кәрім Байғұтов – Хажеттепе университетінің докторанты, өнертанушы. Меруерт Сатынбек – Хажеттепе университетінің докторанты, түрколог.
Салтанатты кеште сөз алып, құттықтауын жеткізген ТҮРІКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов: «Мәдениет және білім саласындағы кез келген бастамаларда, әсіресе, азаматшалардың ұйымдастырушылық қабілеті ерекше көзге түсетінін атап өткім келеді. Түркі халықтарының мәдениеті мен өнерін дамыту ұйымы ретінде қолға алған бастамаларыңызды жүзеге асыруда қашан да қолдау білдіруге дайынбыз», – деп жүрекжарды лебізін білдірді.
Салтанатты кештің тағы бір мәртебелі қонағы, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінен келген Жауапты хатшы Арнұр Мұхаметкәрім Көк Ту Қазақ Мәдениеті Қоғамының бауырлас елдер Қазақстан мен Түркияның әріптестік, достық қарым-қатынасын нығайтудағы ықпалына зор сенім білдіріп, бұдан әрі атқарылар жұмыстарға толағай табыс тіледі.
Мерекелік кеште Түркия Мәдениет және Туризм Министрлігі жанындағы Түркі Әлемі музыкалық аспаптар оркестрінің өнерпазы Фериал Башел Түзүн құттықтау сөз сөйлеп, қоғам жұмыстарына сәттілік тіледі және Нұртуған жыраудың «Кәнеки, тілім сөйлеші» термесін, «Бір бала» халық әні мен Мәриям Жагорқызының «Дудар-айын» әуелете орындап, тамашалаушылардың құлақ құрышын қандырды. Сондай-ақ Анкара Университетінің Журналистика бөлімінің студенті Дінмұхаммед Қасымбек өнер көрсетіп, кеш қонақтарының ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленді.