Әз Наурыз тойланды
30.03.2018
1165
0
Наурыз тойы – еліміздің басты мерекелерінің бірі. Халқымыз наурыз мерекесін әлімсақтан ерекше бағалап, ықыласпен күтіп, шынайы көңілмен тойлауды дәстүрге айналдырған. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында Табиғат-ананың қайта жаңаруын жыл басына балаған. Осынау Ұлыстың ұлы күнін Қазақстан Жазушылар одағы да кеңінен тойлады.
Алматы қаласында тұратын қа­ламгерлер мен зиялы қауым өкіл­­дерінің басын қосқан ме­ре­ке­лік шараны Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы, Мем­лекеттік сыйлықтың иегері, Қа­зақстанның Еңбек сіңірген қай­раткері, ақын Ұлықбек Есдәулет құт­тықтау сөзімен ашты.
Қазақстанның Халық жазу­шысы, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты Қабдеш Жұмаділов ақсақалдар атынан сөз сөйлеп, батасын берді. Шериаздан Елеу­кен, Уақап Қыдырхан, Марал Ыс­қақ­бай, Ғаббас Қабышұлы, Тұрда­қын Жексенбай, Ғазизбек Тә­­шім­­бай, Рафаэль Ниязбек бас­таған ақсақалдар алқасы дастархан басында бата жасап, елімізге ты­ныштық пен құт-береке тіледі. Дом­бырасын арқалап келген Мың­бай Рәш арнау айтып, нау­рыз­ды жырлады. Маралтай Райым­бекұлы, Аманғазы Кәріп­жан, Ерлан Жүніс бастаған ақын­дар өлең оқып, жырдан шашу ша­шты. Әйгілі күйші, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Секен Тұрыс­беков негізін қалап, көркемдік жетекшілік ететін «Ақ жауын» Мемлекеттік камералық оркестрі мерекелік шара барысында жиыр­мадан аса күй тартып, келген қо­нақ­тарды күй құдіретіне тәнті етті. Әнші, компазитор Қадырғали Кө­бентай бастаған өнер иелері әндерін тарту етті.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орын­ба­сары, ақын Бауыржан Жақып бірқатар жазушылар мен басылым бас­шыларына Қазақстан Респу­бликасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­медиұлының құттықтауын жет­кізді. Қазақстан Жазушылар ода­ғының бірқатар қызмет­кер­лерін одақ басшысы Ұлықбек Ес­дәулет абыройлы еңбектері үшін алғыс хатпен марапаттады.
Жазушылар одағының қыз-келіншектері ұлттық киіммен келген қонақтарды ыстық ықы­ласпен қарсы алып, қызмет көр­сет­ті. Жазушылар одағының ғи­ма­ратының алдына киіз үйлер тігіліп, ет асылып, келген қонақ­тарға нау­рыз көже берілді. Жайыл­ған кең дастарханнан шақырылған қо­нақтардан өзге, қала тұрғын­да­ры да дәм татып, алғыстарын айтты.
Наурыз мерекесіне марқұм Оспанхан Әубәкіровтың жары – Нұрсұлу апа, Бекен Әбдіразақов­тың жары – Қазына апа, Мұқағали Мақатаевтың ұлы – Жұлдыз, келіні – Бақытгүл, т.б. қатысып, киіз үйлер­дің бірінде жазушы Әшірбек Көпі­ш барша дүниеден озған қа­лам­­герлер рухына құран бағыш­тады.
Қазақстан Жазушылар ода­ғының басшылығы ұйым­дас­тыр­ған Наурыз тойы алдағы жылдарда да жалғасын таппақ.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір