Жанымның жыры, Көзімнің нұры
Нұрлан Қалқа
Күз келді
Күз келді,
Көңілдерді жүдетіп,
Боран соқты, барған сайын үдетіп.
Жаңбыр жауып, арты қарға ұласты,
Бұлт құрсаулап, жылу да жоқ Күн де түк.
Күз келді,
Жапырақ та сарғайып,
Қалтырайды әз-Табиғат әр тайып.
…Жылуыңмен жылытыңдар, жандарым,
Жүректерді тек үсітіп алмайық.
Сенгішпін
Сенгіштігім осалдығым деп білем,
Білмеймін мен, осы қашан серпілем?!
Қиналғанға көмек қолын созам деп,
Өкініштің қамытына жегілем.
Аңғалдығым кемшілігім деп білем,
Содан таяқ жерімді мен бек білем.
Қанша жерден мығым болам десем де,
Құтылмадым содан көрген тепкіден.
Мәні болмай қолға алған кей істің,
Жан жүдетер уайым-уды көп іштім.
Жаман пиғыл ұяламас ойыма,
Бір мінім бар – жан біткенге сенгішпін.
О, несі екен…
Қайсы «досым» сөз тасыған сыртымнан,
(Соның мәнін ұғынуға ұмтылғам?!.)
Сырым, шыным, жырларымда сайрап тұр,
Сұрап білмей не болмаса жұртымнан.
Қайсы құрбым ту сыртымнан сөз еткен,
(Ақын жүрек жарылады өсектен!)
Қандай адам, басқаны емес, о, тоба,
Момын жанды таңып жүрген өсекке?!
Қандай жанмын,
оқып, білмей жырымнан,
О несі екен,
«сыбағаны» сыртымнан?!.
Жаманатқа қимас едім ешкімді,
Көкейіме өкпе емес, жыр тұнған.
Аман жүрсін сөккен мені пенделер,
(Шыбын жаным жыр жазсам-ақ емделер).
Ел дегенде егілетін ақынды,
«Жаман» десе,
мені қойшы,
сенбес ел!
Пенделікпен айтқан шығар ол дағы,
(Қадірі жоқ саф алтынның қолдағы).
…Бетке күліп, ту сыртынан сөккеннің,
Көрген жоқпын түбінде бір оңғанын.
Мұқағалидың мұңы
(монолог)
«Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,
Менің нәзік жанымды кім түсінер?»
Мұқағали Мақатаев.
Иттер-ау, иттер талады-ау,
Жаныма батып барады-ау.
Күні ертең олар ұмыт боп,
Артымда жырым қалады-ау.
Сыртымнан иттер үреді,
Ізімді аңдып жүреді.
Кетермін бір күн, өтермін,
Өлеңім өмір сүреді.
«Ішкен» деп біреу сөгеді,
Қара бұлт болып төнеді.
Жаныма қадап қанжарын,
Ақынға кәрін төгеді.
Жанымды сонша жаралап,
Бітті ғой иттер қаралап.
Тыңшысы түсіп артыма,
Мүлт кетсем мені қамайды.
Иттер-ау, иттер талады-ау,
Даттау ғой ісі, қаралау.
Қиянат нағыз, қиянат,
Ақынды адам санамау.
Достарым жоқ-ау жанашыр,
Туысым жоқ-ау санасар.
Мұңымды кім бар бөлісер?!
Пенде жоқ ұғып, қарасар.
Иттер-ау, иттер қабады,
Табалап, кінә табады.
Тып-тыныш жүрген ақынды,
Қаумалап кейде сабады.
Төлбасы
Әбдірахманға
Қандай сезім кештім бұрын білмеймін,
Мұны сезбей қандай күйде жүргенмін.
Немеренің сондай ыстық боларын,
Білмей жатып қалай өмір сүргенмін.
Суықтан да, ыстықтан да қорғаймыз,
Қарайлаймыз, көзімізді алмаймыз.
Не керектің бәрін тосып алдына,
Ұмсынамыз, қолдан-қолға жалғаймыз.
…Қызық шақа сәби келіп өмірге,
Кіл қуаныш толды лезде көңілге.
Немеренің өзі болып төлбасы,
Ұйықтап жатыр атасының төрінде.
Жасұлан – чемпион
Ауыр атлетикадан тұңғыш әлем чемпионы
Жасұлан Қыдырбаевқа
Намысты қолдан бермедің,
Биікке самғап, өрледің.
Ел үшін түсіп сынаққа,
Жеңіп шықтың, ерледің.
Алатау ашты бағыңды,
Алматы тапты бабыңды.
Жасұлан – даңқты чемпион,
Тұғырдан биік табылды.
Әнұран шарлап көгімді,
Танытып елге тегімді.
Жасұлан чемпион атанды,
Қуаныш жасы төгілді.
Көк Туым көкке желбіреп,
Ел тұрды сол сәт елжіреп.
Қазақтың атын жиһанға,
Танытқан жансың – ержүрек.
Қазақтан шыққан дарабоз,
Олимпиадада қара оз.
Халықтың қайсар ұланы,
Ильиндей ылғи, алға оз.
Бір адам бар…
Бір адам бар жанымды жаралайтын,
Жөн-жосықсыз табалап, қаралайтын.
Қанша жерден қол ұшын берсем-дағы,
Қиын сәтте демеуге жарамайтын.
Бір адам бар оқыған, лауазымды,
Есітпеген болады дауысымды.
Өз дегенін ақиқат деп таниды,
Қабыл көрмес, шындықты, ауыр сынды.
Жақын досы болсам да алалайды,
Мансабыңды жоғары бағалайды.
Көзіне де ілмейді өз туысын,
Жағаланы жатта кеп жағалайды.
О, тоба, болады екен сондай жағдай,
(О, Алла, өзің әркез қорған болғай!).
Күндесе де, ол мені, жүндесе де,
Жүрсем деймін адамдық жолдан таймай.
Неге?
Намысына тиіп сонша адамның,
Жаман жолға бастайды тек қадамың.
Күліп тұрып, ор қазасың оған сен,
Қылығыңа шыдай алмай барамын.
Неге сонша оны сырттай сөгесің,
Өшігесің, бар кәріңді төгесің.
Жамандайсың, түбіне оның жетесің,
Ал көзінше туысыңдай көресің.
Неге сонша өзгересің күніне,
Таң қаламын мың құбылған түріңе.
Аярлықты көріп қалған кездері,
Жиіркенішпен қараймын мен, түңіле.
Бақытым
Сыйласаң мені,
Сыйлармын сені,
асылым.
Құрметтеп әркез,
Көрсетіп оң көз,
бас ұрдым.
Жасымнан сүйген,
Басымды иген,
асылым.
Сөксем де қанша,
Сүйемін сонша,
ғашығым.
Қызғансам кейде,
Бассамда гөйге,
қарағым.
Кетпеспін сенен,
Кетпессің менен,
ардағым.
Жанымның жыры,
Көзімнің нұры,
бақытым.
Байлығым, барым,
Мәңгілік жарым,
жақұтым.