КӨҢІЛ ПЕРНЕСІНДЕГІ «КӨЗІМНІҢ ҚАРАСЫ»
24.04.2024
309
0

Абай – қазақтың ардақ тұтар есімі. Абайтану ғылымы Абайды ақылмен тануға бастайтын бірден бір жол болуға керек-ті. Күн аралатып демейік, жыл сайын Абайға арналған немесе хакім ұлағатын ұқтыратын небір кітаптар шығып жатыр. Оның қандай мағына үстеп, қандай мәнде елге таралып жатқанымен жұртшылықтың ісі де аз сынды. Жақында қолымызға «Көзімнің қарасы» атты хакім Абайдың музыкалық мұрасы хақындағы кітап түсті. Авторы әрі зерделеуші – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман. Ән десең де еркін әуезге сала­тын, әңгіме десең де әріден сөз бастайтын жанның шығармашылығымен таныс мына біз оның бүгінгі күнге дейін жай жүрмегенін, біраз істің басын қайырып жүргенін білеміз. Әңгіме ләмін алыстан орағытып отырғанымыз да сол.
Тұрсынғалидың талант дарыған баласы Еркін Шүкіман алдымен 1991-1996 жылдары Семей қаласындағы педагогикалық институттың филология факультетінде білім алады. Осы кезеңде Семей өңіріндегі ескінің сөзіндей, көмескіленген көзіндей болған көзі тірі қазақ ән өнерінің майталмандары – Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов, Тұрсынғазы Рахимов, Келденбай Өлмесеков, Санақ Әбеуов, Толғанбай Сембаев қатарлы өнер иелерінен ән үйреніп, шәкірттік жолға түсті. 1995 жылы студент кезінде өзі оқып жатқан оқу ордасының қабырғасында алғашқы жеке шығармашылық концертін берді. Ағаларының алқауымен алысқа, Алматыға самғады. Нақтыласақ ауылын аңсаған Еркінге оң-солын танытып, бағыт-бағдар сілтеген киелі өнердің көрнекті тұлғасы Келденбай Өлмесеков еді.
2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған Абай шығармаларының академиялық толық жинағы жарыққа шықты. Оның үшінші томында Абайдың музыкалық мұраларына орын берілді. Ақынның музыкалық мұраларын толықтай жинақтап, өзіне дейінгі Абай музыкалық мұрасын зерттеген музыка білгірлері Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Борис Ерзакович, Варвара Дернова, Ғафура Бейсенованың монографиялық және ғылыми еңбектерін саралап тұңғыш рет ғылыми түсінік жазып шыққан Еркін Шүкіман-тұғын. Осы еңбегі 2021 жылы «Көзімнің қарасы» – Абайдың музыкалық мұрасы» деген атпен жеке оқу құралы ретінде жарық көріп, 2022 жылы толықтырылып, қайтадан баспа көрді. Бұл жинақ – Абайдың музыкалық-академиялық жинағы десек артық емес.
Туынды әнші әрі өнертанушы тарапынан берілген түсініктер мен ғылыми негіздерге сүйеніп жазылған. Абай әндерінің шығу тарихы мен елге кең таралып кеткен шығармалардың алғаш басылуы сияқты бірқатар абайтанушы ғалымдар мен Абай әндерін насихаттайтын орындаушылар назарынан тыс қалған мәселелер көтеріліпті. Абай әні делінетін тағы басқа әндердің тарихы да қамтылыпты. Тағы бір ерекшелігі кітап авторы Абайға оның музыкасы мен әндеріне қатысты айтылған пікірлер мен пайымдауларды, ғылыми зерттеу еңбектері мен сұхбаттарды, республикалық басылымдардан бастап аудандық газет-журналдарда басылған мақалалардың барлығын сүзгіден өткізіп, өз керегіне жаратқан.
«Көзімнің қарасы» кітабы – «Абайдың музыкалық мұрасы» деп аталатын кіріспе сөзбен басталып, негізгі екі бөлім ән ноталары және түсініктерден тұрады. Түсініктердің өзін үш тарауға бөліп қарастырады. Қазір біз жақсылыққа жаршы болудан қалдық па, жаңалыққа құмарттық па Абай өлеңдері мен әндерінің санын арт­тырып, көбейткіміз келеді. «Бүй депті» деп бүлдіретін, «солай болған» деп сергелдеңге салатын дүниелер қаптап-ақ кетті. Абайтануға үлес қосқан алдыңғы буын ағалардың: «Көбейтіп аламыз деп, көбік қылып алмайық», – дегені әрдайым қаперде болса дейсің. Өзінің лекциялары мен сұхбаттарында да аса сақтықпен сөйлеп, абайтануға абайлап қарайтын автордың бұл жинағы жинақылығымен өзіне тартады. Өте жеңіл оқылады. Оқу құралы деп ат қойылып, айдар таңылғанымен ізденушілерге ғана емес, Абайын анық тануға асық жандарға жандауа боларын сезіндік.
Абай – халық құрметіне бөленген, ұлт тарихындағы дара тұлға. Сол себепті де ел арасында таралған кейбір әндер мен оның сөздері бір-біріне қабыспай, керек десеңіз Абай тудырған стиль мен түрге мүлде сай келмейді. Сондықтан да болар автор осы жағына терең үңіліп, басқаша із тастайды. Айтып жеке пікір-пайымды алға тартқаннан «Көзімнің қарасын» көзбен көріп, көңілмен сезіну керек.
Еркін Шүкіман Абайды ғана айналдырып қоймай бүгінде Шәкәрімнің академиялық жинағын құрастыруға қатысып, оның музыкалық мұраларына қатысты ізденістер жасап, зерттеулер жүргізіп жүр. Сондай-ақ, болашақта Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Мұхит, Кенен, Шәкір Әбенов сынды т.б сал-серілер әндерінің музыкалық-академиялық жинақтарын шығаруды жоспарлап, үлкен дайындық жасау үстінде көрінеді. Абайтанушы көбейген күнде, Абайды ақылмен танытып, тануға талаптанып жүрген талант иесіне біз де тілеулеспіз. Алаш аспанында ән әуелеткен әнші ағаның әні ғана емес ғылымдағы сүрлеуінің сана көкжиегінен орын алып, дәйім көңіл пернесін басса дейміз.

Қуат ҚИЫҚБАЙ,
жазушы
Семей қаласы 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір