Жаңа сипаттағы наурыз
23.03.2018
1178
0
«Түркістан» халықаралық газетінің жанындағы «Алдаспан» пікірсайыс алаңының ұйымдастыруымен «Наурыз мейрамын жаңа сипатта атап өтудің мәні» тақырыбында Дөңгелек үстел өтті. Оған белгілі тарихшы-ғалымдар мен этографтар қатысып, ойларын ортаға салды.
Дөңгелек үстелде Уақап Қыдырханұлы, Тәттігүл Қаратаева, Қасымхан Бегманов, Ерлан Төлеутай, Әлім­ғазы Дәулетхан т.б., ғалымдар Наурызды жаңа сипатта өткізу туралы ұсыныс білдірді. Жиынды өткізуге ұйытқы болған «Түркістан» газетінің бас редакторы Жаңабек Шағатай: «Наурыздың халықтық сипатын қалыптастыра алмай отырмыз. Бірізділік жоқ. Мысалы, Қытай халқы­ның жаңа жылы бір ай тойланады. Бізде болса, халық алаңға таңертең сағат онда барып, түстен кейін үйіне шаршап қайтады. Әр өңірде әртүрлі өткізіліп жатады. Ортақ бір идеяға негізделген ұстаным жоқ. Осыны реттеуіміз керек. Өйткені бұл бәріміздің басымызды біріктіретін дүбірлі той», – деді.
Тарихшы Әлімғазы Дәулетхан: «Наурыздың қадірін қашырып жібердік. Бүгінде бұл мереке де кезекті нау­қан болып, өзінің тарихи мәнін жоғалта бастады. Зиялы қауым­ның көптен бері ойланып жүрген көкейкесті мәселенің бірі. Ұлыстың ұлы күнін Үкімет бір жақта, халық бір жақта тойлап жатыр. Шенділер қасына бір-екі ақсақалды ертіп алып, киіз үйлерді аралайды.  Адамдар оларды күтіп, бар жылы-жұмсағын тосумен әлек болады. Мектеп пен балабақша да театрландырылған көрініс­тер­мен шектеліп жатыр. Астанада бір күн бойы тегін бауырсақ таратылады дегенді естіп таңғалдым. Наурыз тойын Үкімет пен халық бірлесіп атқару керек. Себебі, бұл – дәстүрлі әрі идеологиялық мәселе. Үкімет бұл мерекені өзінің ұлттық әрі мемлекеттік мерекесі ретінде қабылдағанда ғана Наурыз өз тұғырына қонады», – деді. Ал тарих ғылымының кандидаты Самат Өтениязов болса: «Өз басым алаңдарда көрсетіліп жүрген қойы­лым­дарға қарсымын. Бұл  бүкілхалықтық шынайы мереке болуы тиіс. Тіпті, барлық қалалардағы уни­верситеттерде әр факультет киіз үй тігеді. Оны ақша жинап, жалға алады, дастархан жаяды. Мұғалімдер әкім қараларды күтіп шетте қалады. Студенттер далада жүреді. Мұның несі мейрам?», – деді. Өнертанушы Ерлан Төлеутай Наурыз тойын дүбірлетіп тойлауда қазақ дала­сы­ның кли­маттық жағдайын да есепке алу керегін айтты.
Дөңгелек үстелде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мей­ра­мының арғы-бергі тарихы мен қазақ халқы үшін маңызы жан-жақты сөз болып, түйткілді мәселелер де ортаға салынды. Талқылау соңында ғалымдар Ұлыстың ұлы күні қазақ үшін қай кезде де ұлы мейрам болғанын атап өтті.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір