Еске неге алмаймыз, екі өмірдің жоқтығын…
23.03.2018
1237
0

Оразбай БАЙБАҚҰЛЫ


***
Малданбадым төренің түсінігін,
Пиғылы ма,
Бар шығар тісі мұның,
Мейірімнің пұшпағын мекендесем,
Кемеліне келмей ме кісілігім.

Арманына айшықты тиеген мұң,
Көңілінен көнбістің күйе көрдім.
Қуанатын мен бе екем құлағанға,
Сүрінгенді несі бар сүйегеннің.

Жоя алмайды жоқшылық бар ізіңді,
Баршылықтан байқағам сан үзінді.
Астарына арымның дақ түсірмей,
Атқарайын адамдық парызымды.

Ойлағанға жетем бе өзек қорып,
Өнерліге өтейін кезек беріп,
…Жаманшылық жайсаңға жасағанша,
Жақсы емес пе кеткенім тезек теріп.

***
Бақыт емес бақытың шым батпаған,
Тағдырыма таңым бар үн қатпаған.
Айналдырған бастарды байлығыңнан,
Жаратқанның жарығы қымбат маған.

Тірлік – теңіз,
Нүктедей мен дейтінің,
Көксегенді таппаспын көрмей тыным.
Безектеумен келемін,
Білгендіктен
Тағы да өмір тәңірім бермейтінін.

Арлылардың алдында тепсеңдеймін,
Қара жерді қаппайды өкшем кей күн.
Алаңдамай алдағы міндетімді,
Тірлігімде тындырып кетсем деймін.

Қағысқандар қатары қалаң да көп,
Саяхаттар жасаума,
Санамда жоқ.
Жылдар жылжып барады,
Асығамын,
Аңсағаннан адасып қалам ба деп.

Өкініш пе,
Өкіртіп кешкем мұны,
Осылайша уақыттың өскен құны.
…Арманымды аяқтап жата алам ба,
Қайран өмір көзімнен көшкен күні.

Айналайын ауылдан
Арманыма ақшуақ бетін бұрып,
Шеттен келдім.
Көрсетпей шетін қылық,
Үмітімнің өзегін жалғастырған,
Туған жердің тұнығы жетілдіріп.

Аман-есен көргенде кешегі елді,
Маңыздысы – мәртебем өсе берді.
Арым тектес аунадым ақ қарына,
Көктемдері көгертті көсегемді.

Жаратпаған жанымды тұйық қылып,
Тәңіріме тән шығар биіктілік.
Жанардағы жасымды жасырғанмын,
Қара жердің қатпарын сүйіп тұрып.

Мөлтілдеген мұңымды шегіндіріп,
Жатыр мына жартасы не білдіріп.
Шымырлатты жүректі шилі дала,
Тасбұлағы тастады егілдіріп.

Тұйғыны боп түледім, жасымадым,
Таға алмаймын тау түгіл тасына мін.
Атам менің осында аттан түсіп,
Ішкен болар әжемнің ашымалын.

Кекесінді жанына күлкі батып,
Бұлбұл ұшып көзінен ілкі бақыт,
Арғы бетке аттанып кеткен шығар,
Қылыштылар қуғанда шырқыратып.

Төбелерін, төскейін шолып қырдың,
Атам айтқан жондарды жолықтырдым.
Ұрпағы едім үмітін жетелеген,
Енді міне, ержетіп келіп тұрмын.

Ащы тердің дәмінен татсын далам,
Батпан жүгі болса да батсын маған.
…Күрсінбейтін, көктейін, көгерейін,
Айналайын ауылдан жатсынбаған.

***
Тіршіліктің ауасын балдай көрем,
Талабымнан әлі де танбай келем.
Ағаттықты жасап ап,
Қысылғанда
Терлейді екен шыпылдап маңдай деген.
Сараңдыққа бармадым сағынған боп,
Айла салған ащы дақ ағымнан көп.
Сол баяғы сабырлы, салқын мінез,
Әдетімнен әйтеуір жаңылғам жоқ.

Дарақыны данамен кектестіріп,
Жалақорды жаратқан тектес қылып,
Мүлт кеткенін өтеді мойындамай,
«Құрбандығын» қойсаң да беттестіріп.

Ескермейді екпіндің жиі ақылды,
Қиналғанға қимайды қиятынды.
Тәртібіңді тайга да адастырып,
Жібергендей ұттырып ұятыңды.

Данышпандық…
Бар шығар баға мұндай,
Жалтақтаумен жақсыға жағамын қай.
…Қалың еді не деген,
Қараулықтың
Бет терісі танктің табанындай.

***
Кездейсоққа кезім жоқ күтінбеген,
Ойға баттым,
Іздедім ұтымды өлең.
Азып келген шағымда атамекен,
Жұлынымды, жүйкемді бүтіндеген.

Секемшілдеу түйсікті селдіретіп,
Қойды ауасы мұңымды мөлдір етіп.
Атам суын ұрттаған айнабұлақ,
Жүрегімді жіберген елжіретіп.

Құшақтатып көгалды, қияқ, талды,
Өзегіме орнығып ұят қалды.
Төбешіктің астынан түтіндеген,
Әжеміздің ошағы сияқтанды.

Жайлауымды жатпапты зар мекендеп,
Баяғыдай байсалды нар көкем жоқ.
Анам айтқан тау-тасты араладым,
Бабалардың іздері бар ма екен деп.

Сергектікті сенімің сездіретін,
Уақыт бар ма көгалда көзді ілетін.
…Құдіретті қуатың туылған жоқ,
Енді мені елімнен бездіретін.

Жаңылдырма Жаратқан
Жау шығар деп жақыннан сақтанбағам,
Бұйырмады бір түйір бақтан маған.
Ауырлықтың азабын қайдан білсін,
Тамұғыңның отына қақталмаған.

Үмітсізді сеніммен септер деген,
Ақсаңдаған арманды жек көрмегем.
Түсіне ме жанымның жарақатын,
Өз басынан ол күнді өткермеген.

Едірейген кезім жоқ езбең болып,
Сорлағанды жүр ме екем сөзбен қорып.
Астарланған алалық, шалалықты,
Көңіліме түйгенмін көзбен көріп.
Олақтығым байқалса оңдап көрем,
Есегімді қажет пе,
Қомдап берем.
Тарыққанға әманда таяныш боп,
Қорланғанды үнемі қолдап келем.

Өмір – ұстаз,
Жүргем жоқ азып бүгін,
Жабыққанды жасқайтын жазықты кім.
Мұңайғанға несіне мұңдас болам,
Түсінбесем сезімнің нәзіктігін.

Қараша бұл,
Қап қойған сағым қырда,
Бажылдасам бата ма бағым нұрға.
… Берекеден бір шымшым бермесең де,
Жақсылықтан, жаратқан жаңылдырма.

***
Адалдың барлығы дос, бауыр,
Бұрқанып жатпайды босқа ауыл,
Қиянат қиратып өтпей ме,
Қырсыққа қоймаса тосқауыл.

Нарыққа көне ме нар біткен,
Өмірден үмітім бар күткен.
Ізгілік ынтадан жаралып,
Тазалық туатын тәртіптен.

Шекесін қыздырған шендінің,
Көпсінбе көңілдің кеңдігін.
Сапаны санаңыз билейтін,
Салтанат құрғанда теңдігің.

Тұрмайтын төбеде түтін бақ,
Тарықпа табанда құтың қап.
Басымдық басыма біткен деп,
Өмірмен ойнаған ұтылмақ.

Ерлікті етпепті кім арман,
Ширыққан шындықта ұғар мән.
…Заң деген зауалды дүние,
Желікті желкеден шығарған.

***
Былай қап таныстық, білістік,
Беретін еңбекті ырыс қып.
Терменен тереңге бойлатқан,
Керегі кемелді тыныштық.

Бар шығар көшпелі бақта мін,
Таласпай жүр екен таққа кім…
…Ұмытқан оңа ма,
Тағдырдың
Құрығын, тұзағын, қақпанын.

***
Көңіл, шіркін,
Көрегендеу өзгеден,
Жалғандықты жасырмайтын көз деген.
Арбағандай,
Алдыңды орап жатады,
Кереметтер кетеленген сөзбенен.

Аңсарымыз амандық пен есендік,
Көрінгенді қоймайды өмір көсем ғып.
Қулығыңа қоныс бермес деймісің,
Ақылменен астасатын шешендік.

Алтыныңыз араласқан тас, құмға,
Жататұғын аяғыңның астында.
…Білімділер бір қалыптан шықпаған,
Алуан түрлі
Бастары бар бастың да.

***
Торуылдар,
Түсірдің бе есіңе,
Өркенді өріс,
Жетпей жатыр осы не.
Қысастығың қинамай ма бір күні,
Біліп тұрып былғанамыз несіне.

Шындық – бетке,
Саналама сол да мін,
Қаңғалақтап қалмай жатыр жолда кім.
Естігем жоқ арғы әлемге аттанған,
Жақсылардың жаманатты болғанын.
Кемелді өмір,
Кем соғады түсінік,
Өкінішпен отырасың іш ұлып.
… Аңдысқандар алпарысып өтетін,
Тозағыңда түнетпейтін кісілік.

***
Іш тұрады,
Сөзіңнен тайсаң біліп,
Қайғылыға қарай ма жайсаң күліп.
Желіп жүріп жер басқан пенделердің,
Барлығына бітпеген байсалдылық.

Қысқармады қызығың бай көретін
Тұлпарыңды ап кімің жоқ тай беретін.
Данамын деп даурыққан дүмбілездің,
Мінезіне ақылы сай келетін.

Қарсы алатын қандасын ағат күліп,
Отыра ма өркешті тағат қылып.
…Дойырлығы шіркіннің домбыққанда,
Тергізетін тісіңді санаттырып.

***
Зәлімдік бар,
Береді зарлы қылаң,
Қамыққанда басады қарлы кінәң.
Тазалыққа тәнті едік,
Теперішті,
Тартып жүрміз пейілдің тарлығынан.

Ақ арманды үмітке бесік етіп,
Қырсығыңды келеміз кешіп өтіп.
Жасағаннан жақсылық,
Адамдардың,
Несі кетіп барады несі кетіп.

Тарпаң бар деп талабын тия ма ақын,
Беделдіде бет бар ма ұялатын.
…Кемелдінің қалайша кешіреміз,
Біліп тұрып жасаған қиянатын.

***
Жамандықты жасырмай-ақ кісіден,
Тарпаңдықты танып өскем ісінен.
Көтермейтін қылтың менен сылтыңды,
Байлыққа да бап керегін түсінем.

Берекені беріп пе еді түс өңдеп,
Даңқ – шарап,
Дәметпеймін ішем деп.
…Бақыт деген баянды емес,
Көшпелі
Сандығыңа сала алмайсың кісендеп.

***
Өзім біліп,
Аз жарамды емдегем,
Көзім жетпей көрінгенге сенбеген.
Ата сақал ауызыма біткенше,
Білім іздеп безектедім мен деген!

Торыққанда түсер болса қабағым,
Жалтақ барда жасамайды таба кім.
Желілерін жеткізем деп жете ме,
Оқып келем өміріңнің сабағын.

Жұтаңқырап жоқшылықта жүргесін,
Ширығып ем,
Бірте-бірте кірді есім.
…Тағдыр солай
Танып өскен пендемін,
…Қараңғылық қаптататын бүргесін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір