Көркемдік кілтін қалай ашамыз?
23.03.2018
1880
0

«Абай жолының» 1-кітабының көркемдігі кейінгі үш кітабының көркемдігінен асып түседі. Бұны кітапты қызыға оқитындардың саны мен оқығандардың жалпы пікірлері мен көзқарастарынан алып түюге болады. Әдебиет – визуалды құрал, яғни радио сияқты аудиалды немесе теледидар тәрізді аудио-визуалды құрал емес, газет-журнал сияқты визуалды құрал. Автордың сөзбен салған көркем суретін бір өзі отырып қабылдайтын, оқу динамикасын өзі таңдайтын, оқу ұзақтығын, не жылдамдығын оқырманның өзі таңдай алатын құрал.
Адамның перцептивті 5 сезім мүшесінің (көру, есту, дәмін білу, тұ­ту, иіскеу) алғашқысына салмақ түсіретін құрал. Бірақ бұл көру – теледидардан фильм көретіндей, көз алдыңдағы тұтас картинаны бір мезгілде қабылдайтын көру емес, әріпті сөзге айналдырып, мағына иіріміндегі мәнін сөйлемге транс­фор­мация жасай, еңбектеніп отыра­тын көру. Сондықтан бүгінде мұндай «қиын көруден» «жеңіл көруге» жағдай туып отырған цифрлық за­манда жастарға кітап ұстату ұлы мә­селеге айналып отыр. Бұған кінә­лі шығарманың көркемдігі десек, каламбур болар. Бірақ қателеспейтін болармыз. Шығармадағы көркемдік оқырманның санасына айқын, нақты, ерекше бейнелерді елестет­уі тиіс. Дәмін татып, иісін сез­ген­дей, қолмен ұстап, көзбен көргендей бейнелер оқырманның эмоциясына әсер етеді, ол әсер көңілде ұзағынан қалады. Бірақ ғажабы сол – бүгінде шығарманы оқытатын да, оқытпай­тын да – көркемдік болып отыр. Се­зін­ген көркемдік кісіні демал­тады, басқа жағдаятқа трансфор­мация жасайды. Ол үшін оқыған мәтінді картина көргендей көзге елестете алуың керек, елестету үшін, мәтінді түсінуің керек. Иә, түсіну керек деген сөз, түсініксіз болып тұр. Бірақ бүгінгі ХХІ ғасыр қазақ оқыр­ман­дары көркем шығарма­ларды оқиды, бірақ жағдаятқа ене алмай­тын бол­ды, өйткені бұл тіл шет тілі тәрізді, аударма қажет ететін тіл болып кетті.
М.Әуезовтің «Абай жолын» оқы­мау әрі қазақтың ұятты ісі. Оқы­ту, бірақ қиын іс. Оның себебі, мәтіннің тіліне үйрену жолы. Мәтіннің бәрі әдеби тіл дерміз. Әдеби тіл өміршең болу үшін, алдымен, сол тілдің тұтыну­шысы көп болу керек, олар­дың ішінде, проф. Н.Уәли айтқан, сол тілді қолданатын элитарлы топ, орта статистикалық топ, ортадан төмен топ болу керек. Бірақ ең ма­ңыз­дысы орта статистикалық топ барлық тілтұтынушының көп пайызын алу қажет. Функционалды стильдері толыққанды болуы шарт. Және тілдің таралымы біркелкі, барлы­ғына бірдей түсінікті тіл болуы маңызды. Әдеби тілдің қалыптасуы функ­ционалды стильдердің толық болуымен өлшенеді деген пікір бар. Бұған салсақ, қазақ әдеби тілі ХХ ғ. 30-40 ж.ж. ғана қалыптасқан болып шығады. Сонда ХХ ғ. басына дейін барлық стильдер жүгін бір сөйлеу тілі стилі мен көркемсөз стилі ар­қалап келгенін байқаймыз. Өйткені, ХХ ғ. басына дейінгі қазақтың тұрмыстық санасы мен эстетикалық санасы, әлеуметтік және кәсіптік санасы бірегей және жоғары болған. Бұл терминдерді алғаш айтқан про­фессор Н.Уәли қазіргі 5 түрлі әдеби стиль 5 түрлі қоғамдық сананың қалыптасуынан пайда болған дейді.
Мұндағы тұрмыстық сана қа­зір­гі­дей жартыкеш ауызекі сөйлеу тілін тудырмаған. Бүгінде фразеологизм қатарында да саналмайтын, сөз тіркесі де болып табылмайтын кесек дайын үлгілерден тұрған. Сондықтан классикалық тұрақты тіркестер де осындай тұрмыстық сана қазанында қайнап барып, әдеби тіл кеңістігіне өткен.
М.Әуезовтің «Абай жолы» ро­маны­ның бірінші кітабы қазақ ауыз­ әдеби тілі мен жазба әде­би тілі­нің тоғысқан аралығында хатқа түскен қазақтың дәстүрлі сөйлеу мәдениетінің үлгісі деп ойлаймыз: құрмалас сөйлем аз, жалаң, жайылма сөйлемдердің екінші бөлігі тұрақты сөз орамдарынан тұрады. Мысалы, Құнанбай сезді де, енді жүйемен ұтпақ боп қуғынға салды. Мұндағы «жүйемен ұтпақ боп қуғынға салу» сол дәуірдің жаппай әлеуметтік санасы үшін ашық құрылым, бүгінгі ұрпақ үшін жабық, кілттелген құрылым. Бұл оралымдар жазушы­ның қалыпты сөз саптауы болған, сондықтан тұрақты сөздер сөздігінің реестріне фразеологиялық бірлік түрінде тіркелмеген, қазіргі ата буынның ғана санасында бар және тілінде сақталуы мүмкін оралымдар. Мысалы, «Баж еткенмен ықтап кеткен сықылды» деген сөйлемдегі «ықтап кету» деген тіркес малға қа­тысты, боранды күні жел жоқ, сай, таудың ығын іздеп кеткен малға қатысты айтылатын тұрмыстық санадағы реалийі бар көріністі жазушы адамдар арасындағы сөзбен шарпысудағы қарсы шыға алмай, беті қайтып кетуді суреттейді. Мал­дың ықтауы туралы фреймі жоқ бала сөзден ықтауды қалай елестетуі мүмкін. Сондықтан бүгінгі оқырман классикалық әдебиеттің бетін ашқанмен, кіре алмайды. «Тергеп алып, білгеніңді қыл» дегенді аяқтап келгенде әрқайсысы да «бір-бір қайырған-ды» деген сөйлемде бір-бір қайыру әдетте әннің қайырма­сына қатысты қолданылады, бұл транс­формация тағы да қазақтың дәстүрлі шаруашылығы – мал шаруашы­лығынан – малды қайыру­дан келген. М.Әуезов Абай заманы­нының дәстүрлі коммуни­кация­сындағы бір қайыру, бір түйіндеу, қо­рыту мағынасында үшінші рет транс­формация жасаған.
«Сүйіндік, Бөжей жағының ойы осы болса, Құнанбай да өз есебін ал­дын ала өзі өлшеген бетпенен «іші­не ірікті». Жаңағыдан әрі жа­зыл­ған жоқ» дегенде ішіне ірку сөздіктерде фразеологизм ретінде тіркеуге алын­ғанмен, осы тіркестің жалғасы жазылған жоқ. Бүгінде ешбір сөздік­тің тіркеуіне сөз мағынасы ретінде де, тұрақты тіркес ретінде де алын­баған. Қазіргі әлеуметтік санада жазылып әңгіме айту деген ұғым бар. Бұл дәстүрлі қазақ сөзінде бұрыннан ашылып сөйлеу мағына­сында. «Ал ел айығып оңаша қал­ғанда, Барлас өз жыр­ларына Асан­қайғы, Бұхар жырау, Марабай мен Жанақ, Шортанбай, Шөже, Сы­бан­бай, Балта, Алпыс ақын – бәрін қоса, өзі құрбы өзге ақындар айтқан жырларды термелеп кетеді» деген­дегі «айығу»-дың қазіргі әдеби тіл­дегі мағынасы – «мастықтан айығу» ғана. Ал Әуезовтің қалыпты тіркес ретінде «қоя салуына» қара­ғанда «ел айығу» бұл 30 жылдардағы сөйлеу дәстүрінде «ел кеткенде, ел аяғы басылғанда» деген мағынада еркін жұмсалымда болған. «Ей, ме­нің балаларым, мына бала қонағың тартымды жатыр-ау өзі, ойлаймы­сыңдар?», – деп, жақсы жадырап, шын бейілденді» дегенде тартымды жатыр – жағымды, көңілден шықты мағынасында екені мән мәтіннен айқындала қалады. Бірақ ол тартым­дылықтың «жатуы» табиғи тартым­дылық екенін көрсетеді. «Құнанбай ауылдан қашаң отырса да, бұлардың қатты жүріп келгенін аттарының сонау алыстағы «ажарынан байқап» еді. Ажарынан байқау – қалыпты әдеби тілде әйел адамның бет-әлпетіне қарап аңғару мағынасында жұмсалса, Әуезов тілінде «аттың жүрісінен, жағдайынан байқау» мағынасында қолданылған. «Ол шешендіктен гөрі басқарақ «түкпірі бар» жан сияқты. Түкпірі бар – қыры, сыры, құпиясы бар мағына­сында. «Сол кештен оншақты күн өткен шамада Құнанбайдың үлкен ауылы Ақбайтал асуынан асып ба­рып, Шыңғыстың сыртындағы Жігі­тек, Бөкенші жалауы болған Қопа­ның «аузына қонды» сөйлеміндегі «аузына қонды»-ны «қай тұсына қонғаны» деп жоғары курс филолог студент­терден сұрағанымызда «жа­ра­ның аузы» тіркесімен байла­ныстырып, «үстіне қонғаны» деген жауап айтты. Сонда бүгінгі жас ауыз сөзінде «сай, шатқал, өзектің баста­лар тұсы» мағынасы барын білмегені. «Ертең­ді-кеш қалың жиын, қарулы азамат Ұлжан, Айғыз үйлерін күндіз-түні басып жататын болды» сөйлеміндегі басып жату көбіне басып кету түрін­де кездесетін еді, яғни қаптап кету, көп болу деген сыңайда, ал басып жату – бұл күн құрғатпай басу, табандап жату мағынасында келген.
Ал «басыңда үкің жоқ деп қиғылық салады» – тырнақ астынан кір іздейді, не болса, соған тиіседі деген мағынада бүтін сөйлемді алып тұр: әлі тұра тұр, басыңда үкің жоқ деп қиғылық салады.
Бұл сияқты сөздердің ұшы-қиыры жоқ, әр сөйлемнің екінші сыңары десе болады. Мұндай тіл өткен ғасыр ғалымдарын қызықтыр­маған. Мысалға, алғаш «Абай жолының» тілін зерттеген профессор Е.Жанпейісов 1930 жылы туған. Ғалым бұл тіркестерді балалық ша­ғы­нан естіп, бойына сіңіріп өскен­діктен «зерттейтін ештемесі жоқ» деп ойлаған. Өйткені, бұрынғы қазақ даласындағы тұрмыстық сана, қайталап айтайық, қазіргідей сөздің аяғын жұтатын, варваризм қоспаса көңіл көншімейтін, жүйесіз, жетесіз сөйленген ауызекі тілді тудырмаған. 80 жылдар, бертінге дейін қаймағы бұзылмаған көптеген қазақ ауылда­ры­ның қысқа-нұсқа, тапқырлық пен шешендікке құрылған сөйлеу тілі стилі арғы қазақ ауылдарының жұрнағындай. Сондықтан бұрынғы қазақтың тұрмыстық санасында әлеуметтік сана да, кәсіби сана да болған. Кәсіби сана қазақ кәсіпшілі­гінен шықты. Қазақта малшы, егінші, емші, жұлдызшы, ұста, кү­місші, етікші, ерші, үйші, жылқышы, темірші, бүркітші, оташылық, бақалшылық, кірешілдік, арбакеш­тік, тігінші.., т.б. Әсіресе ата кәсіп – мал шаруашылығына байланысты кәсіби сананың жоғары болуы Әуезовтің қолданысындағыдай коннотативті, идиомалық мағына­дағы тіркестерді тудырған. Және ол абстракция әлеуметтік санаға түсі­нік­ті болған. Әлеуметтік санадағы тілдік білім шешендік дау, шешендік би, шешендік сөздің жұмбағын шешуге көмектескен. Бұрынғы қазақтағы әлеуметтік сана би, батыр, елағасы, дала заңдары, шариғат заңдары, жер дауы, жылқы, барымта, күн райы деген сияқты іргелі түсі­нік­терден тұрған. Әлеумет осы «саясаттан» толық хабардар болған­дықтан шешендік сөздерді оңай түсінген, мағына реңктерін емеурін­нен түсінген, сондықтан жоғарыда­ғыдай сөз оралымдарсыз сөйлемеген деп болжаймыз. Ал бүгінгі қазақта бірыңғай осы әлеуметтік сана бол­ма­ғандықтан бұл секілді сөз орам­дары өз мағынасында түсінілмейді. Басқа тілде сөйлегендей аударуды талап етеді. Сондықтан бүгінгі жас­тар көркем әдебиетті оқудан қалып барады. Өйткені, ондағы ескі қазақ­тың сөз саптауы беймәлім кодтарға айналды. Театр қойылым­дары көрерменін жинау үшін осы заманғы жастардың сөз саптауын тауып алды. Кино тілі сөйлеу тілімен қарулан­ғалы қашан! Ескі сөздері көп көркем мәтін бөтен тілде жазылған шығарма болып шықты. Оны аударып бер­уіміз керек. Кітаптың орнына кино­сын, хаттың орнына «сообщение» жазуымыз керек. Көркем мәтіндер­дегі эстетикалық кілтке салынған сөйлемдер оқылмайды. Тіл кодына салынған сөйлемдер түсінбейді. Тарихи-мәдени кілттенген сөйлем­дер жаттанды түсініледі. Көркем ойлау, өзге көрмегенді көру, басқа байқамағанды байқау, өзгелер жал­пы қабылдайтын дүниені жалқы қабылдау, пернелеп қабылдау, өзгенің эмоциясын ояту қаймана қазақ сөзінің белгісі-тін. Қалың жұрттың эстетикалық санасы биік болған сайын қоғам да сауыға бас­тай­ды. Өзі қаралық қылған тірлік­терінен ұялатын болады. Терең сезімдер арзан күлкіге айналған бүгінгі қоғамдық сана қауіпті. Сондықтан тоңмойын заманда эстетикалық санасы бар жастарды тәрбиелеу әдебиет пен тілдің міндеті деп ойлауымыз керек. «Кітап оқы­ғандар теледидар көргендерді бәрібір басқарады».
Бүгінде амалсыз бөліп отырған орта статистикалық топ, ортадан төмен топ сияқты көркем мәтіннің екі жолын түсінсе, бір жолын түсін­бейтін саналылар аз болған. Сон­дық­тан ауызша әдеби тіліміз осы заманымызға жеткен. Ол – эстети­калық санасы жоғары топтың арқа­сында жеткен. Киіз үй, дастар­қаны – сахна, көрермені – ауыл. Даласы мен төбесі құқықтық даулар шешілетін орын, Асы – шешендік даулар шешілетін жиын; қазақтың даласы эстетикалық сана мен әлеуметтік сананы осылай көтерген.
Қазақ мәдениетінде ұжымдық сананы қалыптастыру механизмі күшті жұмыс істеген. «Ағаңнан сұра», «ағаңмен ақылдас», «ағаң не дейділер» жеке тұлғаның қадамын байлаған. Бірақ бұл елмен санасу, осыдан келіп тыңдаушысын жоғары қою қалыптасқан. «МЕН» екінші орында, жалғыз – адам емес болған.
«Абай жолы» романының тілі жайлы көлемді еңбек жазған Е.Жан­пейісов алғашқы әңгімелерінің тілі жайында зерттеген академик Р.Сыз­дық көркемсөз стилінің жетілуіне орайлы баға берді.
Р. Сыздықтың өз таптастыруына сай әдеби тіл – 1) ауыз әдеби тілі;
2) жазба алдындағы әдеби тіл; және 3) жазба әдеби тіл бір-біріне сабақ­тас, бірі бірінің құндағында тербел­ген тіл. Сол тербеліс «Абай жолы­ның» әсіресе алғашқы кіта­бында айқын байқалады. Қайталап айтсақ, «Абай жолы» романының бірінші кітабы 20 жылдарғы ауызша әдеби тіл мен жазбаша әдеби тілдің ара­лығында хатқа түсіп үлгерген тіл деуге болады.
Біз көңіл аударған тұрақты сөз орамдары – бұрынғы қазақ сөз саптауында сөйлеушілер оңай түсінетін, барлығының санасында бар, ортақ қор, жинақы, ықшам қолданыстар. Сондықтан бұл мақа­ланы жазудағы негізгі ой ХХ ғасыр­дың жиырмасыншы жылдарындағы ауызша әдеби тілге тән қазақы, дәс­түр­лі сөз саптау үлгілері – тұрақты сөз орамдарына М.Әуезов­тің «Абай жолы» романының бірінші кітабы бойынша алғаш рет назар аудартып, олардың контекстік мағынасын ашуға ұйытқы болу, ЖОО стилистика, тіл мәдениеті пәнде­рінен дәріс беретін оқытушы­ларды осы жолға шақыру болатын.
Іздену барысында М.Әуезовтің «Абай жолы» романында кілттенген тарихи-мәдени сөздер мен эстети­калық сөздердің мағынасын ашып, сөздігін жасауды ұйғарып отырмыз. Академик Р.Сыздық айтқан «Әуезов тілінің сөздігін жасау әлдеқашан күн тәртібіне қойылған, мақұлданған шаруаны», «өте күрделі, қиын. Үл­-
к­ен жұмысты, бірақ істелуге тиісті ша­руаны» бүгін жасамасақ кейін бұл тіркестер мағынасы күңгірт идио­маға айналады не болмаса қазақ әдеби тілі аударуды қажет ететін тілге айналады.

Құралай Күдеринова,
ф.ғ.д., СДУ профессоры.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір