Орманды көркемдік кеңістікке айналдырған қаламгер
Қазақ әдебиетінің прозасы жайлы әңгіме қозғалғанда көп айтыла бермейтін есімдердің бірі – Бауыржан Ғұбайдуллин. Еліміздің батыс аймағындағы Орал қаласында тұратын Бауыржан – елге танымал журналист, көркемтілді көсемсөзші. Сонымен бірге аракідік көркем проза жазумен айналысатыны да бар.
Бір қызығы – ол өзінің қысқа әңгімелерінде журналистикалық сарынның лебін сездірмей, таза көркем дүниеге тән нышандарды көлденең тартып отырады. Сөйтіп, оның қаламынан туындайтын шығармалар жанрлық жағынан тек әңгіме емес, бір оқиғаның ғана сюжетімен шектелетін қысқа новеллалар деуге жақындайды. Өйткені автор көбінесе шағын ғана бір оқиғаны ала отырып, кейіпкердің жан дүниесіндегі түрлі құбылыстарды, ішкі сезімдік қозғалыстарды бір жаңа сюжеттің арқауына байлап тастайды да, ең соңында оқырманның сезіміне әсер ететін қорытынды жасауға бейім болып келеді. Оған «Қысқы орман», «Жазда жауған бұршақ», «Бір түнгі жалғыздық», «Биленбеген вальс», «Қар жауған күн», «Жаңа жыл» және тағы басқа қысқа шығармаларының көркемдік болмысы дәлел. Бауыржан адамның жан дүниесін табиғатпен астастыра сөйлеуге бейім қаламгерлердің қатарынан. Басқа әріптесіне қарағанда ерекшеліктерінің бірі – оның шығармаларындағы көркем кеңістіктің, қазақи түсініктің түп қазығы болып табылатын тау немесе дала емес, қазақ прозасында сирек кездесетін орман алқабы болып келуінде. Қазақ даласында орман-тоғайлардың мейлінше аз екені баршамызға белгілі. Зерттеушілердің айтуына қарағанда, сексеуіл, жыңғылдарды қоспағанда, бүкіл Қазақстан аумағының үш пайызында ғана орман өседі екен. Ал сол үш пайызды орманның көріністерін, орманның табиғатын, орманның өзіне тән ерекшелігін Бауыржан өзінің көркемдік қабылдауы арқылы реализм шеңберінде қисынды суреттейді.
Автор үшін табиғат ландшафтарының ішінде орманнан артық ешнәрсе жоқ. Жазушы ағаштар алқабын айтқан кезде: «Тура ауылдың іргесінен басталатын шоқ тоғайлар бірте-бірте ит тұмсығы өтпейтін ну орманға айналады. Әйтпесе әйгілі халық әнінің «Жайықтың жағалауы жағалай тал» деп шырқалуы әсте тегін бе? Біздің орманда ағаштың ақтерек, көктерек, үйеңкі, шегіршін тал, тораңғы дейсің бе, әйтеуір неше түрі бар. Есесіне шырша жоқ. Мәңгі жасыл шыршаның жұпар иісін біз тек жаңа жыл кешінде ғана сезінеміз. Бәлкім, біздің бір жаңа жылды қарсы алып тұрып, келесісін аңсай күтуіміздің себебі осы шығар», – деп, беріле толғанады. Осындай жолдарды оқып отырып, көз алдымызға көлденеңдеп келетіні – танымал табиғат суреткерлері, орыстың Пришвин немесе Бажов тәрізді табиғатты қара сөзбен жырлайтын прозашыларының қалам сілтесі.
Қазақ жазушыларының арасында орманды көркем кеңістіктің фоны ету үрдісі көп қалыптаса қоймаған. Осы ойымызды одан әрі қуаттай түсетін мына бір табиғатқа қатысты жолдарға үңіліп көрейік: «Мен орманға қыста барғанды ұнатамын. Қысқы орманға демалыс күні шаңғымен сырғанай серуендеп, жылдың осы мезгіліне тән сұлулығымен айшықталған төңіректі тамашалай жеткеннің өзі керемет! Қысқы орман қандай рахат, тып-тыныш! Жаздағы абыр-сабыр у-шу, ызы-қиқы, қым-қуыт тірліктің бірі жоқ мұнда. Жанға жайлы мүлгіген тыныштық, жүйке-жүйең жай тауып, жан дүниең тазаратын тыныштық. Қысқы орман жаздағыдай сәл жел соқса болды, бірді-бірге соғып жапатармағай шулап қоя беретін жапырақ атаулыдан мүлде азат. Сонысына қарап мен кейде қысқы орманды өмірдің ащысын да, тұщысын да көп көрген, басынан көп жайтты өткерген, көңіл сарайына көп нәрсе түйген, кеуде сандығына көп керектіні жинағын қазына қарияға ұқсатамын. Ал көз жетер жерін түгелдей еш қалаусыз-ақ ақ ұлпаға бөлегенін, айналаның аппақ әлемге айналғанын көріп тұрып, мен кейде қысқы періштедей бейкүнә сәбиге теңеймін».
Міне, Бауыржан Ғұбайдуллиннің нәзіктік пен сұлулықты жырлайтын қаламгер екенін осы суреттеуінен-ақ көруге болады. Ол табиғаттың осы бір үлгісін жай ғана жансыз сурет ретінде жаза салмайды, табиғатқа өліп-өшіп ғашық бола ұнатып, сол табиғаттың қойнауына оқырманын жетектей отырып, кіріп кетеді. Қысқы орманның бейнесін жазған кезде, әрине, көзіқарақты оқырманға орыс жазушыларының орман жайлы жазған шығармаларын көз алдына әкелуі әбден мүмкін. Тіпті арнайы басымдық беруді мақсат етпесе де, орыс қаламгерлерінің басым көпшілігінде орман факторы жүреді. Олардың шығармаларында түрлі суреттермен безендірген орман бейнесінің біртұтас галереясы өмірге келгенін баршамыз да білеміз ғой деп ойлаймын.
Атап айтқанда, М.Пришвин, М.Горький, Б.Полевой, М.Гаршин, И.Тургенев, М.Салтыков-Щедрин, Б.Горбатов, Л.Леонов, тағы басқа толып жатқан орыс прозашылары осы орыс орманын ықыласпен, сүйіспеншілікпен жазғаны көз алдымызға елестейді. Олардың суреттерінің өзара ұқсас жерлері де бар. Бірақ қысқы орманды өзінше бейнелеуге тырысып, табиғаттың басқа құбылыстарына астастырып жіберетін жазушылары да аз емес. Соның ішінде Орал тауларының табиғатын кемелдендіре суреттейтін П.Бажовтың бейнелі картиналары өз алдына бір әлем.
Б.Ғұбайдуллин қазақ жеріндегі орманды суреттегенде еріксіз ормандарға тән ортақ көріністерді аттап өтеді деуге болмайды. Бірақ оның қыстыкүнгі орманы суық болғанымен, оқырманның көңіліне жылы. Сондықтан да мен өз басым бұл жазушыны – «Орманға ғашық қазақ қаламгері» деп атаймын.
Жазушының оқырманды тебірентетін шағын туындыларының бірі – «Жазда жауған бұршақ» деп аталатын новелласы. Мұндағы оқиғалар өмірге ғашық болып жалындап өткен Қалқаман есімді досын қаперге алатын бас кейіпкердің көзімен беріледі. Қалқаманның Назеркеге деген ғашықтық сезімі оның күнделігінен айқын көрініс тапқан. Өзі ауыр науқастанып, өмірінің өлшеулі екенін сезгенімен, қызға деген құштарлығы бір бәсеңсімеген Қалқаманның бұл қалпын ерлікке балауға болар. Өйткені өмірінің шеті көрініп, ажал көкжиегі жақындай түскен сайын адамның дүниеден баз кешіп неше түрлі трагедиялық құбылысқа түсетіні белгілі. Бірақ Қалқаман олай етпейді, ол шырағының сөніп бара жатқанын сезсе де, Назеркеге деген өзінің таза мәңгі махаббатын о дүниеге жүрегімен бірге ала кетеді. Бұның керемет сезімдері нәзік үнімен, әлсіз әуенімен астасқан көңіл күй құбылыстары күнделігінде айқын көрініс тауыпты. Соны оқыған жан досы да тебіреніп кетіп, Назеркеге арнайы жолықпақ болады. Ондағы мақсаты – Назеркені жастай айрылған ғашығының артынан көңіл айтып жұбату. Бірақ қанша ықыластанса да оны жұбата алмағанын, көңіліндегі қайғыны сейілте алмағанын сезеді. Шығарма осындай таза пәк махаббатты айқайламай, ақырындап жырлауымен де құнды деп есептейміз.
Сөйтіп, автор адам жанының экологиясы мен табиғат экологиясын астастыра бейнелеудің өзіндік бір кілтін таба алған.
Нұрдәулет АҚЫШЕВ,
ф.ғ.д., жазушы