Ауыл әңгімелері
21.08.2015
1731
0

Оралхан Дәуіт, журналист

Бөтен қошқар

Оралхан агаҚайбір жылы тамылжыған тамызда біздің үйде бір үлкен той болды. Ол кезде бүгінгідей қаптаған мейрамхана жоқ, той өзіміздің бау-бақшада өтетін. Сол күні кешқұрым тойдың қамымен жүріп, інім өрістен келген малды асығыс қораға қамай салған ғой. Біздің қойлардың ішінде бір бөтен қошқардың да «қамалып» кеткенін байқамай қалыпты. Содан «бөтен мал бар ма?» дегендерге бәріміз бірауыздан «жоқ» дейміз. Есіктің алды абыр-сабыр адам болғандықтан шығар мал егесі жақынырақ келіп қораны көруге батпаған. Содан ауылды екі мәрте адақтап шыққан соң, қошқар иесі амал жоқ, сол күні қой баққан үйге барады. Ол баласын жіберіп, күндіз қой жайған сай-саланың бәрін аралап шыққан. Қошқар жоқ. «Иттің баласы, қойға дұрыстап бас-көз болмағансың, жұрттың малын жоғалттың, енді құнын төлейтін болдық» деп әкесі баласын ашумен таяқпен жіберіп ұрған ба… Оған мал иесі араша түседі. Әйтеуір, сол күні қошқар табылмай, «не болса да ертең көрейік» дегенмен тарасады екі жақ.

Бір жеңгеміздің қолына қалам-қағаз беріп, тойға түскен мал басын, басқа да тартуларды түртіп жүру тапсырылған болатын. Той бітті. Таңертең малды өріске жіберерде інім бөтен қойлардың бәрін алып қалады да, қалғандарын қорадан шығарып жібереді. Әлгі қошқар қорада қалған. Түске жақын соңғы қонақтар қайтып, адам аяғы басылған соң жеңгеміз «есеп» берді. Дәптерде төрт қой. Қорада бес қой. «Бұл қалай болды?» деп бәріміз аң-таңбыз. «Қайсысын жазбай қалдым екен?» деп жеңгеміз де айран-асыр. «Мына қойды бөле әкелді, анаусын жиен әкелді…» деп жеңгеміз қойларды түстеп шықты да, бірақ әлгі қошқарды жыға тани алмады. Тек «Осы нағашы Ақабтар қараңғыда көліктен бірнәрсе түсіріп жатқан сияқты еді, солар ма екен қошқарды әкелген…» деп аңтарылып тұрып қалды.

Осы кезде әжем сөз бастады. «Айналайын, Ақабай, «жалғыз әпкем ғой» деп қойды алып келген сол… Айналайын-ай…» деп өзінен-өзі еміреніп кетсін. «Ой, әже, қызықсыз… Ақаб қалай қой алып келеді? Осыдан бір апта бұрын тойға деп бір жылқы әкеп тастаған жоқ па?» дейміз біз. Ақаб – әжемнің туған інісі. Бір жылқының қасына бір қойды қосақтап алып келгенін еш түсіне алар емеспіз. «Қойды алып келген сол, басқа кім болады? Жылқыны алдын ала беріп жіберіп, енді кеше тағы құр қол келмейін деген ғой…» деп әжем де қоймайды. Сонымен не керек, үйдегі қалың дәптерді қайтадан ашып «Ақаб бір жылқы» дегеннің қасына «бір қошқар» дегенді тағы қосып қойдық.
Атамның сонау көзі тірісінде аралас-құралас болған бір досы бар еді. Біраз жылдар араласпай қалып, сол досы осы тойға келген болатын. Әжем: «Қаншама жылдан кейін бірінші мәрте келіп отыр, ұят болар, мәшинесіне бір қой салып жіберіңдер», – деді. Айтты, бітті. Інім қораға секіріп түседі. Тағы көзі бірден әлгі қошқарға түскен ғой. Бірақ жануар мықты екен. Ініме бой бермей, мойнындағы жібі үзіліп кетсе де, еш ұстатпай қояды. Амал жоқ, атамның досына басқа қой бұйырды.

Кешке мал өрістен келді. Қошқардың егесі қайтадан үй-үйді аралап, «жоқ» іздейді. Бұл жолы біздің қораға жақынырақ келген көрінеді. Қараса, қораның жанында қошқарының мойын жібі жатыр. Жалма-жан қораға үңіледі. Сөйтсе көп қойдың арасында дымды түсінбей қошқары тұр. Салған жерден «мынау менің қошқарым» деп байбалам салады. Сонда інім: «Қойыңыз, өтірік айтпаңыз, бұл кешегі тойға әжемнің інісі Ақаб әкелген қошқар», деп жеңістік бермейді. Тіпті, қалың дәптерді әкеп «Ақаб – бір жылқы, бір қошқар» деген жазуды көрсетеді. Сонымен, әжептеуір айқай-шу. Ақырында мал олардікі екені таза дәлелденіп, қошқар «қамаудан» босатылды. Содан інім үйге ашумен кірген де қалың дәптерді алып, нағашымыздың «жылқысының» қасына қосақталып жазылған «қошқарды» әжемнің көзінше сызып-сызып тастапты. Мән-жайға түсінген әжем төмен қарай беріпті. Тек «мен қайдан білейін, айналайын…» дегенді қайталай берген көрінеді. Қайран, әжем-ай!.. Сөйтіп, бір қызыққа батырған. Кейінірек білдік қой, Ақабтың қараңғыда көліктен түсіргені бір жәшік алма екен.

Екі құрдас

Қайбір жылдары құрдастар Ербол мен Серік ауылдағы Қуан ағайдың қоржын тамын ақыға соғуға келісіпті. Бір ай уақыт шамасында екі құрдас лайдан кірпіш құйып, оны қалап беріп, тиесілі сегіз мың теңгелерін алып жөндеріне кетеді. Ал Қуан ағай болса, тамның төбесін жапқанымен, енді дуалдарын лаймен сылайтын адам таппай біраз сандалады. Мезгіл күз болып қалса керек, ешкім суық лайға түскісі келмейді. Ақырында әлгі екі құрдасты шақырып алып:

– Өздерің бастап едіңдер, енді өздерің аяқтаңдар… Сендерден басқа кімге сенемін? Ақысына келісейік, тамды лаймен сылап беріңдер, – депті.
– Мейлі, көке, – дейді екеуі де. – Бірақ алдымен ақысын келісіп алайық.

– Болды, болды, айтқандарың болсын. Қанша дейсіңдер сонда?

Екеуі тамның іші-сыртын көріп, айналшықтап біраз жүреді де, бір кезде Ербол:
– Он екі мың теңге, – деп қойып қалыпты.

Қуан ағай аң-таң:

– Қалайша? Кірпіш құйып, дуалын көтергендеріңе сегіз мың аласыңдар да, «какой-то» сылағына он екі мың теңге сұрайсыңдар?

Сонда Ербол:

– Өйткені, көке, тамыңыздың дуалдары «страшны» қисық екен. Оның бәрін сылақпен туралау керек қой, – депті.

Есеп беру

Қайбiр жылы Меркiнiң бiр ауылында аудан әкiмi есеп бердi. Негiзi «есеп беру» көбінесе сценарий бойынша жүредi ғой. Алдымен аудан әкiмi ұзақ-сонар баяндамасын оқиды, одан кейін алдын-ала дайындап қойған екi-үш адам сөз сөйлейдi. Сосын барып бiрдi-екiлi адамдар сұрақ берiп, мәселесiн айтады. Дәл осы «сценарий» бойынша баяндама жасалып, жарыссөз аяқталып, ауылдың үлкендерi бiр-екi мәселе көтерiп, жиын ендi бітейін деп жатқан.
Бір кезде «Әй, әкім бала, мен сөйлейiншi» деп алдыңғы қатарда отырған бір ақсақал қол көтердi. «Әрине, әрине…», – деп әкiм жалбақтап жатыр. Мiнбеге шыққан ақсақал бiр жөт­кiрiнiп алды да: «Әй, әкiм бала, осы сен қашан жұмыс істейсің?», – деп қойып қалды. «Сен білесің бе, бiздiң ауылда жол жоқ, көктем мен күздiң жаңбырында ми батпақ, көлiк түгiлi адам жүре алмай қалады. Ауызсуды пәленбай шақырымнан тасып iшемiз. Ал газ кiргiзу мәселесi тiптен, жоспарда жоқ. Бiздiң ауылға көңiл аударатын кездерiң бола ма, жоқ па?..», – деп айтып жатыр, айтып жатыр…

Әкiм сасып қалды. «Бұл кiм?» дегендей жалтақтап орынбасарларына қарайды, олар да, ауыл әкiмi де «бiлмеймiз» деп, шарасыздан иықтарын көтередi. Ақсақал сөйлеген сайын залдағы ел де риза болып еліріп бара жатқан… Ақырында әкiм шыдай алмады: «Оу, ақсақал, тоқтаңыз, Сiз қай ауылды айтып тұрсыз?», – дедi. Сонда ақсақал: «Айналайын, мен құдамның үйiне қыдырып кеп ем, Түлкiбастағы ауылымды айтып тұрмын», – дегенi…
Енді аудан әкімі күшіне мінді: «Сіз қызықсыз ба, Түлкібас – көрші облыстағы ауыл ғой… Оны Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Болат Жылқышиевке айту керек… Бұл Жамбыл облысы…», – деп, орнынан тұра берді. «Мен қайдан білейін… Бәрі ауылының мәселесін айтып жатқан соң мен де шыға салып едім…», – деп, күбірлеген күйі ақсақал да мінбеден түсіп кетті.

Асханадағы оқиға

– Мына көрші Тасарық ауылында бір жігіт бар, – деп бастайды бір әңгімесін Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Жамбыл ауылының азаматы Дүйсенбек Жасұзақов. – Өзі өмірі ауылдан шықпаған, мектептен кейін жоғарғы оқу орнына бармастан колхозда жұмыс істеуге қалыпты. Ол кезде мақта теруге колхоз-совхоздардан жұмысшылар жіберетін. Колхоз мақта теруге мұны жібереді. Таудың баласы өмірі мақта көрмеген, бір апта теріпті де қашып кетіпті. «Икарусқа» отырып, Мақтааралдан Шымкентке келеді. Ары қарай ауылға басқа автобусқа отыруы керек қой. Автобекетте «Ақ жол» деген асхана болатын. Қарын аш. Жолдан шаршаған. Тамақ ішіп алмақ болып асханаға кіреді. Қою, сұйығы бар, әйтеуір екі тамаққа және бір стакан айран мен бір үзім нанға тапсырыс беріпті. Асхана кең, орын көп. Алдына әкелген тамағын енді жейін десе, қасық жоқ. Ол кезде қасық, шанышқы атаулының бәрін асхананың бір шетінде тұрған арнаулы ыдысқа салып қоятын. Оны өзің барып алуың керек. Жұрттан көріп бұл да барып, қасық алады. Қайтып келсе, мұның сұйық тамағын түрі жаман бір орыс сылпылдатып ішіп жатыр дейді. Не істерін білмей сасып қалады. Не жарытып орысша білмейді. Әрі ол кез орыстан ептеп сескенетін заман. Тұрып-тұрып «қой, бұйырғаны осы шығар, ең болмағанда екінші тамағымды ішіп үлгерейін» деп ақырын орысқа қарама-қарсы жайғасады. Қою тамағына қол созады. Орыс көзі бақырайып, үндемей отыра беріпті. Үндемеген соң бұл асығып-аптығып тамақты жей бастайды. Бірақ орыс екеуі бір-бірінен көз алмайды. Тамақты тауысып, стакандағы айранды сіміріп, нанын қомағайлана жеген бұл тез-тез тұрып кетеді. Орыс көзі бақырайған күйі қалады.
Асханадан шығып, орыстан аман-есен құтылғанына «уһ» деп кетіп бара жатқанда есіне түседі. Әлгі тамақ ішкен үстелінің үстінде шәпкісі қалып кетіпті. Амал жоқ, қайтадан барады. Барса, орыстың алдынан қалпағы көріне қоймапты. Жақындап келсе, орыстың ар жағындағы үстелде мұның екі тамағы да, наны мен айраны да сол күйі тұр екен. Сөйтсе, бұл үстелден шатасып, айдаладағы орыстың тамағын ішіп кетіпті. Бұл орыстан сескенсе, орыс бұдан қорыққан ғой. Ал асхана қызметкерлері бұны сыртынан қызықтап қарап тұрыпты. Қайтып келсе, бәрі ішек-сілесі қатып күліп жатыр екен. Бұл шәпкісін алыпты да зытып тұрыпты.

ПІКІР ҚОСУ