Әкемнің әңгімелері
Үш кластық қана білімі бар әкемнің оқуынан тоқуы көп еді.
– Осы Өтемістің үлкені қазір мен ғанамын-ау деймін, Құдая тәуба, – деп алады да көңіл хошы келгенде ел ішіндегі әңгімелерді соғып отыратын. Бір жыл бұрынғыңды ұмытып қаласың, ал тоқсанға келгенше әкем осыдан жетпіс-сексен жыл бұрынғы оқиғаларды айы мен күніне дейін тәптіштеп айтып, кімнің бізге қандай туыс екенін де атаға ажыратып, түсіндіріп отырушы еді. Тайынты бойын мекен еткен Өтеміс елінің кейбірінің өзін, кейбірінің артында қалған көзін көрген игі жақсылары туралы, замандастарының кейбір күлкілі де тапқыр оқиғалары туралы сөздің майын тамыза әңгімелейтін. Солардың құлақта қалған кейбірін сіздің де назарыңызға ұсынып отырмыз, құрметті оқырман.
***
Өр жақта, Қаракерейде бір байдың ерке де палуан қызының дақпырты біздің Өтеміс еліне де жетіпті. Әкесіне «Мені қалың мал алып, ешкімге берме. Күресіп, кім жықса, соған тұрмысқа шығамын», – депті. Бай арнайы отау тіккізіп, үміткерлерді сонда қабылдайтын болыпты. Қыз ешкімді шыдатпайды. Сол кездері Тел атамыздың 19 жасар кезі екен, әкесінен рұқсатын алып, жанына бір жолдас ертіп, сол қызға барады.
– Жарайды, таңертең көрмеге келерсің, – дейді бай. Ертеңінде қыз да келеді. Екеуі белдесе кеткенде-ақ қыз күресті тоқтатып:
– Тұрмысқа осы жігітке шығам, – дейді.
Сонымен Тел атамыз қалыңдығын көп малымен қоса елге алып келіпті. Екеуінің бір арқалап әкелген шыбығы мың қойға қора болады деседі. Қазір Желдіайрықта сол кісінің көтерген тасының атымен аталатын «Сандықтас» деген жайлау бар. Сонда «Тел көтерген тас» деген үлкен тас бар. Көтеріп әкелді ме, домалатып әкелді ме, әйтеуір, сол тастың қиқайып қалған бір бұрышына әйелі әкеліп қойған «жастықтың» көлемінің өзі үлкен сандықтай.
Алғашқы қансонарда кім бұрын сол тасқа жетіп ақтық байласа, сол күні оның қанжығасы майланып, олжалы қайтады екен.
***
Сол Телдің алты баласының кенжесі Апақ та аса күшті, палуан адам болыпты. Өр ел Тарбағатай жаққа жолаушылап бара жатып, ауылы жаңа ғана көшкен жұртқа кезігеді. Жұртта желі мен тоқпақ қалып қойыпты. Сол кезде қара жорғасын тайпалтып келген бір жас келіншек: «Жігітім, ана желіні әперіп жіберші», – дейді ат үстінен. Апақ желіні бірден суыра алмайды. Келіншек атынан қарғып түсіп, тізесімен бір-бір нұқып суырып алып, атына салып алған соң «Жүр, аға, менімен» деп, жол-жөнекей жөн сұрасады.
– Өтеміс елінен, Апақ деген едім, – деп жөнін айтады.
– Е, естуім бар, сырттай өзіңізге ғашық едім, – дей келіп, келіншек өзінің күйеуге шыққанына алты жыл болғанын, бірақ әлі бала көтермей жүргенін айтады.
– Енем жақсы кісі. Мен сізді туысым, ағам келіп қалды деп апарам, одан кейінгісін өзің білесің, – дейді.
– Олай болса, – дейді Апақ, – енеңе айтып, күйеуіңді қырық күн сапарға жібер…
Ауылына келген соң келіншек енесіне барлығын жасырмай айтып, ол баласын жолаушылатып жібереді. Сол кездесуден туған бала үрім-бұтақты болып, сол жақта қалыпты дейді.
– Ендігі ұрпағының бірі – өзіңсің, – деп Апақ атамның камшысын Қайша шешеміз 1956 жылы маған беріп еді. Ақтыққа орап, осы күнге дейін сақтап келіп едім, «емделейін» деп жалынып сұрап алған туысымыздың біреуі әлі бермей жүр, – деп, әкем өз есебімен Апақтың осыдан 220 жылдай бұрын өмір сүргенін, қазіргі Тайынты мен Майлыстың арасындағы «Сенен қорасы» деген жерде жерленгенін айтқан еді.
***
Бірде, ерте көктемде ауылдың үлкендері жиналып, Телдің кенжесі Апақ пен Жанқараның Алтай деген баласын аңға шығарып, сынамақ болады. Көпшілік жиналып, аюдың үңгіріне келеді. Екі бозбаланы үңгірдің аузына қойып, өздері төбені дүңкілдетіп, аюды оятады. Алғашқы аю өкіріп атып шығады. Апақ шошынып, шегініп қалғанда Алтай оқша атылып барып, жыртқыштың арқасына қона кетеді. Екінші аю шыға келгенде, намыстанған Апақ оны жұдырықпен ұрып өлтіріпті.
Үлкендер қараса, аюдың Алтай «мінгені» баласы да, Апақ ұрып өлтіргені үлкен ана аю екен. Жас сәбиге тілеу айтқанда Өтеміс еліндегі кәрі құлақ, көне көз қарттардың «Апақтың күшін берсін, Алтайдың жүрегін берсін» деп бата беретіні сол сынақтан қалған көрінеді.
***
Апақ өр елге, Қаракерей жағына жолаушылап бара жатып, бір жерде батпаққа түсіп кеткен атан түйені шығара алмай әбігерленіп жатқан жиынның үстінен шығады. Атынан түсіп, жағдайды пайымдаған жолаушы жергілікті жиынның басшысына: «Төрт қанатты кереге алып келіңдер», – дейді.
«Апырмай, мына қаңғыбастың құтыруын-ай» деген күңкілмен ол, амал жоқ, кереге алғызады. Апақ керегені табанының астына салып, ырғап-ырғап атанды батпақтан шығарып алыпты. Апақ атының Қаракерей жағына танылуы осы оқиғадан кейін болса керек.
***
Апақтың қартайған шағы екен. Кедей ауылдың көлігі тапшы болғандықтан, бірден көшіп кете алмай ол бірер күн аялдап, жұртта қалады. Ерігіп, ел кезіп жүрген оншақты бозбала жұртта қалған жалғыз үйге түседі. Бүк түсіп, теріс қарап жатқан шалға сәлем бермек түгіл, назар да салмайды. Ешқандай рұқсатсыз, баса-көктеп барып, қорадан бір ешкі алып сойып, оны Апақтың кемпіріне асқызады.
Өздері оны-мұны айтып, әзілдесіп, қалжыңдасып отырып, «Бісміллә» деп піскен етке енді қолдарын сала бергенде бұрыштағы бүк түсіп жатқан шал қозғалақтап, орнынан тұрады. Қолында ішіне өзек салып өрген он алты өрме қамшысы бар, көзі шатынап, өзі қалшылдап кеткен. Сол отырған жерлерінен тұрғызбай, ақырып, әлгі жігіттерді қамшының астына алады. Ағатайлаған жігіттерді айызы қанғанша сабап алып, жөнін айтады.
– Балалар, бұдан былай үлкен адамға сәлем беріп, сыйлап жүріңдер, ал тамақтарыңның шырқын бұзғаныма айып етпеңдер, – деп қайтадан бүк түсіп, бұрыштағы орнына жатып қалыпты. Аналар Апақтың аяғына жығылып, кешірім сұрапты.
***
Өтеміс ішіндегі әңгіменің көбі Шоңайдан қалған ғой. Шоңай Дүйсебайдікіне бір күні кешқұрым жеті адам сау етіп жетіп келеді. Ішіндегі біреуінің мықты кісесін байқап қалған үй иесі жөн сұрайды.
– Қай елсіңдер?
– Өтейміз.
– Е, жарайды, онда қоныңдар. Қонақтарын күтіп, аттарына шөбін салып, ертесінде әлгі өзінің көзі түскен кісені буынып алып:
– Сендер кеше өтейміз дегенсіңдер. Қондырып, күткеніміздің өтеуіне осы кісе жарап жатыр, – деп кісені алып қалыпты.
Өтейлер еліне барып «осылай да осылай» деп әңгімелерін айтады. Сонда бір пысықай пұшық жігіт ашуланып: «Өй, жаман Өтеміске кісені беріп… мен екі есе ғып қайтарып берем» деп, біраздан кейін олар біздің елге қайтадан жолға шығады.
Ұзынқұлақ арқылы бұл әңгіме Дүйсебайға жетеді. Содан ол қазіргі Мамай батыр ауылынан бір пұшық жігітті шақыртып алып:
– Балам, сен маған бір жұма қой жайып бер, ақыңды толық төлеймін және намыстанба, мен сені қорлап отырғам жоқ, екі ауыз сөз үйретем, соны айтып берсең болды, – дейді. Жігіт келіседі.
– Осы екі-үш күннің ішінде мына жолмен жеті жолаушы келе жатып, өзіңе жолығады. «Мына қой кімдікі?» деп сұраса, «Дүйсебайдікі» де. Іштерінде тұмсығын құрт жеген пұшық бір кісі болады, соған «Ой, бажа, аманбысың» деп құшақтап амандас. Пұшық «Өмірде көргем жоқ сені, бажаң не, аулақ ары» деп қашқалақтайтын болар. Сонда сен «Апыр-ау, құрттың үлкен қызын сен алғанда, кіші қызын мен алмап па едім, бажа емеспіз бе» де, – деп тапсырма береді.
Қойшы жігіт Дүйсебайдың айтқандарын бұлжытпай орындайды. Сонда Өтейлердің пысық пұшығы:
– Әй ақсақалдар, тоқтаңдар, мен қателесіппін. Мынаның жаман қойшысының айтып отырғаны мынау, бұлар бізге жеңдірмейді екен, – деп аттарының басын кері бұрыпты.
***
Осы өңірдегі атақты Әлхан қазы (хорунжий) баласы Сіләмнің (1908 жылдары қайтыс болған) төрелікке отыруына орай той жасап, игі жақсыларды шақыртады. Астан соң Әлхан ақсақал «Өтеміс бабаның баласы ғой, батаны Дүйсебайға бергізіңдер» деген соң, Сіләм бата сұрайды.
Сонда Дүйсебай:
«А, Құдай, алдымен өзімді жарылқа,
Одан кейін Көкжарлы,
Саржомартты жарылқа.
Әлхан, Қауменді қайтсең сөйт, Аллаһу ақбар»! – деп бетін сипапты. Ашуланып, Дүйсебайға дүрсе қоя бермек болған Сіләмді әкесі тоқтатып:
– Әй, Сіләм, мен сені жетті ғой деп жүрсем, әлі жете қойған жоқ екенсің, анау кімді жарылқа деді? – деп сұрайды.
– Саржомартты деді.
– Сен кімсің?
– Саржомартпын.
– Енді не шатылып отырсың, – деп ұрсып, қойғызыпты.
***
Әлханның қарапайым ғана, төрелігі жоқ, кейде ақыл қосып жүретін Бағлан деген досы болыпты.
Сіләмнің жеткен кезі, Әлхан қартайған, сырқат екен. Өзі кедей болса да Әлханның кезінде көбірек жер алып алған сол Бағланға Сіләм «Ана жерін пәленге, мына жерін пәленге берсін» деген сәлемін айтып, кісі жібереді. Осындай сәлеммен үш рет кісі жібергенде Бағлан не «иә», не «жоқ» деген жауап қайтармайды. Ақыры Сіләмнің өзі келіп: «Малың аз ғой, жеріңді өзгелерге бер деп едім, неге бермейсің?» – дейді.
Сонда Бағлан Сіләмнің бетіне қарап тұрып, жатып кеп күліпті. Сіләм ол кісіден күлкісінің жөнін сұрайды.
– Сенің екі жасар кезің еді, – дейді Бағлан. – Бұтыңда дамбал жоқ, ойнап жүруші ең. Бір күні сені ұстап алып, насыбайыңнан сүйгенде әкең ақырып: «Қоя бер андағыны, ертең өскенде сенің аузыңды пәленше ететін тақ сол болады» деп еді. Неткен әулие, пайғамбар кісі еді әкең, – депті.
***
Тағы сол Шоңайда Қайырбек деген көріпкел адам Қараужасық (Самар) жаққа сонарға шығыпты. Кешке тоқтаған үй иелері қонақасыға қой сойып, тамақ асады. Сонда Қайырбек қойдың жауырынына қарап отырып, жолдастарына:
– Тастаңдар табақты, тез аттарды ерттеңдер, қайтамыз, – дейді…
Сол кезде ауылда да Жауыр атты көріпкел адам бір баланы атқа мінгізіп, жол торытып қояды. «Қайырбек үйіне келгенде маған айт», – деп мазасызданып, ұйықтай алмапты.
Түн ортасынан аса «Қайырбек үйіне келді» деген хабарды естіген соң, Жауыр көз іліпті.
Ертеңінде күн шыға, сап-сау
Қайырбек қайтыс болыпты. Не деген
қасиет десеңші, сонда осы болар жағдайды екеуі де біліп, болжап отырыпты ғой, жарықтықтар.
***
Атақты Мұса болыс сынамақ болған болуы керек, темірден түйін түйетін Кеңесбай ұстаға:
– Менің Туыш кер атымды тез тағалап берсін, – деп шұғыл сәлем айтады.
Кеңесбай жедел төрт тағаны соғып, алып барады. Мұса оны гірге өлшеттіргенде біреуінің салмағы сәл ғана артық тартады. Кеңесбай әлгі тағаны ала кетіп, қырнап кайтадан апарғанда алғашқы үшеуімен дәп-дәл болып шығады.
Сол Мұса болыс бірде Өтемістің ұсталарына пышақ соқтырып, бәйге ұйымдастырады. Ағынды суға қошқардың қатып қалған күйегін ағызып, оның жолына ісмерлердің пышақтарын қойғызады. Сонда басқа ұсталардың пышақтарын айналып өткенде, Кеңесбай ұстаның ұстарадай пышағы әлгі күйекті ортасынан қақ бөліп, бас бәйгеге ие болады.
– Жарықтық, Кеңесбайға соқтырып алған мүйіз сапты бір пышақ менде де бар еді, өздерің балыққа апарамыз деп жоғалттыңдар, – деп әкем әңгімесіне өзінің өкінішін де қосып қойған еді…
***
Тұйықта шөптеміз. Ихсан, Бекен, Уәш бар, мен бар – отаудамыз. Бір уақытта алыстан бір салт аттының қарасы көрінді. Жігіттердің біреуі ол кісінің Шәкер екенін шырамытты. Жасында айтулы палуан болған, жаны жайсаң, қолы ашық, мейірбан ағаның аздап шау тартқан шағы. Он үш-он төрттегі жалғыз ұлы Бүркітбай осы шөпте болатын. Ерігіп отырған бізге ермек керек, шөмеле жіберіп жүрген Бүркітбайды тез шақырып алып, қолына ұзын отау айырды ұстатып, шөп лақтырттық.
Шәкең аяңдап жанымызға келді. Амандық-саулықтан соң:
– Шәке, ұлыңыз азамат болды. Міне, отауға шөп лақтыруға жарап қалды, – дейміз ғой, баяғы.
– Көрдім. Рақмет, балалар, – деп, көп сөзге жоқ палуан торысын тебініп, ары қарай аяңдап кетті…
Кеш бата Бүркітбай ауылды аралап, барлығымызды қонаққа шақырды. Әзіл-шыны аралас біздің қазақы қалжыңымыздың емеурінін жақсы түсінген, сөз қадірін білетін Шәкер ақсақал өз ұрпағының азаматтар қатарына қосылғанының ырымын жасап, «үлкендердің батасын аламын» деп, қойын сойып, арақ-сырасын қойып, бір дүрілдеткеніміз бар. Сол кездегі не деген дархан көңіл, қандай сыйластық десеңші…
***
Шырт ұйқыда жатқан Сыдық түн ортасында біреу жамбасына біз сұғып алғандай атып тұрып, киіне бастады.
– Палуан-ау, не болды, – деген бәйбішесіне:
– Соңынан естірсің, – деп жауапты шолақ қайырады да кермедегі сүлік қараны асығыс ерттеп, Манаттан суыт аттанады.
Ол кезде Әбікенің Сыдығы сельсоветтің бастығы екен. Кәнпеске, колхоздастыру деген құлаққа жат сөздер шыға бастаған, бірінен-бірі үркердей заманнан зәрезеп болған бәйбішесі көршісіне жүгіреді.
Тарғынға жете бере Сыдықты артынан жалғыз қара қуып жетеді. Астындағы Ақбозы сүмек болыпты. «Сен жалғыз кетті деп естіген соң серік болайын деп келдім». Қуанбағанмен, көршісі Кәленнің ниетіне Сыдықтың жүрегі жылып қалды.
– «Октәбірдің он жылдығына Кемпірқорада (қазіргі Баяш ауылы) күрес болады» деп ұзынқұлақтан естіп едім, бірақ анық хабарын біле алмай жүргем. Мана, түсімде бір ақсақал аян берді, дауысын ап-анық естідім. «Тұр, күрес өтіп кетеді» деп саңқ ете қалғанда, шошып ояндым, – деп палуан жанындағы серігіне өзінің ауылдан суыт аттанғанының мәнісін айтты.
Тарғында, тап күре жолдың үстінде таң алакеуімде жолаушыларды Сыдықтың бір жамағайын апайы күтіп тұр екен. «Сені күреске бармай қалмас» деп өзім де ойлаған едім. Асығыс екенсіңдер, жолдарыңды бөгемейін» деп кейуана ақ жол тілеп, бұларға бір-бір тостаған қымыз ұсынады.
Күн найза бойы көтерілгенде бұлар Кемпірқораға, қаптаған қара құрымның шетіне де ілігеді. Екі қолын артына алып, қатты мазасызданған Баяш Өтепов Сыдықты күтіп жүр екен, бірден бұлардың шылбырына жармасып, күрес өтетін жерге алып келеді. Бұлар келгенде Сыдықтың қарсыласы Семей жақтағы Матай ішінен келген бас палуан Өкірешті екі адам қара тайға мінгізіп, ары-бері қыдыртып жүр екен. Денесі шойыннан құйғандай, иықты, бура сан, бұлшық еттері ойнақшып тұр. Өзіне-өзі сенімді, сырықтай ықшам денелі Сыдыққа менсінбегендей жоғарыдан тәкаппар көз тастайды.
Сыдық ешқашан жалаңаш күреспейтін. Осы жолы да түйе жүн шекпенінің бір жеңін ғана босатып, қатты буынған беліне қыстырып қояды. Өкірешті де екі адам сүйемелдеп, тайдан түсіріп, ортаға әкеледі.
Мерекеге жиналған жүрттың барлығы дерлік осында. Екі палуанды меншіктеп алып, әлден салғыласып жатқандар да бар. Күрес басталды дегенде жапа-тармағай бір лап қойып, төрешінің айқайынан кейін қайта кері ығысады. Алдыңғы қатардағылар тізерлей отырып, соңғы жақтағылар мойындарын созып, барлық назарлары ортадағы екеуге ауған.
Сыдықтың қимылы шалт. Өкіреш те тәкаппарлықты қойып, қарсыласын мойындай бастаған сияқты. Қолына іліксе езіп жіберердей алыстан ұмтылады. Сыдық болса бұлт етіп екінші жағына шыға қалады. Бір кезде екеуі де белдесіп, тіресіп тұрып, итжығыс түседі. Қайта көтерілгенде Өкірештің бір қолына топырақ уыстай тұрғанын Сыдықтың көзі шалып қалады. Оны қарсыласының көзіне шашу үшін алғаны белгілі. Көрермендер де байқап қалыпты, алаңның маңайы у-шу болып кетеді. Өкіреш топырағын тастайды. Енді халықтың пейілі өзіне ауғанын сезген Сыдық аруақтанып кетеді. Өкірешке жолбарыстай атылады. Белінен қатты қысып тұрып, сызықтан бері жұлып алады. Арғы жағын өзі де білмейді, сілтідей тұнған жұрттың жер жарардай ду ете қалған айқайын естігенде құлап жатқан Өкірештің басынан аттап барады екен…
– Сонда селкілдеген Сыдықты екі адам екі жағынан ұстап, киіндіре
алмай, жыларман болыпты, солардың өз ауыздарынан естідім, – деген еді әкем, – Ой-пой, Сыдық кейін Самар жақтан Кәрімғазымен, ұландық Ботажанмен, Бозанбай атамен күресіп, жауырыны жерге тимей өтті ғой, әттең осындай адамдарды жазатын кісі жоқ, кейінгі ұрпақ елінің, жерінің тарихын білмей өсетін шығар…
Жарықтық соңғы рет 1947 жылы тағы да Өктәбір тойында күресіп, содан жеті жыл сал болып ауырды ғой, «көз тиген» дейді біреулер…
***
Тайынты, Манатта аузы дуалы, өз елінде танымал ақындар да аз болмаған. Соның бірі дүниеден тым жас кеткен шоңай Сақатай ақын екен.
Оның он-он бір жастағы кезі болуы керек, танымал Тұрғынбай ақын Сақатаймен айтысып, жеңіле береді. Сонда Сақатайдың атасы Жолымбетке келіп:
– Жәке, сынайын деп бірнеше кездесіп едім, балаң шалдырмады, тегі ұзаққа бармас, – дейді.
– Сақатай Самар жақтағы Қараужасық ішіне шешесімен бірге қонақтап барып, бір «жамбасы жерге тимеген» өлеңші әйелмен айтысып, жеңіп шығады. Сонда сол топта отырған үлкен бір бәйбіше «Әй, балам, тусаң ту!» деп арқасынан қағыпты. Сақатай аяқ астынан ауырып үйге келген соң қайтыс болыпты. Деңесін жуарда қараса баланың арқасында алақандай қара дақ қалыпты.
***
Тағы да Шоңайдан шыққан Баянды деген адам болған екен. Бірде үй-ішіндік кикілжің болған болуы керек, сонда әйелі оған: «Осы сен өлгенде жыламаспын», – дейді.
Әлгі әңгіме ұмытыла бастаған бір күні Баянды Ақтеке деген құрдасын шақырып алып: «Мен ертең өлем, өзің күтуші боласың, менің жаныма өзге ешкімді жолатпа. Тек шомылдырар кезде бас жағыма Түгелді қой», – дейді. Түгел де құрдасы екен.
Айтқандай, ертеңінде Баянды бала-шағасын шулатып, «кенеттен дүние салады». Әйелі керегеге бетін жыртып, дал болып жылайды. Мүрдені шомылдыра бастағанда «Алла тағала маған Түгелді ала кел деп еді», – деп сұлап жатқан Баянды бас жағында отырған құрдасын бас салады. Содан соң оны жібере салып, бетін жыртып отырған әйелін шашынан жұлып, оңдырмай сабапты…
***
Әкем бір сәт сонау жастық шағын сағына есіне алғандай бір сәт үнсіз қалды да, «ұлым саған айтам, келінім сен тыңданың» кебімен:
– Өтемісте әңгіме де, тарих та көп қой. Сонау 16-жылғы Жетпістің Сағымбайы бастаған «Орай шап» көтерілісі, өзінің көзі көрмесе де көңіл көзінің көрісі ересен болған Еламан ақын, өздерің шөпте таң атқанша қиссалар айтқызатын Шегірдің Әжібегінің жыршылығы, тазы ертіп, қыран бүркіт ұстаған атақты Отыншы саятшы, небір «сен тұр, мен атайын» деген сөзуар, тапқыр, әулие, көріпкел адамдар өткен ғой. Шіркін, соларды жазатын адам жоқ, тым құрығанда артындағы ұрпақтары естеріне алып жүретін, – деп, замандастарының соңында қалғанына өзі кінәлідей сезінген әкем марқұм, сол бір заманына деген аңсарлы сағынышын «уһ-һ!» деген ұзағырақ күрсінісімен білдіруші еді. Оның мұнысы бүгінгі әңгіме осымен бітті дегенді аңғартатын. Ондай кезде мен әкемді өз ойларымен жеке қалдырып, мазаламауға тырысатынмын…
Айтмұхамбет Қасымов,
журналист-жазушы
Өскемен
ПІКІРЛЕР1