Қазақстан Жазушыларының XV Құрылтайына қатысушы қаламгерлердің ҮНДЕУІ
Тәуелсіздіктің ширек ғасырын артқа тастап, жаңа тұрпатты мемлекетке айналып, төрткүл дүниеге тұтас танылған еліміз дамудың жаңа кезеңіне өткені баршамызға белгілі. Осынау тарихи сәтте қолына қалам ұстаған жазушы қауымының иығына түсер жүк те жеңіл емес. Бұл ретте бізге мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы темірқазық болуы тиіс. Мемлекет алдындағы осынау абыройлы міндетті атқару – басты парызымыз.
Ұлт алдындағы жауапкершілігін толық сезінгендіктен де біздің жазушылар қауымы қандай қысылтаяң жағдайда да қолынан қаламын түсірген емес. Бұның барлығы ардың ісіне деген адалдықтың жарқын көрінісі. Соңғы жылдар ішінде әдебиетіміз көптеген жас таланттармен толықты. Олар өз заманының, өз дәуірінің үнін арқалап келгені сөзсіз ақиқат. Әрине жас таланттар өзіндік жаңалығын да алып келді. Осынау кезең ішінде әдебиетіміздің жаңа көкжиекке шығуы да заңдылық. Ақын-жазушы атанған әрбір әріптесіміз тәуелсіздіктің баяндылығы жолында еңбек етіп, тер төгетін бір-бір сарбаз екені – ел білетін шындық. Әлемдік саясаттан өзіндік орнын алып, экономикасы дамыған елдің рухани кемел болуы да ләзім. Елдің рухани кемелденуі де қаламгер қауымының тынымсыз еңбегімен байланысты. Осы тұрғыдан алғанда жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, мемлекетшіл азамат болып өсуі үшін жазушыларымыз аянып қалған жоқ. Ғабит Мүсіреповтің «Әдебиет ұлы болмай, халық ұлы болмайды», – деген сөзін ұмытқан жоқпыз. Ұлыларымыз керегесін тұрғызып, уығын көтеріп, шаңырағын тіккен қасиетті ордамыз – Қазақстан Жазушылар одағының заманға сай жұмыс істеп келе жатқаны шындық. Алаш арыстарының аманаты болған алтын төрімізді осыған дейін абырой-беделімен осы күнге жеткіздік. Алдағы уақытта да адалдық танытып, келесі ұрпаққа аман-сау табыстау әрқайсымыздың адамдық-азаматтық һәм қаламгерлік борышымыз. Ынтымақ-бірлігімізден айырылмасақ алдағы уақытта да осы абырой биігінен табылатынымыз анық.
Қоғамымызда болып жатқан әрбір ірі оқиғалар мен тарихи сәттердің барлығында да Жазушылар одағы өзіндік үнін қосып келді. Сындарлы сәтте тыс қалған кезіміз жоқ. Алдағы уақытта да дәл осылай жұмыс істеуіміз керек.
Ұлттың ұлы байлығы болып саналатын әдебиетімізді уақыт талабына сай жаңартып, жаңғыртып, байыту – қасиетті борышымыз. Бұл істе өзін жазушы, ақын санайтын әрбір әріптесіміз аманаттың ауыр жүгін абыроймен арқалай білді. Бұл да біз үшін үлкен жеңіс. Күні кеше тұрмыстың соңынан кеткен оқырман қауым бұл күнде туған әдебиетіне бет бұрды. Мемлекет тарапынан жасалынып жатқан жанашырлық та жоқ емес.
Саналы ғұмырын сөз өнеріне арнап, әдебиетімізге ақ-адал қызмет еткен, бұл күнде о дүниелік болған әріптестеріміз мәңгі жүрегімізде. Олардың соңында қалған бай мұраларына жанашырлықпен қарап, қайыра басылып, қайта жарық көруіне мейлінше көңіл бөлінуде. Уақыт сүзгісінен өтіп, мәңгілік өлмес, өшпес мұралар санатына кірген шығармаларды уақыт өткен сайын жаңа оқырманға, жас ұрпаққа ұсынып отыру да біздің басты парызымыз.
Қазақстан Республикасы
Президенті Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек», – деп атап айтты.
Осы орайда, әдебиетімізді оқырман қауым мен уақыттың сұранысына жауап беретін шығармалармен байыту – біздің бірінші міндетіміз. Осы жолда жеңіске жеткен, жеміске кенелген барлық қаламгерлерді қызу құттықтаймыз. Өйткені, біз ұлттың рухани көшінің қозғаушысы екенімізді есімізден шығарған емеспіз.
Кемеліне келген еліміздің
тәуелсіздігі баянды, болашағы жарқын болсын!