Әлемдегі ең Ұлы соғыс – Рух соғысы екенін ұмытпа!
Жанна Д’АРК, революционер.
Тарих – жақсы ұстаз, бірақ оның шәкірттері әлсіз.
Индира ГАНДИ, саясаткер.
Мода өтеді, алайда стиль қалмақ!
Коко ШАНЕЛЬ, модельер.
Өміріңдегі ең Ұлы сәттердің қадірін бәрі өткен соң білесің.
Агата КРИСТИ, жазушы.
Жаратушының қалауы – Сіз ойлаған, не жоспарлағаннан да биік дүние.
Опра УИНФРИ, журналист.
Даңқ дегеніңіз – түтін секілді.
Анна АХМАТОВА, ақын.
ХАДИША АНА
Хадиша анамыз – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) жары, ислам және Әлем тарихындағы беделді әйелдердің бірі. Адамзаттық асыл тәжі – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хадишаны ерекше құрметтеп әрі әркез: «Ер адамның жүрегінде тек бір әйелге орын бар!» – деп жүреді екен. Хадиша анамыз Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) үшін ең керемет әйел ғана емес, адал дос және исламды таратуда таптырмас көмекші бола алған. Тіпті, ол дүниеден өткеннен кейін де Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) анамыз жайлы махаббатпен еске алып, Аллаға шексіз алғыс айтумен болыпты. Хадиша анамыз өте бай әрі өзі саудамен айналысқан екен. Оның әкесі құрайыш тайпасынан шыққан көпес-тін. Ол өз әкесінен сауда ісін жүргізуді үйренеді. Әкесі қайтыс болған соң, оның ісін мұра ретінде иеленіп, алыс-жақын елдерге сапар шегіп, тек ең сенімді, әділ, қауіпті сауда жолына төзе алатын ерлерді жұмылдыруды көздейді. Дәл осы сауда ісі Хадиша анамыз бен Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) табыстырған-ды. Хадишаға ақылмен және білімімен керуендерді басқа қалаға алып жүретін адам керек еді. Осы мақсатта қажет адамдарды табу үшін Меккеге бірнеше рет адам жіберген-ді. Арада көп уақыт өтпей, сенімділігі, көркем мінезімен танылған Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) есімді жас жігіт жайлы естиді. Бұл жағдай Хадишаны қатты қуантады. Хадиша оған жұмыс ұсынып, керуенді басқаруға жіберді. Бірнеше күн өткен соң Мұхаммед сауданы бітіріп, Меккеге көп пайдамен оралады. Хадиша Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әркез жанынан табылды, оны қолдап, оған адал болды. Анамыз – Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) Алланың соңғы елшісі ретінде қабылдап, Хақ дінге алғаш мойынсұнғандардың бірі!..
ДОМАЛАҚ АНА
Қазақта елге ұйытқы, ерге серік бола білген аналар аз емес. Солардың бірі де бірегейі – Домалақ ана. Осынау бір ұлы кісінің кейінгі ұрпаққа өнеге болар ісі өте көп. Жастайынан бауырмал да мейірімді боп өскен Домалақ ана маңына шуақ шашып, барынша кішіпейіл, алдағы күннің жайын ойлап, айтар сөзі ақиқатқа айналған болжампаз қасиетін құрметтеген ұрпақтары сол заманның өзінде-ақ оның атын тікелей атамаған екен. Ел аузындағы ол кісі жөнінде аңыз-әңгіме өте көп…
Бәйдібек би бабамыз уақытында жайлауында үйір-үйір жылқысы, отар-отар қойы өрген, шығыс пен батысқа керуендер жүргізген асқан бай адам болыпты. Бірде Алатау асып келген қалың жау Қаратау жонын жайлап отырған бидің ауылын шауып, сан мың жылқысын түре айдап кетеді. О кезде Бәйдібек би бастаған ел азаматтары ауылда болмаса керек. Содан «жау шапты» деген хабарды естіп, бабамыз елден жасақ жиып, қасына үлкен әйелі Сары бәйбішеден туған алты ұлын алып, аттанғалы жатқанда Нұрила анамыз: «Малдың құты – бие қолда! Амандық болса, алты күннен соң жылқы жауға қайыру бермей өзі ауылға келеді. Артынан қумаңыз! Тілегім – осы!» – деп белдеуде байлаулы тұрған биені көрсетіпті. Бірақ жауға кектенген батыр әйелінің тілін алмай, кетіп қалады. Бәйдібек би жасағы алдыдағы асуға жетіп, жауға қырғын ұрыс салыпты. Алайда, жасанып келген жау аттанға ілесіп атқа қонған аз жасаққа теңдік бермепті. Би соғыста қаза тапқан алты ұлын сондағы жазыққа жерлеп, кері қайтады. Арада алты күн өткенде байлаулы тұрған бие жер күңіренте дүлей күшпен кісінеп, сол күні кеш шамасында шығыстан қалың шаң көтеріліп, ұзамай бабамыздың қалың жылқысы көрінеді…
Маргарет ТЭТЧЕР
Әлем жұртшылығы Маргарет Тэтчерді «Темір леди» деп «Красная звезда» басылымы журналисінің мақаласынан кейін атап кетіпті. Бұл лақап ат Ұлыбритания Премьер-министрінің Совет одағының саясатын сынағаннан соң артынан ерген-ді. Әлгі ат Тэтчердің көкейіне қона кетсе керек, сұңғыла саясаткер өзінің ең ілкі сайлауалды науқанында: «Британияға «Темір леди» қажет!» – деп ұрандатыпты. Бүгіндері «темір леди» деп жоғары лауазымдағы қызметте, бизнесте, не ешкімге бағына қоймайтын, бірбеткей азаматшаларды атайтын ғадет қалыптасыпты. М.Тэтчер бакалейщик отбасында дүниеге келген соң, онда ешбір титул, ешбір дәреже, қылаяғы қаржы да болмаған екен. Алайда, соған қарамастан ол ел басқару ісіне араласып, жалпақ Жаһанға танылды. Саясат сахнасында жеңіске жету үшін оған асқан шыдамдылық пен тұрақтылық қажет еді. «Темір леди» тек елтұтқа ғана емес, отбасында да абыройлы-тын. Ол жолдасы – сэр Дэнис Тэтчермен ұзақ жыл бақытты өмір сүрді. Бас айналдырар мансап Тэтчерге ұл-қыз тәрбиелеуге кедергі келтірмеді. Кейіндеу ол өз естелігінде: «Арқасүйер жолдасым болмағанда Премьер-министр дәрежесіне дейін жетпес ем», – деп ағынан жарылады.
Мэрилин МОНРО
Ол мына жалғанда бар болғаны отыз алты жас қана тіршілік кешті. Бірақ, тарихта қалды! Монроны сол кездегі Американың символына балағандар да бар еді. Өнерпаздың өмір жолы тақтайдай түп-түзу болды деп айтсақ, қателесер ек. Ұлы актрисаның анасы киномонтаж саласында еңбек етіпті. Шешесі қызын жастайынан-ақ өнер жолын қуады деп шешкен. Шын аты – Норма Джин!.. Монроның анасы жындыханаға түскен соң, актриса үйден-үйге көшіп жүріп, ақыры балалар үйіне кеп тұрақтайды. Сол кездері бай-бақуатты тұратын балалар оларға саусақтарын шұқшитып: «Жетімдер келді, жетімдер!» – деп кекетеді екен. Сол сәттен бастап Монро тек өзіне ғана сену керектігін ұғынады. Он төрт жастағы Монро өмірді танып, алуан қиындықты басынан өткеріп, ерте есейеді. Тұстастарының оның бойындағы бағалайтын ең игі қасиеті – құлшыныс пен өзін-өзі дамыту еді. Қыз кезінен киноактрисалардың қимылын қайталап, айнаның алдынан шықпайтын болған-ды. Өзін-өзі жетілдіру арқасында кекештіктен құтылу үшін күнде қолына кітап алып ап, барынша даусын шығарып оқитын болған-ды. Бірде Монро Эйнштейнге: «Мен Сіздей Ұлы физиктен бала сүйгім келеді!» – дегенде, ғалым: «Ойыңыз – орынды! Алайда, оның асқан сұлу бола тұра, ақымақтау болғанын қаламаймын!» – десе керек. Бірақ, Монроны тым ақымақ әйел дегенге де қимайсың! Иә, қателік көп жібергенімен де онысынан сабақ алып отырған. Әйел бола тұра, сондай биікке көтерілу – бақ! Ұлы тұлғаның ең үлкен қорқынышы – бір сәтте-ақ ешкімге қажетсіз боп қалу еді…
КЛЕОПАТРА
Бұл есімді білмейтін адам кемде-кем! Клеопатра – Мысырдың патшайымы боп қана қойған жоқ, ол өз патшалығын римдіктердің тегеурінен құтқаруға тырысқан Ұлы адам. Және оның Әлемге әйгілі Гай Юлий Цезарьмен Марк Антоний арасындағы байланыс та алуан-алуан аңызбен астасқан. Патшайымның өмірінде қызықты деректер өте көп. Мәселен, ол он сегізінде тоғыз жастағы інісі – Птоломеймен некелеседі. Ал, медик Галеннің сөзіне сенсек, Клеопатра космологиямен шұғылданып, Цезарь шашының түсуіне тосқауыл боп, ем-дом жасаған екен. Көбісі патшайымды сұлу деп ойласа керек. Дегенмен, тарихшылардың көбі өзге пікірде. Кембридж университеті ғалымдарының болжамына сай, Клеопатра аса әдемі әйел болмапты. Және, оның өлімі әлі күнге дейін құпия түрде қалуда. Бірі, оны у ішіп өлді десе, енді бірі ажалы кобрадан деседі…
Валентина ТЕРЕШКОВА
Валентина Терешкова – космонавтика тарихына өз атын алтын әріппен жазған кісі. Расында да, ғарыш кеңістігіне шығу – оңай дүние емес. Одан бұрын, егер Аспанға ұшқан кісі әйел болса, тағы! Шаруалар отбасында дүниеге келген Терешкова бала кезінен-ақ Көкке ынтызар боп өседі. Ғарышкердің балалық шағы ауыр жылдар, азапты кезеңге тап келіпті. 1939 жылы әкесі Кеңес-фин қартығысы кезінде өмірден озады. 1945 жылы мектепке барған Валентина, жетінші сыныптан соң еріксіз оны тастап, Ярославлдағы зауытқа жұмысқа тұрады. Он жеті жасында сол қаладағы аэроклубқа жазылып, ұшудың қыр-сырын меңгере бастайды. Әсіресе, Терешкова парашютпен секіргенді жанындай жақсы көрген. Жалпы, бас-аяғы ол 163 рет парашютпен секіріпті. 1963 жылы «Восток-6» ғарыш кемесіне отырып, беймәлімдеу кеңістікті жалғыз өзі шарлап, шартарап жұртшылығын таң-тамаша қалдырады. Терешкованың күйеуі де ғарышкер екен: Андриян Григорьевич Николаев.
Ирена СЕНДЛЕР
Ирена Сендлер (Кшижановская) – тек әйелдер үшін ғана емес, жалпы адамзат үшін өте аяулы есім. Поляк халқының тумасы Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде екі жарым мыңға жуық баланы Варшава геттосынан аман алып шыққан. Бұл ерлікті атап өтпесек болмас деп түйдік. Оның өмірі таңғажайыптарға толы. Ирена Гитлер басқыншылығынан азап шеккен еврей балаларына көмектескен екен. Сонда батыл әйел бүлдіршіндерді көйлегінің астына, кейбірін артына жасырып, жау шеңгелінен аман алып қалып отырған-ды. Бұл әрекеті үшін Сендлер өзін ауыр жаза күтіп тұрғанын біле тұра, ісін ары қарай жалғастыра беріпті. 1943 жылы ол ұсталып, түрмеге түседі. Онда фашистер Иренаны қатты қинайды. Сөйтіп, ату жазасына кесіліп кетіп бара жатқан жерінен амалын тауып, құрбы-құрдастары көмектесіп, қашып шығады. Бірақ, Сендлер құжат бойынша «атылған» боп саналып, өңге фамилияны иеленуге мәжбүр болса керек. Ол құтқарған балалардың аты-жөнін қағазға жазып, бөтелкеге салып, тығып сақтап жүреді. Ержүрек әйел 2008 жылы 99 жасқа қараған шағында өмірден озады. Нобель сыйлығына ұсынылғанмен, белгілі бір себептермен алмай қалады.
Малала ЮСУФЗАЙ
Ол – Әлем әйелдерінің білім алуы үшін күрескен және сол үшін Нобель сыйлығын алған ең жас лауреат. Малала 11 жасында арнайы Би-Би-Си үшін жазған блогы арқылы Жаһанға танылады. Онда пәкістандық қыз талибандар режимі, елдегі саяси ахуал мен білімсіздік жайлағаны жөнінде ашына жазады. 2012 жылы Малала кетіп бара жатқан автобусты кенеттен лаңкестер тоқтатып, соны іздеп жүргенін айтып, бәрін тінтіп, тергей бастайды. Сонда іздеп жүрген адамы өзі екенін айтқанда лаңкестер оқ атып, оны қатты жарақаттайды. Қыз комаға түсіп, ұзақ уақыт бойына есін жия алмай жатады. Ақыры Пәкістаннан Англияның Бирменгем қаласына ауыстырылып, ота жасалынып, ол Ажал аузынан қалады. 2013 жылы Малаланы Барак Обама «Ақ үйде» қабылдайды. Ал, 2014 жылы ол он жеті жасында Нобельді иеленеді.