Адамзат дағдарысы және еңбек құндылығы
Біздің орта тап туралы түсінігіміз бастауыштық баспалдақта. Себебі, социологиялық қатаң талаптар түсінігіндегі орта тап бізде әлі қалыптасып біткен жоқ. Оны нақты бір құрылған жік ретінде суреттеу де мүмкін емес. Әрине, біздің елде көпшіліктің өзін бай-бақуатты санайтын бір мінезі бар. Жоқ-жітіктің «барыма шүкір» дейтін болмысы туралы көп айтудың да қажеті жоқ-ау. «Екі қолға табылған бір күректі» «бар байлығым» деп есептеп, ілініп-салынып күн көрудің жақсы, әлде жаманы жайлы ұзаққа толғаудан да аулақпыз. Көрші мемлекеттегі статистикалық сарап «Ресейде 2,5 млн. күзетші жұмыс істейтінін» айтады. Былай қарағанда, тұтас бір қаланың тұрғынын құрайтын сан. Бұл мәселеге басқаша үңілсең, 2,5 млн. адамның мұғалім, дәрігер, не инженер бола алмауы қоғамға қандай ауыртпалық жүктейтінін ұғасың. Өзге елдің мысалы өзімен кетсін десең де, біздің халықтың да еңбек құндылығын сезіну жағдайын тергеп, тексеріп жатқан кім барын білгің келетіні бар. Себебі, еңбек сапасы – сол елдегі ең тұрақты топ – орта тап өкілдерін қалыптастырады ғой.
Қарагөз СІМӘДІЛ
Орта тап туралы әңгіме ХХ ғасырдың басты тақырыбы болса, біздің заманымызда ол саяси және экономикалық тұрақтылықтың ең басты көрсеткішіне айналды. Адамдар арасындағы тұрақтылықтың кепілі – орта тап өкілі дегенді қолдайтындар көптеу. Әлеуметтанушылар орта тап туралы айтқан кезде, оның табысына баса көңіл аударады. Яғни орта тап өкілі тапқан табысына жаңа көлік, жақсы пәтер сатып ала алуы, жылына бір рет жақсылап демала алуы және емделе алуы тиіс. Социология классигі Макс Вебер әлеуметтік жіктелімнің үш негізгі критерийі – табыс, мәртебе және билік екенін айтады. Дәл осы үш критерий адамның әлеуметтік сатыдағы орнын белгілейді. Мәселен, ЖОО-да сабақ беріп жүрген профессор, жұмысын тастап, базарда сатушы бола алады, бұдан оның табысы өсуі мүмкін, бірақ мәртебесі төмендемей ме? Вебер көрсеткен орта тап өкілін сипаттар болсаңыз, бүгінгі таңда біраз қайшылықтарға кенелеріңіз хақ.
Заманауи сарапшылар да орта таптың негізгі критерийі – тұрақтылық екенін айтады – яғни орта тап өкілінде тұрақты өмір салты болуы керек. Оның тұрақты жұмысы, тұрақты отбасы болуы тиіс. Орта таптың өкілі тұрақты болғандықтан психологиялық тұрғыдан да мықтырақ болып келеді. Кедей адам психологиялық тұрғыдан қанағаттанбайды, сондықтан әлеуметтік жарылысқа, тұрақсыздыққа бейім дейді сарапшылар. Ал, өте ауқатты адам әркез күдікшіл келеді, қоғамның тұрақты дамуы үшін, жан-жағы түгел тұрақты – «төрт құбыласы тең» орта тап өкілінің көбеюі не үшін маңызды екені осыдан білінетін шығар.
2002 жылы Бүкіләлемдік банк «Әлемдік деңгейдегі орта тап» анықтамасын жасап, орта тап өкілі күніне 10-50 доллар (жылына 4-17 мың доллар) таба алуы керегін айтқан болатын. Одан бергі онжылдықта бұл межеден шыққан, яғни мемлекет тұрғындары ішінде орта тап өкілдерінің санын арттыра алған елдер де бар. Goldman Sachs зерттеулеріне қарағанда жаңа орта тап өкілдерін көптеп қалыптастырып жатқан елдер – Бразилия, Үндістан, Қытай және ОАР, сонымен қатар, Египет, Филиппин, Индонезия, Мексика және Въетнам болып саналады екен. Әлемдік сарапшылар осы күні мұсылман елдеріндегі қарқынмен өсіп келе жатқан орта тап өкілдері туралы айтады. Иран, Пәкістандағы орта таптың қатарын толтырушылар – білімді, урбандалған және өзгерістерге бейім. Мұсылман әлемінің бұл өкілдері заманауи техникалардың көмегімен өздерінің тұрақты жағдайларын отандастарына көрсету арқылы, орта тап өкілдерін қатарын күннен-күнге көбейтуге белгілі бір дәрежеде ықпал етіп отырғаны да белгілі.
Әлемдік, Батыс ғалымдарының берген анықтамасы үдесінен шығатын орта тап өкілдерін қалыптастырып отырған бұл елдердің көпшілігі дамушы елдер екенін еске алсақ, болашақта экономикалық-саяси жағдайының тұрақтылығы есебінен әлеуметтік, рухани тағы басқа да дағдарыстардың алдын ала алатын елдер осы мемлекеттер болатынын ұққандайсың. Бұл, енді, болжам, әрине.
Ал, соңғы жылдары империялық амбициялары кесірінен көптеген елдер «теріс айналған» Ресей жылдан-жылға орта тап өкілдерінен айрылып бара жатқан көрінеді. Ресей үкіметі жанындағы Қаржы университетінің Социология Департаментінің зерттеулері Ресейдегі орта тап өкілдерінің – жаңа автокөлік пен жылжымайтын мүлік сатып ала алатын, табысын демалыс пен балаларының білім алуына жұмсауға қабілетті топтың азайып келе жатқанын айтады. 2013 жылы ол топ 18 пайыз, 2014 жылы 15 пайыз, ал 2015 жылы 13 пайызға кеміген. Биылғы жылы ресейлік орта тап өкілдері жаңа пәтер мен көлік, демалыс пен емделуді айтпағанның өзінде, тапқан-таянғанының тең жарымын тамағына ғана жұмсайтын болады деген сарапшылар, мұндай жағдай, тіпті 2008-2009 жылдардағы дағдарыстың кезінде де болмағанын айтып отыр.
Ресей Ғылым академиясының Социология институтының қызметкерлері Ресейдегі орта тап – негізі мемлекет секторының жұмысшылары екенін айтады. Яғни бұл елдегі орта таптың негізгі өкілін былай сипаттауға болады – жоғары білімді, жалақысы 40 мың рубльден кем емес, өзінің немесе ипотекамен жалға алған пәтерінде тұратын шенеунік. Онымен қоса, бұл тап өкілінің бірнеше банкте несие тарихы бар. Байқасаңыз, біздің орта тап өкілі қандай дегенде, осы бейне көз алдыңызға келе ме?
Бүгінгі Ресейдегі орта таптың өзегі – еркін кәсіп өкілдері емес, мемлекеттік бюрократия және соларды емдейтін, киіндіретін, балаларын оқытатын мемлекет жанындағы топ деген ресейлік профессор сөзіне қарап, қазақстандық орта тап өкілінің келбетін жасар болсақ, осы анықтамалардан ұзай қоймайтынымыз еске түседі. Батыс классификациясында орта тап өкіліне дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлік-техникалық құрам өкілдерін, менеджерлерді, кәсіпкерлерді жатқызады. Әрине, мұндай кәсіп иелері бізде де орта тап өкіліне жататыны рас. Веберлік жіктелімдегі орта тапқа тиесілі – қаржы, мәртебе, билік тұрғысынан қарайтын болсақ, бұл кәсіп иелерінің қазіргі күні орта тап өкіліне лайықты орнын таба алмай отырғанын байқайсыз.
Оның үстіне, отбасын асырау үшін, кәсіп игермей, маусымдық, мәртебесі аз жұмыстарды қанағат етіп жүргендердің де күні ертең орта тап қатарын толтыра алмайтынын айтқымыз келеді.
Бұл топтың тағдыры заманауи Қазақстан қоғамының ең маңызды мәселелерінің бірі. Себебі, бұл топ әлеуметтік тәртіпті қамтамасыз етіп, кәсіби еңбек ресурстарын, жалпы ұлттық біртектілікті қалыптастырады. Осы орайда айта кету керек, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Әлеуметтік зерттеулер және социологиялық инжиниринг орталығы «Қазақстандағы орта таптың экономикалық стратегиялары мен құндылықтары не?» деген тақырыпта зерттеу жүргізген екен. Түсінгеніміз, біздегі орта таптың негізгі құндылығы – табыс және білім деңгейі ғана емес, құндылықтар жүйесі мен өзін-өзі қалыптастыра алу мүмкіндігі де екен.
Иә, аз болсын, көп болсын, мейлі, қалыптасып бітпесін, бізде орта тап бар екен рас. Ал сол орта таптық сана қалыптасқан ба? Орта тап өкілі жақсы табыс тауып қана қоймай, өзгелердің еңбегіне құрметпен қарай алуы да керек қой. Өзгелердің еңбегі дегенде еске түседі, бізде табиғат аясына шыққанда, табиғат аясына шықпай-ақ қала ішінде жүргенде тұрғындардың өзгелердің еңбегіне қандай «құрметпен» қарайтынын ұғатындайсың. Баяғыда, бір қала әкімінің орынбасары: «Бұл қалада көшеде қоқыс қаптаса да мен жауаптымын, ал сол көшеде қоқыс жәшігінің тұрғанымен ешкімнің шаруасы да жоқ», – деп күйінгені бар еді. Қоқыс жәшігін біз қыдыра барған жерлердің бәрінен де көріп жүрміз ғой. Тек, сол жәшіктердің толғанын бір байқай алмай-ақ жүрміз. Есесіне жап-жасыл желек пен мөп-мөлдір көлдің айналасы тамақтың қалдығы, түбі бос қалбыр мен целлофандарға толып тұрғанын көп көресің. «Біздің қорықшылар жұмысын осындай қоқыстарды жинаумен бастайды», – деген қорықшының сөзіне не күлеріңді, не жыларыңды білмейтінің бар. Сондай жерлерге қыдырыстауға баратын – орта тап өкілі дегің келсе де, еңбекті бағалай алмау мен экологиялық сауаттылық жетіспейтіндердің бұл топ қатарына қалай ғана қосылып кеткенін ұға алмайсың. Табиғат аясындағы жұмысын қоқыс терумен бастайтын қорықшылардың өз кәсібінің мәртебесін қалай анықтауы керегін те айтып бере алмайтының бар.
Орта тап өкілдерінің сапалы білім алуымен қатар, еңбектің лайықты бағалануы да маңызды екенін осындайда түсінесің. Орта тап өкіліне қатысты критерийлерді санамалағанда оның құқықтық жауапкершілігімен сауаттылығына да мән бергеніміз жөн-ау!
Орта тапқа иек артуы тиіс біздегі ахуал, тіпті, демократиялық тұрғыдан алғанда күлкілі екенін баяндамасқа болмас. Қазақ өмірінің қазіргі шындығында орта тапқа әншілер жатады. Әншілік құндылықтың өсуі, әншілікке деген сұраныстың жоғарылауы – біздегі мәртебе мен биліктің кімдердің қолына өтіп кеткенін көрсетіп тұрғандай. Елдегі тұрақтылық пен бақуаттылыққа жетелейтін орта тап өкілінің қазақстандық келбеті жанымызды әзірге жылыта алмауының бір себебі мынада деп ойлаймыз: орта тап өкілдерінің кәсіби келбеті жайлы біз ештеңе айта алмаймыз. Еңбек ете алатын, сол еңбегі арқылы кәсібиліктің шыңына жетіп үлгерген, кәсібін дөңгелетіп отырған, кездейсоқ «атақтан» емес, тамшылап төгілген терден шаруасын дөңгелетіп әкеткен, сондықтан, өзгенің тамшылап төгілген теріне құрметпен қарай алатын орта тап өкілдерінің бейнесін әлі іздеп жүргеніміз де сондықтан.