Отбасы құндылығы – ұлт ғұмыры
Қазақ халқының рухани қазынасының түп-тамыры отбасы құндылықтарынан басталады десек жаңылмаймыз. Халық аузынан жиі еститін «Отан отбасынан басталады» деген сөз де тегін айтылмаса керек. Өйткені отбасы – мемлекеттің діңгегі, экономика мен әлеуметтік саясаттың, мәдениет пен руханияттың негізі. Ал отбасы құндылықтарының, береке мен бірлігінің, тынысы мен тірлігінің мәуелі бәйтерегі – ана. Қашан да өз ұрпағына дұрыс жол сілтеп, жақсылыққа асық, жамандықтан қашық болуға шақырып, өне бойларына тәлім мен тәрбиенің өмір бойына жетерліктей нәрін дарытқан аналарымыздың бірі – Доданова Рысжан Базаршыбайқызы. Он төрт перзентке өмір сыйлап, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған батыр ана екі мәрте «Алтын алқа» иегері атаныпты. Бүгінде бүтін бір әулеттің шаңырағын ұйытып, 43 немере мен 49 шөберенің қызығына куә болып отырған қарт анаға қарап, таңдай қағасың.
Қара шаңырағындағы құндылықтардың ішіндегі маңызды болып саналатын махаббат пен сенім, татулық пен ауызбіршілік, өзара түсіністік пен сыйластықтың жолын жалғаудан талмаған әжеміз өзінен кейінгі ұрпағының дұрыс жолдан таймауын басты парызы санайды: «Баланы да бақтық, малды да бақтық, бейнеттің бәріне шыдадық. 14 баланы өсіріп, жеткіздік, қазір қызығын көріп отырмын. Былтыр 85 жас мерейтойымды жасадым. Осы балаларымның амандығы мен бұрыс жолға түспеуі – мен үшін ең маңызды нәрсе. Балаларыма ұрыспаймын, бірақ барлығына береке-бірлікте болыңдар деп ақылымды айтып отырамын. «Абысын тату болса, ас көп» дейді ғой қазақта. Қыздарыма да, ұлдарыма да, келіндеріме де айтарым – осы. Құдайға тәуба, біріне-бірі қастық қылмайды, ештеңе деспейді. Қандай жағдай болса да, береке-бірлікте екенін көрсетеді. Тұңғыштарым Қарлығаш пен Ақылбекті арттағы ерген бауырлары сыйлайды. Сосын бір шыны шай болса да, бөлісіп ішіңдер деймін. Қазір кенже келінімнің қолындамын. Келіндерім де өзіме ұқсаған», – деп балаларына ризашылығын білдірді.
Бүгінгі таңда елімізде статистикалық көрсеткіш бойынша орташа есеппен әр отбасында 1-2 баладан аспайды. Аналар оның басты себебін әлеуметтік жағдай мәселесіне қатысты екенін айтқан болатын. Ал көпбалалы әжеміз бұл мәселе хақында: «Бірінші, Құдай. Содан кейін әрбір ананың денсаулығы ғой. Әрине, әр отбасындағы әлеуметтік жағдай әртүрлі. Қазіргі таңдағы қымбатшылық, ақша құнының төмендеуі, жұмыс тапшылығы отбасындағы бала санына едәуір әсер етеді. Өйткені қазіргі жастар бірінші өз жағдайының жақсы болғанын қалайды. Кейіннен барып, аяққа тұрып алғаннан кейін ғана ұрпақ санын көбейтуді жоспарлайды. Бірақ мен басқа түскен қиын күндерге қарамастан бір Алланың бойыма берген қуатының арқасында осы балаларымды аман-есен өсіріп, жеткізгеніме қуанамын», – деп аналардың көңіліндегі алаңды жеткізгендей болды. Дархан даламызды сақтап қалу үшін халық санын көбейту маңызды екені белгілі жайт. Психология ғылымының кандидаты Жарас Сейітнұрдың айтуынша, халық санын көбейту үшін демократиялық саясат қажет. Мысалы, миллиард халқы бар әрі екі балаға ғана рұқсат берілген Қытайда халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға бағытталған арнайы саясат бар. Ал Қазақстанда бала туу мәселесі жеке адамның ғана шаруасына айналғандай. Сол себепті, жастарға арналған арнайы бағдарламаларды көптеп жүзеге асыру керек. Мәселен, жастардың басым көпшілігі тұрғын үйге қатысты бағдарламаларға қатысқанымен, барлығы бірдей іліне бермейді. Маманның айтуынша, Қазақстанға көршілес Ресейдегі «материнский капитал» бағдарламасына ұқсас жобаны енгізсек, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға келіп тірелетін мәселелер азайып, адам капиталы артатын еді.
Кейінгі жылдары қазақ халқының тарихындағы отбасы құндылықтарында байқалып жатқан ұрпақ тәрбиесіндегі олқылықтар ұлттық мәселеге айналды. Ал тәрбиенің отбасынан басталатынын ескерсек, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет», «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» сынды бірқатар даналық сөздердің ойға оралатыны анық. Әсіресе шаңырақтағы ата мен әженің көрген-білгені, түйгені, дүниеге деген көзқарастары мен талғамдары – қанаты енді қатайып келе жатқан балаға үлгі-өнеге. Қаршадайынан үлкендердің айтқандарына құлақ асып, бойына сіңіретін жас буынның болашағының жарқын боларына ешкімнің таласы жоқ. Рысжан апа да өз ұрпағының кеудесіне сәуле сыйлап, әрдайым ақылын айтып отырады: «Немерелеріме ылғи ата-аналарыңды сыйлап, оларға қай кезде болса да көмек қолын созуға дайын болуларың керек деп ақылымды айтып отырамын. Мысалы, бұрын малдың соңынан жүріп, біраз қиыншылықты бастан өткердік. Бірақ Рамазан мен Шәріп балаларым ержете келе тірліктің бәрін сол екеуі істеп кетті. Мен сырқаттанып, ауруханаға түсіп қалған сәтте Рамазан ұлым нанға дейін пісіретін. Ал Шәріп мал бағып, әкесіне көмектескен. Соңдарынан еріп келе жатқан ұрпақтары да осы балаларым сияқты еңбекқор болса екен деймін», – деп «тәрбиенің тал бесіктен» басталатынын әрі баланы ерте жастан еңбекке баулу керегін жеткізді. Осы орайда хакім Абайдың: «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады: біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстаздан, үшіншісі – құрбысынан», – деген сөзі ойға оралады.
Еліміз егемендік алып, тәуелсіздігін жариялаған тұста отбасы құндылықтарына байланысты бірқатар шаруалар атқарылды. Атап айтсақ, ана мен баланы қолдау бойынша бағдарламалық құжаттар мен гендерлік теңдікті сақтау мақсаты көзделіп, отбасы деп аталатын әлеуметтік институтқа мемлекеттік деңгейдегі жүйе енгізілді. 2017 жылы бюджет қорынан 150 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Сондай-ақ, Қазақстанда жыл сайын өткізілетін «Мерейлі отбасы» байқауы арқылы үлгілі отбасылардың игілікке негізделген тіршілігі насихатталып, түрлі марапаттарға ие болуы да мемлекеттің көрсетіп жатқан үлкен қолдауы.
Демография – халық тағдыры. Әсіресе түрлі тарихи кезеңдегі сынақтар мен қиыншылықтарға сынбаған қазақ халқы үшін демография мәселесі айрықша маңызға ие. Ол жай ғана халық санының көбеюі, статистикадағы цифрлар мен болжамдарды білдірмейді. Бұл – шын мәнінде, бүтін бір елдің өмір сүру деңгейін, туып-өсу заңдылықтарын қамтитын күрделі ұғым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында елдегі демографиялық жағдайдың мәз емес екенін айтқан болатын: «Отбасылық-демографиялық ахуал – алаңдатушылық тудырып отырған мәселе. Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді», – деді Президент. Сарапшылардың айтуынша, бұған басты себеп еліміз тәуелсіздік алған жылдары халық санын арттыруға көп көңіл бөлінсе, қазіргі таңда экономикаға баса назар аударылып, демографиялық саясат екінші орынға ығыстырылып қалды.
Қазақ тарихы басталғаннан бері халық дәстүрі мен мәдениеті одан бір елі ажыраған емес, ажырамайды да. «Ірімшік пен құрт қайнатыңдар, сары май алыңдар. Өздеріңнің жейтін азықтарың. Білмейтін дүниелеріңді білгеннен сұрап, үйренуге тырысыңдар», – деген бұл сөздер Рысжан әженің әулетіне ұран етіп бекітіп, ұлттық құндылықтарға негізделген қағидасы екен.
Отбасы – мемлекеттің алтын тұғыры, тәрбие бастауы, бала санасына ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды дарытатын әлеуметтік институт. Отбасылық құндылықтарды сақтау мен мән-маңызының айшықталуы мемлекеттік бағдарламаларға ғана сүйенбеуі керек. Жоғарыда аталған құндылықтарды халық мүддесі деп танып, бәрінен жоғары санап келе жатқан Рысжан әжеміздің отбасына қарап, әр отбасы үлгі алуы керек. «Үлкенді сыйласаңдар, ешкімнен кем болмайсыңдар» деген өнегені ұрпағына дарытқан әжеміздің ендігі арманы – шөпшек сүйетін күнге жету. Отбасылық құндылықтар арқылы жалғасын табатын ұлт мұратын ұмыт болудан сақтап, қазақтың рухани болмысын жаңғырта түсейік!
Дана САДЫРҚАН