ҚАС-ҚАҒЫМ СӘТ ҚҰНДЫЛЫҒЫ
Артта қалған жиырмасыншы ғасырдың бір сәті. Суретке көз тоқтатқан бойда дидарғайып ХХ ғасырға қарай сүйрей жөнелді. Қазір өмір сүріп жатқан ғасырдың да ширегі артта қалыпты-ау! Содан да болар, сарғыш тартқан сурет сырына үңіліп отырып, сөзді қалайша тарихтың қойнауында қалған ғасырдан бастамайсың?! Ғасыр болғанда, қандай ғасыр?! Адамзаттың алтын кезеңі болмаса да алпауыт кезеңі болғаны – хақ. Дүниені дөңгелетіп, дір-дір қақтырған дөң ғасырдың жақсысы да болды, қазақ жаманын да бастан өткерді.

Ең бастысы, бізді қолымыздан жетектеп, үшінші мыңжылдыққа абыроймен өткізген ғажап ғасырдың қазақ зиялыларының өміріндегі мыңнан бір мезгілін бүгін саралап өтуге дәл осы сурет себепші болып отыр.
Иә, Уақыт – өлшеулі. Кеңістік – шексіз. Адамзат – мәңгілік. Екі ғасырда өмір сүрген ұрпақтың пешенесіне жазыла бермейтін жауапты сәт болады. Жауапты болатыны, екі ғасырдың нанын жеген тағдырыңды тағы да таразылау керек шығар.
Кеңістікке табынып тұрмыз,
Уақытқа жүгініп тұрмыз.
Сондықтан да…
Бізді кешіре гөр, Кеңістік…
Бізді жетелей гөр, Уақыт…
Жақсы күндерге… Жарқын күндерге…
Алдымда жатқан осы бір ескі суретті көрген бойда сананы ең алдымен толғауы тоқсан тосын ойлар шырмап алғанын айтпай кету – күнә. Дәл қазір ХХ ғасыр тілімізге тиек болатынының да жөні бар. Өйткені өткен ғасырдың үшінші ширегінің орта тұсында, нақтырақ айтсақ, 1968 жылы түсірілген осы суреттің сананы аударып-төңкеріп кеткенінде тылсым бір күш жатқандай. Сырға толы суреттен сол заманның көрінісін айнытпай танисың. Тарихтың алқымнан алар тынысын анық сезінесің. Бұл сурет – бізге адамдардың тағдырын есімізге салатын риясыз раритет қана емес, сол заманның рухын, сол заманның құндылықтары мен бірегейлігін де ашып беретін ақық жәдігер.
Белгісіз фотографтың біз үшін тарихи туындыға айналған осы ақ-қара түсті суреті шексіз сезім мен өрнекті ойға жетелейді. Терең мағынаға баяғыда ие болған бұл сурет сол социализм заманының алаңсыз кезіндегі адамдар арасындағы жылы қарым-қатынас пен тұрмыстық өмірді санаға қайта сіңіруімен жүректі селт еткізді. Жарты ғасырдан астам уақыт бұрынғы суретке көз тастап отырып оның тарихи мәнін де жете сезінетінің тағы рас.
Осы тұрғыдан алғанда бұл сурет тек тарихи дерек қана емес, біздің рухани байлығымыз екенін бажайлап үлгересің. Тарихтың қас-қағым сәті қарапайым өмір сүрудің құндылығын еске салумен қатар, бізді адамгершілік пен шынайылықтың асыл қасиеттеріне баулитынына көз жеткізесің. Аталмыш сурет алдыңғы буын ағаларымыздың өмір салтын түсінуге, уақытты терең сезінуге және өткенге құрметпен қарауға үйретудей-ақ үйретіп тұр. Осы бір уақыт қолтаңбасының әрбір сызығы терең сырды алдымызға жайып салады. Суретке қараған сайын сол жаймашуақ кезеңнің атмосферасын сезінесің. Аурасына еркін шомыласың. Саған таныс та бейтаныс адамдардың жүзіндегі жүрек жылытар жылылық, қарапайым өмір аккордтары – бәрі-бәрі осы суретте көрініс тапқанына көз жеткізіп барып, бір-ақ тоқтайсың.
Өткен ғасырдың ескі суреті – тарихтың үнсіз куәгері. Сурет бізге асыл ағаларымыз бен аяулы апаларымыздың өмірі мен шығармашылығы туралы көп нәрсені құлағымызға құйып тұрғанын сезінесің. Өз дәуірінің мәдениетін, тұрмысын, адамдар арасындағы қарым-қатынас пен мейірімділікті көрсететін айна іспетті бұл суреттің астарында талай сыр жатыр. Көре білсең. Түйсіне білсең. Айта білсең.
Басқасын айтпағанның өзінде, ескі суретке қараған сайын біз өзіміздің кім екенімізді, қайдан шыққанымызды, қандай тамырдан нәр алғанымызды тереңірек түсінетініміз де – дәлелдеуді керек етпейтін астарлы ақиқат. Айтары жоқ, бұл өткенге саяхат жасап, қазіргі өмірдің қадірін түсінуге мүмкіндік беретін ерекше құрал екеніне дау болмас.
Тіршілік иелерін былай қойғанда, ауа сияқты абстрактілілеу көрінетін заттың өзі планетаға қаншалықты қажет болса, адам баласы да сол жер бетінде міндетті түрде өмірбақи жүруін Алла тағала о басында реттеп қойғандай. Құдайдың жаратқан дүниесі – мәңгілік. Пірім Алланың заңы солай негізделгендей. Жаратқан тек адамдарды ауыстырып отыратынын түйсінесің.
Шынында да, адам өмірінің бағасын берудің ең тиімді тәсілі осында екенін келе-келе ұғасың! «Жаратқаннан ешкім шебер емес» деген сөзді есі бар кісілердің көп айтатыны да бекер емес. Әр мың жылда 43 ұрпақ ауысып отырады. Алты жүз мың жылда қанша ұрпақ дүниеге келіп, қанша ұрпақ кері қайтқанын өзіңіз санай беріңіз. Кейбір деректерге қарағанда, содан бері жер бетінде шамамен 90 миллиард адам өмір сүріп өткен екен.
Мына суреттегі ағаларымыз бен апаларымыздың көбі қазір біздің арамызда жоқ. Дей тұра, олар біздің жадымызда дәйім өмір сүре беретіні хақ. Есіме Лев Гумилевтің сөзі түсіп отыр: «Өлімді жеңетін күш бар ма? Бар. Ол – адамдардың жады». Қалай, дәл айтылған сөз?! Иә, қазақтың мәнді өмір сүрген ардақтылары біздің жадымызбен мәңгі жасайды.
Жады демекші, осы суретте өзі жоқ болса да, бүгін біздің жадымызды оятқан алғашқы кейіпкеріміз туралы айта кеткен абзал. Жиырма беске толар-толмас жасында «Жұлдыз» журналында «Түр туралы бірер сөз» мақаласымен-ақ әдеби ортада үлкен айтыс тудырған, оның үстіне «Кез келген қайшылықта үш түрлі көзқарас бар: сенің көзқарасың, сенің қарсыласыңның көзқарасы және дұрыс көзқарас», «Мінсіз шығарма жазу – оңай. Қиыны – ғұмырыңды мінсіз шығармаға айналдыру» деген тәрізді жатыпатар пәлсапасының өзімен-ақ елдің бәрін үркітіп біткен интеллектуал, талантын кісілерге толық және түпкілікті көрсетуге тірісінде мойны жар бермей кеткен Асқар Сүлейменовтің біз көтеріп отырған тақырыпқа сәйкес келетін пайымды пікірін айтпай кету – арымызға сын: «Уақыт енеді. Адамға да, қоғамға да, мемлекетке де енеді. Сананың намаздігер кезі, намазшам кезі, құптан кезі, алакеуім кезі, сәрі кезі, шапақ кезі, шаңқай кезі, екінді кезі, бесін кезі – біздегі қайсысы?» Жазушының уақыт туралы философиясы, оның қазақ танымындағы өлшемі ретінде дініміздегі намаз уақытын алғаны жадымызда бүгін қайта жаңғырып жатқанынан да жұмбақ құбылыстың иісі шығады. Алпысыншы жылдары қазақ әдебиеті мен өнеріне келген бетте олжа салып үлгерген суреттегі көп ағамыздың, шынында да, шаңқай кезін көргендей күй кешіп отырмын.
Әңгіменің әлқиссасын Асқардан бастауымыздың жөні бар. Бұл сурет оның қарындасы Жұлдызайдың тойында түсірілген. Асқар мен Жұлдызай той шаруасымен жүріп, бұл суретке түсе алмай қалғанға ұқсайды. Ең алдымен, ауызға ілінетін кейіпкеріміз Асқардың анасы – ақжаулықты Айтотым. Жүзінен нұр төгіліп тұрған Айтотымның жаны сұлу жан екенін от шашқан отқарағынан оқып білмеу тіпті мүмкін емес. Дарынды жазушының анасы болып тарихта қалған аяулы апамыздың артынан қалған аңыз-әңгіме де баршаға азық болардай. Бір ғана деталь. 1992 жылы 15 мамырда түс ауа Асқар Сүлейменов өмірден озғанда баласын жоқтап дауыс салған Айтотымның зарлы үні үш күн бойы әудем жердегі аялдамаға жетіп жатыпты. Жарықтық, баласының артында халқы барына көзі әбден жеткенде барып бір-ақ тоқтапты.
Суретке қарап отырып талай әңгіме еске түседі. Асқар Сүлейменов пен Әбіш Кекілбаевтың арасы бір ғана жас. Екеуі де желтоқсанның қарлы боранында дүние есігін ашқан. Тел өскен таланттар Алматыға шешелерін алып келгені де – аңызға бергісіз әңгіме. «Өзіміз араласқанымыз аздық етер, олар да бір-бірімен сырлас болсын» деген оймен екі қарт ананы дастарқан басына қатар отырғызады екен. Қос алыптан сөз қалған ба?! Екеуара қауқылдасудан ыңғайсызданған бір тұста Асқар «біздің әңгімемізге араласпасаңдар да, өздеріңше күңкілдесіп отырмайсыңдар ма?!» дегендей ыңғай білдіреді. Сонда манадан бері тілі аузына сыймай отырған Айтотым Әбіштің анасы Айсәуле құрбысына: «Сен өзі байға тиіп пе едің?» – деп бастап кетеді екен әңгімесін. Осындай да аңыз бар. Аңызы несі, нақ әңгіме. Алып анадан туатыны шын болса, зілсіз әзілге құрылған әңгіме айтудан кейуаналар кімнен қалып қойғандай?!
Суреттегілердің ішінде Айтотымнан кейін жасы үлкені – Төлеген Момбеков. Созақтан шыққан, шертпе күйдің шебері, жан жарасын зарлататын «Салтанат» күйінің басиесі елу жаста. Суретке түскен уақытта. Бұл кісі де – тұнып тұрған аңыз. Ауылдан Алматыға алғаш рет келгенінде күй шертіп, теледидарға түссе керек. Сол кезде теледидар қарап отырған Нұрғиса Тілендиев: «Мына қақпас қайдан шықты?!» – деп атып тұрған екен. «Талантты талант қана таниды» деген сол. Нұрғиса Төлегеннің шертісіне сол бойы құлап түсіп, Алматыға келген сайын өзі қарсы алып, қонақүйге орналастырып, оң жағынан орын беріп келген. Төлеген ағамыз Асқар Сүлейменовтің үйінде де талай болған. Асекең күйші ағасының күйтабағын да шығарып берген көрінеді.
Суретте екінші тұрған 1968 жылға дейін «Тұңғыш», «Жанар», «Перзент үні» атты үш өлеңдер жинағын шығарып үлгерген Қайрат Жұмағалиевтің «Жазушы» баспасында істеп жүрген 32 жастағы кезі. Кейінірек «Анасы бар адамдар, Ешқашан қартаймайды», – деп келетін әннің сөзін жазып, тарихта қалған тұлға. Поэзияны ішкі әлеммен тілдесу ретінде қабылдаған Қайрат Жұмағалиев – лиризм мен парасат ақыны. Оның ақындығы – тағдыр емес, таңдау. Ол өлеңді өмірден биік қойған жоқ, керісінше, өмірдің өзінен өлең өрді.
Қайраттың қасында камераға тіке қарап тұрған – атақты Бердібек Соқпақбаев. Қырық төрттегі кезі. «Менің атым Қожа» кітабы балалардың сүйіп оқитын шығармасына айналып, орыс, украин, француз, литва, латыш, өзбек тілдеріне жапатармағай аударылып, «Қазақфильм» студиясы экранға шығарған осы аттас фильм француздың Канн қаласындағы жастар мен балаларға арналған кинофильмдердің халықаралық фестивалінде арнайы сыйлыққа ие болып жатқаны – дәл осы суретке түскен уақыт. Қараңызшы, халыққа кең таныла бастаған Бердібек ағамыздың жүзінен титімдей тәкаппарлық көрмейсің. Қайран, біздің қарапайым қасиетті қаламгерлер!
Адамның ішкі мұңын, балалықтың нәзік әлемін, арман мен шындықтың күресін сөзбен өрнектеген рух иесі Бердібек Соқпақбаев шығармашылығы – балалық шағы ауыр өткен, бірақ жүрегінде үміт сәулесін сөндірмеген ұлттың эпопеясы. Кеңестік заманның тар қыспағына қарамастан өмір шындығын бүкпей жазған қаламгер өз миссиясын әдемі орындап кетті. Өмір оқулығын жазған жазушы тіршілікті әспеттемеді, көркем сөзбен көмкеріп, жалған образ жасамады. Осы қасиет оны қазақ прозасының философына айналдырды.
Асқардың төл құрдасы Зейнолла Серікқалиев Бекеңнен кейін тұр суретте. Уақыт өте келе сұңғыла сыншы атанған ағамыз Абай атындағы Қазақ педагогика институтынын аспирантурасын енді бітірген кезінде-ақ алқалы топтың ортасында жүргені кездейсоқтық болмаса керек. Әдебиет – тек көркем сөздің ғана әлемі емес, ол – шындықтың, парасаттың, ар мен ұяттың кеңістігі. Осы кеңістікте қалам ұстап, көпшіліктің назарынан тыс, бірақ руханияттың терең тұсында үнсіз де табанды күрес жүргізген ерекше бір тұлға – әдебиетте арды аршыған, жазушыны да, оқырманды да әділет биігінен тануға үйреткен рух иесі.
Одан кейін тұрған – Бердібек Соқпақбаевтың жұбайы. Оның жанында – Асекеңнің зайыбы Алтыншаш Жағанова. «Қазақстан» баспасында редактор болып жұмыс істеп жүрген уағы. «Амина, волки и конец света» деп аталатын алғашқы повестер мен әңгімелер жинағы жарыққа шығып үлгерген ол, әдебиетке енді келіп жатқан болатын. Заман мен адам арасындағы мәңгілік тылсым диалогке құрылған рухани кеңістікті барынша меңгерген Алтыншаш Жағанованың прозасы – нәзік те терең. Сол кезде оның кейіннен мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілетінін ешкім болжап білмесе де, жалпы тегін адам емес екенінен бәрі хабардар еді. Алтыншаш Жағанова –жазушы ғана емес, өз қоғамының санасын оятуға атсалысқан қайраткер. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жат жерде жүрген бір миллион қазақтың отанына оралуына бар күшін салған қайраткер, Ватиканда бірінші сөз сөйлеген қазақ әйелі болып та тарихта қалды.
Суретте келін мен ененің ортасында тұрған Сәуленің (Зейнолла Қабдоловтың әйелі) жымиысы сол кездегі қарапайым өмірдің шынайы бейнесіндей жылы әсер қалдырады. Оның үстіндегі сән әлеміндегі революциялық модельдегі көйлек пен шаш қоюдың романтикалық образдағы ретро стилі сол дәуірдің тынысын айқын көрсетеді. Суреттегі судья Шолпан Ахметқалиеваның да замана сәнімен киіне білетіні көрініп-ақ тұр.
Өзінің алғашқы «Алтын шуақ» өлеңдер жинағы және «Ханша дария хикаясы» мен «Бір шөкім бұлт» кітаптарымен әдебиет майданына атойлап келген 29 жастағы Әбіш Кекілбаевтың болашақта абыздыққа жететініне көп адам сеніммен қарайтын. Атан терісінің таскепеш хақындағы қайырымсыз әңгімелерді кішкентайынан құлағынан қағыс қалдырмай ержеткен Әбіштің кейіннен мәңгүрттіктен асқан зауал болмайтынын көркем шығарма арқылы жер бетіндегі барлық жұмыр бастыларға ескертуі, жаһандық әдеби жаңалық болатынына әлі біраз уақыт бар еді. 1968 жыл… Шынында да, адамды немесе халықты жадынан жаңылдыру сияқты гипертрагедияның табиғатын түсіндіру үнемі адамзат болашағы үшін алаңдайтын және жер жылнамасына көзінің қарашығындай қарайтын қаламгердің ғана қолынан келсе керек.
41 жастағы Зейнолла Қабдоловтың да көп адамды мойындатып үлгерген кезі. 1967 жылы республикалық байқауда «Сөнбейтін от» пьесасы сыйлық алып, «Мұхтар аға» деректі фильмінің сценарийін жазғаны қоғамда үлкен ой тудырып, елдің аузында жүрген шағы болатын. Ол осы суретке түскеннен кейін көп ұзамай филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін қазақ әдебиетінің теориялық мәселелері тақырыбында диссертациясын қорғап шығады. Адамзаттың рухани тарихында ұлтты биікке көтеретін үш үлкен күш бар: сөз, ой және өнеге. Осы үшеуінің тоғысында тұратындар сирек. Сондай тұғырлы тұлға – Зейнолла Қабдолов. Сұлулық шындықпен ұштасқанда ғана құнды. Осы ұстаным Қабдоловтың шығармашылық кредосы еді. Ұстазымыз болды. Ол бізге көркем сөздің қадірін түсінуді үйретті. Сөзден сәуле түсірген, ойдан өрнек терген, ұлтқа ұстаз бола білген Зекең бізге шын өнермен өмір сүрудің үлгісін көрсетті. Бізді ойлауға үйреткен ол, ұстаздықтың рухани миссия екенін әдемі өмірінде дәлелдеудей-ақ дәлелдеп кетті.
«Бөлтірік бөрік астында» атты тұңғыш драмалық туындысымен-ақ аты жер жарып тұрған А.В.Луначарский атындағы ГИТИС түлегі Қалтай Мұхамеджановтың Мәдениет министрлігінде не Жазушылар одағында қызмет атқарып жүрген кезі болса керек. Суретте ол өзінен бір жас үлкен Зекеңнің жанында тұр. Қазақ әдебиетінің аспанында ерекше жұлдыздай жарқыраған Қалтай Мұхамеджанов – ұлттық сананың оянуына, қоғамдық ойдың жаңғыруына өз қолтаңбасын қалдырған қаламгер. Ол – драматург қана емес, сонымен қатар философ. Оның әрбір кейіпкері, әрбір репликасы – өмірдің өзінен алынған, уақыт пен қоғам туралы терең ойға жетелейтін бейнелер мен сөздер. Оның кейіпкерлері күледі, бірақ сол күлкінің астарында мұң, сын, шындық жатыр. Бұл күлкі – ойын-сауықтың емес, ойдың күлкісі. Бұл күлкі – әділетсіздікке қарсы үн, жасандылықты әшкерелеудің құралы. Қалтай шығармаларындағы күлкі Сократтың ирониясына ұқсайды.
Суретте бір тылсым күш бар. Оның екі жақ шетін екі ғажап күйші көтеріп тұр. Созақтан шыққан екі күйші дәл қазір суретті көк аспанға қарай көтере жөнелетін секілді. Сол жақта тұрған Төлеген туралы айттық. Екінші күйші – Тәттімбет, Ықылас, Сүгір, Жаппас сияқты күйшілердің дәстүрлі жолын жалғастырған, мәңгілік мұраның өрісін кеңейткен, домбыраны жанның айнасы етіп сөйлеткен сирек дарын Генерал Асқаров суретте оң жағынан бірінші тұр. Оның әрбір күйі – полифония ғана емес, ол – тарих, тағдыр, таным мен тұңғиық сана. Күйші жүрегін жарып шыққан жарықты әлі талай ұрпақ сағынатын болады.
Сол кезде «Жазушы» баспасында жұмыс істеп жүрген 33 жастағы Рамазан Тоқтаров төменгі қатарда отыр. Өзінің атақты «Ертіс мұхитқа құяды» роман-дилогиясының бірінші кітабын бітіріп, екінші кітабын жазып жүрген уақыты. Тарихтың тынысын көркем сөзбен сөйлеткен Рамазан Тоқтаров ел тағдырын жеке адам тағдыры арқылы танытып, тарихи шындық пен философиялық ойды тоғыстырды. Жазушы тарихты өткеннің шежіресі емес, ұлттың рухани тамыры деп білді. Ол адамды сыртқы әрекетімен емес, ішкі арпалысымен суреттеді. Тарихты танымға айналдырған жазушы архив деректерін емес, адам жанын сөйлетті.
Ал «Литературная газетаның» Қазақстан бойынша тілшісі, өзінің «Құйрықты жұлдыз» повесімен әдебиет әлеміне әдемі енген 35 жастағы Әкім Таразидың құбылыс ретіндегі құлпын ашқың келіп кетеді. Суретке қарап… Оның шығармалары несімен алға озып тұр? Біріншіден, жазушының ешқашан апофеозға берілмейтінін ауызға алар едім. Қаншалықты күрделі тақырыпты көтеріп отырса да, кейіпкерін де, оқиғаны да, ең аяғы құбылысты да заңғар тұғырға көтеріп, идол жасамайды. Екіншіден, Әкім аға тілі тәтті болғанымен, діні қатты, эмоцияға бой ұрмайтын қаламгер ретінде санада сақталып қалды. Сөздің жақсы мағынасында. Осы тұрғыдан алғанда ол – нағыз покерфейс. Үшіншіден, етінен ет кессең де, фанаберияға бармайтыны – қарапайымдылық қағидаттарына барынша бағынатынының айқын дәлелі. Кейіпкерін жалған намысқа, әсіреқызыл тыраштануға қимайтыны сондықтан болса керек. Осы киелі қасиеттерді құрап тұрған үшбұрыш – қалай қойып ұрсаң да сындыруға келмейтін сиқырлы фигура.
Суретте Әкім аға жанына екі-үш жасар балдырғанды алып түскен. Ендігі әңгіме сол туралы. Үлкендердің батасын алып, болашаққа ұрпақтар сабақтастығының жібін жалғастыру үшін қол созған сол бүлдіршін де қазір алпыстың ауылына ат қондырғалы отыр. Қазақ тіліндегі аса бір киелі ұғымдардың бірі – «Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы» деген қасиетті cөз. Ұлт зиялыларының артында қалған, ісін жалғастырушы әрі дамытушы ұрпаққа арналған қасиетті ұғымның бәсін түсірмей келе жатқан Әлішер Сүлейменовті өз басым ерекше құрметтеймін. Асекең мен Алтыншаш апамыз бас қосқанда, алдымен, Құдайдан бала бер деп тілегені анық. Екіншіден, сол балаға сана бере гөр деп жалбарынғаны және ақиқат. Жаратқан олардың тілеуін қабыл қылды. Құдай сана берген перзент өз өмірінде парасаттылыққа ұмтылды. Білімдар. Тоқығаны көп. Асекеңе тартқан тағы бір қасиеті – полиглот. Өзінің өмірлік философиясы қалыптасқан жігіт. Жақсыны жақсы деп айта алатын азамат. Кестесі келіспеген нәрсені күлбілтелемей тікесінен айтатыны ұнайды. Шешендік қасиет те бойына кеңінен дарыған. Әкесі – тұлпар, шешесі – сұңқар баланың бұлай болмасқа қақы да, жөні де жоқ-ау?!
Шеберлігі шексіз Алла тағала Әлішерді мына суретте таразы басын ылғи да тең ұстайтын Әкім Тарази көкесінің алдына бекер отырғызбаған деген ойға қаласың. Он жылдан астам қазақтың кино саласына басшылық жасаған Әкім ағаның жанының тазалығы мен арының биіктігі болар, қабырғалы қаламгердің балдырғанға деген ниетінің түзулігі болар, Әлішер кішкентай кезінен кино саласына араласып кетті. Көп жылдар бойы прокатқа шығуы қиын болған «Құлагер» фильмін көрмеген қазақ жоқ. Осы кинотуындыда ат жалын құшып жылайтын мылқау баланың рөлін сомдаған Әлішер кейіннен атышулы ВГИК-ты бітірді.
Қысқасы, қалай айтқанда да, бағымыз бар халықпыз. Ұрпақтан ұрпаққа ұлыларымыздың ұлы мұрасымен өтіп келеміз. Бағзы мен бақиды жалғастырып жатқан сара жолды бір адамдай бажайлап үлгерген; өзі өмір сүріп отырған ортаның барлық құбылыстары мен айтулы оқиғаларының қара қазанында қайнап жүріп, соның бәрін саф алтындай зерделей де, бағалай да білген; сол арқылы қай кезеңде де заманнан гөрі адамды зерттеуді алға шығарудың қаншалықты қасиетті іс екенін бар болмыс-бітімімен түйсінген суреттегі ағаларымыздың бейнесі бүгін бізге сондықтан да ерекше ыстық.
«Бір адам өлсе, адамзат құрып бара жатқандай күй кешемін» деп О’ Генри қабырғасы қайыса айтқандай, адам, тек қана адам – барлық жұмбақтың бастауы екені басы ашық әңгіме. Жұмбақ атаулының сырын ашудың күндердің күнінде түбіне жететін болсақ, ол процесс те адаммен, тек адаммен аяқталатыны күмән тудырмайды. Себебі тылсым замандардан бері осы күнге дейінгі созылып келе жатқан адамзат тарихының ең маңызды жалғастырушы өзегі де адам екені даусыз. Құдайға шүкір, бүгінгі күні де келешектің кәдесіне жарайтын хат қалдыруды мұратына айналдырған орта буын өкілдері баршылық. Шынында да, ұрпақтар сабақтастығы болмаса, адамзат мәңгілігі бола ма?! Суреттегі осы бір қас-қағым сәт бізге осынысымен әсіре құнды.
Заман алмасады, алайда рухани міндет өзгермейді. Адам баласының жүрегі мен жанын тәрбиелейтін рухани құндылық – мәңгілік. Өткеннің үні – болашақ іргетасы. Кейінгі ұрпақ міндеті – ағалар жолын абыроймен жалғастыру. Біз – сол сүрлеу жолмен жүріп келе жатқан жолаушымыз. Артымызда бізден кейінгілер келеді. Сондықтан әрбір саналы азамат – өткен буын қалдырған руханиятты жалғастырушы. Бұл жолда жүрекке сенім, санаға сергектік, рухқа беріктік керек. Өйткені рухсыз ұлт компассыз кемедей бағытынан адасады. Біз ата-баба рухына лайық болғанда ғана жеңіске жетеміз. Олар бізге жол салып берді, біз сол жолды кеңейтіп, болашаққа апаруымыз керек. Бұл – уәзипа. Өйткені эстафета тек осылай ғана жалғасады.
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ
ПІКІРЛЕР9