ҰЛТ­тЫҢ ҰЛЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ – ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ
25.06.2023
1026
1

Келіссеңіз де, келіспесеңіз де солай: қарап отырсаңыз, қай халықтың да кешелі-бүгінгі басынан өткерген тағдыр-талайы оның рухани қазынасы – ән өнерінен де көрініп тұратын сияқты. Бүгінде ішкен-жеген, жүріс-тұрысымыздың бәрін орысшаға бейімдеп алатын ғадетімізбен «ценностиден» тәржімалап, құндылық деп атап жүрген рухани қазынамыз – халық әндерінің тағдыры да қазақ тағдырындай талайлы деуге болады. Кезінде той-томалақтарда кей халық әндерін орындап, халық жауы атанып, сот­талып кеткендер де бар.


Сондықтан да тәуелсіздік алғанына 32 жыл толып отырған еліміздің, түп-тамырымен бірге жаратылған қазақтың әрі мұңлы, әрі сырлы, шырайлы да шұрайлы, ордалы ой мен сұлу суретке толы көне мұрасы туралы бүгінгі ұрпаққа күн сайын әңгімелеп отыру артықтық етпейді.
Әт­тең… Кейде біз халық әндерінің құпия құдіретін, кір жұқпас киесін, қадірі мен қасиетін толықтай түйсіне алып жүрміз бе деп ойлаймын. Әрі кеткенде, «О-ой, халық әндері керемет қой!» – дей саламыз. Бірақ өзге жұрт, оның ішінде «ауылы аралас, қойы қоралас» бола тұра қазақты әлі де ынжық, мәдениеті жоқ халық деп есептейтін орыстардың да, өз ұлтының мәдениеті мен өнерінен ауыз тимеген «европизированный», «глобализованный» көп қазақтың да миына қазақ әнінің таңғажайып сипатын дұрыстап сіңіре алмай келеміз. Соның салдарынан бүгінгі қазақ өзінің ұлт­тық өнерінен әлдеқашан алшақтап кеткен. Олар қазір ащы да зарлы дауысы нағыз ән өнерінің асқар шыңына алқынбай жететін Мұхит­тың «Зәуреші» мен «Айнамкөзінен», Қайыптың өкініш пен өксікке толы «Ақбөбегі» мен «Қалқаның «Қалқасынан», тағдырдың жазуына мойынсынып, мұң мен құсаны ғана жанына серік қылған Естайдың «Қорланынан» гөрі домбыраны винтовканың сүңгісіндей етіп көкке шаншып қойып, мойнына асқан гитарасын қуығының басына түсіріп бір орнында қос аяқтап секіріп ән айтатындарға дүркіретіп қол шапалақтап отырады. Осыны көріп, бүгінгі қазақ өзінің ұлт­тық ән өнерінің қадірін кетіріп, ұлт­тық бет-бейнесінен, өнерге қояр талап-талғамынан айрылып, мәңгүрт­теніп бара жатыр ма деп те қорқамыз. Шындығын айтар болсақ, қазір жұрт атын асқақтата атайтын триолар мен квартет­тердің, жекелеген әншілердің көбі (нағыз кәсіби жоғары талап деңгейінен қарасақ) – жәй ауыл-аймақтық деңгейдегі әуесқойлар ғана.
Иә, енді бір сәт халық әндерінің сөзіне құлақ түріңізші:

Баянауыл басынан бұлт кетпес,
Қиядағы түлкіге құсым жетпес.
Ақ боз үйдің сыртынан ат­тандырып,
«Қош, ағатай!» –
дегенің естен кетпес.
* * *
Ауылыңның сыртынан ат­танғанда
Ақ боз үйге сүйеніп қара да тұр!
Ешқандай университет, консерватория бітірмеген, жүзін жел қаққан, қиықкөз, жалақ ерін қазақтың қу медиен, құбажон далада, ат­тың жалы, түйенің қомында келе жатып салған осы бір ғана әнінің өзі тұтас қазақ ұлтының қандай дарынды, тұңғиық та терең сезімді әрі сұңғыла суреткер екенін дәлелдеп берген жоқ па?! Табиғат десең – табиғат суреті… Ұлт­тық саятшылық өнер… Үрзада жүрекпен үздіге сүйген жанға деген ғашықтық, қимастық… Жанарға жас үйіретін қоштасу… Бәрі-бәрі – бір-ақ шумақ өлеңге сыйып-ақ тұр. Анау басынан бұлт арылмай, ылғи мұнартып тұратын бұлдыр да бұлдыр тілсіз тау, сырт көзге түсіп қалудан сес­кеніңкіреп, сонадайда қаңтарып кеткен атына асығыс мініп ат­танып бара жатқан жас жігіт пен көк шалғындағы ақбоз үйдің сыртында даусын қат­тырақ шығаруға қымсынып: «Қош, ағатай», – деп күбірлеп қана қош­тасып, қалып бара жатқан қалқатай ше? Қимастыққа, әлгінде ғана кәусарынан қанып ішкен ләззатқа толы әннің ғажайыптығы – өз алдына бір әңгіме. Осы әнді де, оның мәтінін де тыңдаған, тар кеудесінде торғайдай тыпырлаған жұмыр еті – жүрегі бар кез келген пенденің жон арқасы бір тітіркенбей қала ма? «Жазушының, ақынның ойды жеткізе білуі, ой тереңдігі, ой көркемдігін сөзбен жеткізу шеберлігі» дегенді қаламдастарымыз көп айтады. Міне, осы бір тазайын да тәкаппар талап-талғамды арғы қазақтар әдебиет теориясын оқымай-ақ орындап отырыпты. Тағы бірер мысал:
Құйрығы жоқ, жалы жоқ
бурылтайдың,
Сағасы өткел бермейді
терең сайдың.
Құба белге құйғытып шыға келсем,
Жұрты жатыр,
өзі жоқ қалқатайдың!
Біт­т-і! Астындағы бурылтайды бұлаң қақтырып, сай-сайдың сағасын қуалап, өлдім-талдым дегенде құбақан қырдың басына шыға келсе, етектегі көлтабанда күні кеше бұның өмір бойғы бақытының бас ордасындай болып көрінген ауыл – жас жанының бүкіл арзу-арманына айналып, ынтызар қылған сүйген жардың ауылы ізім-қайым жоқ! Алдында күтіп тұрған қалқатаймен кездесіп, құшақ пен құшақ айқасып, қауышатын ес-түссіз тәт­ті сәт, бал татыған балмағыз шақ жайлы арзу арман көзді ашып-жұмғанша… Ал енді «жалаңаяқ кебістің басын сұғып» қоштасқан сәт­ті көз алдыңызға елестетіңізші! Ынтыққан сезім, асығыс-үсігіс, өткінші сәт, ғапыл дүние – бәрі-бәрі бір-ақ жолға сыйып кеткен жоқ па? Осы бір мезет­ті қазіргі өлеңшілер жазып, талғамсыз әншілер айтып жүрген:
Жете алмай саған тіл қатып (?)
Жүректің мұңын тыңдатып…
Сағыныш болып кеудемде
Таба алмай емін бұл уақыт (?)

Өртенген сезім бойымда
Қанымды қызу тулатып…
Жаныңнан бір сәт табылсам,
Мен үшін сол да – бір бақыт, –
деген сынды бірін-бірі көрмеске ант еткен адамдардай әр жол әр жаққа қашқан, тым-тырақай шұбыртпа, көкезу өлеңмен салыстырудың өзі ұят емес пе? Осындай, манадан бері зуылдап келе жатқанда бар айтпағы «жаныңнан бір сәт табылсам» дегенге ғана келіп тірелетін судырақ сөзді керемет деп бағалап жүргендерді де көрдік. Рас, қазақта жеңешесіне арналған әндер көп. Олардың дені қайнының жеңешесіне деген әзіл-қалжыңына құрылған. Бірақ… «Үкілім-ай, жеңеше-ай, сағындым сәулем…» – деп, қыз құрып қалғандай, көзі қарауытып жеңешесіне үздіккен сөзді де ән қып айту ше? Әрине, қазақша ән айтқан адам ылғи бір қайғы-мұңға, күңіреніс пен күйзеліске толы дүниелерді айтсын деуге хақымыз жоқ. Қазақта әні де, сөзі де бірін-бірі толықтырып, молықтырып, ойға, толғанысқа тартып отыратын, өкінішке толы, өткенді өксікпен еске алатын:
Қарап тұрсам, дүние шолақ екен,
Бір-біріне адамдар қонақ екен, –
Немесе:
Қудым сені, дүние, жалықпай-ақ,
Ұстатпайсың судағы балықтай-ақ, – деген сияқты қара ормандай қалың ойға толы өлеңдермен қатар, орыстың частушкасына ұқсас әрі көңілді көтеріңкі күйге бөлейтін, әзіл-қалжыңы араластары да жетіп-артылады. Мұны айтқан себебіміз, қазақтың классикалық әндерін ұнатпайтындар осындай ойнақы, көңілді әндерге де тұмсық шүйіре қарайды. Бір сөзін түсінбесе де, қандай көңіл күйге орай айтылып тұрғанын ұқпаса да, ағылшынша ән тыңдайтын қазақ көбейді. Бұл үшін де бүкіл қазақты еліктегіш деп айыптау – қате. Әлдекімдердің радио, теледидар арқылы, негізінен, орысша, ағылшынша түрлі ән-хабарлар беріп, жоспарлы түрде Ресей мен өзге де шетел әншілерін шақырып, қазақтың құлағы мен миына соларды сіңіру саясатын жүргізіп отырғанын қарапайым қазақ байқамайды. Ал Қазақстанда тілі алашұбар телеарна ашып, одан бас киімін теріс қаратып киіп алған, қос қолымен ауын шеңгелдеп, түрегеп дәрет сындырып тұрған адам кейпінде ән айтатын шетелдіктерді күндіз-түні көрсетіп отыру, ондай бағдарламалардың тізгінін қазақ қыздары мен жігіт­теріне ұстатып қою – қазақ ұлтына қарсы жасалып отырған қылмыс, қастандық деуге де болады. Бұндай телеарнаны қаржыландырып отырған адамдар, егер шын қазақ болса, тек қазақ әндеріне арналған бір телеарнаны құрмайды? Әлде олардың әке-шешелері де әлгілерге ұқсап қуығын қолымен басып тұрып дәм-тұзы жоқ әндерді айт­ты ма екен? Бұл – ұлтымызды ұлт­тық санасынан, тілінен, үрдісінен, өзгелерге ұқсамайтын ерекшелігінен айырудың ең жымысқы, ең сұмпайы, білдірмей жасалатын жауыздық тәсілі. Манадан бергі тоқсан ауыз сөздің тобықтай ғана түйінін айтар болсақ, тәуелсіздік алғаннан бері қазақ халқының тілін ғана емес, халық әндерін де насихат­тау енді-енді қолға алына бастағаны қуантады. Ал қолына домбыра алып, бірді-екілі халық әнін орындайтын бір-екі адамды, ақша табумен айналысатын бірнеше топты қайта-қайта тележәшіктен көрсетіп, мәдениет сарайында дүркін-дүркін ән кешін өткізу ұлт­тық өнерге, ұлт­тық ән өнеріне қамқорлық емес. Ол – бір-екі сағат өз экзотикасын өзі тамашалау ғана.

Мырза-Ғали Сахиұлы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 13.11.2023 | 10:12

Менің ойымша: ештеңе

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір