Ұлт құндылығы
Күні кеше Арқа төсін дүбірлеткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлттық рухымызды сілкіп, санамызды сергітіп өтті. Бар қазақтың кеудесін мақтанышқа бөлеген осынау байрақты бәсеке ұлы даланың ұлық салтын, телегей тарихын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттық спорт түрлері қазақ баласының табиғатпен біте қайнасқан қайсар да алғыр бітімін, мергендігін, қайратын, ар-намысын шыңдап келді.
Жауынгерлік рухы ежелден әйгілі Атырау өңірінде «Ұлттық спорт түрлерінің Атырау облыстық клубының» құрылғанына он жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде клуб облыс бойынша ұлттық спорт түрлерінен ересектер, жастар, жасөспірімдер құрама командасын құрып, Республикалық, Халықаралық жарыстарға қатысып, жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізуді мақсат тұтып келеді. Көкпар, бәйге түрлері, құсбегілік, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу сынды жеті түрлі спорт түріне өңір жастарын баулуда бірқатар бастамалар жүзеге асты. Қазіргі таңда облысымызда осы спорт түрлерін дамыту барысында барлық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Облыс әкімдігі тарапынан осы бағытта бірқатар қолдаулар көрсетіліп келеді. Бұқаралық-спорттық республикалық және халықаралық Күнтізбелік жоспарға сәйкес барлық чемпионаттарға, фестивальдар мен турнирлерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрміз.
Атыраудағы ұлттық спорт клубының құрамында жеті жаттықтырушы, алпысқа жуық спортшы бар. Көкпардан үш деңгейлі құрама үздіксіз жаттығу жұмыстарын жүргізіп келеді. 2013 жылы құрылған «Нарын» ересектер командасы республикалық, халықаралық турнирлер, фестивальдар мен чемпионаттарға қатысып, жүлделі орын иегерлері атанды. Ұлттық спортты жастар арасында кеңінен дамыту мақсатында мемлекеттің қолдауымен 2020 жылы қаңтар айынан бастап «Жас Нарын» жастар (18–21 жас аралығы) ұлттық спорт командасы, 2021 жылы қаңтар айынан бастап «Жасөспірімдер» (15–18 жас аралығы) ұлттық спорт командасы құрылған болатын. Жаңа командалар Атырау облысы бойынша жастар мен жасөспірімдер арасында іріктеулер жүргізудің нәтижесінде дүниеге келді. Бүгінде жыл басындағы бекітілген күнтізбеге сәйкес чемпионаттарға, фестивальдарға, турнирлерге қатынасып, оқу-жаттығу жұмыстары өткізіліп жатыр. Қадамдарын жаңадан бастап келе жатқан екі жас команда да тамаша көрсеткіштерге қол жеткізіп үлгерді. Көкпар, бәйге, жамбы ату, қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу, құсбегілік сияқты ұлттық спорт түрлерінің спортшылары өткізілген жарыстарда біраз жоғары жетістіктер көрсетті.
Сонымен қатар 2015 жылы Ақмола облысы Балқарағай елді мекенінде өткен құсбегіліктен І Халықаралық фестивалінде атыраулық Кушкаров Арман бас жүлдеге ие болса, бүркітшілеріміз осы жылдары Қазақстанның бірнеше дүркін чемпиондары атанды. Тараз қаласында 2015 жылы өткен жастар арасындағы саятшылықтан Х чемпионатында «Атырау облысы Ұлттық спорт түрлері» ЖШС-нің жас бүркітшісі Сармат Абдулкәрімұлы бас жүлдеге ие болды. 2013 жылы Саятшылар арасындағы Қазақстан Республикасының бесінші чемпионатында Арман Кушкаров жүлделі I орынды иеленді. 2020 жылы Шымкент қаласында өткен ХV ҚР чемпионатында 80 келі дәрежелі салмақтағы палуанымыз Мейірбек Құсайынов қола жүлдегері атанды.
2021 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Ұлы дала рухы» республикалық фестивалінің Батыс аймақтық іріктеуінде жастар командасы көкпардан ІІ орынды иеленсе, теңге ілу және жамбы ату ойындары бойынша ІІІ орынды қанжығамызға байладық. Астана қаласында өткен Көкпардан «ҚР Көкпар федерациясының кубогі» ашық республикалық турнирінен 16 команда арасынан қола жүлдегері атандық. Сонымен қатар Тараз қаласында өткен Көкпардан ХХ ҚР чемпионатында қола жүлденің тұғырына көтерілдік. Қазіргі таңда ұлттық спортымыздың деңгейі көтеріліп, қанаты қатайып келе жатқанын айқын байқауға болады.
Елімізде ересектер, жастар, жасөспірімдер арасында ұлттық ойын түрлерінен чемпионаттар, турнирлер өтіп жатыр. Біздің облысымыздың спортшылары да жыл сайын жарыстарға қатысып, жүлделі оралып жүр. Солардың бірі – 2016 жылы Талдықорған қаласында өткен көкпардан ХVI Чемпионатында Атырау облысының «Нарын» көкпар командасы 16 команданың арасынан күміс жүлдегер атанса, 2017 жылы Алматы қаласында өткен көкпардан ХVIІ чемпионатының қола жүлдегерлері болды.
Ұлттық спорттың басқа спорт түрлерімен салыстырғанда қиыншылығы мол, себебі футболға, воллейболға, хоккейге, боксқа, күреске алаңы дайын болса, спорт құралдары түгел болса жаттығуға көп кедергі жоқ. Ұлттық спортта жүйрік атты баптаудың өзі ерекше дайындық пен бірнеше маңызды этаптарды қажет етеді. Бұл спорт түрлерінің қауіп-қатері мен жауапкершілігі мол болғандықтан ата-ана тарапынан бала қабылдауда белгілі бір қиындықтар туындап жататыны тағы бар.
Осы ұлттық спорт түрлерін дамытумен айналысып келе жатқан кезеңнің ішінде көз жеткізген бір мәселе – кадр тұрақтандырудағы қиындықтар. Оның бірден-бір себебі – жаттықтырушылардың еңбек ақысының төмендігі. Бюджет қаражаты жем-шөп, дәрі-дәрмек, жанармай, оқу-жаттығу жұмыстары мен іссапарларға жұмсалады. Басты құндылықтарымыздың бірі – ұлттық спорт болса, оның дәрежесін көтеру үшін жаттықтырушылар мен спортшылардың әлеуметтік мәселесін де назардан тыс қалдырмау керек деп білемін.
Көшпенділердің ұлы династиясының атамекенінде отырған, дала өркениетінің тікелей мұрагерлері – қазақ халқының тілі, тарихы, өнері мен мәдениеті секілді ұлттық спорты да – басты бірегейлігі.
Өнербай ЖАНБАЛА,
«Атырау облыстық ұлттық
спорт түрлері» ЖШС директоры