Адамның бәрі ақын емес. Ақын болу көп қауымға мұрат та емес. Бірақ қазақ сияқты халыққа Шоқанды таңқалдырған бәдәуи тайпасының кәрі-жасындай өлең-жырға құмарту, табиғат және орта үйлесіміне сай ырғақ пен ұйқасты қадірлеу, жалын атқан сезім мен шарықтаған ой-қиялға сүйсіну қанға сіңген қасиет саналса керек.
Ақын болғысы кеп, мұратына жетепегендер де жеткілікті. Ішкі өмірі ақын тіршілігімен тамырлас жатқан, поэзияны ардақ тұтып, өзін ауыр да азапты, бұлыңғыр, ағат кетсе, осал соқса кешпейтін қастерлі әлеммен табысуға жүрегі дауаламай жүретін жандар сансыз. Абайдың сөз өнерін дертпен теңеуін осы толғам сырын өзегі өртеніп сезінген адам қайта-қайта саралай беруі мүмкін. Демек, өмірін өлең дариясын кешуге арнаған тұлғада ақкөз батырлық барын ұмытпайық. Екіншіден, ақын болып туу және ақын болып есейе келе қалыптасу бар. Орта, дәстүр, тағылым әсері өз алдына. Үшіншіден, әдепкіде ықылас, қабілет, кейіннен талант деңгейіне көтерілетін ең басты қасиеттің теңдесі жоқ құдіретін ескерту шарт.
Ол, әрине, алдамшы, жалған үміт, сенім емес, шынайы ақиқат екеніне көз жеткізу – ең үлкен ғанибет. Дарынсыз ақын – аянышты пенде. Көңіл, арманы үшін жазғырмайсыз. Оның өзі, өнері туралы биік түсінігі жұртшылық алдында төмен түсіп жатса, басқаны былай қойғанда, атақ, даңқ ауылынан қуанышты жаңалықтар келе бермесі анық. Ал ақын өлеңді ғана сүйіп, ар, абырой, мәңгілік мерейді естен шығарады десек, қателесеміз. Ақын жаны мен өмірінің қайшылықты күрделіліге де осында. Ол бастапқыда өзі, жақын айналасы үшін, бара-бара халқы үшін жыр жазады да, сол еңбегінің лайықты бағасын күтеді. Алайда «жақсылық ұзақ тұрмағанмен», «алтын кездік те қап түбінде жатпайды» ғой.
ХХ ғасырдың 70-жылдарына қарай қазақ поэзиясына еркін басып, еркелей келген дарынды жас бүгінде жер ортасы – елумен қауышып отырған Жарасқан Әбдірашев болатын. Ол өзі мен өзі қатарлас қаламгерлерді соғыстан соң туған ұрпақ санайтынын арнайы өлеңімен де, кітабымен де алғаш рет жарқын да талапшыл, батыл үнмен жария қылды. (Әбдірашев Ж. Соғыстан соң туғандар – Алматы: Жазушы, 1993 ж. Алдағы үзінділер осы кітаптан).
Соғыс дәуірінде балалық шағы өткен ұрпақ қасіреті түсінікті еді. Бір ашылып, бір жабылған алмағайып аспандай құбылма заманның қабағы ашық жылдары аз кездескен де. Әйтпесе Жарасқан:
Жау танкісі бәрімізді қоса атты,
Тумай жатып көзімізден жас ақты!
Біз білеміз бейбіт күннің бағасын,
Таңнан тұрып термесек те масақты!Сәби көңіл түсінгенін толғасын,
Қасіретке ортақтасу – ол да сын!
Біз білеміз мүгедектер мінезін,
денемізде жатпағанмен қорғасын!
Біз білеміз сағыныштың салмағын,
Біз білеміз жалыныштың зарлы әнін!
Біз білеміз бір анадан туса да
өгей өскен ағалардың арманын… –
деп күрсіне толғанбас еді. Өлеңдегі логикалық жүйе кейінгі жастарды майдан тынысын білмей, кердең қаққан уайымсыз буын өкілдері санап, асығыс байлам жасауға бейім қайсыбір қырыс жандарға қарсы дәлелге құрылған. Кең алып қарағанда әлеуметтік құбылыстың уақыттық аясы артып, рухани мәні тереңнен қозғалады. Анафоралық тәсіл сезім қуатын күйлей өрнектесе, толымды ұйқасқа негізделген шендестіру амалы ақын жанының қызуы мен сындарлы ұғымын көтеріңкі әсермен бедерлеген.
Өмір сан алуан қоғам, орта, толқындардың бірлігімен тұтас. Себептің салдары себептің өзіне айналып жатады. Ж.Әбдірашев алапат дәуірді салмағын жаңа қауым, жас ұрпақтың нәзік көңілімен қабылдайды. Өз замандастарының сана мен түйсік өресінедегі отаншылдық қасиетті аға буынның ерлік істерін, бастан кешкен қасіретін әрі аялай, әрі бағалай отырып, пайымдау бар. Жасырын, астарлы диалогтың біржақты жауабында ой сенімділігі мен нағыздық көзге түседі.
Туған жер, халқы мен ана тіліне деген шынайы, мөлдір көңілді ақын «Дала сенің ұлыңмын» (1975) атты арнайы кітабында ойы, сыры өзектес жырлар арқылы сарқылмай өрнектеді. Мұнда сол дәуірдің әсері де жоқ емес. Бірақ Ж.Әбдірашев уақыттың жұқалтаң талабын күмәнсіз талант жүрек алауымен жеке өміріндегі мағыналы күйге бұра біледі.
Туған дала,
Менсіз талай қамалдар
алыныпты!..
Сенің арың –
Маған да ар.
Кешір мені,
кеш келіппін өмірге!
Кеш туыппын!
кеш қалыппын!
Не амал бар?
Саған уақыт сәл қиындық жолдаса –
қағаберіс қалмаспын мен,
енді аса!..
Бірақ мені кешірме сен,
өмірде
өлең қылар өз ерлігім болмаса!..
Ақын Отан – ордасының шежіресін өз көңілінің айға ұмтылған алыс армандарымен сабақтас түсінеді. Ақылдың тұяғы таймаса, дәлелде шек жоқ. Лирикалық қаһарман қолына найза ұстап жауға шаппай-ақ, тау-тасты кезіп, кен қопармай-ақ, Фараби тәрізді ғылым, білім үшін ата-мекенін тастап кетпей-ақ қазақ қамын мұң еткен еңселі тұлғааға айналады. Өкініші – ақталуы, уәдесі – кепілдеме. Өлең өрнегі мен ой тапқырлығы, шартты түрдегі әңгіменің қызу динамикасы – шығармадағы эстетикалық көрсеткіш.
Туған дала,
Тұрдым-ау бүгін де атып!..
Кешір!
Түсін!
Кінә жоқ ұлыңда түк!..
Қалай ғана шыдаймын –
көз алдымда жатса біреу
Шындықты шырылдатып?! –
дегенде ақынға түсер тарихи-қоғамдық салмақ-сыбаға айқындала береді. Жарасқанның ерлігі – өлең, парасат пен сезім жауапкершілігін қатар ұстаған, сан алуан жанаярлық түрлеріне атой салып, қылышын қынаптан суыратын өршіл де арлы, төрт аяғын тең басқан ереуіл өлең. Атақ, мансап торына шырмалғанын естілік санайтын, жалғанды жалпағынан басуды бетке шіркеу көрмейтін тоғышар психологияның шылауына айналған рухани мүгедектік суреткер намысын қамшылаған:
Және бір сыр:
Жүргенде жоталанып,
аярлықпен айқасқа жеке барып, –
безінді ме Шындыққа болысудан –
Өзіңді де құлдыққа сатары анық!..
Ақынның туған дала тынысымен қатар тербелетін өрелі толғамдары ұлттық сана ұлағатын шешендік үрдіспен ширата бейнелейді:
Шығармайын дыбысыңды,
дымыңды, –
десе де кім,
өшіре алмайды үніңді.
Сені мылқау ету үшін,
әуелі
кесу керек мына менің тілімді!
Өжет қазақ, өр қазақ өз тілінде сөйлесін!.. – деп шамырқанатын қаламгер мына тұста халықтық дәстүр, салттың өріс алуына шідер салған заман қыспағына назаланып сөйлеген. Тұтас ұлт-қауымның атынан, азаматтық сенім биігінен үн қату – поэтикалық дайындықтың молдығы ғана емес, ішкі жан қуаты мен дүниетаным тереңдігіне айғақ құбылыс. Қара күштің дүлейлігін кім білсін, нәзік өнер, адал жүрек әлемді апаттан құтқара алады. Поэзияда айтылмаған ой, шырқалмаған сезім аз шығар. Мәселе шахмат тақтасындағыдай ойын өрнегінің өзгеріп отыруында. Әр ақын ортақ үлгіден өзгеше шешім қабылдамақ. Әр ақын өзінше жаңалық ашпақ. Алайда, оның бәрі көкейге қона бермес еді. Ой мен көңілдің де тереңі мен таязы, шынайы һәм жасандысы бар.
Ж.Әбдірашев жыр патшалығына қадам басқан алғашқы күндерінен-ақ өмірдің сырын уақыт өлшемімен бағамдай бастады. «Ақ бұлақтар» өлеңіндегі:
Көкжиектен күн аунап барады әні,
қызарғаны – қоштасып қарағаны…
Осылайша өтеді қайран уақыт,
сені мәңгі қоймайды сайрандатып, –
деген жолдардағы философиялық тұғырнама – ақын шығармашылығының өзекжарды арнасы. Бүкіл өмірдегі ең үлкен қайшылық та – бар мен жоқтың тартысы. Өткенді қимау, келешек дидарындағы үміт пен күдік. Ақын тіршілік қызығына тоймайды. Біз «білетін» әлемнен өзі кеткенмен, атының, рухының, сөзі мен пікірінің қалғанын қалау – кез келген саналы пенденің арманы. Рас, өнер, ғылымда із тастау – меңіреу тарихтың тас қабырғасына шамасы жеткеннің есімін қашап жазуы. Осының бәрі де алдамшы болмасын деңіз…
Талантты ақындарға ырықсыз түрде де, айқын түсінікпен де қозғау салып, толқымалы, толассыз дауылға толы күй кештіретін күш – жоғарыда айтылған психологиялық жағдаят. Оның айшықты сілемдерін Жарасқан Әбдірашев поэзиясынан да көресіз. «Бір түйір дәнде» Адам ата мен Хауа анадан бергі тіршілік сыры табиғи нәр мен махаббат үйлесімі арқылы пайымдалса, «Хайуанаттар паркіндегі маймылда» Тәңірдің құдіретіне, дүниенің тәркілігіне таңырқау әрі туа біткен мүшкілдікке, жүре біткен менмендікке, ұқсастық пен алшақтық диалектикасына қайран қалу, атеизмге күмән, безбүйректікке наразалық бар. Уақыт мұнда – антропологиялық әрі ұждандық категория. Болашақтан үміт тосып, бар жақсылықты ертеңнен ғана тосатын адам хикметін автор былай суреттейді:
Сол кезде ғана шындап бір
қазамын дейсің кенімді,
жазамын дейсің жақсы өлең,
Сол кезде ғана шындап бір
табамын дейсің Елімді,
тұрғандай күтіп басқа әлем!
Өзіңді солай алдайсың –
сарсаңға тағдыр салғанда
келер күндермен көз бояп,
Өзіңді солай алдайсың –
өзіңнен бұрын жалғанда,
алданған жандар аздай-ақ.
Бәрі де соның мен білсем,
ортайған кезде көңілді
толтыру үшін біткен-ау.
Бәрі де соның мен білсем,
бір тұтам мынау өмірді
беріле сүйгендіктен-ау!..
Бүгінге көңілдің толмауы, қазіргі олқылықты ертеңнің уәдесіне байлау, адамның өзін-өзі жануы, жақын шолып, кем болжауы, артық қиялдап, аз ұтуы тәрізді күйкі-күйбең, таусылмас ахуал жиі қайталанатын сиқырлы құбылыс ретінде қабылданған. Ақын салдардың себебін біледі, таңырқай тебіренеді. Ал, өмірге ғашық болудың қаншалықты ақиқаттығына көз жіберуден аулақ. Поэзияның сән-ажары көбінесе – белгісіздік. Әрине, ой-түйсік, сезім төңірегіндегі, есептегі формуладан алыс, көп мәнді белгісіздік.
Жыр етер ауыр уақыттың
арқаға батқан салмағын;
ақынға керек бақыттың
арманда ғана болғанын!..
дұрыс санауға бейім Ж.Әдірашев пендеге тән қуаныш пен жақсылықтың өткінші сипатын да айқын таниды. Адам бақытын мәңгілік құшақтап отыра алмастай. Әйтпесе бақыт ең асыл қасиетінен айнымасы кімге де болса мәлім. Бір ғана сөйлемнен тұратын өлең жолдарындағы инверсия тәсілінің ұтымдылығы анық. Барды қанағат тұту, жоққа салауат ету ұждандық өлшем биіген қанша жөн болғанымен, осыны ұға тұрып, адам, әсіресе ақын көңілі бір орында қозғалыссыз қала алмайды. Шығармада тапқырлық, лиркиалық қаһарман сезімі мен өмірлік шындық мейілінше толымды көрініс тапқан.
Қасқая шығып жарға тік,
қарайлап тұрмын қай маңда.
Алдымда деуші ем бар бақыт,
артымда қалып қойған ба?!
Бағынан безген саялы
еңсесін енді көтерді ой…
Балалық шағым баяғы –
бақытты шағым екен ғой! –
деп толғанғанда Ж.Әбдірашев уақыт пен бақыт ұғымдарын ажырамас тұтас күйінде саралайды. Бұрын арманда ғана әсем кейіптегі бақыт енді естелікте, елесте ертеде аңғарылмаған әсем дидар алады. Арада – мезгіл. Қайта оралу мүмкін емес. Алыста мұнартқан балалық, кезінде бағасын, парқын айырмаған жастық шақ, жар құшу, алғашқы кітап, алғашқы атақ, абырой тағы да арманға айналады.
Қасқая шығып жарға тік,
қарайлап тұрмын қай маңда.
Алдымда деуші ем бар бақыт,
артымда қалып қойған ба?!
Жо-жо-жоқ!
Керек жасымау
Қорқытпа қобыз сарнатып…
Бар бақыттан да осынау –
бар ма екен, сірә, зор бақыт!
«Жар басындағы ой» атты бұл өлеңде автордың өткенге сағынышы, келешекке үміті ғана емес, бүгінге тәубасы, тағдыр талқысынан тіксіну, өзіне-өзі қайрат беру тәрізді эмоционалдық күй-тынысы жігі ашылмаған құйма шумақтар арқылы екпіндей суреттеледі.
Жарасқан Әбдірашевтің «Найзағайлы жаз» (1971) кітабындағы дүние сырын қиялмен болжап, жүректен толғай кұрсінетін ойлы да әсем жырлары «Сыған саздары» циклінде жинақталған. Ақынды кең әлемнен тиянақтар жер таба алмай, ала-сүргін бұлттай көшіп-қонумен жүріп, шаршап-шалдықпайтын ерекше этникалық топтың тұрмыс-тіршілігі, тағдыр тәлкегі туралы толассыз сезім орманына жетелейді. Өркениетті өзге жұрттан алабөтен үрдіспен ғұмыр кешетін, басқа қауым менсінбей қарап, биі мен әнін сүйсіне тыңдайтын, іс-әрекеті, кәсіп-айласы жұмбақ әрі көкейге қонбас оқшау топтың сырт салтанатымен бірге ішкі қайшылықтары аз болмаса керек. «Табор түні», «Сайқалдың сөзі», «Айырылысу», «Балгер қызбен әңгіме» атты өлеңдерде жалпы көріністен құбылыстарға көше отырып, көркемдігі жарқын сурет салу ниеті бар.
Маған ғашық боласың ба шынымен,
қалай ғана құп алармын мұны мен?
Өзім арам болғаннан соң, жігітім,
адалдардан амалсыздан түңілем!..
Сендейлерге айтарым;
маған келсең адалдықты ойлама,
ақ арыңды қанжығама байла да.
айыра алма –
адам менен сайтанды,
сұлулар мен сайқалды!
Маған келсең:
сырыңды ішке бүгіп кел,
ақылыңды құштарлыққа жығып бер,
көрсоқыр болғыр жігіттер!
Қасіреті қалың сыған қызының өзекжарды монологы ыза мен шарасыздыққа, айықпас назаға толы. Бәрін түсіне тұрып, ақты – қара, қараны – сұр деп топшылау, жақсылықты ұнатқанмен, жаманшылыққа кіріптар қылу, сұм өмірдің кісенін мойнына салудан шамырқану, ар алдындағы парызды алдамшы ләззаттың қанжығасына байлау, ең ақыры бәріне, бәріне көну, өзгеше машықтың жоқтығы «Сайқал сөзіндегі» ащы шындықты көзінен жас сорғалата жеткізеді. Сұраулы, лепті интонация, тыныстық үзілістер, баяндаудың екінші, үшінші жақтық түрлері, бұйыра, түңіле сөйлеу өлең драматизмін ширата түседі.
Орға жығар орындалмас ұраны –
кейбіреулер сыртымнан сот құрады
Мен өмірді талақ етер едім-ау
өмір мені талақ етпей жүр әлі!..
Әрине, циклда екі түрлі көзқарас, мәдениеттің диалогына кез боласыз. Өз ісіне өкінбейтін жезөкшелер де ұшырасуы мүмкін. Демек, көпшілікке мәлім мораль, сыртқы ортамен есептеспеу қиян кезіп, шарқ ұрған шерменде сері сыған қызына да жат емес. Балгер қыз болашағы жайлы жұмған аузын аша алмаса, Лела атты сұлу кеше сүйіп, бүгін жерігенін, бір жүректің қалауымен өмір сүре алмасын ашық жариялайды. Бұл – «Айырылсу» өлеңінің реалистік мақамы тіпті айшықты. Леланың күйін басқа мәдениет өкілдеріне ұғыну ауыр, құптау – жоққа тән.
Күресі тіршіліктің тоқтасын ба,
күйбеңдеп әйелдер жүр от басында.
Жағалай жайғасыпты қариялар,
балалар көлеңкедей боп қасында…
Теңеудің дәлдігімен қатар аталмыш жолдарда кедейлігі, байлығы белгісіз, не іздеп, не қояры белгісіз, өткені, келешегі белгісіз, жұмбақ пен мұң арқалаған алашұбар тобырдың тыныштық сәтімен ұштасатын мәңгілік көші елес тастайды. Жер басқан адамзат, кең алып қарасақ, осы көштің ішінде жүрген жоқ па екен?! Сыған болып зарламайық, бірақ өмірге әрі еркелеп, әрі өзгеден теперіш тартумен жүрген, адамның бұйрығына емес, Құдайдың салғанына көніп, өз еркімен сандалып, сайран құрған сауықшыл жандардың зіл-заласын пайымдар ма еді?! Талай талантты ақын осы тақырыпқа қалам сілтеген. Олар да жалынан ұстап, жүген-құрық салатындай ақиқатты таба алмаған. Бәлкім, бақытты қауым осы сығандар шығар?!
Жарасқан Әбдірашев өз өмірінің өнердегі алғашқы сүрлеуін балалық шағымен байланыстырады. Ол керемет қызық та емес, санаға айықпас дақ салатындай ащы да емес. Класс ішіндегі сәбилердің кәнігі қылықтары, ақсүйек ойнау, алғашқы махаббат, жалынды сезімін сағыну, туған ауыл түтінін аңсау – ақынның есею жылдарында жанын аялаған сарындар. Кейде лирикалық қаһарман – автор кейінгі дәуірдегі, қаладағы бүлдіршіндердің еркін тіршілігіне қарап, соғыстан соңғы ұрпақтың бал дәуреніне аяушылық білдіреді («Аяймын бала кезімді»).
Жатқызды қыртыс, қырымды
жылжыған жылдар өтектеп…
Мектепке тұңғыш ұлымды
келемін үнсіз жетектеп.
Салқыны күздің соғады,
ойлантпас қалай ол сені.
Жанымда томпаң қағады,
жанымның құйттай бөлшегі.
Бұл күнді көріп түсінде,
асыға күткен аз ба адам.
Шаттығым да бар ішімде,
тәтті мұң да бар аздаған.
Бұл енді – балалығын қимай жүріп, арманымен, жырымен бірге есейген, әке болған Жарасқанның көңіл нақыштары. Сәбидің ойы беймәлім. Ол үшін бүкіл өмір дәл сол сәтте әкесінің ең жақын досындай көрінер. Өмір деген сөздің мәнін де білмес.
Екіұдай сезім тербеумен,
күлген де болам сыр сақтап,
Жарасқан атты сүрлеуден
бөлінбек қазір бір соқпақ.
Жақындай бере:
– Ал, енді,
тоқтама, – дедім, – тарта! – дедім,
Шапқылап ала жөнелді
арқалап шағын портфелін.
Емірендім сол сәт, егілдім,
сезінсін қайдан сотқарың;
алғашқы жүгін өмірдің
арқалап бара жатқанын, –
деп аяқталатын «Портфель» атты өлеңде объективті шындық лирикалық әсер шуағына көмкеріледі, шағын ғана типтік көріністен терең философиялық байлам түйінделеді. Оқиғалық сурет – бала мен әкенің мектепке бара жатуы. Лирикалық сурет – ақынның өткені мен бүгінгі тұтас қиялмен шола тұрып, табиғат – ана уіліне елтіп, өз жүрегінің әуеніне ден қоюы, екіталай сезім шарпылысына кенелуі. Философиялық байлам нақты әрекеттің астарындағы түйсік, тәжірибе, қиял арқылы ғана сезініп, бар ұғым мен болжамды жинақтай салыстыра білуден туындайды. Бала үшін жеке басындағы саналуан сергелдең сапардан өтудің қиын салдарын ойлап қобалжыған әке психологиясы – шығармадағы поэтикалық тұжырымның көркемдік әрі танымдық түпқазығы. Дара тұлға мен қоғам, орта бірлікте ғана емес, қарама-қарсылықта алынған. Әке мен бала – ұрпақтар жалғастығы, өмір ағымы. Арындаған ағынға тосқауыл қояр бөгет көп. Әке оны айқын елестетсе, бала көңілі ашық аспандай. Тағы бір және шығармадағы ой мен сезім қуатын өршіте түсетін сана астарындағы қайшылық. Тәркі дүниенің бетіндегі қызылға алданбайтын сергек ақын суреттеу нысанын мол қабатымен алып, толымды толғам, көрікті сырмен мүсіндейді.
«Ақын кетіп барады», «Ақын сыры», «Абайға наз немесе теңеулер туралы», «Рембоға», «Жазушы мен ақын», «Бесінші қиял», «Ой орамында», «Ақырғы өлең» тәрізді туындыларында Жарасқан Әбдірашев шығармашылық өнердің азабы мен тозағы, ақын өмірінің қия-шатқалдары мен ойыс-ойпаңы, тіршіліктегі таусылмас қайшылықтары жайлы толғанады.
Ақын кетіп барады көшеменен,
екпінінен бір дауыл еседі ерен…
Жанарында найзағай семсер сілтеп,
кеудесінде қара бұлт көшеді өлең!
Жөн-жосықсыз достары даттады ма,
жөн-жосықсыз дұшпаны мақтады ма,
әлде жардың қылығы жақпады да –
бас сауғалап барар жер таппады ма?
Біреулердің бетке айтып арамдығын,
біреулердің бетке айтып сараңдығын.
қызуына көңілдің зарықты да –
қызығынан өмірдің жалықты ма?..»
Мұқағали Мақатаевқа арналған өлеңде эпикалық баяндау стилі арқылы құнарлы сезім драматизмі шешендік сұрау түрінде мүлтіксіз әсем бейнеленеді. Сырт көзбен қарап-ақ автор өзіне туыс жанның рухани өміріндегі зор катаклизмдерді нәзік түйсінеді, ашық айтылмаған жан сілкінісіне шартты түрде дәл болжай топшылау барысында әріптес аға мұң-қайғысына ортақтасу бар. Өйткені, нақ сондай көңіл-күй дауылын талантты ақынның бәрі де бастан кешуі сөзсіз. Жыр кейіпкері тек отбасы күйбеңі емес, «халқының болашағын», «қазақ тілін білмейтін қазақтарды», «мықтылығын», «мойындамаған», «мәңгүрттерді» ойлап қиялдануы әбден мүмкін. Бар толғақтың шешімін табатын – найзағай өлең. Көңілі қайнардай таза, сұрғылт пенделердің сұрқай қылық, сумақай тіліне оқ атып, тойтарыс берудің орнына, кінәні өзінен іздейтін, бір адамнан емес, бүкіл әлемнен түңілетіндей
әсершіл, адал, періште жанды ақындарды қайқы мұрын, тар маңдай заманы неге тиісінше қадірлей алмайды екен?! Себебін іздесек, поэзиядан прозаның шоқырағына ауысасыз. Поэзия шарттылығында көрменің сәніндей ақиқат бар. Ал ақиқатпен есептесу қиын. Өлеңнің сұлу өрнегіне сызат түспесе игі. Қалай десеңіз, олай деңіз, «Қайран ақын безініп бүгінінен – болашаққа адымдап бара жатыр».
Әрине, шығармашылық «меннің» дағдылы күнкөрісте зияны көптігіне қарамастан, өнер тұлпарына мінісімен, алапаты аса бастайтыны осындайда. Бұл бір сәтті қарама-қарсылық. Өлеңнен суреткер дүние қабылдауы һәм оның такаппар, күйзеліс пен шаттыққа шыдамсыз, нәрестедей тәк әрі пайымшыл мінезі шебер сомдалғанын аңғармау бекер. Шумақ өрнегі түрленгенімен, жоғарыдағы ырғақ пен сарын «Ақын сырында» жалғаса дамығанын байқайсыз.
Өкіндіріп,
жылатып,
еңіретіп,
өмір өтіп барады,
өмір өтіп!
Өлшеулі күн,
санаулы ай,
жүрер жолдың
азы қалған сияқты
көбі кетіп!..
Мәңгі бақи солмайтын өлең гүлін
көп күттірді алаңсыз терер күнім.
Жоқ болмайды!
Жетеді!
Бұл өмірге
қайта туам,
қайтадан келем бүгін!..
Келе алмасам қайтадан –
өлем бүгін!
Лирикалық қаһарманның ішкі әлеміндегі бұрқаныс романтикалық поэзияға тән көтеріңкі леппен, жаңаға құштарлық, құйқылжымай кесіп айтар әуеніне көшеді. Адам өмірін қолдан жасай ала ма?! Ол – Тәңірдің ісі. Ал асқақ шабыт үстіндегі ақын жаны айға шабар арыстаннан кем соқпаса, мұны да қиялмен астасқан шартты көркемдік тәсілі ретінде қабылдауға тиіспіз. Өлең өнеріне деген айықпас махаббат пен өлшеусіз жауапкершілікті ашына сезінген хас дарындар ғана осылай сөйлемек.
Ж.Әбдірашевтің думаны мен даңғазасы көп ақын тіршілігінің әдемі көріністеріне сүйсіне тебіренетін шақтары да бар.
Отырамыз қайда да дүрілдесіп,
керең көзге қамсыздың күнін кешіп,
Жоқ қайғыны құдайдан сұрап алып,
жылап алып,
қайтадан күлімдесіп,
отырамыз қайда да дүрілдесіп…
Өмір бізге үйіндей әкеміздің,
жібереміз әкесін қатеңіздің!
Жабылмайды есігі жанымыздың,
Жабылмайды есігі кафеміздің,
Өмір бізге үйіндей әкеміздің!
Бәріміз де сол үйдің жалғызындай,
сәл бұзылып жүреміз,
сәл бұзылмай.
Шетімізден ғашықпыз сұлулыққа,
ғашығымыз шетінен хор қызындай.
Сәл бұзылып жүреміз,
сәл бұзылмай.
Сан алуан өмір күйбеңіне назаланудан шаршағандай, көктегі қиялдан жердегі мәре-сәре әлемге жадырап бір оралғандай шағында Жарасқан көңіл көгенін ағытып, неғұрлым байсал тапқан беті жарқын ойларға ерік береді. Мұндай сергек назар, сыншыл да сыршыл байлам барша ақынның үлесіне тие бермесе керек. Ауызекі лексика, бейнелі тіркестер, қарапайымдылығымен тапқыр, әдемі теңеулер, анафоралық оралымдар және қашан да шашасына шаң жұқтырмас ұйқас, ырғақ әуезділігі «Ақындар» өлеңінің эстетикалық айшығын ажарландыра түскен. Бір күн мұң, бір күн қуанышта жүретін, әр нәрсеге аса шетін тіпті кінәмшіл көзбен қарайтын сері қауымның еркіндігі мен оттай жанған осынау арманды дүние есігін қиналмай аттаған батылдығын да қаламгер ерлік үрдіске сындарлы парызға балайды.
Ақын «Рембоға» атты жырында қастерлі поэзияның сауда-саттыққа негізделген есеп-қисаппен ешқашан бәтуаға келе алмасын, дарынсыздың, дауасыз пысықтығын таңырқау, тітіркену интонациясымен қарама-қарсылық ыңғайда бейнелесе, «Абайға наз немесе теңеулер туралы» өлеңінде:
Абай ата,
қол ұшын бер,
демеу бер.
Білесіз бе,
біз туралы не деуде ел?.
Болмысымыз күннен-күнге жаңарып,
күннен-күнге ескіруде теңеулер!.. –
дей отырып, еркін, ойнақы, әзіл-шыны аралас стильде өлең өнерінің тынысы мен бірлігі, талант пен жаттандылық, әдеби шарасыздық туралы тапқыр поэтикалық байламдар түйеді. Арнау түрінде жазылған, шешендік сұрауға құрылған шығармада сөз өнеріндегі күмәнсіз жүйрік шеберлігіне, оған іштей масаттанудың заңдылығына шәк келтірмейсіз. Дағдылы машықты сипай қамшылаудағы ұтқыр ой, кестелі үйлесімнің өзінен жаңашыл бағдар айқын танылады.
Жарасқан Әбдірашев қаламынан туған «Досың болғым келеді» (1983) кітабындағы «Келешекпен кездесу» поэма-диалогы, «Ертеңім менің – ертегім» поэма-монологынан халық үмітін арқалаған кемел тұлғаның болашақ деп соққан үлкен жүрегіндегі тәтті дірілін түсіне қабылдаймыз.
Ж.Әбдірашев поэзиясындағы буын, тармақ өлшемі, ассонанс, аллитерация, ұйқас түрлерінің молдығы, психологиялық параллелизм, теңеу, метафора, шендестіру тәсілдері арнайы зерттеуді қажет етеді. Анығы – Ж.Әбдірашев поэзиясының үн-әуені бай да әсем, дыбыстық үйлесімі мол, мағыналық аясы кең, эстетикалық-танымдық әсері күшті келетіндігі. Дос парызы, сүйіспеншілік сырдың көркемдігі, азаматтық мұрат биіктігі ақын жырларының тақырып ауқымынан асып-төгіліп жатады.
Ж.Әбдірашев ұлттық көлемдегі нақты құбылыстарды өткір жанармен қапысыз кезе суреттеу барысында әлемдік мәні зор философиялық тұжырымдар айтады. Өмір ұқсас, арман ортақ, сезім-күй қияметі таныс болғандықтан, қазақ шайырының жан күйзелістерінен тұтас адамзат қабырғасын қайыстырар шындық сілемдерін табасыз.
Қайсыбір шақтарда жер бетіндегі зұлымдық вирусынан қажыған ақын осы әрекеттердің түрін түстеп көруді, орынсыз күйректікке салынуды артық санайтын барынша зерделі, ойшыл қалпынан айнымайды. Жарасқан үшін атар таң да, батар күн де, Аралдың ақ шағалалары, Алматының сұлу көшелері де, ару қыздар, ардагер халық ұлдары, қуаныш пен реніш, мадақ пен сағыныш, таңырқау мен үміт, еңсегей сенім тәрізді жүздеген эмоционалдық толғаныс арқауына айнала береді. Ақын өмірді өзінің көркем суретімен көріктендіре береді.
Өлең жарысында өз тұлпарын тауып, сұңқарын зеңгір көкке самғатқан сезім саяткері, сұлу сөздің суреткері Ж.Әбдірашев шығармаларында ақыл да мол, сыршылдық әбден жетерлік. Ақын жүрегі Шындық деп соғады. Асқақ шындық немесе қапысыз шындық. Оның санасы мен көңіліндегі шындық бір ғасырдың шегіне таяп қалған бүгінгі қазақ қауымын аяулы арманға толы әсемдік әлеміне шақырады. Жарасқан жырына сүйсіну керек, Жарасқан сырынан жігерлену керек.
Өмірдің мәнін өлеңнен біліңіз…
Бақытжан МАЙТАНОВ.