Уақыт әркімді өз орнына қояды…
02.03.2018
2764
0
Танакөз ТОЛҚЫНҚЫЗЫ,
ақын

– Оншақты жыл бұрын ақын Арон Атабектің кешіне барған ке­зіңіз­де сол кезең туралы: «…поэ­зия­ның жағ­дайы ауыр еді», – деген екен­сіз. Поэзияның жағдайы сіздің ойыңызша қай кезде ауыр болады?
– Поэзияның жағдайы ауыр бо­лады деген, әрине, шартты ұғым. Поэ­зияның жағдайы өз оқырманына жет­пеген кезде, өлең әр жүректе бүл­кілдеп өмір сүрмеген кезде, ха­лық өнерден алшақтаған кез­де ауыр болады. Бұл менің су­бъек­тивті пікірім.
– Поэзияның ол кездегі жағ­дайы­мен қазіргі жағдайынан қандай айыр­машылық көресіз?
– Ол кезде халыққа жету үшін га­зет-журналдарға, телевизияға тәуел­ді едік. Басылымдардың тара­лы­мы мар­дымсыз болды. Ал теле­визияда жас ақындар мүлде көрсе­тіл­мейтін. Кейіннен әлеуметтік желі пайда бол­ды. Мысалы алғаш massaget.com сияқ­ты сайттар ешкім танымайтын ақын­дардың атын бір күнде шы­ғар­ды. Әлеуметтік желі мықты ақын­дар­­дың жолын ашты. Олар оқырмандарына тікелей же­туге мүмкіндік ал­ды. Қазір талантты ақындардың та­нылуына еш кедергі жоқ. Себебі әлеуметтік желі теле­визияны эфир­ден ығыстырып шығара бастады. Қа­зір ешкім теле­визор қарамайды. Өзім соңғы үш жылда тіпті жаңа­лық­тарды да көр­меймін. «National Geographic» сияқты танымдық те­леарналарды көруім мүмкін.
– 2001 жылы Алматыда тұңғыш рет жас қаламгерлердің респуб­ли­ка­лық кеңес-фестивалі өтті. Қазақ­стан­ның түкпір-түкпірінен келген жас таланттар үш күн бойы Ала­тау­дың баурайын өз шығармаларымен тер­бетті. Жазушылар одағына мү­ше­лікке қабылдандыңыздар. Сол кездегі әде­би ахуал қандай еді?
– Иә, 2001 жыл менің жас әріп­тес­терім үшін тарихи жыл болды. Одақ­тың ұйымдастыруымен тұң­ғыш рет өткен республикалық Кеңес­те біз әдебиетке ресми түрде жол­дама алдық десек артық болмас. Өйт­кені, Тұм-ағаң, Қадыр аға, Сә­кен Жү­нісов, Сәкен Иманасов сын­ды әйгілі тұлғалардың батасын алдық. Үлкен шаралар, әдеби секциялар жұ­мыс істеді. Жиын-кештер болды. Көз­ге түскен отыз шақты жас қалам­герді үш күндік жиынның нә­тижесінде еш кедергісіз Жазушы­лар одағына мү­шелікке қабылдады. «Есімін ел біл­мейтін жастарды мүше­лікке ал­ды» деп сол кезде ауыр сын айт­қандар болды. Араға уақыт салып қа­рағанда сол жастар­дың әдебиет ауы­лынан алыс кеткені бар ма?.. Жоқ. Бә­рі сөз өнерінің тәуір кадрларына ай­нал­ды. Одаққа мүшелікке қа­был­дану талантыңа талант қосып бер­мейді. Бірақ елдің азаматы ретінде әде­биетке қатысты маңызды шаруа­лар­ды атқаруға мүмкіндік береді. Сол үшін жастар жағы Нұрлан Ора­залин мырзаға жиі алғыс айтып жү­­реді. Жазушылар одағының ті­ке­лей араласуымен, жастарды қолдау жө­нінде ұйым басшысының ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жаз­ған арнайы хатының арқасында тиіс­ті орындарға тапсырмалар бері­ліп, қаншама жастар үйлі болды. Кі­таптары жарық көрді, ірі жо­ба­лар­ға қатыстып келеді. Ең бастысы сол жас қыз-жігіттер Тәуелсіздік дәуі­рінің жеке тұлғалары ретінде қа­лыптасып келеді. Әдебиеттен өз­ге елдік істерге араласа бастады. Мә­селен, біз бірнеше халықаралық поэ­зия жобаларын жүзеге асырдық. Тұңғыш испан және әзірбайжан тілінде шыққан қазақ ақындарының ан­тологиясын жарыққа шығардық. Олардың тұсаукесерін Испанияның ас­танасы – Мадридте және Әзі­р­бай­жан астанасы – Бакуде өткіздік. Бұл – тек сол Нұрлан Оразалиннің тұ­­­сында Жазушылар одағына қа­былданған екі ақынның ынта-ықы­ласымен жүзеге асқан жоба. Алдағы уа­қытта осы жобаны түрік және ағыл­шын тілінде жүзеге асырғымыз ке­леді. Жобаның елу пайыз жұмысы аяқ­талып қалды. Ақындар іріктеліп, ан­тология құрастырылып және ақын­дардың өлеңдері шет тіліне жол­ма-жол аударылып дайын тұр. Тек оның әдеби аудармасын жасату­ға және оны шетелде басуға демеуші іздеп жатырмыз.
– Мүшелікке қабылданған уа­қыт­тағы замандастарыңыздың әсері қан­дай болды?
– Айтары жоқ, ол кезде көңіл-күйі­міз керемет болды. Қа­сиетті қарашаңырақтың бір мүшесі ре­тінде сезіну мені қанаттандырды. Менің замандастарыма Темірхан Ме­детбек «алтын көпірліктер» деп ат берді. Себебі, әдебиет ешкімге ке­рек­сіз заманда, поэзияға мүлде қа­ламақы төлемейтін уақытта әде­биетке адал болып қалған қалам­гер­лер іріктеліп шықты.
– «Мен ақындықты мінез, ал мі­­незді тағдыр деп ұғамын. Ақынды мем­лекеттен алған қаптаған атақ­тар­дың тізімі құтқармайды. Ақынды өзі жазған өлең мен уақыт қана арашалап алады», – деген екенсіз. Сонда ақын­дар арасындағы бәсеке немен өл­ше­неді? Мықты ақынның бір оқырманға ұна­ған өлеңі, екінші оқырманға ұнауы шарт па?
– Ақындардың арасында бәсеке дей­сіз бе? Бәсеке кемталанттарда бо­лады. Бұл жалғанда еш­кім­нің орнын ешкім тартып ала ал­майды. Әркім өзі жеткен биігінде қа­лады. Мысалы, мен «Шабыт» фес­тива­лінде ешқашан бас жүлде алып көр­ген жоқпын. «Дарын» сый­лы­ғын да алған емеспін. Және қап­та­ған атақ-даңқтардың ешқай­сысы маған бұйырмады. Бұдан жасырақ кезімде, мен оған іштей наразы болатынмын. Кейіннен бұл қылы­ғымның қате екенін түсіндім. Бірін­шіден, ол сыйлықтардың қа­лай таратылатыны барлығына бел­гілі. Екіншіден, ақынның орнын еш­қашан мемлекет беретін марапат анық­таған емес. Оны, расында да, мәр­тебелі уақыт анықтайды. Қазақ­стан ықпал ете алмайтын халықа­ра­лық поэзия конкурстарында жеңім­паз болдым. Әдебиет номи­на­циясы бойынша сол кездегі Ре­сей Президенті Д.Медведьевтің сти­пендиясына ие болдым. Тә­жік­станның Президенті Э.Рахмонов­тың қабылдауына барып, сыйлықты Пре­зиденттің өз қолынан алдым. Ақын ретінде аударма арқылы өлең­­дерімнің бағасын бірінші сырт мемлекет мойындады. 2003 жылдан бас­тап мен Қазақстанда өтетін бір де бір мүшәйраға қатысқан емеспін. Шынымды айтсам, кез келген ма­рапат пен оқырманның менің өлең­деріме деген махабаты таразы ба­сына түсетін болса, мен сөзсіз ма­­­­хабатты таңдар едім. Егер өлең­дерің­ді ешкім білмесе сылдырлаған төс­белгілер мен қаптаған мақтау қа­ғаздарыңмен кімді алдайсың?
– 2016 жылы Мәскеуде ТМД ел­дері жас ақын-жазушыларының ба­сын қосқан форумға қатысып қайт­тыңыздар. Біздің елдегі әдеби ахуал мен ТМД елдеріндегі әдеби ахуал­да қандай ұқсастық яки ал­шақ­тық бар екен?
– Ресей мен Әзірбайжан және Ар­менияның мықты ақындарымен та­ныстым. Олармен әлі күнге ха­барласып тұрамын. Әзірбайжандар поэ­зияға өте үлкен көңіл бөледі. Поэ­зия патшалық құрған мемлекет деп атауға болады. Әзірбайжандық кез келген ақын өз өлеңін жатқа оқи­ды. Оларда әдеби бас қосулар мен талқылаулар өте жиі болады. Ел пре­зидентінің поэзияға деген көз­қа­расы ерекше. Мен Әзірбайжан пре­зидентінің қызы Ләйлә Әлие­ва­ның жақсы ақын екенін білемін. Үне­мі интернеттен өлеңдерін оқып, қа­дағалап отырамын. Әр мемле­кет­тен барған жас ақындарды елдің Пре­мьер-министрі қабылдады, де­путаттары үйінде қонақ қылды, пар­ламент қабырғасында күтіп, құр­мет көрсетті. Осындай форумдар мен халықаралық поэзия фес­ти­валь­дерінің пайдасы көп. Себебі, әде­би интеграция пайда болады. Ақын­дар бірін бірі жақынырақ та­ни­ды, ортақ жобаларды жүзеге асы­рады, аударма жұмысы жан­да­на­ды. Осындай халықаралық фо­рум­дарда қаншама ғажап ақынмен таныстым, олардың бірқатарымен ай­нымас дос болып кеттім.
– Өзіңіз қолға алған халықаралық поэзия жобасы одан әрі жалғасты ма?
– Халықаралық байқауларда поэ­зия номинациясы бойынша жеңім­паз болғаннан кейін бірнеше халықаралық поэзия фес­тиваліне шақырту ала бастадым. Бұл менің әлемнің танымал ақын­да­рымен танысуыма мүмкіндік бер­ді. Сондай халықаралық фести­вальдердің бірінде Испан Пен клу­бының бас хатшысы, Неополитан және Малларме Париж академия­сы­ның корреспондент-мүшесі, Еу­ропа ақындары фестивалінің не­гізгі құрылтайшысы Хусто Хорке Пад­ронмен таныстым. Хусто Хорке Падрон Испания Корольдік акаде­мия­сының «Фастенрат» сыйлығын Фе­дерико Гарсиа Лоркадан кейін ал­ған тарихтағы екінші ақын. Оның «Тозақ шеңберлері» атты туындысы ке­зінде Испанияда ғана емес, тұтас Еу­ропада бес жыл қатарынан үлкен ре­зонанс тудырған шығарма. Латын Америкасының жаңа прозасының не­гізін қалаушы Хорке Луис Бор­хес­тің өзі Хусто Падроның бұл кіта­бы­на: «Хоркенің «Тозақ шеңберлері» туын­дысы ұзақ жылдардан кейін мені қатты қобалжытып, қайғыр­тып, еңкілдеп жылатқан бірден бір кі­тап болды», – деп баға бергені те­гін болмаса керек. Содан болар Эдмонд Вандеркамен өз кітабында «Хусто Хорке Падрон – ұлы ақын. Ол Федерико Гарсиа Лорканың орнын басуға әбден лайық», – деп жаз­ды. Бірде түскі ас ішіп отырған кез­де Падрон: «Менің шығар­ма­ларымның ішінде ең маңыздысы деп санайтын «Тозақ шеңберлері» деген поэзия кітабын қазақ тіліне ау­даруға қалай қарайсың?» деп сұрады. Шығарманың француз ті­лін­дегі нұсқасын оқып шығайын. Ұнаса, міндетті түрде аударамын, – деп жауап қайырдым. Бұл – адам­заттық проблеманы кө­тере­тін күр­делі шығарма. Мен ұлы ақын­мен танысқанымды тек елге кел­ген соң ғана түсіндім. Бірден аударма жұмысына кірісіп кеттім. Жұ­мысты аяқтаған соң Падронға хат жазып жібердім. Ақын­ның сол кезде бала­ша қуан­ға­нын көрсеңіз. Хаттар француз тілін­де жазылды. Және олардың барлығы сақтаулы. Осы­лайша сол кез­дегі Испанияның ел­шісі Ма­нуэль Лароччи мырза мен оның бірін­ші орынбасары Педро Торрес Со­са мырзаның тікелей қолдауымен «Тозақ шеңберлері» қазақ тілінде жарыққа шығып, оның тұсаукесер рәсімі Астанада өтті. Хусто Хорхе Падрон бірінші рет Астанаға келді. Осы сапардан ерекше әсер алған ав­тор қазақ ақындарының антология­сын испан тілінде шығаруға ұсы­ныс айтты. Біз Дәурен Берікқа­жы­ұлы екеуміз бұл жобаның көзге кө­рінбейтін барлық қара жұмысын тегін атқаруға келісім бердік. Өйт­кені, бұл жоба тарихи маңызы бар ерекше халық­аралық жоба еді. Жаз­ба әдебиеттің басында тұрған Абай­дан бастап, Алаш арысы Міржақып қош­таған және бүгінгі күннің ең та­лантты жас ақындарына дейін енген анто­ло­гияға елу ақын ірік­теліп алынды. Бұл еңбектің бағасы бүгін берілмесе де, келешек ұрпақ беретін болады. Бұл, расында да, әлемде таралымы жөнінде төртінші орын алатын испан тілінде шыққан тұңғыш қазақ поэзиясының ан­то­логиясы. Бұл – қазақ әдебиетінің та­рихында алтын әріптермен жа­зы­латын күн. Себебі, бұл тілде жарты әлем сөйлейді. Қазақ поэзиясы 550 млн. халыққа жол тартты. Және ол өз­ге кең тараған тілдерге жол ашты. Мы­салы француз, ағылшын тілде­ріне қазақ поэзиясын осы испан тіліндегі нұсқасы арқылы аударылуы мүмкін. Ғажап емес пе? Бұл тек мүм­кіндік аясын кеңейтеді. Осы уа­қытқа дейін қазақ антологиясын ба­тыс еуропа тілдерінде, соның ішін­де ағылшын тілінде шығаруға бірнеше рет талпыныс жасалған. Бірақ бәрі аяқсыз қалған. Себебі көп мәселе қаржыға келіп тіреледі. Осы орайда, мен Қазақстанның Ис­панияндағы Төтенше және Өкілетті Ел­шісі Бақыт Дүйсенбаевқа алғы­сым шексіз. Ол бұл салиқалы жобаға қолдау көрсетіп қана қой­май, оның жү­зеге асуы үшін Ис­па­нияның Қа­зақстанда жұмыс іс­тей­тін ком­па­нияларынан демеуші таба білді.
Испанияда өткен тұсаукесер рә­сіміне антологияға енген 10 қазақ ақы­ны қатысты. Олар Мадрид пен Барселона аспанын қазақ өлеңімен ас­қақтатып қайтты. Бұл ақындардың өзіне шығармашылық қанат бітірді. Дәл осындай тұсаукесер рәсімін біз Әзірбайжан астанасы Бакуде өткізіп қайттық. Бұл шараға Қазақстаннан 20 ақын қатысты. Қарап отырсаңыз, осындай қомақты жобалар қара­пайым халықаралық поэзия фес­ти­вальдерінде керек адамдармен бай­ланыс орнату арқылы жүзеге ас­қанын жасырмаймын. Дәурен Берікқажыұлының ағыл­шын, түрік тілдерін, менің фран­цуз тілін жетік меңгергеніміз жо­баны жүзеге кедергісіз асыруға көп көмектесті. Тіпті, халықаралық поэ­зия фес­тивалінің шетелдегі ұйымдас­ты­рушылары Орта Азия­да­ғы талантты ақындарды іріктеп ша­қыруға менен кеңес сұрап, ха­барласа бастады. Мысалы, 2015 жыл­ғы Қазанда өткен халықаралық поэзия фес­ти­валіне Қырғызстан, Өз­бекстан, Қазақстан, Түрікмен­стан­нан мен ұсынған алты ақынның алтауы да шақырту алды. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Бұлар расында да Орта Азиядағы өте та­лантты ақындар екені даусыз.
– Қазіргі әдеби аударманың са­па­сы жайлы не айтар едіңіз?
– Елімізде жүйелі түрде әдеби ау­дарма жасайтын я ресми институт, я орталық жоқ. Біз осы мәселені тиіс­ті орындар мен ресми өкілдіктер ал­дында бірнеше рет көтердік. Бі­рақ мәселе шешілген жоқ. Ол – мемлекеттік тұрғыдан қолға алынуы тиіс. Қазақ әде­биетін әлемге кең тараған ағыл­шын, француз, неміс, испан, қытай тіл­деріне аудару немесе осы тілдер­де­гі әдебиетті тікелей қазақ тіліне ау­дару әлі кең ауқымда қолға алын­ған жоқ.
– «Барлық өнер түрі секілді әде­биет­ке де еркіндік керек», «Әде­биет­тегі еркіндік талғамды бұзады». Сіз осы пікірдің қайсысына қосыласыз?
– Әдебиетке тек қана еркіндік ке­рек. Еркіндік талғамды бұзбайды. Тал­ғамды халтурщиктерге берілген ер­кіндік бұзуы мүмкін.
– Ауызекі тілдің өлең тіліне кө­шуі­не не себеп деп ойлайсыз?
– Кітап оқымаған кезде тіл ке­дей­ленеді. Қарабайыр тілде сөйлей бас­тайсың, ол өлеңге көшеді. Ал­го­ритімі өте қарапайым.
– Бұдан бес-алты жыл бұрын әде­­биетшілер жас ақындардың өлең­дері тым жылауық, олар абстракцияға қы­зығамыз деп түсініксіз өлең жаза­тын болды деген пікір айтты. Сіз не айтасыз? Қазіргі өлеңдер мұндай ке­леңсіз дүниеден алыстады ма?
– Оған бас қатырып керегі жоқ. Өлеңнің әртүрлі формада дүниеге ке­луге хақысы бар. Бірақ оның өмір­шеңдігін уақыт көрсетеді. Еш­кім оқымаса өз-өзінен өледі. Ал оқырманы табылса ғасырдан ға­сырға көшеді.
– Әдебиетке келген әр буын өз ерек­шелігімен келеді. Сіздің қатар­лас­тарыңыз нендей ерекшелікпен кел­ді.
– Менің қатарластарымның ішін­де ғажайып ақындар бар. Мен олар­мен бір ғасырда өмір сүргенімді мақ­тан тұтамын. Әр оқыған сайын ба­сымды шайқап, таң қалып оқи­тын ақындарым бар. Олар шынайы­лы­ғымен, өжеттілігімен, жаңашыл­ды­ғымен, эксперименттен тар­тын­бай­тын батылдығымен ерекшеленеді.
– Шығармашылық адамының дәлірек айтқанда ақынның бүгінгі образы, имиджі қандай болуы керек деп ойлайсыз?
– Сөзіне ісі сай болуы керек. Іс қана адамның болмысын анық­тай­ды.
– «Қазақстан» Ұлттық арнасында «Поэзия әлемі» жобасын жасадыңыз, қа­зір Алаш қайраткерлері туралы жо­баны қолға алған екенсіз. Бұл жо­ба­ның аяқалысы қалай?
– «Qazaqstan» ұлттық телеарна­сын­да «Поэзия әлемі» атты порт­рет­тік бағдарлама жасадым. Жас жә­не орта жастағы 50 ақын туралы то­лық мәлімет беретін, болашақта ал­тын қорға енетін портреттік бағ­дарлама қоры жасақталды. Осыған дейін жас ақындар жайлы бір де бір портреттік бағдарлама жасалмаған екен. Ерлан Карин «Qazaqstan» те­лерадиокорпорациясына Басқарма бас­шысы болып келгенде мені ша­қыртып, поэзия бағдарламасын жа­сауды ұсынды. Бірақ мен 2017 жыл Алашорда үкіметінің 100 жыл­дық мерейтойы болғандықтан «Алаш арыстары» туралы деректі фи­льм түсіруге ықыласты еке­німді жеткіздім. Ерлан Карин мыр­за өзі алаштанушы болғандық­тан менің идеямды қуана қолдады. Мен алашорда үкіметінің құра­мын­да болған 15 алаш арысының әр­қай­сысына жеке деректі фильм жа­сауды ұсындым. Оны да төраға бір­ден қолдады. Бірақ қаражат тап­шылығынан 15 фильмнің тек бесеуі жарыққа шықты. Бұл деректі фильм топтамасының өзге деректі фильм­дерден ерекшелігі – Ресейдегі, Мәскеу, Санкт-Петер­бор­дағы, Түркияның Ыстамбұлы мен Ан­карасында, Францияның Парижі мен Ножан сюр Марн қаласында жә­не Германияның Берлині мен Потсдам қалаларында түсірілім жа­садық. Орынбордағы Бірінші және екін­ші жалпы қазақ съездері өткен та­рихи орындар түсірілді. Қазақ тәуелсіздігі үшін өзін ғана емес тұтас үрім-бұтағын құрбандыққа шалған алаш арыстарына қатысты құнды эксклюзивті деректер жарық­қа шықты. «Qazaqstan» ұлттық те­леар­насы бірінші болып Париждегі Булак кітапханасындағы Мәриям Шоқай анамыз тапсырған Мұстафа Шоқайдың барлық мұрағатын тү­сірдік. Бұл сюжеттердің тарихи маңы­зы өте зор. Себебі, ол бұған дейін арнайы зерттеу жұмысымен ай­налысатын ғалымдармен сту­денттер ғана барып таныса алатын мұрағат еді. Оны біздің телеарна тұң­ғыш рет жалпыхалықтың наза­ры­на ұсынды. Бұл алты алаштан сүйін­ші сұрайтын ғажайып жаңалық болды.
– Бұл еңбегіңіз тарихшылар та­ра­пынан қаншалықты қолдау тап­ты?
– «Алаштың аманаты» деректі фи­льмі«Ақ жол» демократиялық партиясы мен Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология инс­титуты ұйымдастырған «Алаш» Ұлт­тық автономиясының 100 жыл­дығының құрметіне естелік медалі­мен марапатталды. Шынымды айт­сам, мен осы жобаны жалғас­тыр­ғым келеді. Өйткені, қалған 10 Алаш арысы туралы қажетті барлық деректерді мен шетелден түсіріп келдім, енді тек монтаж жасап, жа­рық­қа шығару ғана қалды. Бірақ әзір­ге тоқтап тұр.
Егер маған Жарат­қан таңдау беріп, өткен ғасырға уа­қыт машина­сымен сапар шегуге мүм­кіндік берсе, Мен Алаш арыс­тары өмір сүрген дәуірге сапар ше­гетін едім. Олардың біздің ұлттық элитаның ең ғажайып үлгісі болып қалары хақ. Біз қазір Алаш арыстары маң­дайы­мен тегістеген тәуелсіздік жо­лын таба­ны­мызбен таптап жүрміз. Мы­салы мен «Алаштың аманаты» де­ректі фильмінің бір санын Мұс­тафа Шоқайға арнадым. Фильм «Түр­кістан үшін жан беру» деп ата­лады.
Қазақтың қара домалақ бала­сы­мен Сталин де, Гитлер де санасты. Оны жеңе алмайтынын түсінді. Өйт­кені Мұстафа екі диктатордың да пікірімен келіспеді. Көз ал­дыңыз­ға елестетіңізші, сіз өзіңіздің жұмысыңыздағы қарапайым бөлім басшысына онымен келіспейтініңіз­ді айта аласыз ба?.. Ойлану керек! Ой­ланасыз… Ал Мұстафа екі импе­рия­ның басшысына қарсы шықты. Өзі­нің тас түйін талаптарын қойып, ұс­танымын табанды қорғай білді.
Мұстафа теңдесі жоқ білімді, сая­си лидер еді. Ол Санкт Петербург Им­ператорлық университетінің заң фа­культетін бітірген. Достары да осал емес, уақытша үкіметтің бас­шы­сы А.Ф.Керенский. Дәл осы Ке­­­ренский оны шақырту қағазын жі­беріп Парижге алдыртады. Па­риж­де иммиграцияда жүріп, Мұс­та­фа ұлт тәуелсіздігі үшін 21 жыл бойы күресті.
Мұстафа тұтас Еуропаны ара­лап, ғылыми конференцияларда Қа­зақ ұлтының бостандығы туралы баян­дамалар жасап, ашық күреске шы­ғады. Лондонда өткен сондай­кон­ференциялардың бірінде баян­да­маны тыңдаған ағылшынның лор­ды қатты қайран қалып, Мұс­та­фаны үйіне қонаққа шақырады.
Межеленген уақытта Мұстафа лор­дың үйіне келеді. Бірақ консьерж оған: Бұл үйге үндістандықтардың кіруге хақысы жоқ деп кіргізбейді. Сонда Мұстафа: Мен үндістандық емес­пін. Мен түркістандықпын! – деп жауап қатады. Консьерж ғафу өті­ніп, жоғары қабатқа көтерілуін өті­неді. Бірақ Мұстафа: «Үн­діс­тан­дықтар кіруге болмайтын үйге, түр­кістандықтар да кірмейді. Ұлтты алалап бөлетін, шығыс халқын кем санайтын үй – мен жүретін жер емес!», – деп кері бұрылып кетіп қал­ған екен. Лорд Мұстафаға ерте­сін­де кешірім сұрап барады. Бірақ Мұстафа қайтып ол үйге оралмаған екен.
Өз дінін сақтап қалуға рұқсат бер­ген, алақанында аялап ұстаған жары Мәриям Мұстафаға жан-тә­німен беріліп, ұлы саясаткерге өмір бақи қызмет етті. Барлық архивін Па­риж университетінің ректорына табыстай отырып, оған Мұстафаға арнап бір бөлме ашу туралы өтініш айтқан екен. Мәрия жары Мұстафа үшін жат елде көмусіз қалатынын білсе де, соңынан ерді. Тіпті көметін еш­кім болмаған соң табытын да, та­бытына қоятын тасты да өзі қа­шатып жасатты. Содан болар Мә­рия анамыздың бейіт басында ор­на­тылған тасында туған жылы жа­зыл­ған, өлген жылы жоқ. Біз осы­ның бәрін Франция мен Гер­манияға барып түсірдік.
– Алаш арыстары жүріп өткен жолды халыққа көрсету барысында қандай сезімде болдыңыз?
– Иісі қазаққа белгілі ғалым Мәм­бет Қойгелді ағамыз Алашорда та­қырыбын зерттеуге Мәскеуге ба­рып, архивте бірнеше күн отырған. Қоржынын қою ақпаратқа толты­рып, Алматыға пойызбен үш күн дегенде жетеді. Алаш тақырыбына қа­тысты деректерді өз көзімен көр­ген ол жол үстіндегі үш күн бойы ең­кілдеп жылап, солығын баса ал­ма­ған көрінеді… Мен оған сенемін. Өйткені, Алаш арыстары туралы де­ректерді өз көзіңмен көру ұлтым де­ген кез келген адамды бейжай қал­дырмайды. «Алаш аманаты» де­ректі фильмін қолға алғалы мен де кей түндері ұйықтай алмай ең­кіл­деймін. Өйткені Алаш тақырыбына бас қойған адам одан алыстап кете алмайды.
Жақында өткен Жазушылар ода­ғының пленумында отырып, ел­дің қаймағы саналатын ақын-жазу­шы ағаларымды сырттай ба­қыладым. Кешегі Алаш арыстары қан­дай еді? Кешегі Әлихан Бөкей­хан мен Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жақып Дулатұлы мен Мұстафа Шоқайлар қандай еді?! Олар нені аң­сады? Біз бүгін нені даулап жүр­міз? Мен залда отырып атылып кет­кен алаш арыстарын қатты са­ғын­дым. Маған Тәңір таңдау берсе, қазақты қынадай қырған, қит етсе атылып кететін қасіретті ғасырға аттанар едім. Ол кезеңге бір ғана мис­сиямен – Әлиханның табаны­нан сүю үшін барар ем…
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбат алған
Назым ДҮТБАЕВА.


Танакөз ТОЛҚЫНҚЫЗЫ

1977 жылы дүниеге келген.
1994 жылы Алматы қаласындағы республикалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын №2 мектепті тәмамдаған.
1994-1999 жылдары Әлем тілдері университетінде білім алған.
1999-2000 жылдары «Болашақ» стипендиясын иеленіп, Францияның Страсбург қаласындағы Роберт Шуман университетінде Халықаралық құқық саласы бойынша магистратурада білім алды.
Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Дебют достастығы» атты Халықаралық конкурс жеңімпазы. Қазақстан, Ресей, Тәжікстан Президентінің әдебиет номинациясы бойынша сыйлықтарының иегері.
«Біз – таулықпыз», «Сағынып жүрмін», «Айтқым келеді», «Сүйе­мін» атты жыр жинақтарының авторы.
«Айқын» газетінде журналист, «Дайджест.KZ» газетінде Бас ре­дактор; Алматы телеарнасында «Шабыт шыңы» поэзиялық бағдар­ла­масының авторы әрі жүргізушісі, «Қазақстан» Ұлттық телеар­насында «Поэзия әлемі», «Алаштың аманаты» теле­жобаларының авторы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір