Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған ұлттық ерекшелікті сақтау мәселесіне орай «Көнеден жеткен бүгінге» атты дөңгелек үстел өтті.
Жиын барысында белгілі аудармашы, әдебиеттанушы, публицист Кеңесбек Демештің «Шейх Ахмет Тарази. Көркем сөз өнері» және «Заңнама тілі» кітаптарының тұсаукесері болды. Басқосуға танымал ғалымдар, қоғам қайраткерлері, баспасөз өкілдері қатысты.
Шейх Ахмет Таразидің 1436-1437 жылдары жазып, мұра етіп қалдырған «Көркем сөз өнері» – әдебиеттану, әдебиет теориясы саласындағы түркі тіліндегі тұңғыш туынды. Еңбекте автор поэзияның көркемдік заңдылықтарын, сөздің өлең құрылысындағы рөлін анықтайды. Трактатта өлеңнің түрлері, уәзіндері, әрбір сөздің терминдік мәні, әрбір әріптің сөз құраудағы міндеті пысықталады, сөйлем, сөз, әріптердің бір-бірімен байланысы талданған. Сонымен бірге Шейх Ахмет Тарази өз тұжырымдарын түркі, парсы және араб тіліндегі өлең жолдарымен қуаттап отырады. Шығарма түркі тілінде жазылғанымен, аталған үш тілдің тарихи байланыстарына зер салуға мол мүмкіндік береді. Бұл еңбектің шығуына оны тауып, қазақ жеріне алып келген әдебиеттанушы қаламгер Кеңесбек Демеш және онымен бірлесіп, аударма жасаған шығыстанушы ғалым Ислам Жеменей айрықша еңбек сіңірді.
Аталған шығарманың толық аудармасы алғаш рет жарияланып отыр.
Бұл еңбекте автор парсы – тәжік классиктерімен қатар, өзімен замандас түркі тілдес шайырлардың да шығармаларынан үзінділер, өлең жолдарын келтірген. Мұның өзі түрік халықтарында әдебиет тарихының терең тамыр жайғанын айғақтайды.
Филология ғылымының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы: «Тараз қаласының тумасы Шейх Таразидің түрік халықтары поэзиясындағы өлең құрылысының теориялық негізін қалаған «Көркем сөз өнері» еңбегін араб, парсы, шағатай тілінен тікелей қазақ тіліне аударған шығыстанушы ғалым Ислам Жеменей мен Кеңесбек Демештің еңбегі қазақ әдебиеті тарихына зор жаңалық болып қосылары
анық», – деп жазады.
Кезінде бұл еңбектің бірқатар тараулары «Дала мен қала» газетінде жариялануына байланысты филология ғылымының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев «Шейх Ахмет Таразидің «Көркем сөз өнері» (XVғ.) еңбегінің ескі түркіден қазіргі қазақ тіліне аударылуы және мерзімді баспасөзде жариялануы – мәдени өміріміздегі елеулі құбылыс», – деп атап көрсеткен болатын.
Белгілі аудармашы, әдебиеттанушы, публицист, қоғам қайраткері Кеңесбек Демеш ұзақ жылдар бойы мемлекеттік тілді іс-қағаздарына енгізуге, оны заңнама тілі ретінде орнықтыруға және терминдердің қолданылуын біріздендіруге белсене атсалысып келеді. Оның «Заңнама тілі» деп аталатын жобасына – кітаптар топтамасына ресми іс қағаздарында жиі қолданылып жүрген термин сөздер мен сөз тіркестерінің жинағын, заңнама терминдерінің түсіндірме сөздігін, сондай-ақ автордың заңнама тіліне, көркем сөз өнеріне қатысты мақалаларын, эсселері мен аудармаларын біріктіру көзделген.
Алғашқы кітапқа Кеңесбек Демештің құрастыруымен, редакциясымен, тіркелген авторлық құқығымен жарық көрген және Мемтерминком мақұлдаған заңнама тіліне қатысты кітаптардың негізінде әзірленген орысша-қазақша заңнама сөздігі енгізіліп отыр. Ондағы сөздер мен сөз тіркестері Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдаған заңдардан, Мемлекет басшысының Жарлықтары мен Өкімдерінен, Республика Үкіметінің Қаулыларынан, өзге де нормативтік құқықтық актілерден, түрлі әдебиеттерден, республикалық терминологиялық комиссия бекіткен терминдерден іріктелген.
Сөздікке түсіндірмеде оны пайдалану барысында ескеретін бірқатар жайттар жайлы айтылады. Көптеген сөздіктерде мұндай түсіндірме кездесе бермейді.
Сөздікті құрастырушы: «Біраз жыл бойында Мемтерминком мүшесі болған тұста, қазақ тілінде баламасы жоқ терминдердің негізінен халықаралық қолданысқа сай алынуын ескердік», – дейді. Мұны сөздікке енген терминдерден анық байқауға болады.
Сөздік нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеумен айналысатын мамандарға, заңгерлерге, аудармашыларға, ғалымдарға, студенттерге, сондай-ақ жалпы көпшілік оқырманға арналған.