«КӨКСЕРЕК» ОСЫЛАЙ ТУҒАН (Ахмет Әуезовтің естелігінен)
05.08.2022
1792
0

«Құрмаштың әжесі боздап келіп:
– Қураған-ай, неңді алып ем?! Не жазып едім? Бауырына салып өсіргеннен басқа не ғып еді менің құлыным?! – деп, елді тегіс еңіретіп, Көксеректі басқа тепті».
Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Көксерек» әңгімесі осылай аяқталатыны әркімнің-ақ есінде болар. Бұл әңгіме былай туған еді. Ағамыз Ағзам Әуезов алдында – Қасеке (Қасымбек), артында Мұхтар екеуміз болған соң еркелеу боп өсті. Ағзамның үй шаруасымен ісі болмайтын. Үнемі баққаны жақсы ит, ойлағаны кең далаға шығып аң аулау, қасқыр қуу еді.
Ұмытпасам, күздігүні болатын. Ертіс бойындағы Керекуде Аққасқа деген сырттан ит бар екен деген қауесет сөз ауылға кең тарады. Бұл сөз Ағзамның да құлағына шалынған-ды.
Жақсы иттің хабарын естіген Ағзамда тағат жоқ. Оның ертелі-кеш жар құлағы жастыққа тимей, ойлағаны ит алдыру.
– Аққасқаның тұқымын алдырайық, – деп, Ағзам Мұхтарға қолқа салумен болды.
Бүркітпен аң аулап, азулы тазы жүгіртіп, жараса қасқыр қууды Мұхтар о бастан жақсы көріп, жаны сүйетін еді. Оны үлкен серуен деп білетін. Палуан денелі, кесек тұлға аңшы Ағзамды Мұхтардың үнемі сыйлап, жақсы көретіні де сондықтан болса керек. Мұхтар Ағзам ойын бірден қоштай кетті.
Арада көп уақыт өткен жоқ. Мұхтар қаражат жинап, Керекуге адам жіберді. Сөйтіп, Аққасқаның хабарын алдырды. Мұнан соң Мұхтар ит иесіне арнайы хат жазып, кемемен Аққасқа, Сарықасқа екі тазы алдырды. Аққасқа болса, Ағзамға тиді, Сарықасқаны Мұхтар Жағыпар Мағауияұлына берді.
Аққасқа кішігірім тайдай екен. Оның жанына Ағзам ғана жолай алады. Ағзам Аққасқаға ерекше күтім жасады. Түнде тұмылдырығын алып, босататын да сол. Түн болды дегенде, ауылға, алқа-қотан қойға Аққасқа ие.
Расында, Аққасқа иттің сырттаны еді. Ауыл иттерімен таласпайтын. Түнде ауыл иттері науада кездесе қалса, «ырр» деген дауысы бір-ақ шығып, кеудесімен қағып өтетін.
Аққасқаны Ағзам жетегіне алып, Мұхтар екеуміз де жараулы атқа мініп, талай аңға шыққанымыз, бірнеше көкжал қасқырды қуғанымыз, қызығына әбден батып, соққанымыз бар.
Аққасқаның иісшілі-ай! Иісті сезді дегенше, екі көзі оттай жанып, құйрығын қыса түсіп, жер-көкте тұра алмайтын. Ағзам тұмылдырықты сыпырса болды, Аққасқа алды-артына қарамай кеп зымырайды. Біз де ұмтыламыз. Екі-үш қырдан асып кеткен Аққасқаның артынан шапқылай қуа жүріп, зорға жеткенімізде, көкжалды алқымынан шайнай, айқасып тұрғанын талай көргенбіз. Сол көріністі Мұхтар «Көксерек» әңгімесінде дәлме-дәл көрсеткен.
Ауылдың мал-жанына тал түсте қырғидай тиіп, бір тыныштық бермейтін талай қасқыр Аққасқаның алғырлығынан қолға түсті. Бұл оқиғалар Мұхтарға көп-көп сырлы ой салды. Содан барып, Мұхтардың сегіз бөлімді «Көксерек» әңгімесі туған-ды.
Әңгімедегі негізгі шындық осындай. Ал әңгіменің көп жерлері ойдан алынып қосылған. Мәселен, Қараадырдың ескі ін-апаннан ауыл адамдарының қасқыр бөлтірігін алып, кішкене Құрмаштың әлгі бөлтірікке Көксерек деп ат қойып, оны асырағаны біздің ауылда, елде болған оқиға емес. Сондай-ақ «Көксеректің» адам қолында тәрбиелене тұрып, қой баққан жас бала – өз иесі Құрмашты жеуі де ойдан алынған. Бұл жайттар жазушы ойынан құралса да, өмірден өз орнын тауып тұр.
«…Артқы қасқырлар топырлап келіп жетіп, Көкшолаққа ауыз салысты. Былбырап аққан қызыл қанның иісі аш қарындарға мас қылғандай белгі берген еді. Шаптан, қолтықтан, жалаңаш төстен мықты өткір тістер жұлқып-жұлқып артқанда, Қөкшолақтың қаны жосылып ағып, ішінен бұрқырап, буы да шықты. Бұл арада бар ауыз түгелімен жабылып кетіп еді. Аз уақытта Көкшолақтан будыраған жүн мен төрт табан ғана қалды».
Міне, Көксерек бастаған бір топ қасқырлар өз ұяласы Көкшолақты бас салып, жұлқып-жұлқып жегенде, Құрмашты – адамды жемей аяр ма?
Мұхтардың қасқыр бөлтірігін адамның асырап, Көксерекке Құрмашты жегізуінде тағы да қыруар сыр бар, көп нәрсені, жауды аяған жаралы болатынын аңғартады.
Көпшілік айтса, қалып айтпайды. Көпшілікпен біріксең, жалғыз басыңа елден ерекше төнер қауіп жоқ. Ал төне қалған жағдайда, көп болып, көмектесіп құтқарады. Көппен көрген – ұлы той.
«Құрмаш Көксерек күшікті қанша күтімге сап, оны күні-түні екі мезгіл тамақтандырса да, ұрлықты қойған жоқ. Адал асты білмеді. Кішкене қасқырдың қылығын, жаулығын аңғарған ауыл адамдары:
«– Ұры, асырасаң да мал болмайды. Тұқымы жау емес пе!» – десті.
«Татулық жоқ, суық… Өскен сайын сызданып, суықтанып келеді, сол мінезін байқаған үлкендер:
«– Енді мұны өлтіріп, терісін алу керек. Осы кәпір түбінде ел болмайды», – дейтін де болып еді. Бірақ Құрмаш көнбеді».
Иә, көпшілікке қарсы тұру, ажалға қарсы тұрумен бірдей ғой.
Өмірдің ащысы мен тұщысын бірдей татқан үлкен адам – әке қауіп пен қатерді тез аңғарып, қиядан шалады. Әке ойы мен сөзі шынайы өмірге жанасымды болса, оның айтқанын істеп, тілін алу – балаға бірінші парыз екенін Мұхтар «Көксерек» әңгімесінде толық көрсете білген.
Мұхтар әке сөзін былай деп жазады: «Көксерек жалғыз өзі баяулап ауылға келді…
– Түу, мына кәпірдің екі көзі жап-жасыл боп кетіпті-ау, тұқымын сезген екен мына жүзі қара, қой, балам, енді мұны өлтіріп, терісін алайық…».
Бірақ түлен түрткен Құрмаш тағы көнбеді, әке сөзін кұлаққа аспады… Айдала. Құрмаш қозы бағып жүр. Көксерек Құрмашқа тап берді. «…Содан әрі баланың үні өшті. Қасқырдың аузы тиместен бұрын өліп кетті. Көксерек ырылдап тұрып тісінің ұшымен қағып, жұлып алып, басын шайқай өткенде, баланың бір жақ көзін қопарып алып кетті. Жүріп бара жатып, қылғып салды».
Қасен Аққасқасын жетектеп, Құрмашты жеген Көксеректің ізіне түсті.
«Өр жақта Аққасқа: шайнасып тұрған ауыздардан сілекей мен қан аралас ағып, сырылдап тұр.
Бұл кезде Бейсембай да қара пышақты Көксеректің өкпесіне салып-салып жіберіп еді».
Міне, Көксерек Аққасқаның алғырлығынан қолға түсті.
«Бұл әңгіменің ортасындағы Хасен еді. Ол – белгілі аңшы. Баяғыдан құс салып, ит жүгірткен, өзі осы маңайдың ауқатты, әлді жігіті. Қараадырдың мырзасымағы. Қалада қызметте тұратын інісі бар. Сол арқылы биыл күзді күні бұның ауылына шетелден қасқыр алатын бір ит келген. Қазір барлық Қараадырға да, маңайдағы өзге елге де даңқы шыққан Аққасқа осы Хасеннің иті».
Көріп отырсыздар, бұл әңгіменің кейіпкері Хасен ағамыз – Ағзам Әуезов болатын. Мұхтар қалада қызмет істейтін інісі бар деп өзін айтып отыр. Жер аты Қараадыр – Бөрілі болатын.
– Ахмет, – деді бір күні Мұхтар, – өзіңмен, Ағзам ағаммен бірге Аққасқаға қасқыр қудырып, аң аулатып, қызығына батқан серуеннен «Көксерек» деген әңгіме жаздым.
– Жарайды, кәне, тыңдай қояйық, әңгімеңді оқып берші.
– Әңгімелеу қашпас, Ахмет, сенімен келісіп алатын бір жәй бар еді.
– Айта ғой.
– Аққасқаны Керекуден алдыртты деуге қимай тұрмын.
– Неге?
– Ауыл арасы жақын ғой. Аққасқаны Хасен – Ағзам қалада қызмет істеп тұрған інісі арқылы шетелден алдырған десем, әңгіме желісін байыта түскен болар едім.
– Дұрыс, қосыламын, – дедім, – Өзіңді де Бөрлінің белінен бөркіңді дардай ғып көрсеткен екенсің.
Содан Мұхтар ха-ха-лап әбден күлгені бар. Мұхтардың сол күнгі ақ жарқын жүзі көз алдымда, күлкісі әлі құлағымда. Сұңқар боп қалықтап жүр төбемде. Бұл күнде Мұхтарымды еске алсам, орыс жазушысы Николай Погодиннің мына бір сөзі тілге орала береді: «Менің үнемі көз алдымнан кетпейтін ақыл иесі, ақ ниет адамның ақ жарқын жылы жүзі. Оның өмір жасы артта, әлдеқайда өмір жолында өксігендей. Бұл жол, менің білуімше, бейнеті көп, зейнеті мол жол еді. Бұл жолдағы адам көне де болса жаны жас біздің жаңа ғасырда тарихи балғындыққа ие болған қазақ ұлтының перзенті болатын. Ол батырша жүріп кетті. Батырша деген теңеу – Мұхтар үшін жаңа да емес, бірақ осылай демей де болмайды, неге десеңіз, оның өз халқы үшін сіңірген еңбегін аңызға айналған батырдың ерлігіне балап айтуға тиіспіз».
Әділ сөз бе деймін!
Мұхтардың Шыңғыста көргені, білгені, ішіне түйгені тек «Көксерек» әңгімесін ғана туғызып қойған жоқ. Оның жазғандарының көбі-ақ өзі көзімен көріп, көңіліне тоқыған ойлар. Басқаны былай қойғанда, «Абай» эпопеясының тууына себепкер болған Абай көзі тірісінде Әйгерім қолынан жеген тәтті-конфет, аңшылық, алтыбақан, ақсүйек, жер таласы, ел таласы, ән мен күй, ойын-сауық, саят-серуен емес пе еді?
Иә, нақ солай.

Құлтөлеу Мұқаштың
парақшасынан алынды

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір