Қазақстан Жазушылар одағының XV Құрылтайы қарсаңында еліміздегі ең ежелгі әдеби ұйымның атқарған істеріне тағы бір көз жүгірту мақсатымен Жазушылар одағында өткен кезекті Құрылтайлар мен Пленумдарда, түрлі әдеби жиындарда жасалған баяндамалардан үзік-үзік деректер беруді жөн санадық.
Тіл тағдыры –
ұрпақ тағдыры
Қазақ тіліне кеңістік керек!
Қазақ тіліне болашақ керек!
Қазақтың тілін сақтап, қазақтың елін алдағы ғасырларға аман алып өтер арлы, тұлғалы, жүректі азаматтар керек!
Айт-айтпа, кешегі басып өткен жолымыз бен ертеңгі алдан күтер ғасырымыздың ұлы аманатын таразы басына қоя отырып, ойланар, ой толқытар тұс көп…
Кешегі дегеннен шығады… Кеңес үкіметі тұсында, 1920-1980 жылдар аралығында жергілікті ұлт тілдерін қамқорлыққа алу туралы 117 қаулы өмірге келіпті. Бірақ соның бәрі қазақ тілінің көркеюіне, кемелденуіне қызмет етті деп ауыз толтырып айта аламыз ба? Әй қайдам?! Жасырмай турасын айтар бір шындық, қай кезде де, қай кезеңде де қазақ тілінің қолданыс аясының тарыла түскені.
***
Міне, биыл ғасырлар бойы қыстығып келген қоңыр мінезді Ана тіліміздің егемендік алғанына яғни құқықтық жолмен мемлекеттік мәртебеге ие болғанына қоңыр күзде он жыл толады екен.
Әрине, ондаған жылдар бойы қыспақтың қыл бұрауында келген тілдің ентіккен демі мен тасырқаған тұяғын қалпына келтіру үшін бұл аз мерзім.
Осы мерзім ішінде қазақ мектебінің саны 3291-ге жетіп, аралас тілді мектептер саны мыңға тақаған. Бұған күн санап қатары молайған өнер ордаларын қосыңыз. Бұл ретте уақыт талабы мен тілегіне сай түзетіліп, өмірге қайта келген «Тіл туралы Заңды», сондай-ақ, өткен жылдың қазан айында Президент Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың Мемлекеттік Бағдарламасын» бөліп айтқан жөн. Мұны жүзеге асырудағы Қазақстанның Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің нақты бастамаларын батыл қолдауымыз керек, тізе қоса қимылдау шарт.
Иә. Тіл еркін өмір сүру үшін сөз жоқ, қолданылу аясы мол кеңістік айдыны керек.
Қолданылу аясы дегеніміз не сонда? Жауап іздеп көрейік.
Ол?!
Ол – қоғамдық ортадағы сұранысты қалыптастыру.
Ол – мемлекеттік мекемелер тарапынан болар ықпалды күшейту.
Ол – әрбір азаматтың ішкі мәдениеті мен құрметінен бастау алар ынтасын ояту.
Ол – өзінің ауасын жұтып, суын ішкен мына қасиетті жердің өткенін әспеттеп, бүгінін сыйлауға өзіңді де, өзгені де үйрету.
Ол – орынсыз байбаламға басып, орынды, орынсыз жерде «тіл намысын» жыртқансып, өзге жұрттың қытығына тимеу. Ол – құқықтық негізде өмір сүруге бет алған қоғамның бір мүшесі ретінде тиісті жерлерге мәселені ретімен қоя білуге бейімделу.
Ол – қазақ халқының ұлт ретінде өмір сүруін қамтамасыз етіп келе жатқан «өнер алды – қызыл тіл» саналатын әдебиеттің дамуына жағдай жасау…
***
Мемлекеттік тілде әуелі өзіміз сөйлейік!
Өз министрлеріміз бен өз әкімдеріміздің, өз елшілеріміз бен өз саясаткерлеріміздің тілге ден қойғаны қажет!..
Осылай соза берсек, «қажет», «керек» сөзінен биік мұнара да тұрғызуға болады, қадірлі әріптестер… Өзінің мемлекетін, Мемлекеттік тілін екі мың жыл бойы аңсаған еврей халқы 1948 жылы мемлекет болып ірге бекітіп, ұлттық мұраттарына қол жеткізгеннен бергі елу жылда ұлт ғылымын, мәдениетін, тілін дамытуда қаншалықты іс тындырғаны көз алдымызда.
***
Атақты орыс жазушысы Константин Паустовский: «Ана тіліне немқұрайды қарау – өз халқының өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайды қарау деген сөз» десе, оны қазақтың ұлы сөз зергері Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов: «Қай халықтың да қоғамдық өсу-өркендеу жолында көтеріле алған биігі мәңгілік боп ана тілінде сақталып отырады… Ана тілін өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деп толықтыра, айшықтандыра түсіп еді кезінде.
Құдай бізді өгейліктен сақтай көрсін дейік…
Алдағы ғасыр ұлдарымызды да, ұлтымызды да өгей ете көрмесін!
Ортақ үйіміз –
ордалы төріміз
1996 жылдың екінші жартысынан бастап өз қызметіне кіріскен шығармашылық ұйымның жаңа басшылығы алғашқы айларын ұйымдастыру шараларын атқару мен алда тұрған міндеттерін айқындап алуға арнағанын бұрынғы Пленумдардан, әр алуан басқосулардан жақсы білесіздер.
Уақыттың көбі шығармашылық бағыттағы шараларымыздың жолын кесер қаржы қиындықтарын шешуге, сондай-ақ Одақтың берекесі қашқан, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кете жаздаған, жан-жақты талан- таражға ұшыраған мүліктік-меншіктік заттарымызды (Шығармашылық үйді, Әдебиетшілер үйін, «Қаламгер» кафесін, Орталық мәжіліс залын) заңды сот жолымен қайтарып алуға кетті.
Аудандық, қалалық соттармен қатар, Жоғарғы Сот босағасын қайыра-қайыра тоздырған ондаған «алысулар» мен жүздеген «арбасулардың» бәрін бұл арада айтып тауысу – азап, жеткізу – қиын. Оның үстіне, өткен – өтті, беттің арын белге түйіп, өздерінше «шындық іздеп», шырқырағансып, қауымдық мүлікті иеленіп қалғысы келгендер де шілдей болып шашырады… Ендеше «болар іс болды, бояуы сіңді» демекші, ескі жараның аузын қайыра қасып жату керек пе деген де ойдың туары заңды… Керек! Әлдекімдерді мұқату үшін емес, бәлкім ұйым басынан кешкен ұзақ жылдық «тауқыметтің» біткеніне, көпке созылған дау-шардың, айтыс-тартыстың аяғы жерге жеткеніне, нүктесі қойылғанына көзді жеткізу үшін айту керек секілді. Съезд мінбесінен сөйлеп тұрып «Жоғалған мүлкіміз оралады. Кеткен дүниеміз қайтады. Ешкімге бермейміз. Жазушысын сыйлайтын елге, Елбасына сенеміз», – деп едім. Ол кезде аталмыш даудың екі жылдан астам уақытымызды алып, аяғы «осы Жазушылар одағы не істеп жүр?» деген күңкіл-сүңкілге жалғасарын қайдан білейік?!
Табаны күректей екі жарым жыл кетті!
Көз көреді, құлақ естиді… Амал жоқ жауапкершілік жүгін мойынға ілгесін, төзу керек. Шыдау керек Арқаны аяздай қарыған әрқилы сөзді ести жүріп, күресуге тура келді. Сотқа барудың отқа барумен бірдей екенін де осы кезде, осы даудың тұсында аңғардық…
«Аруақты жерден ат үркеді» деген.
Айтыс-тартыстың ақыры 1998 жылдың желтоқсан айында іргесін ұлы арыстарымыз бен алыптарымыз қалаған ұлттық руханият әлемінің қарашаңырағы, қазақ Сөзінің қасиетті төрі – Жазушылар одағының пайдасына шешілді.
***
Секретариаттың екі жарым жылы тек ер үстінде жүріп, соттағы «егесулермен» өтпегенін бәріңіз де білесіздер. Жазушылар одағы жарғақ құлағы жастыққа тимей, республика өміріндегі әдеби-мәдени шаралардың барлығына атсалысып, біразына жетекшілік жасап, біразына мұрындық болды. Қазақстан аумағында, сондай-ақ, Республикадан сырт жерлерде өткен іргелі жиындарға, үлкен мерейтойларға қойын-қолтық араласып, белсенділік танытып келеді.
Шығармашылық одақ жыр алыбы Жамбылдың 150 жылдық ұлы тойын өткізуде Қазақстан Үкіметімен, Алматы облысымен, сондай-ақ, Алматы қаласының әкімшіліктерімен бірігіп, біраз ірі-ірі шаралар атқарды. Ақын тойына келген әлем жұртшылығының көрнекті өкілдерін қатыстыра отырып, Жамбыл шығармашылығына бағышталған кеңейтілген Пленум, ұлы ақын аруағына арналған ақындар мүшәйрасы өткізілді.
***
Айбергенов рухына арналған жас ақындардың жыр жарысын, студент ақындардың жыр мүшәйрасын, «Көктем – жастық, махаббат» атты тақырыппен өткен поэзия кешін айрықша ықыласпен атағым келеді.
***
1996 жылдың соңғы төрт-бес айы заманымыздың ұлы жазушысы, кемеңгер ойшылы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің, ЮНЕСКО шеңберінде әлем жұртшылығы кеңінен атап өтетін 100 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстарын жүргізуге арналды. Ұлтымыздың шын мағынасындағы интеллектуалдық қанат-қарымын танытар, кеңдігі мен тереңдігін аңғартар жаңа той өткізу бағытындағы жұмыс шараларын анықтауда жазушылар қауымының бай арсеналы – ойы, ұсынысы, тілегі толық қамтылды.
***
1996 жыл мен 1997 жылдың Әдеби жыл қорытындылары одақ өміріндегі елеулі оқиға болды. Әдеби процеске кәсіби талдау жасалды. Арада бес жыл салып, қайта тірілген бұл талдауларда екі жыл аумағында дүниеге келген көркем туындылар айналасында әр алуан пікір-тұжырымдар айтылып, тамыры салқын тарта бастаған көркемдік әлемге қайыра жан кіргендей, қайыра қан жүгіргендей болды.
***
Дәстүрлі Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын тағайындауда биыл есімі елге танымал Болат Әбілев секілді бизнесмен азамат басқаратын «БУТЯ» фирмасының қол ұшын бергені, демеуші болғаны бізді қуантады.
Одақтың қоғамдық ортадағы, әсіресе, руханият айдынындағы орны күшейе түспесе, әлсіреген жоқ. Республикалық «Ақжол» қозғалысының тұсауын Алматы қаласы әкімшілігімен біріге отырып, жазушылар қауымының кесуі, «Семей – Невада» қозғалысының он жылдығына орай, Одақ ғимаратының алдына ескерткіш тастың орнатылуы соның белгісі. Таяуда ғана өткен «Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры» атты басқосуымызды да осындай ойлы оқиғалар санатына қосуға болады.
***
Одақ мүшелері әзірге Одаққа «міндет артумен» келеді. Енді Одақтың міңдетін де көтерер кез келді. Басын мүшелік жарнадан бастайықшы. Жарна мөлшері жылына 300-500 теңге арасында болса деген ұсынысқа қалай қарайсыздар? Жаңа қоғам жағдайында қалыптаса бастаған «брокерлік» міндетті намыс көрмегендеріңізді қалар едік. Әсіресе, атақты, абыройлы қаламгерлердің бұл іске араласқанынан ешкім ұтылмасы анық. Одаққа мүшелікке қабылдауда тек көркем творчествомен айналысатындар жөнінде әңгіме болғанын қалаймыз. Бұл орайда, талап қатал болуға тиіс. Жас мөлшерін анықтағанымыз да жөн шығар.
1999 жыл.
Әдебиет –
ардың айнасы
Жас әдебиетшілердің алғашқы Республикалық Кеңесінде жасалған баяндамадан:
Жүйрік көңілді тақуа тірлік тұсайды демекші, көптен жоспарланып келген Сіздермен дидарласу, ақжарылып сырласу сәті бүгінге бұйырыпты. Жиын өткізу туралы ұсынысымыз тәуелсіздік тойын өткізу жөніндегі Үкімет комиссиясы тарапынан қолдау тапты. Соның нәтижесінде, кезінде ел Президентінің пәрменімен өмірге келген Мәдениетті қолдау Қоры қол ұшын берді. Қазақстанның қиыр-қиырынан келген жас қаламгерлердің бас қосуына мүмкіндік туды.
***
…Бүгін айтылып бітпеген сөз ертең жеке жанрлар бойынша өтетін секциялык, мәжілістерде қамтылуы тиіс. Қалай дегенде де өтінерім: Сөзіміз шын болсын! Әлі қайрақ көрмеген алмастарымызды байқамай жасытып алып немесе орынсыз көтермелеп, «тасытып» алып жүрмейік. Әр шығарма бір-бір ой мен қиялдың, бір-бір арман мен мұраттың жемісі екенін естен шығармайық. Жас өнер иесіне айтылар әрбір пікір қылпыған ұстараның жүзі секілді. Байқаңыздар, тайып кетіп, талант тағдырының обалына қалып жүрмейік. Асылы нағыз таланттың көп жағдайда өмірге икемсіздеу келетінін естен шығармайық.
***
…Жыл сайын беріліп отыратын Президент стипендиясы, «Дарын» Мемлекеттік сыйлығы мен Жастар одағының сыйлығы, сондай-ақ бір топ жас кәсіпкерлеріміз төл топырағымыздағы меценаттық қозғалыстың үлгісі ретінде жыл сайын тағайындалып келе жатқан Халықаралық «Тарлан» сыйлығында жастар үшін арнайы номинациялардың беріліп отыруы айтқанымыздың бір айғағы. «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Простор», «Таң-Шолпан», «Жас Алаш», «Жас қазақ», «Ұлан», «Балдырған», т.т. осы тәрізді республикалық басылымдар жаңа толқын, жас буынды әр кез өз назарларында ұстап келеді.
***
…«Жұлдыз» журналының жас ақындарға арнап, арнайы Артығали Ыбыраев атындағы жастар поэзиясының мүшәйрасын өткізуі – толқынды толқын тәрбиелейтін игілікті әдеби шараға айналып отырғанын үлкен ризалық сезіммен айтқымыз келеді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақ. Тәуелсіздік тойы қарсаңында әдебиеттің ғана емес, мәдениетіміздің өмірінде үлкен оқиға болған «Отырар кітапханасы» сериясымен шыға бастаған жүз кітапты айрықша бөліп айтқымыз келеді. Жазушылар одағы мұрындық болған тікелей Иманғали Тасмағамбетов бауырымыздың бастама-басшылығымен шығып жатқан аталмыш серияның жартысынан астамын жастар шығармалары құрағаны үшін қалай ғана қуанбассың?! Қалай ғана шабыттанбассың?! Соны бүгін айтпағанда қашан айтамыз?! Мемлекеттік сұраныстан тыс жарық көріп жатқан бұл дүниелердің қаражатын табу әрине, оңайға түспегенін осы отырған бәріміз де білуге тиіспіз. «Қалауын тапса, қар жанады» деген…Иманғали бауырымызға қолына қалам ұстаған қандастары мен отандастарының атынан осы мінбеден алғыс айтуға рұқсат етіңіздер.
2001 жыл.
Уақыт аманаты
Ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тағлымы: уақыт және әдебиет» атты ұйымның кезекті Пленумында жасалған баяндамадан:
…Жазушылар одағы қазір алдағы уақытта үкімет қаулысына орай, жоспарланып отырған ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің екі бірдей ұлы классигі Ғабеңнің өз анықтамасымен айтқанда, рухани тарихымызға «алыптар тобы» деген атпен енетін Ғабит Мүсіреповтің, Ғабиден Мұстафиннің 100 жылдық мерейтойларына дайындық жүргізуде. Астана, Алматы қалалары мен Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарында шаралар өткізу белгіленуде. Бұл жиындар да, сондай-ақ өзінің өршіл, асқақ рухты поэзиясымен Алаш жұртының айбынына айналған ұлы ақынымыз Махамбет Өтемісұлының келе жатқан 2004 жылы аталуға тиіс 200 жылдық мерейтойы да ЮНЕСКО шеңберінде өтетін мемлекеттік деңгейдегі ірі шаралар болмақ.
***
…Қазақстан Жазушылар одағының өзінің Орталық Азия аймағындағы Қырғыз, Өзбек, Тәжік, Түркімен сондай-ақ, Әзірбайжан, Грузин және Москвадан Сергей Михалков басқаратын Халықаралық Жазушылар Одақтарының қауымдастығымен, Ресей Жазушылар одағымен, Татар, Башқұрт Жазушылар Ұйымдарымен байланысын қалыпқа келтіре бастады.
***
…Осыдан екі жыл бұрын Жазушылар ұйымы дүниеден өткен ХХ ғасыр қаламгерлерінің отбасылары мен ұрпақтарымен тікелей байланыс орнату және сол марқұмдарды еске алу мақсатында Республика Сарайында «Тағзым» атты кеш өткізді. «Тағзым» атты клуб ұйымдастырылды. Екі жылдан бері жазушылар одағы өз қаржысымен осы клубқа қатысты материалдарды «Қазақ әдебиеті» газетіндегі «Алтын адам» қосымшасына жариялап келеді. Оннан астам саны жарық көрді…
Осы жылдар ішінде жиырмадан астам өмірден өткен қаламдас әріптестеріміздің ұлт рухы мен игілігіне сіңірген еңбектерін рухани кеңістігіміздегі орнын ескере отырып, Алматы, Астана қалаларында, өзге де облыс, аудан орталықтарында көшелер ашылып, ескерткіш тақталар орнатылды. Ауыл, мектеп аттары берілді. Бұл шаралардың барлығы да тікелей Жазушылар одағының ұйытқы болуымен жүзеге асты.
***
…Алматы қаласының әкімшілігінің қолдауымен, осыдан бір жарым жыл бұрын Жандосов пен Алтынсарин көшелерінің қиылысында орналасқан Қазақстан Жазушылар кітапханасының тұсауы кесілді. Кітапхана қазір қаламгерлер ұйымымен қоян-қолтық жұмыс істеуде.
Жазушылар одағының ұсынысымен ондаған жазушыларымыз мемлекеттік наградаларға ие болды, атақ алды, халықаралық, мемлекеттік, «Тарлан», «Дарын», «Алаш» сыйлықтарының лауреаттары атанды.
Осы жылдар ішінде Жазушылар одағының ұсыныс-бастамасымен, Ел Президентінің пәрменімен шығармашылық ұйымдарда өтетін ірі бағыттағы айтулы шараларды қаржыландыру үшін арнайы «Мәдениетті қолдау қоры» құрылды. Біраз жазушыларымызға Президент гранты тағайындалып, біраз жазушыларымызға мемлекеттік стипендиялар беріліп келеді. Жастарымызға да жыл сайын Президент стипендиялары тағайындалып жүр.
Жазушылар одағы ешқашан ешкімге ұлы дүние жазып бермейді. Ұлы жазушыны да жаратпайды. Одақ жақсы дүниенің жалпы жұртқа жетуіне, тиесілі көркемдік бағасын алуына, жазушы көшінің (екі дүниеде бірдей) аман болуына ықпал ғана жасайтын орын. Яғни жазушының екі дүниедегі іздеушісі. Қуанса, тойына ортақтасар, қайтса арулап көміп, ақтық сапарға шығарып салар иесі жоқшысы!
***
…Екі күннің ойымызға – үміт, бойымызға сенім ұялатқанын, шын мағынасындағы әдебиет тойына ұласқан жастар басқосуына тәнті болғанымызды Сіздерге жеткізгім келеді. Солардың біразы бүгін араларыңызда отыр. Төс қалталарына, жүректерінің тұсына Жазушылар одағының билетін ұстап, толқып, тебіреніп отыр. «Ат тұяғын тай басар» деген. ХХІ ғасырдың ертеңгі хас жүйріктері мен хас тарландары отыр арамызда. Қатарымыз 36 жас пен жаңа 36 ұйым мүшесімен толықты. Қол соғып, құттықтауларыңызды сұраймын!
2001 жыл.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.