Әмбебап әдебиеттанушы. Кеше-бүгін…
04.11.2022
3442
0

Қадірлі ұстазымыз профессор Тұрсынбек Кәкішұлының өткен ғасырдың ақырғы он жылдығына қарай және текетірес мүдделер күресіне кірісіп кеткенін біріміз байқап, біріміз білмей де қалғандаймыз. Себебі Тұрсынбек аға сыр жасырмайтын мінезі көпке әйгілі болғанымен, бетпе-бет келген «жауға» жұртты шуылдатпай жалғыз шыққан кезі көп адам еді.
Жеке өмір ағысында, кафедрада мейлінше жайлы кісі. Ешкімге шүйлігіп, түртпектеп, қазымырланған мінезі болмады. Жып-жылмағай етіп, кезеңдік көсемдіктің ыңғайына жығыла бермегендіктен де еңбектері тоқсаныншы жылдардың басына шейін цензурадан өтіп, ұзақ жатып қалып барып, күзеліп, «түзеліп» шыққан жайлары көп. 
«Редактордың жайлысы, Қанипаш болды», – деп қоятын кейде. «Ескірмейді естелік» жинағына редактор болғаным – 90 жылдардың басы. Заман жұмсарған уақыт. Бір сөзін түзеуге де дәтім бармағаны да рас еді.
Дәстүрі бай, даңқы зор ҚазҰУ-де классикалық білім берудің шет жағасын көрдік. 90-шы жылдардың соңына қарай білім беру жүйесіне «инновация» баса-көктеп келді де, қазақ әдебиетінің тарихын оқытудың іргелі негіздері кредит­тік технологиялар мүддесінде шайқалып кетті. Сол шайқалыс әлі сақталуда.
Жаһандық жаңа үрдістер классикалық университет мәртебесіне де, қазақ әдебие­ті кафедрасының әдеби мұраны құнттау дәстүріне де екпіндей еніп, бой оздырды.
ХХ ғасырдың өн бойында қиын кезеңдердің өзінде қисынын тауып қалыптасып орныққан мұраны игерудің озық өнегесінде өріс ашқан қазақ әдебиеттану ғылымына жаңа дәуір – зор зерттеу мүмкіндіктерін де ұсынған.
Профессор Тұрсынбек Кәкішұлы осы уақыттарда «Қазақ әдебиетінің тарихы және сыны» кафедрасын құрып, басқарды.
Ойлап отырсам, Тұрсынбек Кәкіш­ұлы­ның ғұмыр бойғы зерттеу еңбектері, тұлғалық кісілік болмысы өз алдына бір университет болған екен.
Профессор Тұрсынбек Кәкішұлының әдебиеттанудағы сала-сала, ондаған жылдар бойы үздіксіз жазған шығармашылық мұрасы бір қарағанда, қазақ дейтін халықтың әдеби мұрасы тұтас қамтылған дайын энциклопедия іспетті.
Бұл менің уақыт биігінен, жаңа бір өреде, жылдар өткенде, ұстазымыз арамызда жоқ уақыттарда келіп отырған байламым. Бұлай бағалауға қадірлі ұстазымның ғұмыр бойғы бар еңбегі қақылы екен.

Ол адамның ғылымдағы зерттеу айрықшылығы – жалпылама сөзбен жабу салудан гөрі, архив ақтарып, қолымен ұстап, көзімен көрген деректі айналымға қосып отырып ой қозғауға, пікір қорытуға ғана тәуекел ететіндігі. Ұшан-теңіз тапқан олжасын ұлтының игілігіне ортақ қосып, меншіктемей, мен таптым демей, жарнамаламай, жұмысын жалғастыра беретіндігі де бір қыры екен.
«Асылдың сынығы» атты Мұхтар Әуезовтің тұлғалық болмысындағы артықшылықтарды, Мұқаңның еңбекпен өткізген ғұмыр ғибратын құжаттық, деректік мәнде саралаған бірнеше тақырыппен тұтасқан зерттеуінде Тұрсынбек Кәкішұлы Абайдың 1933 жылғы тұңғыш толық жинағы мен 1939-40 жылғы 2 том болып шыққан басылымдарында сабақтасып жатқан өзекті текстологиялық және Абай өмірбаянының Мұхтар Әуезов жазған 4 нұсқасындағы (1933, 1940, 1945, 1950) 1-нұсқа мен 2-нұсқа арасындағы іліктестік пен алшақтық негіздеріне ғылыми саралау жасайды. Тұрсынбек Кәкішұлының көптомдық шығармалар жинағының 5-томында аталған мақаланың жазылған уақыты 1977 жыл болып көрсетіліпті.
Негізінде, бұл мақала 1970 жылы 20-сыншы мамырда «Лениншіл жас» газетінде басылған. Тұрсынбек Кәкішұлы осы мақаласында Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық кітапхана қорында (1913 папка) сақталған Абайдың 1933 жылғы тұңғыш толық жинағының бір кітабы, ондағы Мұхтар Әуезов өз қолымен жазып қосқан толықтырулар мен түзетулерге ден қояды.
Бұл 1933 жылғы жинақ үстінен жасалған түзетулерге Мекемтас Мырзахметұлы 1982 жылы жарық көрген «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары» монографиясында кеңінен тоқталды. Мұхтар Әуезовтің Ләйлә Мұхтарқызы Әуезова мен Мекемтас Мырзахметұлы баспаға әзірлеген «Абайтанудан жарияланбаған материалдар» (1988) жинағында 1933 жылғы кітаптан түзетілген сөздердің реестрі берілді.
Осы жөнінде «Тұрсынбек ағай 1970 жылы жазған екен, сіздер бұл тұста әлгі 1933 жылғы жинаққа жасалған түзетулер туралы білетін бе едіңіздер?» – деп сұрадым Мекемтас ағайдан. Ол кісі бұл жөнінен хабардар екен. Бір жолы Тұрсынбек аға: «Сендер, абаеведтар, дұрыстап қарамайсыңдар» – деп құлаққағыс еткенін айтты. «Мен білетінмін», – деді.
Бұл жерде мен бұл деректі кім бірінші айтты, кім қалай айтты дейтін әңгіме қуып отырғаным жоқ. Менің көңілімді бөлген, осы мақалаға қатысты екі мәселеге екпін түсіруді көздеп отырмын.
Біріншіден, қадірлі ұстазым Тұрсынбек Кәкішұлының аты аталғанда, осы есіммен астасып кеткен Сәкен мен Сәбит ойда тұратыны жасырып, жабатын нәрсе емес. Бұлай болуының қилы себебі бар, жеке, азаматтық тағдырымен тамырласқан ғұмырбаяндық сырлар бар. Бірақ бұл Тұрсынбек ағайдың, «Әсіре Сәкеншіл», «Әсіре Сәбитшіл» Тұрсынбек Кәкішұлының басқа тұлғаларға бөлген ілтипат, ықыласының, қазақтың қадау-қадау қайтпас азаматтары туралы жасаған ұлан-ғайыр еңбегінің азғана бір бөлігі ғана екенін біреу біліп, біреу білмейді.
Тұрсынбек Кәкішұлының ұмыт болып бара жатқан қанша қастерлі жанды ендігі ұрпақпен табыстырғанын дәлелдеп тізім жасап шығатын еңбектер де жазылар әлі.
Ұлттық сөз өнерінің тарихын арғы замандардан күні бүгінге шейін түгендеу міндетінде Тұрсынбек Кәкішұлы атын атап, түсін түстеп, еңбегіне аялдап, жоғалғанын іздеп, тауып қосып, саралап, бағалап танытқан тұлғалар ендігі ұрпақтың рухани еншісі мәнінде тұғырланды.
«Түркістан уәлаятының газетасы», «Дала уәлиятының газетасы», «Қазақ», «Айқап», «Шолпан», «Сана», «Ақ жол», т.б. сансыз әдеби басылымдарда ХІХ ғасырдың соңына қарай, ХХ ғасырдың бас кезінде кім не жазды; бұл басылымдарды шығаруға кім атсалыстының мол, құжатпен нақтыланған дерегін Тұрсынбек Кәкішұлы ерінбей, әрқайсысына аялдап, ілтипат білдіріп, тағзым етіп отырып десек те болғандай күйде құштарлықпен түгендеді. Өзі өмір сүрген дәуірдің арғы-бергіде әдебиет майданына өз сөз қаруымен шыққан әр тұлғасы туралы арнайы, монографиялық жүгі бар мақалалар жазуды ғұмырының соңына шейін толастатқан емес. Классикалық зерттеу­лерінде, эссе-толғам, естеліктерінде, оқулық, оқу құралдарында, шағын рецензия, хабарламаларында талмай жазды. Ақ, қараны ажырату, ақиқатқа жүгіну ұстанымында көп көлеңкелі, түйткілді дүниені күңкілдеп екеуара, үшеуара әңгімеде өсек етпеді; жалпақ жұртымен жариялап жазып, бөлісіп отырды.
Тұрсынбек Кәкішұлының әдеби мұра дегенде ықылас-пейілін сарқа төгіп, жаналаңын бүкпей, жанашыр ниетін алдыға салып жазған деректік, танымдық, тағылымдық шығармашылық мұрасының игілігін әлі сан ұрпақ көреді.
Ол тұтас бір дәуірдің әдеби үрдістерін көзден таса қылмай қадағалап отырды. Шығармашылық үдерісті жалпы сұлбасы айқын трафарет талдауларда емес, дерек, дәйегінің бар қызуымен, қым-қуыт заманның адам санасын астаң-кестең еткен екпіндеген мінезімен жеткізу дағдысымен бөлектенді. Шығарма сүйегінен ұлттық құнар тапқанда ұрандаудан, жалпы орағыту, сырғытпа сөзден қашты.
«Проза жанрында Жиенғали Тілепбергенов Қалжан атты кейіпкерді жасауға талаптанды. Мырқымбайдай болмағанмен, оның інісі дәрежесіне жеткізді. Поэзия саласында Сәбиттің Шоқпытын айтпай-ақ қойған күнде, Асқар Тоқмағамбетов Қойбағарды, Самат Нұржанов Қойшыбайды көрсету жолында біраз еңбек сіңірді» (6-том, 22-бет).
Жиенғали Тілепбергеновтің атын Тұрсынбек Кәкішұлынан естідім. Аға мен шәкірті Ғайша, Жиенғали Тілепбергеновтің ұрпақтары баспадан шығарған «Таңбалылар» жинағы, осындағы «Таңбалылар» повесі ұдайы ойымда жүретін болды. Талай адамға оқуға ұсындым.
Ол Шолпан Иманбаева туралы жазды. Отыншы Әлжанов, Саттар Ерубаев, Баубек Бұлқышев, Сабыр Шарипов, Ғаббас Тоғжанов, Елжас Бекенов, Б.Ізтөлин… Беріде Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Дихан, Сәбит, Ғабит, Ғабиден, Әбділда, Асқар, Мұзафар, Темірғали, Бейсенбай, Есмағамбет, Үшкілтай…
Әдебиет зерттеушіні жазды. Жазу­шыны, ақынды айтты. Әр дәуірдің саң­лақтары туралы толғанысы толастамапты.
Иә, Мұхтар Әуезов туралы да аз жазған жоқ. «Парасат» (1977), «Кемеңгер ғибраты» (1977), «Өрелі ойлар», «Мәңгілік Мұхтар» (1987), «Қырық күндік кемдікті ұмытпайын» (1997) сынды мерейтойлар тұсында жазылған арнайы зерттеу-мақала, естелік-эсселеріне жалғастырып, тұлғалар ара қатынасын ауыл өсекке жыққысы келетіндерге ірілердің кісілік өнегесін көлденең салып «Алыптардың айқасы», «Сәкен мен Мұхтар» сынды танымдық-тағылымдық ой талқыларын жазды.
Абайтанудың дерекнамалық негізін қалыптастыруда да 20-ға жуық зерттеуі бар. Бұл орайда да әңгіме Мұхтар Әуезовті айналып өтпейтіні түсінікті. 20-ғасыр басындағы әдеби ағымдар бойынша жазылған кандидаттық зерттеуінде де М.Әуезов шығармашылығын дәуірлік ауқымда саралап, тану ұстанымдарын шыңдай түсті.
«Асылдың сынығы» атты мақаласында Мұхтар Әуезовтің тұлғалық айырмашылығын ұлттық құндылық мәнінде дәріптеп, қуанып ашады. Және осы мақалада өзінің зерттеу дағдысында ендігі ұрпақтың танымдық айналымынан тыс қалып жүрген архивтік мәнді деректерді де «аямай», үйіп-төгіп келтіріп отырады.
Абайтануда Мұхтар Әуезовтің Абайдың шығармаларын жинақ етіп шығаруға дайындауы 1924-1927 жылдар аралығы екендігі айтылып жүр. Т.Кәкішұлы дерегі осы мәселеде Мұхтар Әуезов ғұмырбая­нына қатысты бір тұсымен мәнді.
«1925 жылы Қазақ Республикасының Оқу Ағарту Халық комиссариаты Абай шығармаларының жаңа жинағын құрастыруды М.Әуезовке міндеттеген болатын. Осы жинақтың алғашқы нұсқасы оқу-ағарту комиссариатының білім комиссиясында 1927 жылы талқыға түсіп, негізінен мақұлданған еді» (5-том, 135-бет).
Ленинград университетіндегі оқуынан Семей педтехникумында мұғалімдікке арнайы хат жолдатып, шақыртылып алынған Мұхтар Әуезов Абайдың 1924-1927 жылдар аралығында дайындалып, өзінің 1930 жылы түрмеге түсуі бар, басқа да себептерден 1933 жылы Қызылорда қаласында Ілияс Жансүгірұлының сөзімен шыққан тұңғыш толық жинағын баспаға Оқу-ағарту Халық комиссариатының ресми тапсырмасымен дайындаған. Бұл факт абайтануда да, әуезовтануда да осылай айтылуы керек.
1933 жылғы жинақта кеткен техникалық, мағыналық 205 жаңсақтықты М.Әуезовтің түзетуі, Абай шығармаларының 2 томдық толық жинағын әзірлеу барысында редакциялық алқамен жинақ құрылымы жөнінде ойласқаны жөнінде де егжей-тегжейлі деректі Тұрсынбек Кәкішұлы келтіріпті.
«Қазақтың ұлт-мәдениетінің ғылыми-зерттеу институты Абай шығармаларын екі том етіп шығару мәселесін 1938 жылы қолға алған. Осы үлкен және ғылыми мәні зор еңбектің бар қызметі М.Әуезовке жүктелген. Оған айғақты дәлел – Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық кітапханасының сирек кітаптар қорында «№1.Абай Құнан­баев.1939 жылғы баспаға кетерде түзетілді» деген түсіндірмемен және «1913» деген рет санымен сақталып тұрған Абайдың 1933 жылғы толық жинағы.
Бұл кітаптағы түзетулер мен М.Әуе­зовтің өз қолымен жазылған дүниелер –Абайды да, М.Әуезовті де зерттеушілерге орасан зор мағлұмат беретін керемет құнды мұра.
Абайтану білімінің туу, қалыптасу және толық бағдарлау мақсатымен қарағанда да, М.Әуезовтің ғылыми еңбек ету стилін айқындауда да осы қолжазбаның таптырмас мұра екенін анық байқаймыз. Әсіресе 1933 жылғы жинақтағы «Абайдың туысы мен өмірі» деген еңбегін 1940 жылы шығатын екінші томға «Абайдың өмірбаяны» деген атпен өзгертіп, түзетіп, толықтырып жазған нұсқасы қаз-қалпында, нұсқасы жоғалмай түгел сақтаулы тұр.
Қолжазбаны көрген уақытта Мұқаң қолынан шыққан дүниенің бәрі де баспа бетіне түскен шығар деген ой жеңіп, салғырттандыра ерсе де, жай салыстырудың өзі ол пікірдің жаңсақ екенін көрсетті. Кесек-кесек үзінділерді, ұзақ-сонар баяндауларды оқып қараған уақытта Абайдың өмірбаянының 1940 жылғысында да, М.Әуезовтің 1959 жылғы «Әр жылдар ойлары» жинағындағы Абай (Ибраһим) Құнанбай ұлы» деген монографиялық зерттеуінде де, «Қазақ әдебиеті тарихының» екінші томының бірінші кітабында ықшамдалып басылған вариантында да, «Абай Құнанбаев» (1967) атты жинағында да мына қолжазбадағы материалдардың кейбір слемдері ғана барын аңғардық» (136-б.).
«Қызық екен. Сонда қалай болған? деген сұрақты сауалдың көлденең алдымыздан шығуы заңды. Оған таңдануға еш болмайды. Оны түсіну үшін қолжазбаның өз тарихы еске алынуға тиіс. Абай шығармаларының 1933 жылғы жинағын ықтияттап, қайтадан қарап, жаңадан қосқан, толықтырған М.Әуезов жазған нұсқасын институт алғаннан кейін машинкаға бастырғаны сөзсіз. Абайдың екі томдығын шығаруда алқа мүшелері: С.Аманжолов, М.Ақынжанов, М.Бөжеев, Б.Жақыпбаев, С.Мұқанов, Е.Исмайы­лов, М.Әуезов томға енген шығармаларды жүйелеу, орналастыру жайын әрбір енгізілер өзгерісті сарапқа салғаны аян. Ал Абайдың жаңадан толықтырылып, көптеген деректермен молыққан өмірбаянын осы екінші томның жауапты редакторы болған Есмағамбет Исмайылов қарап шығып, Мұқаңның өзімен келісе отырып, редакциядан өткізген қолжазбаны алқа талқысына салған.
Қолымыздағы кітап-қолжазбада Абайдың өмірбаяны ғылыми жүйеленіп, арқауы үзілмей біртұтас еңбек болып жазылған. Тегінде редакциялық алқа оны екіге бөлу қажет деп тапса керек. Абайдың тікелей өзіне қатысты тарихи-әдеби шындықтар томның бас жағына, ал Абайдың ата-тегі туралы біраз ықшамдалып, томның ең соңына басылыпты.
Сонымен, М.Әуезов жазған Абайдың ғылыми өмірбаянының негізгі бөлімі кіріспе бөлімнен, яғни Абайдың алдындағы заман, ата-бабаларының тіршілік әрекеті, олардан қалған мирас қосымша материалдардың авторы көрсетілмей ықшамдалып қосылған. Сөйтіп, мәнділігінен айырылған.
Сондықтан болар, М.Әуезовтің А.Құнанбаевқа арналған мақалалары мен зерттеулері жинағын 1967 жылы жариялағанда жалпы тізімнің ішінен кез­дестіреміз. Ал Мұқаңның 1959 жылғы классикалық монографиясында осы еңбектің болмашы сілемдері ғана кездеседі, ұлы «Абай жолы» эпопеясында көркемдік електен өтіп, сюжеттік арқауға қиыстырылып кеткендері де жоқ емес» (5-том, 136-б).
«М.Әуезовтің осы еңбегінің қолжазбасы өзіне қайтып оралмағаны айдан-анық, әйтпесе мына кітап-қолжазба кітапхана қорына өтіп кетпес еді. Әңгімеге арқау болып отырған осы кітап-қолжазбаны жалғыз біз ғана көріп-біліп отырған жоқ шығармыз, талайдың қолынан өтуі әбден мүмкін. Бірақ ұлы ғалым М.Әуезовтің жаңадан қосқан көп дерек-материалдарының біразы көпшілік назарына ілінбей қалып келеді» (137-б.).
Абайтану тарихы бойынша да, әуезовтану мәселесінде де, нақтылы Абай жинақтарын шығару жұмыс тәжірибесі мәнінде де Тұрсынбек Кәкішұлы атап көрсетіп отырған кітап-қолжазба, ондағы өмірбаяндық фактілер түзілімінің Абайдың Мұхтар Әуезов жазған 4 өмірбаян нұсқасының мазмұнына ену, қалыс қалу мәселесі; «Абай жолы» роман эпопеясын жазу үдерісінде қолданыста болу сынды шығармашылық зертхана мәселелерін алғаш күн тәртібіне шығару өзектілігімнен назар аударады.
Сонымен Абайдың 1940 жылғы екінші томында жарияланған «Абайдың өмірбаяны» атты ғылыми еңбектің әр тұсына қисынымен қосылған, бірақ редакциялық алқаның шешімі бойынша алынып қалған, біразы «Абайдың ата-тегі» туралы қосымшаға енген материалдарды М.Әуезов Абай өмірінің қай кезеңіне бағыштағанын айта отырып, көп жылғы еңбекпен тырнақтап жинаған асылдың сынығындай материалдарына көз салайық.
М.Әуезов 1933 жылы өзі жазған ғұмырнамадағы Абайдың ата-бабаларын таратудан бастайтын бірінші беттің орнына ұсынған вариантын 1940 жылы редакциялық алқа қабылдап, Өскенбайдың ісін баяндаған тұсқа дейінгі баяндауларды түгелдей алып қалған. Ол мынау:
«Өз заманының жуан сіңір феодалы, ру басы, биі, ел ішінде ата-тегімен өмір иесі боп келген нағыз үстем тап өкілдері болады. Осылардың нәсілінен шыққан Абайдың қоғамдық орны, тіршілігі, өмірлік әрекеттері де сол ата-салтымен, ескі сарынмен қалыптасады. Сондықтан болашақ ақын Абайдың өмір жайын анық түсіну үшін, әуелі мәлім болған дәрежеде, мұның алдындағы буындардың да жай-күйін айта кету шарт» (138-б).
Архив десе «жанып» кететін дағдысымен бірталай ғұмырбаяндық, арғы уақыттардан Абайға қалған руаралық салқындық жайында көп-көп деректерге аялдап, тарқата жайып, ой қосып отырған Тұрсынбек Кәкішұлы М.Әуезовтің осы қолжазба-кітаптағы архивпен жұмыс қажеттілігі туралы айтқанына айрықша ден қояды. «Асылдың сынығы» зерттеу мақаласы абайтанудың бірнеше өзекті зерттеу бағыттарындағы маңыздылықта жазылған.
«Күнтудың қалай болыс болғаны көпшілікке аян. Оның негізгі себептерін баяндай келіп, Мұқаң мынандай детальдарды қосқан.
«Тегі Құнанбай балаларынан мезі болу тоғыз жыл ұдайымен болыс болған Ысқақ тұсында да мол екен. Ол болыс болған уақыт 70-ші жылдар іші екен. Бұл кезде бар тобықты ішін меңдетіп жеңіп ап тұрған Абай өз болысы Шыңғысқа Ысқақты сайлаумен қатар Тобықтының бұларға көрші екінші болысы Қоңыр-Көкшеге өзі де болыс боп тұрады. Сол жылдарда іні мен туысқанының бұның өз мінезінен үлгі алатын орайы да көп. Абай өзі сол Қоңыр-Көкшеге болыс боп жүргенде Әйгерім деген тоқалын өз қол астындағы Мамай деген рудың ішінен алған. Әйгерімді сұлу қыз деп естиді де, қасындағы жолдасы Жиреншені «барып көріп, алу-беруді өзің байлап кел» деп жібереді. Әйгерім біреуге айттырып, қалың малы алынып отырған, әлсіздеу жердің жесірі болады. Бірақ Абайдың кісісі бұны Абайға лайық деп балаған соң, қолма-қол келісімін жасап, сұлу тоқалды болыс алады. Алдарынан ешкім шыға алмайды.
Тіпті ондай әлсіз, момын ел түгілі, Қоңыр-Көкшенің өзі кеткеннен кейінгі болыстығын да Абай өзі биледі. Өз еркімен болыстықты тастап, қайтарында орнына болыс етіп Шымырбай дегенді, кандидат етіп өз құдасы Дұтбайды сайлап кетеді. Бірақ бері келе Шымырбай әлденеден бұған жақпай қалғанда, қайта сайлау жасатып, сол Шымырбайды орнынан алып тастайтыны да бар. Ол ғана емес, бір жылдар Тобықтының екі болысы – Шыңғыс, Қоңыр-Көкше және осы болыстан бөлініп шыққан Қызылмола – үшеуіне бірдей Құнанбай балалары: Абай, Ысқақ және немересі Шәкәрім – қаз-қатар болыс болып тұрғаны да бар. Осы орайларда Тобықтының қалған жалғыз болысы – Шаған ішінде екіұдай партия болғанда соның екі жағының ру басылары Молдабай, Мүсірәлі дегендер қатарымен Абайға жағына келіп, екеуі де құда болатыны тағы бар. Сондайдың бәрі Құнанбай тұқымын асқақтатып, құтыруы ерекше болады. Шыңғысқа Шәкәрімнің алдында болыс боп тұрған Ысқақ ойына келгенін істейді. Өз қолымен Жігітек ішіндегі көрнекті атқа мінердің бірі Бұланбай дегенді сабайды. Тоғалақ руының Нақысбай дегенін сабайды. Қатыны кез келген қостың семізін сұраусыз, тергеусіз ұстатып алып, сойғызып жатады (осы абзац басқа басылымдарда бар – Т.К.). Өздері апиын жеп, түске дейін тұрмайды. Осындайлары Абаймен жақын жүрген Жиренше, Оразбайларды да түңілтеді. Сондай кісілер болып жиналып кеп Абайдан өтініш етіп, Ысқақты түсіртеді. Бірақ оның есебіне Шәкәрімді сайлап, тағы да бұрынғы қалыпты сақтап қалады», – деген қосымша мағынасы эпопеяда кездескенімен ғылыми басылымдарда жоқ дейді зерттеу авторы (151-б).
Тұрсынбек Кәкішұлы тұтас келтіріп саралаған, 1940 жылғы жинақтағы Абай өмірбаянының екінші нұсқасына енбей қалған деректер негізінен кейінде Мұхтар Әуезовтің 50 томдық шығармалар жинағында Т.Әкім жазған түсініктерде қамтылып айтылады.
Тұрсынбек Кәкішұлының архив ақтарып жүріп көзіне кездейсоқ та түскен болуы мүмкін Абайға қатысты қолжазба түзету түскен 1933 жылғы кітапқа айрықша мән берген бұл мақаласы, не дегенде де осы мәселені ең алғаш ақпараттандыруымен, ғылыми айналымға тартуымен мәнді.
Т.Кәкішұлының Партия тарихы институтындағы қызмет жылдары жаратылысында тиянақты, тындырымды жас ғалымды архивпен жұмыс істеуге шындап шыңдайды.
Уфада, медресе «Ғалияда» оқыған қазақ жастары шығарып тұрған қолжазба журнал туралы 1958 жылдан бастап тұп-тура отыз жылдай зерттеу жасағаны адам қызығарлықтай олжалы да, адам беттеместей бейнетті де бір ғұмыр баяны.
Шығармашылық тағдыр таукыметін көп тартқан Жақан Сыздықов суыртпақтап айтқан бір дерек жас зерттеушіні күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырғаны туралы жұртшылық хабардар. Осы «Садақты» айту, іздеу арқылы жас ғалым сол күндерде қазақтың көп жоғалтқанын, көп іздейтін құндылығының бір өзегін ашқанын тұтас түйсінді ме, білді ме? Өкініштісі сол, ортамызда Тау қорған болып жүрген ұстаздан осыны сұрап білмеппіз.
«Садақтың» соңына түсірген сол ынтығудың мұсылмандық ағартушы­лықтың, пантюркизм, панисламизм, т.б. деп үркіте алып-қашқан жалпытүркілік мұраттардың ХІХ ғасырдың бел ортасынан жан кіріп, ХХ ғасыр басында халықаралық деңгейде қайратын көрсетуге ұмтылған; бізге қайсыбір тарихи сыры әлде де беймәлім қалып келе жатқан; жәдитшілдікті жаюдың түп мақсаттарымен тұтасқан азаттық күрес бағытының бастау-бұлақтарын ашуға бел буғызған көзсіз ерлік екенін енді мойындамасқа амалымыз жоқ.
Тұрсынбек Кәкішұлының әр еңбегі дәуірдің дерегімен қанығып қана жазылды. Кеңестік кезеңді айтқанын, айт­қанынша қалдыратынын ескертуі, мұраны игеруде бүгін былай, ертең олай дегенге бармайтынын, «көппен көрген – ұлы той» қателігінен бас тартпайтынын ретіне қарай айтып отыруы да құрмет сезімін оятады. «Партия» дегенінен қашқан жоқ, сол сөзді өшіріп «ұлт» деп, «азаттық» деп өзгерткен емес. Қазақ әдебиетінің классикалық мұрасын құндауда саясаттың жетесі жетпейтін ауыспалы фон екендігін айтудай-ақ айтқан, жазған; кешегі кеңес әдебиетінің сөзін сөйлейтін жерде сөйлеуден де тартынбаған.
Дихан Әбілов туралы жазылған мақаласын осы тақауда ғана көзге жас алып оқыдым. «Майданбекті» білетінбіз. Бірақ сол Майданбектің Т.Кәкішұлы келтіріп отырған қан соғысқа түскенде жаны түршігіп: «Адамды адам қалай өлтіреді екен?» – дегеніне мән бермеппіз. Кейіпкерінің осы сөзі үшін жас жауынгер Диханды соғыс трибуналы ату жазасына кескен ғой. Араша түсер аға-дос табылып, аман қалған. Кеңес әдебиетінің «кейіпкері» болса да осылай жалпыадамзаттық адам сүйгіштігі, қазақи жаны, иманы төгіліп тұрған Майданбек қой ол.
Т.Кәкішұлының Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романынан басқа да шығармашылық еңбегін, азаматтық ұстанымын ұлтына жеткізуде және бір жан байытар өнеге көрсетті.
Расымен де, Тұрсынбек Кәкішұлы ұлты үшін бір өзі бір университет болған тұлға еді. Саттар Ерубаевтың ғылыми ізденістері, пародия жазғаны, сын жанрының қалыптасып дамуындағы өзіндік қолтаңбасы туралы да біріміз біліп, біріміз білмедік.
Саттар Ерубаев «Екі оқушы» деген бүркеншік атпен Рахымжан Жаманқұловпен бірге «Ақындарға ашық хат» жазады. Бірнеше рет. Бірінші хат Сәбит Мұқановқа арналған. Поэма көп. Поэма деген не өзі? Қайтсе поэма болады? Біз оқып жүрген «көп поэма» аты солай болғанымен, көркемдігі келмей тұр дегендей сауал. Келесі сұрақ көркемдеу тәсілдеріне арналған. Үшіншісі еліктеу­шілдік пен жаңашылдық ара жігінде қойылыпты. Ескіні еркін жазу, жаңаны жазғанда жарапазан айту қалай дегендей төртінші сұрақ қойылады. Бесінші сұрақ сізден үлгі іздеушілер әлсіз жағыңызға көп ұқсап кетеді. Бұған өзіңізді жауапты сезінесіз бе? Осыдан шығатын, сапаны көтеретін үлгі қайсы дейді.
Кім-кім туралы жазғанда да Тұрсынбек Кәкішұлы буалдыр пәлсапа, жалпы зу-зу жалаңдыққа ұрынбай, өмірдің өз ішінен тартып, фактіден адам тауып, оның өзіне ғана еншіленген тағдырынан басқаға бұйыратын игілік көріп, оқушыны кідіртіп, аялдатып отыратындай әдіс-айла жұмсап жазды. Бұл Тұрсынбек Кәкішұлының моно- грфиялық зерттеулерінде де, деректі прозасында да, жолсапар күнделіктерінде де, әдеби сын жазуында да таңбаланып отырды.
Ол алыс аймақтардан қазақ рухының ізін кесті. Иран барды, Тұранды шарлады. Жүрген жерінен «жөргем» іліктіре жүреді. Уфаға барса, Қазанға барса, өртелейін деп жатқан қазақ әдебиеті нұсқаларын «құтқарып» ала келеді. Қайда барса да олжалы оралып жүрген қазақтың бір Олжабайы десе де сыйымды.
Бір жазбасында Абақан қаласы маңындағы 20 шақты сынтас туралы көне түркі жазуларын түгендеушілерге құлаққағыс жасайды.
Үшкілтай Суханбердинаның «Әдеби мұра» еңбегін жар салып дәріптеді.
«ТУГ» бетіндегі Шоқан Уәлихановқа қатысты деректерге де бей-жай қарай алмаған. Туындатып, талай гәптің басын «қылтитып» отырып, оқушысын зерттеу­шілікке байқатпай баулитын «қулығы» шәкірттеріне жұғысты болды. Соңынан ерген шәкірттерін дерекпен ғана ой қорытуға, жанкештілікпен жегіліп жұмыс істеуге үйретті.
Сол бір дәстүрі бай, даңқы зор әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дегі жан игілігі мейірім шапағы жайлаған жарқын күндер өтпейтіндей, бітпейтіндей көрінетін. Жеке бастың пенделік күйкі күйлері ҚазҰУ-дың табалдырығынан аттай бере түк болмай қалады. Қуанып, жұмыс істеу­дің не екенін көрдік.
Қай еңбегінде де қайырлы бір ақпарат; өзекті зерттеушілік тоқтам; мұраға дейтін таусылмайтын сағыныш; тарих алдында жауап беретіндей жауапкершілік, әдеби мұра қараусыз қалмаса екен деген жан алаңы мазмұн түзді.
Қазақ әдебиеті тарихын тұтас тенденцияларда, тұлғатану бағытында, зерттеу өнегесінде жан-жақты зерделеп жазып келе жатқан ізбасарлары тек Қазақстанда емес, алыс-жақын шет елдерде де аз емес, еңбектеніп жүр.
Біздің әдебиетіміздің зерттеу бағыттарында Тұрсынбек Кәкішұлы көтерген оң бастама, жүзеге асыруды міндеттеген он-сан идеялары қазіргі әдебиеттану мен білім берудің үдерістерінде ұдайы назарда болуы керек. Т.Кәкішұлының еңбектерінде әдеби мұраны игерудің тарихи міндеттері күн тәртібінен түскен емес. Науқаншылдықпен, әр нәрсенің басын бір шалған далбасамен кірленбепті. Айтқанының бәрі – жөн; түбін түсіре, түбегейлі ықылас беріп, тек-тамырымен жүйелеп, түгендеу мұраттарында әдеби мұраны игерудің озық тәжірибесін, өзекті міндеттерін тұтас ғылыми-танымдық зерттеу концепциясында орнықтырыпты.

P.S. Қазақ әдебиеті тарихын зерттеу ұстанымдарын жүйелі ғылыми негізде дамыту өзектілігінде қазақ әдебиеті тарихын біздің заманымызға дейінгі дәуірден қазіргі кезеңге дейін шашау шығармай айналымда ұстау өнегесі жас буын зерттеушілерге жетсе екен деген мақсатпен Тұрсынбек Кәкішұлы шығармашылығын қазіргі әдебиеттану міндеттерінде оқытатын арнаулы курс жүргізілуі керек. Және кезек күттірмейтін бір шаруа – «Тұрсынбек Кәкішұлы» энциклопедиялық анықтамалығын дайындап, жарыққа шығару. Бұл жеке бір адамды дәріптеу емес – қазақ әдебиеті тарихының негізгі ғылыми бағыттары мазмұн түзген ғалым мұрасын ұлттық құндылықтар өрісінде танып игеру.
Қазіргі кезеңде арғы-бергіні тұтастандырып ғылыми концептуалды еңбек қалдыратын әмбебап әдебиеттанушы жоқтың қасы. Келешекте дәл осылай архив ақтарып, жан аямай жұмысқа жегілетін жауапты тұлға туа ма, жоқ па, ол да беймәлім.
Тұрсынбек Кәкішұлы өз заманының беталыстарында туып жасаған сөз өнеріне де, іргелі, ілгерідегі ірі мұраға да сақ қараудың зор өнегесін қалыптаған қайталанбас тұлға. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы жұлдызды шоғырдың дара бір өкілі.
Бардың қадірін білейік. Кәделі мұраны тоздырып, тозақ астында қалдыруға қақымыз жоқ.

Қанипаш МӘДІБАЕВА,
М.О. Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері,
филология ғылымының
докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір