Латын графикасына негізделген қазақ тілі
ӘЛІПБИІ
Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі – бар қазақ белсене талқылаған, бар қазақтың жаны ауырған, жанашырлықпен алаңдаған тақырып болды.
Осы кезге дейін қоғам назарына ұсынылған әліпби жобаларының әрқайсысының бары мен жоғын «Қазақ әдебиеті» газеті түгендеп келген еді. Бұл жолы да тақырыптан сыртқары қала алмадық.
Жазушылар одағындағы алқалы басқосуда қаламгерлер тарапынан айтылған «Бір дыбыс – бір таңба» принципіне көбірек жауап беретін бұл нұсқа жайлы әркімнің де айтар ойы бір арнаға келіп тоғысатындай…
Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
академик
…Пайдасы зор ұлттық жоба
Латын әліпбиіне көшуге қатысты мәселелер бұрыннан қозғалып келеді. Аталмыш алфавиттің он шақты нұсқасы жасалды. Оның бәрі бірнеше мәрте комиссияға түсті, тексерілді. Меніңше, кешегі кеңестік дәуірдің ықпалынан арылудың бір жолы – латын әліпбиіне көшу және түркілік тұтастыққа қарай бейімделу. Ең бастысы, латын әліпбиі дегеніміз – ағылшын әліпбиінің негізі. Біз бұған қанша жерден бармаймыз десек те, қазіргі жастарымыз ұялы телефон мен компьютерді қолданғанда латын алфавитімен жазуға машықтанып барады. Яғни бұл үдеріс халық арасында басталып та кетті. Тек үкімет тарапынан ғана қолдау керек тәрізді. 1993 жылы «Қазақ тілі» қоғамы латын әліпбиіне көшу мәселесін көтерді. Ол кездегі басшымыз Әбдуәлі Қайдар баяндама жасап, тұжырымын хатқа түсіріп, мемлекет басшысына шықтық. «Ойланатын мәселе екен, ғалымдар жан-жақты зерттеп, жауабын берсін», – деді Елбасы. Бір-екі жылдай сонымен шұғылданып, қайтадан жоғары жаққа шықтық. Содан кейін бұл мәселе көтеріле бастады. Әзірбайжандар ол кезде көшіп кеткен, өзбектер жаңадан көшкен еді. Кейін түркімендер қосылды. Алфавит ауыстыру – өте күрделі мәселе. Латынға көшудің идеясы жақсы болғанымен, қиындығы ойландырмай қоймайды. Бәлкім, осы әліпбидің өзін-ақ жүйелеп, өз тіліміздің заңдылығына сай қолдана берген дұрыс па деп қалдым. Латын әліпбиі – түркі дүниесінің басын қосатын фактордың бірі. Латын графикасы негізіндегі қазақтың ұлттық әліпбиін түзу, қалыптастыру және қолданысқа енгізу – өскелең өмір мен өзгермелі уақыттың талабы. Ел Тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап ауық-ауық көтеріліп келе жатқан бұл мәселе, міне, бүгінде жан-жақты талқылану арқылы қалың жұртшылықтың қолдауына ие болып, ең жоғары ресми деңгейде шешім қабылданды. Бұл қабылданған тарихи әрі прагматикалық шешімді – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығын бәріміз қолдаймыз. Латын графикалы жаңа қазақ ұлттық әліпбиі – елдің санасын жаңғыртатын, әлемдік кеңістіктегі ауқымды ақыл-ой қазынасына жол ашатын, ойлау жүйеміз бен төлтума рухани қасиеттерімізді айшықтайтын, қазақ тіліне реформа жасауға мүмкіндік беретін, тілдік төл заңдылықтарымыз бен емле-ережелерімізді толыққанды қамтамасыз ететін пайдасы зор ұлттық жоба.
Нұрлан Оразалин,
Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері
Ұлт рухының айнасы
Ұлттың абыройы мен беделін биіктетіп, бекітетін іргелі ұғымдардың бірі – ұлттық әліпбиіміз. Әліпби – ұлт ойы мен санасының кескіні, рухани өміріміздің көрінісі.
Басымыздан талай кезеңдер өтті. Әртүрлі әліпбилерді көрдік… Соңғы бір жылдай мерзім ішінде латын графикасына негізделген ұлттық әліпби жөніндегі әңгіме өзінің мәрелі сызығына жеткені даусыз. Себебі, алғашқы додаға түскен, көкпарға іліккен, елдің әртүрлі әңгімесіне арқау болған нұсқалардан гөрі мына нұсқа ықшамдалып, жөнделіп, жобаға келген. Қазақтың сингармонизміне сәйкес, «бір дыбыс – бір таңба» дейтін ұғымға жауап беріп тұр.
Елбасының жалпыхалықтық талдауға салып, елдің пікірін ескере отырып, «қоғамдық пікірге ден қойыңыздар» деген уәжі ақталды. «Келісіп пішкен тон келте болмас» дейді дана халқымыз. Талқылау нағыз демократиялық еркін сипатта жүрді. Еркін пікірге мүмкіндік болды. Елдің есінде болар, латын графикасына негізделген ұлттық әліпбиімізге қатысты Жазушылар одағындағы талқылауда қаламгерлер қауымы дәл осы ұстанымға келген болатынбыз. «Бір дыбыс – бір таңба» деген принципке сүйенген ұлттық әліпбиге қанат бітті. Міне, қалың елдің көкірегінде жүрген, жүрегін қозғаған әліпби өмірге келді.
Әрине, бәрі бірден керемет болмасы анық. Әлі де уақыт өзінің бірді-екілі түзетуін жасай жатар. Іргеміздегі өзбектер де неше мәрте оралып соғып, өздерінің қазіргі ұлттық әліпбиін ретке келтіріп қалды.
Сонымен…
Елбасы қол қойып, бекітті. Енді әліпбиді тездетіп өмірге енгізу керек. Тым созыңқырап жіберуге болмайды. Ары-бері ырғай бермей, тездетіп айналымға түсіру қажет. Ұлт ретінде тұтастығымыздың, рухани кеңістігіміздің ХХІ ғасырдағы алаңын қамтамасыз ететін ұлттық әліпбиді бекітіп алуымыз керек. Көңілге қонбай жатқан тұстары болса, уақыт түзей жатар…
Әлі де жетілдіретін тұстары болса, тілшілер, мамандар бар, ойланар…
«Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы Президентіміз айтқан алты міндеттің ішіндегі маңыздысының бірі – ұлттық әліпби. Бұл – қазақ жұртының түркі әлеміндегі өз орнын, ойлау жүйесін сынға салатын қадам. Бұл әліпби қазақ жұртын үлкен өркениетке алып шығары шүбәсіз.
Ұлттық әліпби – ұлт ойы мен санасының, ұлт рухы мен мәдениетінің айнасы.
Смағұл ЕЛУБАЙ,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
Апострофсыз болса керемет еді…
Жуырда ғана Елбасы Н.Назарбаев қол қойған латын әліпбиінің жаңа нұсқасы бұрынғы ұсынылған нұсқаларға қарағанда едәуір реттеліп қалған сияқты. Бұрын апострофпен жазылатын әріптер көп болса, мұнда бес-алты әріп қана қалыпты. Қазақтың кейбір үні мүмкін апострофсыз жазуға келмейтін шығар, мүмкін осы нұсқа тиімді болар деп ойлаймын. Біз арман еткен нұсқаға жақыны осы болар деген ой да жоқ емес. Бір таңғалатын нәрсе: Азаттық радиосында жұмыс істеп жүргенде біз тоғыз жыл апострофсыз-ақ, қазақ әліпбиін латын қаріптерінен құрастырып еш қиындықсыз жұмыс істеген едік. Біздің тілшілердің бізді апострофтан құтылтпай қойғанына таңым бар?.. Ғалымдарымыздың таңдауы осылай болса, не деуге болады?..
Бұл тек бір адамның ғана ойы емес, ұжымдық шешім болуы керек… Елімізде арнайы Тіл институты бар, сондағы мамандардың келісіп пішілген нұсқасы осы деп ойлаймын. Бұл нұсқаның авторын анықтауға талпынған жоқпын. Егер алқымнан алатындай асығыстық болмаса, әліпби мәселесінде әсіресе оның латын қарпіндегі нұсқасы туралы әлі де болса мұқият ойланған жөн. Апострофсыз әліпби болса керемет болар еді! Егер еліміздің ғалымдары он ойланып, жүз толғанып, бұдан өзге жол жоқ дейтін болса ғана апострофты қолдануға болады. Егер шынымды айтсам, дәл қазір әліпби жайында әрі-сәрі күйде отырмын.
Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,
ф.ғ.д., профессор
БҰЛ НҰСҚАНЫ ДА МІНСІЗ ДЕП АЙТУҒА ЕРТЕ
Көптен бері талқылап келе жатқан әліпби ауыстыру мәселесі шешімін тауып отыр. Осыған дейін екі рет ұсынылып, талқыланған, алайда жұртшылықтың көңілінен шықпай, мамандардың көп сынына ұшыраған әліпбидің екі нұсқасы да қолданыстан шығарылып, енді, міне, жаңа – үшінші нұсқасы бекітілді.
Бірден айтатын мәселе, қосарлы дыбыспен берілген әліпбидің бірінші нұсқасы мен одан кейінгі апострофпен берілген екінші нұсқасында кемшіліктер көп болды. Тілдік, дыбыстық жүйеге сәйкес келмейтін, жазғанда да қиындық туғызатын сәттері көбірек кездескендіктен, мамандар ол жөнінде айтып, жазып, түрлі пікірлерін білдірді. Қазіргі әліпбиге өзгеріс енгізіліп, үшінші нұсқасының бекітіліп жатқаны көпшілік мамандардың тарапынан ұсынылған бірқатар пікірлердің, сын-ескертпелердің ескерілгенін көрсетеді. Осы тұрғыдан келгенде, әліпбидің қабылданған жаңа нұсқасы алдыңғыларға қарағанда біршама жетілдірілген деп айтуға негіз бар. Алайда, бұл нұсқаны да мінсіз, кемшіліксіз деп айтуға әлі ертерек. Себебі, әліпбидің бұл ұсынылып отырған үшінші нұсқасы біздің тілдік жүйемізге қаншалықты сәйкес келетінін алдағы уақыт көрсетеді. Қазір осы әліпби қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданыс барысында оның жетістіктері мен кемшіліктері айқындалады. Сондай-ақ, алдағы уақытта тіл мамандарының алдында қазақ тілінің латын әліпбиіне негізделген емле-ережелерін, орфографиялық сөздіктерін жасау міндеті тұр. Жаңа әліпбиіміздің кейбір кемшілік тұстары болатын болса емле-ережелер мен сөздіктерді жасау барысында олар тағы да көрініп жатады. Сонымен қатар, оның қазіргі ақпараттық технологияға қаншалықты икемділігі де қазіргі біздің осы ақпараттық жүйелерге енгізіліп, қолданылу барысында көрініс береді. Жалпы, әліпбидің қабылданған жаңа нұсқасы бойынша алдымызда көптеген жұмыстар күтіп тұр.
Құралай КҮДЕРИНОВА,
ф.ғ.д., СДУ профессоры
ӘЛДЕҚАЙДА ЖИНАҚЫ ӘЛІПБИ БОЛАЙЫН ДЕП ТҰР
Бұл әліпби жобасы алдыңғы қыркүйек және қазан айындағы әліпби нұсқаларына қарағанда оқуға, оқытуға жеңіл. Сондай-ақ қабылдауға, яғни көзшалымға да ыңғайлы, жинақы әліпби болып тұр. 27 қазандағы апострофты әліпбиге қарағанда біз бұл әліпби нұсқасына «жылы қабақ танытып» отырмыз.
Алдыңғы апострофты әліпбиде біраз кемшіліктер бар еді. Яғни апостроф өзі жеке бір таңбаның орнын алғандықтан, бірге жазылатын сөздер бөлініп, түбір сөздердің тұлғасы екі-не үшке айырылып кететін-ді. Бөлек жазылатын сөздер өз ішінде тағы бөлініп, тұтас атауларды тану қиындайтын, шашыраңқы, ұсқынсыз сипаттағы мәтіндер пайда болып еді. Енді бұл жаңа әліпбимен әлі жазып көрген жоқпыз. Жазу дағдымызға айналдырғанша біраз уақыт бар. Бірақ ойша елестеткенде, бұл әлдеқайда жинақы әліпби болайын деп тұр. Бірақ мұнда өзгертетін, түзететін тұстары бар. Мысалы, у және ұ дыбыстарының таңбасын алайық. Әліпбиде ағылшынның u әрпі қазақтың ұ дыбысын берген, ал у дыбысына ý таңбасы жасалған. Латын әліпбиін қабылдаған тілдерде u әрпі у дыбысын таңбалайды. Сондықтан бір қауіп бар: ul, qundyz, sur сияқты ұ-мен келетін сөздер біраз уақыттан кейін, кирилл әрпімен жазып көрсетсем, ул, қундыз, сур деп оқылып кетуі мүмкін. Түрік тілі де 1928 жылы осы кепті киген тәрізді. Түрік тілінде ұ дыбысы болса да, әріп жетпегендіктен екі дыбысқа бір әріп – u әрпін қабылдағандықтан бүгінгі түрік тілінде, әсіресе жастарының тілінде, тек у дыбысы естіледі. Сондықтан әлі де ойлану керек. Ал қазіргі у әрпіне берілген ý таңбасы әсіресе латыннегізді ортақ терминдерді көздің тануында кедергі келтіреді. Мысалы, университет деген жазуды латынша қазір оқи алмайтын, суретін танымайтын адам жоқ. Енді оны ýniversitet деп жазу көзшалымға кедергі жасайды, осы сияқты сөздер мәтін ішінде бірден таныла қоймайтын болады. Сондықтан, біздің ойымызша, осы таңбаны, яғни (ý-ды) ү-ге беруіміз қажет. Мысалы, күн дегенді kýn деп жазу қазіргі тұрпатымен ассоциацияланып, жылдам танылады. Енді и мен й-дің және і-нің таңбасына қатысты. Нүктесіз берілген і әрпі қазіргі түрік алфавитінде ы-ны береді, ал і латын әліпбилерінің барлығында и дыбысын береді, мұнда да жоғарыда айтқандай, ортақ терминдердің жазба тұрпатын бірегейлендіру үшін і әрпіне и дыбысын қалдырсақ қайтеді? Яғни неге керісінше қылмасқа? Institut деп. Іні дегенді нүктесіз ıinıi деп жазса, меніңше, іні деп оқылады.
Содан кейін sh-тің орфографиясын қалай реттеуге болады? Егер қосар әріптен басқа мүмкіндікті көргіміз келмесе, онда s мен һ қатар келетін сөздерді, мысалы, асхана, дәрісхана деген, Досхан, Әуесхан деген кісі есімдеріндегі һ-ны қ-ға ауыстыру керек. Өйткені, бұл сөздердің ш боп оқылып кету қаупі бар немесе ш-мен оқылмаса да «бұл қандай сөз еді?» деп оқу автоматизмі бұзылып, кібіртіктеп қалатын боламыз. Сондықтан, мысалы, Dosqan, asqana жазса, ш-әрпі боп оқылмайды. Қазақ орфографиясында осыған дейін де х-мен келетін сөздер қ-ға ауыстырылған. Мысалы, рахмет, рахат, дастархан, хан деген сөздердің барлығы қазір қ-мен жазылады. Қазақтың табиғи дыбысталуы қайтып келеді.
Алдыңғы қосармен берген, кейінгі апострофпен берген әліпбилерді ұсынған, бекіткен кездегі мақсатымыз ағылшын пернетақтасында қалу еді ғой. Мына жаңа алфавитке қарасақ, біз жаңа клавиатура жасайды екенбіз, жаңа пернетақтамыз болады екен. Яғни бұған экономикалық жағынан алғанда бірталай шығын шығады. Ендеше, неге біз sh деп қосар әріп орнына қазіргі түріктердің әліпбиінде бар ş таңбасын алмасқа, неге бір ғана таңбамен бермеске деген ой келеді.