Майдангер ақын, марқайған ғалым
02.02.2018
3967
0
Сағынғали Сейітов – қазақ поэзиясы мен қазақ әдебиеттану ғылымына бір кісідей еңбек сіңіріп, осы бағыттарда өзіндік өрнек қалдырған тұлғалардың бірі. Ол кісінің қандай деңгейдегі шығармашылық иесі екендігін білдіретін негізгі фактор – оқырмандарына мұра болып, артында қалған қырыққа жуық кітабы, тіпті кітаптарға енбесе де, әр қилы мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары мен өлеңдері. Соларды атүсті шолып шыққан күннің өзінде-ақ, Сағынғали ағамыздың көрпесі өзіне шақ дарын иесі ғана емес, елгезек еңбекқор жан екенін де аңғарасыз.
Ол кісі ішінара Қазақстан Ком­париясы Орталық ко­ми­те­тінде, Қазақстан Мемлекеттік көркем әдебиет баспасында жа­уапты қызметтер атқарғанымен, шығармашылық өмірінің көп бөлігін өткізген негізгі жұмыс оры­ны – қазіргі М.О.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инс­титуты еді. Қазақ КСР Ғы­лым академиясы алғаш ашылған кезде Тіл және әдебиет инсти­ту­тының бір мекеме болғаны олар­дың шежіресінен жақсы мәлім. Яғни, С.Сейітов біздің инсти­ту­тымызға М.О.Әуезов есімі беріл­мес­тен бұрын-ақ қызмет етіп кел­ген екен. Былайша айтқанда, осы қасиетті шаңырақ астында талай тер төккен, жарқын іздері қалған ардагер ғалымдарымыз­дың қатарынан табылатындығы сөзсіз. Ғылыми атағын да осы мек­менің қабырғасында жүріп қор­ғаған.
Сағынғали ағамыз қазіргі Ба­тыс Қазақстан облысының Ақ­жайық ауданы құрылған ау­мақта 1917 жылдың 20-қара­ша­сын­да дүние есігін ашыпты. Жаңа­ғы кіріспе сөзде айтылып өткендей, ол кісінің және өмірге қатарлас келген замандас­тары­ның балалық, жастық шақтары қазақ халқы үшін аса бір қиын ке­зеңдермен сәйкес келді. 1917 жыл­дың 7-қарашасы күні сол кез­дегі Уақытша үкіметті тас-тал­қан етіп құлатқан Қазан революциясы лап ете түскені тарих оқулықтары арқылы бүгінгі ұр­па­қтың да есінде. Одан кейін Ре­сей сияқты алып империяны отқа ораған Азамат соғысы орын алып, сол қанды қырғын ақыры аяқталды-ау деген кезде 1921 жыл­ғы ашаршылық қыр елін та­ғы тұралатып кетті. Одан арғы 1928-1929 жылдарда жаппай жүр­гізілген кәмпеске мен көш­пелі халықты күштеп отырық­шы­ландыру науқандары да – қа­зақ халқының кезекті қасіретті беттері болғандығы сөзсіз. Ал 1932-1933 жылдардағы қолдан жа­салған ашаршылық пен 1937 жыл­ғы саяси қуғындау зұлматы­ның әкелген қайғы-қасіреті өзі алдына бір ауыр зұлмат еді.
Осыдан бірер жыл өткеннен кейін бүкіл Кеңестер Одағының аспанына қара бұлттай үйіріліп, Ұлы Отан соғысының басталып кетті де, жас Сағынғали өз еркі­мен қан майданға аттанады. Осы­нау алапат соғыс басталған кү­нінен бастап, Жеңіс туы Рейхс­тагқа тілген уақытқа шейін қа­тысыпты. Онымен қоймай, со­ғыстан кейін тағы екі жыл Кеңес армия қатарында қызмет етке­ні тағы бар.
Енді ағамыз қандай білім ал­ды дегенге келетін болсак, ол кісі 1937 жылы Орал қаласындағы су транспорты жұмысшы фа­куль­тетін тәмамдап, Алматыдағы Абай атындағы қазақ мемлекет­тік педагогикалық институты­ның тіл-әдебиет факультетін оқу­­ға түседі. Соны бітіріп жат­қан уақытта соғыс басталып ке­тіп, өзі сияқты көптеген қатар­ластарымен бірге ағамыз қан май­данның төрінен бір-ақ шық­қан ғой.
Өлеңі 1936 жылы Орал об­лыс­тық газетінде алғаш жария­лан­ған ақынның «Большевиктер» атты тұңғыш жыр жинағы 1951 жылы басылып шыққан екен. Содан бері қарай оқырман қо­лына тиген кітаптарының са­ны қырықтан асып жығылады. Олардың біразы – орыс тіліндегі жинақтар. Бұлардың ішіндегі әдеби сыннан жақсы бағасын алған ең елеулілері – «Жолдас жү­ректен» «1953), «Ортақ ой» (1956), «Бетпе-бет (1959), «Өрден өрге» (1963), «Жаңғырық» (таң­да­малы, 1967), «Жолдас уақыт» (таң­дамалы, 1977), «Сәулет» (1988), «Серпер» (1994), «Сеңгір» (1997), «Самғау» (2001), «Майдан­гер көзімен» (2005).
Жоғарыда С.Сейітов Қазан революциясы жүзеге асып жат­қан­да өмірге келгенін айттық. Сол оқиғаға орай ақын «Таң ат­қан­да туыппын» өлеңінде «Мен туыппын ағарып таң атқанда, шартарапқа шапағын таратқан­да», – деп туған кезеңіне ерекше сим­волдық мән берген екен. «Сен ғана», «Үлкен үйім, ұлы ор­дам» атты өлеңдерінде «Ұлы Ота­ным, ұрандап, Құлпырасың сен ғана» өлеңдері де осы уақыт­тар­дағы тарихи кезеңді жыр жол­дарына айналдырады.
Назар аударатын туынды­лары­ның бірі – «Оқу іздеп» деп аталатын өлеңі. «Шам жағылған сияқтанды алдымнан, Шақыр­ғандай оқу-білім ордасы» деген көр­кем тіркестерден құрылған бұл жырды кішігірім баллада десек те жарасып кетер еді. Онда жас шәкірттердің түйеге мініп алып, білім іздеп бара жатқан сә­ті бейнеленген. Өзі де осы ли­рикалық кейіпкерлері секілді білім қууға ертеден-ақ әуес бол­ғанын жоғарыда айтылған өмір жолынан байқаймыз.
1942 жылы майданда ұлт ті­лін­де шығатын газеттер ұйым­дас­тырыла бастайды да, С.Сейі­тов «Отан үшін» атты Солтүстік – Ба­тыс майдан газетін шығаруға ат салысады. Былайша айтқанда, ол әскери тілші қызметін атқар­ған. Бір көңіл бөлетін жағдай – ақынның көп өлеңдерінің оқи­ға­ға, сюжеттік желілерге құ­рылу­ы. Атап айтқанда, жанры көрсе­тіл­месе де, С.Сейітовтың «Менің атым», «Пеш жанында», «Жалау», «Таныс әйел» т.б. өлеңдерін нақ осындай бағыттағы сюжеттік өлеңдерге, яғни, кәдімгі балла­да­ларға жатқызуға әбден болады. Бұлардың бәрі де жауынгерлер арасында жеңіске деген құш­тарлықты, Отанға деген се­нім­ді нығайтуға арналған, пат­риот­тық сипаты айқын жырлар.
Осындай жоғары поэтикалық өредегі лирикалық шығар­ма­лары аталған газеттің бетінде жиі жарияланып тұрыпты.
С.Сейі­тов шығармашылығының қалыптасып, нығаюына, өз үнін табуына осы майдан газетінде жұмыс істеген жылдары ерекше әсер еткен деп санауға әбден бо­ла­ды. Соның бір нышаны – ақын­ның орыс тілінен аударып жариялаған өлеңдері. Яғни, осы арқылы біз ол кісінің поэзиялық шы­ғармаларды қазақшаға жатық жет­кізе білетін тәжірибелі тәр­жі­машы екенін аңғарамыз.
Бір сөзбен айтқанда, С.Сейі­тов,сияқты ақынның есміні ақын ретінде оқырмандарына та­нытқан – осы «Отан үшін» деп аталатын майдан газеті.
Сағынғали аға әскери рух­тағы жырлар жазуды тек майданда жүрген кездерімен ғана шек­теп қойған жоқ. Бейбіт заманда да осынау қастерлі та­қы­рыпқа қайта айналып соғып отырды. Оның бірайқын белгісі – Жеңістің 25 жылдығына орай 1970 жылы жарық көрген «Сөз сұрайды солдаттар» атты жина­ғы­ның ортақ идеясы, сонда сурет­телетін майдан көріністері. Кі­таптың алғысөзінде «Өз кіта­бым­да мен майданда болған оқи­ғаларды өзгертпестен, өңде­местен, сол қалпында айтып бер­дім. Жанымнан ештеңе қос­падым. Ештеңені әсірелемедім, боя­мадым» дейді автор.
Оқырман көз алдында кезек-ке­зегімен өтіп жататын – адам жа­нын түршіктіретін соғыс ке­зеңі­нің қанға бөккен шындығы. Шын­дық болатын себебі – осы жаз­балардың көп бөлігі сол май­дан­да жүріп, қойын дәптерге асығыс түсірілген жазбалардан алынған екен.
Әсіресе әсерлі шыққандары – жинақтағы «Шал мен әйел», «Адас­қан ару», «Мәңгі өшпейтін даңқ» және тағы басқа очерктері. Бұрын дұшпанның атып жатқан пулеметін кеудесімен жауып, Александр Матросовтың ерлігін қайталаған қазақстандық қаһар­мандардың қатарында Сұлтан Баймағамбетов, Ақеділ Сухан­баев­тардың есімдері ғана аталатын. Сөйтсек, қазақтан Сүндет­қа­ли Есқалиев есімді жауынгер де нақ осындай ерлік жасап, Отан үшін жанын қиған екен. Сол Есқалиевтың ерлігі жайында жазған Сағынғали ағаның очер­кі де осындай батырлар қа­та­рын толықтыратын тың дере­гімен құнды.
Бұл айтылғандардан басқа да «Ба­тарея командирі», «Орман­дағы шайқас», «Патрон тасушы», «Жер үйдегі ән», «Мергеннің мыл­тығы» «Қара торғай», «Оң бүйір­ден атылған оқ», «Жеңіс жұ­мысшысы», «Үш батыр», «Кө­ре­ген», «Жекпе-жек», «Эскадрон көзі», «Балтық төсі», «Арбасу», «Жол аузы» тәрізді деректі жаз­ба­лары Ұлы жеңіске қазақ жауын­­гер­лерінің қандай үлес қосқан­дығы жөнінде ой толғай­тын шы­ғармалар.
С.Сейітовтің 2005 жылы жа­рық көрген «Майдангер көзімен» атты жинағы тағы да өзінің төл тақырыбы Ұлы Отан соғысының көріністерін қозғайды. Жинақта көбінесе кейіпкерлер деңгейіне көтеріліп жататын – автордың өзімен қатарлас соғысқан қазақ жауынгерлері. Оқиға мен ой өзе­гіне айналатын нақты деталь­дар да солардың майданда көрсеткен ер­лік істері, жан дүниелерінң қоз­ғалыстары. Сонымен бірге ақын шығармашылығының бі­раз бөлігін алатын тақырып – басқа да ақындардың шабытын қоз­ғайтын, өлмейтін махаббат та­қырыбы.
Жасы мосқал тартып, кәрі­лік­тің төбесі көрінген кезде де ақын қаламын қолынан тастаған жоқ. Ересектікке бет бұрған ой­шыл жанға тән үрдіспен жас ұр­паққа арнаған толғаныстарын ақ қағаздың бетіне түсіре отырып, философиялық өрнек­тер­мен жеткізе білді.
Сағынғали Сейітов үлкен әде­биет зерттеушісі де болатын. Ол М.О.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының «Әдеби байланыстар» бөлімінде еңбек ете жүріп, қазақ әдебие­ті­нің өзге халықтар әдебиетімен, атап айтқанда, түркімен әдебие­тімен байланысы жайында ба­йыпты зерттеулер жүргізе білді. Кеңес дәуірі жылдарындағы қа­зақ әдебиетінің тарихына жаса­ған шолуларын да салмақ­ты­лы­ғымен, сауаттылығымен назар аудартады. Әдеби зерттеулерінің ішінде әсіресе ғылыми ортадан жоғары бағасын алғандары – «Қырық жылда» (1974), «Әде­биет­тер достығы» (1965), «Қазақ поэ­зиясындағы Маяковский дәс­түрі» (1966), «Тоғысқан тол­қын­дар» (1974), «Туысқандық ту­ғызған» (1979), «Өлең өлкесін­де» (1984), «Пушкин лирикасын қа­зақ тіліне аудару дәстүрі» атты монографиялары, зерттеу еңбек­тері.
Бүгінгі әдебиеттану ғылы­мы­мен айналысуды қалайтын жас ғалымдар мен ізденушілер үшін бұл аталған еңбектердің пайдасы аз емес. Лажы болса осы­л­ардың кейбіреулерін қайта шы­ғарса, нұр үстіне нұр болар еді. Жалпы, С.Сейітов мұрасына сер­гектікпен қарап, аса қажетті болуы ықтимал еңбектерін жарық­қа шығару жағын ойлас­тыр­ған абзал.

Нұрдәулет Ақыш.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір