Өнегелі өмір
26.01.2018
1749
0
Қазақстан білімі мен ғылымына, оның ішінде экономикалық ілімнің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан және жоғары оқу орнында білікті мамандар даярлауға өзінің қажыр-қайратын аямай жұмсаған Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстанның жоғары мектебі ғылым академиясының академигі, Еуразия Халықаралық экономикалық академиясының академигі, экономика ғылымының докторы, профессор Қаби Оқаұлы Оқаевтың орны ерекше еді.
Қаби Оқаұлы Оқаев 1929 жылы 2 қыр­күйек­те Гурьев облысының Теңіз ауданының (қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданы) Өтері ауылында дүниеге келген. Балғын ба­лалық шағы коллективтендіру, бүкіл қазақ халқына нәубат әкелген ашаршылық, Алаш арыстарын қынадай қырған репрессия, сұрапыл соғыс жылдары мен одан кейінгі ауыртпалық арқалаған кезеңдерге тап келіп, белі бекімей 15 жастағы жасөспірім еңбек жолын колхозда қарапайым жұмысшы болудан бастады. Бұл оның өмір жолындағы ең қиын кезеңдердің бірі еді. Өйткені оның үш ағасы отан қорғау үшін соғысқа аттанып, от­басына бас-көз болуды өзіне басты мақсат тұт­қан болатын. Сондықтан да ол оқудан қол үзіп, күндіз-түні еңбек етуге мәжбүр болды. Өзінің алғырлығының арқасында 16 жасында «Коммунизм жолы» колхозының есепшісі, ал 18 жасында бас есепшісі қызметіне кө­тері­ліп, өмір мен еңбектің шыңдалу мектебінен өтті. Осы орайда орыс халқының ұлы жазушысы А.Чеховтың «Менің өмірімде балалық шақ болған емес» деген сөзі ойға оралады.
Жастайынан еңбекке араласып, мектеп­тегі оқуынан қол үзген Қаби Оқаұлы, орта мек­тептегі оқуын Ресейдің Иркутск облы­сын­дағы Братск қаласында кеңес армия­сының құрамында азаматтық әскери борышын өтей жүріп жұмысшыларға арналған кешкі мектепте білім алды. Әрине, әскер қатарында жүрген азаматтардың ол кезде жұмысшыларға арналған кешкі мектепте оқу­ға құқығы мен мүмкіндігі болмаған. Бі­рақ, Қаби Оқаұлы азаматтық борышын өтеп жүрген әскери бөлім басшылығы оның оқу-бі­лім­ге деген ынтасын және әскери борышын үздік атқарып жүргенін ескеріп, қа­лып­тасқан тәртіп пен тәжірибеден тыс, кешкі мек­тепте оқуға мүмкіндік береді. Әскерден соң, 1954 жылы 25 жасында Атырау облысы­ның Қосшағыл елдімекенінде орта мектепті бітіру емтихандарын тапсырады.
Кешкі мектепті бітіргеннен кейін, оқу-бі­­­лімге деген ынтасы мен жігерлілігінің арқа­сын­да және өз қатарынан бұрын еңбектің ащы-тұщысын татқан, шаруашылық жүргізу мен экономикалық күрделі үдерістердің нақ­ты жүйесінде 9 жыл жұмыс істеген ол, осы саланың теориялық, әдіснамалық негіздерін терең меңгеру мақсатында 1954 жылы
С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік уни­вер­­ситетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қа­зақ Ұлттық университеті) экономика фа­куль­­те­тіне оқуға түседі. 1959 жылы универ­ситетті Ле­ниндік стипендиямен тәмам­даған.
Қаби Оқаұлының белгілі ғалым-ұстаз, зерт­теуші, жоғары білім жүйесінің білікті бас­қарушысы, ұйымдастырушысы ретінде қа­лыптасуы 1963 жылы Қазақстанда жоғары кә­сіби білім беру саласының белгілі ұйым­дас­тырушысы профессор А.Беловтың бас­шы­лығымен еліміздің ұлттық эконо­ми­ка­сы­ның түрлі салаларына аса қажетті білікті, білімді экономистер мен басқарушы кадрлар даярлауға арналған бірегей оқу орнының Алматы халықшаруашылық институтының (қазіргі Нархоз университеті) ашылуымен ты­ғыз байланысты. Қаби Оқаұлы сол жаңа оқу орнының ашылуына күш салып қоймай, оқу орнының қалыптасуы мен өркендеуіне ғы­лыми-педагогикалық, қоғамдық қыз­ме­ті­нің үздіксіз 55 жылын арнап, сүбелі үлес қос­ты. Осы уақыт аралығында 21 жыл факультет деканы, 30 жыл бойы үздіксіз кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Мұндай үздік жетістікке жету үшін заман та­лабына сай елімізге аса қажетті білікті ма­мандарды даярлауда оқу-әдістемелік жұ­мысты басты мақсат пен мүдделерге байла­ныс­ты дамытып, озық деңгейде ұйымдастыра білу, оқытушылар мен білім алушылардың өзара психологиялық үйлесімділігін қамта­ма­сыз етумен қатар, басшы мен ұжым мүше­ле­рінің арасындағы тыныс-тіршіліктің жара­сым­дылығынан туындайтыны белгілі. Ол Қа­зақстанның экономикалық білім беру жүй­е­сінде үлкен ғылыми-әдістемелік, ұйым­дастырушылық жұмыстарды үздіксіз ат­қарды. Кезінде КСРО және ҚазССР-і жо­ғарғы білім беру министрлігінің эко­но­ми­ка­лық мамандықтар бойынша оқу-әдіс­темелік бірлестігінің мүшесі болды. Отандық жо­ғары оқу орнының Ресей, Беларусь, Ук­раи­на және басқа да шетелдердің жоғары оқу орындарымен байланысын кеңейтуге елеулі үлес қосты. ҚР Білім және ғылым министр­лі­гінің экономикалық мамандықтар жүйесі бойын­ша оқу-әдістемелік бірлестігінің мү­шесі ретінде оқу үдерісіне еңбекті ғылыми тұр­ғыдан ұйымдастыруды енгізе отырып, на­рықтық экономика талаптары мен халық­аралық стандарттарға сай білікті, жаңа тұрпатты экономист және басқару жүйесінің мамандарын даярлау саласында табысты ең­бек еткендігін ерекше атап өту қажет. Шә­кірттерінің арасында есімі елге белгілі мем­ле­кет қайраткерлері, облыс, қала әкімдері, жо­ғары оқу орындарының ректорлары, көр­нек­ті ғалымдар, өндірісті ұйымдастыру­шы­лар, заман талабына сай ұлттық экономи­камыздың әртүрлі жүйесінде жұмыс істеп жүр­ген кәсіпкерлер мен бизнесмендер бар. Со­нымен қатар, профессор Қ.Оқаевтың шә­кірттерін еліміздің басқару жүйесінің бар­лық басшылық құрылымдарынан және ТМД елдерінен де кездестіруге болады.
Ғалым беделінің айнасы және оның қан­дай жетістіктерге жеткені, оның ғылыми із­де­ністерінің, еліміздің әлеуметтік-эконо­микалық тұрғыдан дамуына, күрделі пробле­маларды шешуіне қосқан үлесі арқылы анық­талатыны белгілі. Осы орайда профессор Қ.Оқаевтың концептуалдық тұрғыдан ғы­лыми ізденістерінің аясы кең және ұлттық экономиканың өзекті мәселелерін дер ке­зінде қамтуында. Еңбектерінде өндірістегі не­гізгі қорлардың ұдайы өндірісі, шаруа­шы­лық жүргізудің экономикалық заңды­лық­тары, экономиканы тиімді басқару, нарық­тық экономика жағдайында отанымызға аса қа­жет кәсіпкерліктің қалыптасуы мен дамуын тиімді түрде ұйымдастыру, өнеркәсіп жүйе­лерінің экономикалық дамуының теория­лық және тәжірибелік аспектілерін жан-жақты зерттеу барынша мәнді де ма­ғыналы көрініс тапқан. 300-ден астам ғы­лыми еңбектері, оның ішінде 18 монография, оқу­лықтар, оқу-әдістемелік құралдары жа­рық көрді. «Толық шаруашылық есеп және өнер­кәсіптің негізгі қорлары», «Негізгі қор­лар және өнеркәсіптің өндірістік тиімділігі» жә­не басқа монографиялық ғылыми тұжы­рым­дар өнеркәсіп орындарында мамандар даяр­лау жүйесінде кеңінен пайдаланылуда. Ерек­ше атап өтетін жәйт, профессор Қ.Оқаев не­гізгі қорлардың ұдайы өндірісі проблемалары бойынша Қазақстанда ғылыми мек­тептің негізін қалаушылардың бірі болды.
Сонымен қатар, оның басшылығымен жә­не редакциясымен көптеген оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар, жоғарғы оқу орын­дарының профессор-оқытушылар құ­рамының ғылыми еңбектерінің жинақтары жа­рық көрді. Ол – оқытудың қазіргі заманғы озық технологиясы жөніндегі әдістемелік даярламалардың авторы. Осы орайда атап өтетін жәйт, Қаби Оқаұлы қазақ тілін эко­номикалық қызметте пайдалану аясын кеңейту жөнінде елеулі жұмыс атқарды. Оның басшылығымен «Бухгалтердің орыс­ша-қазақша сөздігі», «Қазақша-орысша, орыс­ша-қазақша терминалогиялық сөздік», «Экономика және қаржының түсіндірме сөздігі» жарық көрді және 1998 жылдан бас­тап «Бико» баспа үйінен қазақ тілінде «Бух­галтер бюллетені» апталығы шығарылып тұр­ды.
Профессор Қ.Оқаев Мәскеу, Санкт-Пе­тер­бург, Киев, Минск, Ташкент, Бішкек, Тал­лин, Рига қалаларында және басқа да шет­елдерде өткен көптеген халықаралық, бү­кілодақтық және республикалық ғылыми, ғы­лыми-тәжірибелік конференциялар, съез­дер, конгрестерге қатысып, баяндама жа­сағаны көзіқарақты жұртқа белгілі.
Қаби Оқаұлы ұлтымыздың ұлы ұстазы Абай­дың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұс­та…» дейтін сөзін өмірге мұрат еткен. Өйт­кені, биік мұрат, асқақ арманға осы үш қ­а­сиет алып шығатыны көпке мәлім. Сон­­дықтан да болар, еліміздің ғылыми әлеуе­тін қалыптастырып, парасат биігін еңселендіру мақсатында ол ғылыми және педагогикалық кадрларды дайындау қызметі тұрғысынан да ерекше табысқа жеткен ғалым-ұстаз ретінде кеңінен танымал. Оның басшылығымен экономика ғылымының
6 докторы және 35 ғылым кандидаттары мен PhD докторлары даярланды. Олар экономиканы басқарудың республикалық буындарында, білім беру жүйесінде және ғылыми-зерт­теу институттарында жемісті еңбек ету­де.
Профессор Қаби Оқаев 50 жылға жуық Қа­зақстандағы ғылыми кадрларды аттестациялау жүйесінде докторлық және кан­ди­даттық диссертациялар қорғау кеңестерінің тө­рағасы, мүшесі болды. Оның ғылыми із­дену­шілердің жұмысына әр деңгейде өтетін сараптау рәсімдерінің кезіндегі принцип­шіл­дігі, әділдігі және оларға үлкен ілтипат­пен, ұстаздық мейірімділікпен қарайтыны жұртшылыққа кеңінен мәлім.
Қазақ энциклопедиясының экономика саласы бойынша редакция кеңесінің мүшесі, кейін төрағасы болды, сондай-ақ, Қазақстан Ұлттық энциклопедиясының экономикалық білім, ғылым аясы бойынша сарапшылар то­­бының төрағасы ретінде игілікті істер ат­қар­ды. Бүкілодақтық, Республикалық бір­қа­тар журналдар, ғылыми жинақтар ред­кол­легиясының мүшесі ретінде елімізге де кеңі­нен танымал. Сонымен қатар Қазақстан Жо­ғары мектебі Ғылым академиясының ака­демигі, Еуразия Халықаралық Эконо­ми­ка­лық академиясының академигі болды.
Ескеретін жағдай, профессор Қ.Оқаевтың өмірі мен еңбек жолы туралы, оның көзінің тірі­сінде замандастары, әріптестері және шә­кірттері ғылыми және мерзімді ақпарат құ­ралдарында өздерінің ой-пікірлерін, ұс­тазға деген жүрекжарды ыстық ықыластарын біл­дірген. Олардың қатарында осы жолдар­дың авторлары да бар. Дегенмен, Қ.Оқаұлы­ның ұлтымыздың басына төнген қиын-қыс­тау кезеңдегі, яғни, 1986 жылғы Желтоқсан оқи­ғасынан кейінгі елдегі, ұжымдағы ахуал жағ­дайындағы ерен еңбегі, азаматтық ұста­нымы туралы әлі де болса айтылмай келеді.
Кейбір сыртқы және ішкі ортаның дес­трук­тивтік факторларының әсерінен еліміз­де­гі күрделі жағдайға байланысты Нархозда кей­бір ұжым мүшелерінің және студент жас­тарының арасында кереғар пікірлер, өзара көзқарас қайшылықтары орын алғаны бел­гілі. Бұл жағдай ұжымның оқу үдерісін, жас­тардың тәлім-тәрбиесін орнықты тұрғыдан жүр­гізуге белгілі-бір деңгейде қауіп-қатер ту­ғызды. Күрделі мәселені уақыт оздырмай ше­шу басты мәселелердің бірі болды. Осы жағ­дайда профессор Қ.Оқаев өзінің парасат-пайымымен, жүйелі ақыл-кеңесімен, нақты іс-әрекетімен ұжымның, студент жастардың бір­лі­гін қалыптастыруға, жосықсыз әңгіме­лер­ден арылуға ықпал еткен азаматтардың бірі. Профессор Қ.Оқаев аталған күрделі мә­селені шешуге, оқу үдерісін қалпына кел­тіруге, жастардың арасында қажетті үйле­сім­ділікті қалыптастыруға барын салды.
Профессор Қ.Оқаевтың ғылыми, педаго­ги­калық және қоғамдық қызметтердегі ерен еңбегін еліміз бен үкіметіміз жоғары бағалап, «Құр­мет», «Парасат» ордендерімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет» грамотасымен, «КСРО жоғары білімінің үздігі», «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» ме­да­льдарымен марапаттады, Атырау облы­сының Құрманғазы ауданының «Құрметті азаматы» деген атақтар берілді.
Қаби Оқаұлы өмірінің өзегі – өнегелі от­ба­сының иесі, үлгілі әке, сүйікті ата бол­ғаны. Жұбайы – Фазила Әмірғалиқызы елі­­­міздегі химия ғылымының дамуына өзін­дік үлес қосқан ғалым. Ол өзінің ақжар­қын­дығы мен кеңпейілдігі арқасында Қаби Оқаұ­лының барлық шәкірттерінің ерекше құр­мет тұтатын анасына айналды. Әкесінің айт­қан аманатын басшылыққа алған қы­ранның қос қанатындай болған Ермек пен Ер­ке­бұлан жақсы әке ғана емес, іскерлік ор­тада сыйлы азаматтар.
Сөз соңында Қаби Оқаұлының бейін-бе­делі қандай десек, оның ата-анасының шық­қан тегінен немесе табиғаттың тартуынан болар, еңсегей бойлы, шарасы үлкен, нұрлы көзі, қайратты бұйра шашы, адамдармен сұх­баттасқандағы ойлы, өрелі тұжырымдары кез келген азаматтардың жүрегінен орын тауып, бейжай қалдырмайтыны дүйім жұрт­қа белгілі. Оның жан-жақты терең білі­мі, дәріс оқығандағы асықпай байыппен, құ­лаққа жағымды майда қоңыр даусы кез-кел­ген адамды өзіне тартып, оның қалтқысыз се­німіне ие болушы еді. Сонымен қатар, қ­азақ азаматына тән қарым-қабілеті мен адал­дығы, тазалығы, оны классикалық үлгі­дегі ұстаз ретінде танытты. Осы тұрғыдан ал­ғанда қыры мен сыры, сан-саланы қам­ти­тын, қиындығы мен қызығы қатар жүретін, үнемі ізденіс пен үздіксіз шығармашылық еңбекті қажет ететін, кезінде «адам жанының инженері» аталған, екінің бірінің қолынан ке­ле бермейтін ұстаздық қызмет жағынан да Қа­би Оқаұлының еңбек жолы жаңашылдық пен реформаторлық бастамашылыққа толы үлгі тұтарлық жол екенін үнемі жадымыздан шы­ғармағанымыз абзал.
Еліміздің кез келген түкпірінен, ал кей­бір жағдайда шетелдерден «сізден дәріс алып едім», «сіздің жақсылығыңызды ұмыт­пай­мын» деп көптеген шәкірттері жүрекжарды тілек­терін жолдап жатады.
Ал ұстаздың қолы жетпеген арман-аң­сарын жүзеге асыру, білімді ұрпақ тәрбиелеу – алдын көрген шәкірттерінің парызы.

Нархоз университетінің профессорлары
Алпысбай Сейдахметов,
Аружан Сейітқазиева,
Ержан Әмірбекұлы,
Рақымжан Елшібаев.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір