Сәулелі әлем
Қазақ қаламгерлері ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, көпшілік оқырманға ұсынып келеді. Олардың бірі – ақын-жазушылар, журналистер болса, екіншісі – жан сырын қағаз бетіне түсіріп, туған жер, өскен орта, өз ғұмыры туралы деректі және мемуарлық шығармалар жазып жүрген әдебиетке жақын жандар.
Соңғы қатардағы қаламгерлер қатарында Сәуле Әбдіхалыққызы Рысбаеваның есімін атауға болады. Соңғы он шақты жылдың көлемінде көпшілікке таныла бастаған автор осы уақыт аралығында төрт бірдей кітабын оқырманға ұсыныпты. «Арамыздасың, Абдолла!» атты кітабында белгілі тележурналист, Әлихан Бөкейханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Абдолла-Алтый Сүлейменнің очерк, эссе, рецензия, телесценарий, әңгімелерімен бірге ол туралы естеліктер мен арнауларды топтастырған (2005). Бұл кітаптың бір ерекшелігі – мұнда бір мұқабамен қос кітап берілген. Яғни С.Әбдіхалыққызының «Мәңгілік сағынышым» атты деректі романы қоса беріліпті. Алғашқысы 22 баспа табақ, екіншісі 23 табақ болатын екі кітаптың да бас кейіпкерлері ортақ. Сондықтан 45 баспа табақтан тұратын кітапты «егіз кітап» деп атауға негіз бар. Бұл кітаптың басты жаңалығы осында болса керек. Қос ғашықтың асыл сезімдерін шынайы бейнелеген егіз кітаптың қосақталып жүруі оқырман үшін тиімді болғаны да жасырын емес. Абдолла мен Сәуленің арасындағы кіршіксіз махаббат жөнінде сыр шерткен лирикасы басым деректі романға ұлттық әдебиетте махаббаттың жыршысы ретінде танылған Ә.Нұршайықовтың оң пікір беруі авторға шығармашылық шабыт сыйлаған тәрізді. Осылайша бұл қатар кейінгі жылдары автордың «Сағындым, сағым жылдарым…» (2010), «Жұмақ мекен, талбесігім – Тасбұлақ» (2013), «Сағыныш екен сол бір шақ» (2015) тәрізді кітаптарымен толықты. Аталған кітаптардың оқиғалары біріне-бірі жалғасып жататындықтан оларды жеке дара сөз ету мүмкін емес.
Төрт кітапты оқып шыққанда, олардың арасын жалғап тұрған бір өзекті байқауға болады. Үшеуіне де негіз болған – махаббат. Ол – туған жерге, ата-анаға, сүйген жарға деген шексіз де шетсіз сүйіспеншілік пен сағыныш. Осы мәселелер автор ойын айшықтап, оның алдына қойған мақсаттарын нақтылай түскен. Бұл туындылардың бәріне ортақ әдіс – мемуарлық сипат пен эпистолярлық дүниелерді молынан пайдалану. Жазушы кейіпкерлерін ұзақтан іздеп, қиялмен сомдап әуре сарсаңға түспеген. Оның кейіпкерлерінің бәрі – өзіне етене жақын, қасында жақын жүрген жандар. Сондықтан да оқиғалары нанымды, көңілге қонымды. Аталған кітаптардың барлығының орталық кейіпкерлері бір болғандықтан біз кітаптардың хронологиясы бойынша емес, оқиғалар жүйесі бойынша сөз еткенді жөн санадық. Себебі кейін жазылған «Сағындым, сағым жылдарым…» мемуарлық романы бас кейіпкердің өскен ортасы мен балалық шағынан хабар береді. Ендеше сол туындыларға үңіліп көрелік.
«Сағындым, сағым жылдарым…» атты кітабының жанры көрсетілмеген. Автордың өмірдеректерінен алынғандықтан бұл туындыны мемуарлық шығармалар қатарына қосуға негіз бар. Кітаптың мазмұнын «Балалық шаққа саяхат», «Шауып кетіп барады құлын күнім», «Еліктей ерке күндер-ай!», «Жастық шағым – жасыл бағым» тәрізді бөлімдер құрайды. Әр бөлімдегі оқиғаларда белгілі уақыт аралығы қамтылған.
Бірінші жақтан баяндалған оқиғалардың негізгі орталық кейіпкері – жазушының өзі. Бас кейіпкер 5-6 жасынан бергі оқиғалардың бәрін тізбектемей, өзінің есінде ұзақ сақталып қалған, өмірінен үлкен орын алған негізгі-негізгі оқиғаларды іріктеп алған. Ішінара негізгі кейіпкердің өмір белестерін толықтыру мақсатында лирикалық шегініс жасайды. Осындай шегіністің бірі – ата-аналарының өскен ортасы, олардың тағдыр-тауқыметіне қатысты оқиғалар.
Негізгі оқиғалар Жетісудағы Талды, Тұйықбұлақ, Тасбұлақ, Иірсу, Қарқара, Сарыбастау тәрізді ауылды мекендер мен Алматы қаласында, Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында өтеді. Кіндік қаны тамған туған жер кім-кімге де жұмақ мекен екені белгілі. Әдебиеттің арғы-бергі тарихында қолына қалам ұстаған қаламгерлердің барлығы дерлік киелі мекендеріне бар жылы сөздерін арнағаны анық. С.Әбдіхалыққызы үшін де Талды тауы, Талды өзені, Талды жазығы, Талды ауылы, Қайқы асуы тәрізді мекендердің сондай қымбат екені түсінікті. Автордың жетістігі – туған жердің тамылжыған табиғаты мен түгін тартсаң майы шығатын шұрайын жалаң суреттемей, сай-саласы төрт түлікке толы қайнаған тіршіліктің көзі ретінде нанымды суреттеуі. Бұл кітапта бүгінгі тәуелсіздігіміздің оңайшылықпен келмегені, бүгінгі бақытты өмірге жету жолында ата-әже, әке-шешелеріміздің жанкешті ерлік жасағаны нанымды бейнеленген. Қарапайым малшы мен сауыншы отбасында тәрбиеленген баланың көргені мен көңілге түйгені бір дәуірдің сырын ұқтырардай. Рысбайұлы Әбдіхалық пен Сатылғанқызы Ілімхан аналарымыздың басынан өткерген тағдыр тауқыметі жекелеген жандардың емес, жүздердің, мыңдардың өмірінен хабар берері хақ. Шығармада 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезіндегі, ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы ашаршылық пен отызыншы жылдардағы жаппай қудалауда көрші қытай еліне үдере көшкен қазақтың бірсыпырасы ел іргесі бекіп, жер кеңіген заманда ата қонысқа жете алмай арманда қалуы – Әзихан кейуана бейнесіне жинақталған. Ал ата қонысқа жеткенмен жалғыз қалған Әзихан анасы мен анасының бауырына салған қызы Сейілханнан бір хабар ала алмай, бар ғұмыры сарғайған сағынышпен өткен жанның сағынышқа толы жырлары мен жоқтаулары («Жайлау», «Қыстау», «Анамды жоқтауым», «Апамның атақонысы туралы айтқаны», «Ақ некелі жарыма») бірдің емес, көптің жан жарасы. 1916 жылғы Албан көтерілісі ретінде тарихта қалған ұлт-азаттық көтерілісінің негізгі ұйымдастырушыларының бірі – Ұзақ батырдың тікелей ұрпағы Сәуле апамыздың бабасынан дарыған тектілігі қолына қару ұстатпаса да, қалам ұстатқан екен.
Құдай қосқан қосағы Абдолла туралы «Мәңгілік сағынышым» романында: «Мен жазушы емеспін. Мен әншейін арыстай азаматын жоқтаған, әрі жоқтап өтетін қазақтың қарапайым қара қызымын», – дейді автор. Иә, төртінші мүшелінде қайтыс болған белгілі тележурналист Абдолла-Алтыйдың қара шаңырағын түтетіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған жанның сүйген жарына деген сағыныштары қырық жылға жуық сақталған сарғайған хаттардан мен мұндалайды. Алғашқы танысқан күндерден бастап бір-бірінен жырақта жүріп, ыстық сезімдерін бір-біріне хат арқылы танытып, бір-біріне жеткенше асығатын қос ғашықтың бір-бірінен мезгілсіз көз жазып қалуы да өкінішті. Сәуленің бұл шығармасын Ә.Нұршайықовтың: «Қазақта өз әйелі туралы кітап жазғандар бірен-саран бар. Ал өз күйеуі туралы роман жазған әйелдер некен-саяқ. Бұл үшін еркектер қауымы Сізге алғыс айтуы керек!», – деп бағалауы да осыдан болса керек.
Романның негізгі оқиғасы бас кейіпкердің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дайындық курсына түскен күндерінен басталады. Мектеп бітіргеніне үш-төрт жыл болған қыздың бойжетіп бұлаң қағар сәтінде Абдолламен кездесуі, олардың алғаш кездескен сәттен іштеріне махаббат отының түсуі, қос ғашықтың сезім арпалысымен өткен «махаббат, қызық мол жылдары» – бәрі де қызыққа толы студенттік өмірдің бір көрінісі. Ауыл шаруашылық жұмысында жүрсе де, студенттердің құрылыс отрядында барса да, іс-сапармен шалғайға кетсе де бір сәт хат жазуды тоқтатпаған кейіпкерлердің көңіл-күй сезімдері, сарғайған сағынышқа толы хаттары, махаббаттың алауы шарпыған сәттері, қос ғашықтың бір-бірінен көз жазып қалуы, қайғының қара бұлты үйірілуі, болған іске болаттай бекуі – бәрі де сол хаттар арқылы айшықталған.
Ә.Нұршайықовтың: «Кітабыңыздың бас жағындағы (бірінші бөліміндегі) авторлардың аттарын, естеліктерін шолып шықтым да бірден романды оқуға кірістім. Алғашқы махаббат, сағыныш сезімдері, туған жер табиғаты, ауыл кештері керемет қызықты да көркем суреттелген екен. Қара сөз емес лирикалық поэзия деуге боларлық. Қазір романыңыздың бас жағын ғана оқып жатырмын. Оқи отырып Сіздің кітабыңыз мазмұны, мәнері, сезімді дәріптеу, өмір оқиғаларының ауқымдылығы жағынан Сіз кішкене қыз кезіңізде тәнті болған менің кітабымнан әлдеқайда күштірек-ау деп ойлап отырмын. Риза болып отырмын», – деген пікіріне сүйенетін болсақ, кезінде бұл «лирикалық поэзия» деп бағаланған роман.
Романның негізгі ерекшелігі – эпистолярлық сипатында. Автор негізгі кейіпкерлердің хаттары мен күнделік жазбаларын негізгі оқиғаға сол қалпында сынамалап енгізіп отырған. Абдолланың Ақ Сәулесіне жазған хаттарымен бірге мұнда туған-туыстарға жазған хаттар оқиғаның шынайылығына қызмет етсе, хаттарда көрсетілген мекен-жай, жыл, ай мезгілдері мен нақты күндер шығарманың деректілігін арттырып тұр.
«Арамыздасың, Абдолла» деген кітаптың аты айтып тұрғандай, Абдолла-Алтый Сүлеймен қашан да арамызда. Осы кітапқа енген Абдолла-Алтыйдың туындылары, өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған естелік-эсселер оның екінші өмірі ғұмырлы болатындығының айғағы.
«Жұмақ мекен, талбесігім – Тасбұлақ» деректі романына автордың балалық балдәурені өткен Талды, Тұйықбұлақ, Тасбұлақ тәрізді ауыл тұрғындарының жанкешті тірлігі мен өнегелі өмірлері арқау болған.
Ата-ана, туған-туысқа арнап шағын жанрдан бастап кең құлашты романға дейін жазылған шығармалар бар, ал ұстаздары туралы жеке кітап жазатындар некен-саяқ. С.Әбдіхалыққызы 2013 жылы мектеп бітіргендеріне 40 жыл толғанда «Сағыныш екен сол бір шақ» атты кітабын Талап (Жаңақорған ауданы) пен Қарқарадағы (Райымбек ауданы) сыныптастарына сыйға тартты. Бұл кітапты бірі Жетісуда, екіншісі Сыр бойында жүріп шәкірттерін әдебиетті сүюге баулыған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, Мәскеуде өткен мұғалімдердің Бүкілодақтық III-сьезінің делегаттары, оқу-ісінің үздіктері өзінің ұстазы Тұрсынхан Шәлдибекова мен жары Абдолла-Алтыйдың ұстазы Зинабдин Шермағамбетовке арнап жазыпты. Ұлттық әдебиетте өз ұстаздары туралы үлкенді-кішілі туындылар жазғандар бар ғой, ал сүйген жарының сүйікті ұстазы туралы жазу екінің бірінің қолынан келмесі анық.
Әкесі Әбдіхалыққа «Ешка», мектептегі мұғалімдеріне «Ерболдың қарындасы», ауылдастарына «Әбдіхалықтың қасқыр қызы», Абдоллаға «Ақ Сәуле», қайын жұртына «Ақ келін», сыныптастарына «Қазақ әйелінің эталоны» атанған кейіпкердің өмір белестері біз өмір сүріп отырған қоғамның бар-болмысын көз алдымызға елестетеді. Жоғарыда аталған шығармалар сонысымен де бағалы.
Гүлжаһан ОРДА,
М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының
бас ғылыми қызметкері, филология
ғылымының докторы.