Сәулелі ғұмыр
17.08.2023
540
0

Елімізде ұлт мақтанышына айналған тұлғалар аз емес. Белгілі ғалым, қоғам қайраткері Бақытжан Жұмағұлов сонау жас кезінен бастап білім, ғылым саласына аянбай еңбек сіңіріп келеді. Қазақстан Респуликасы Ұлт­тық Инженерлік академиясының президенті, Түркі әлемінің математикалық қоғамының (TWMS) және қазақстандық математикалық қоғамның президенті қызмет­терін атқарған, Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы мемлекет­тік сыйлығының лауреаты, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлт­тық Ғылым академиясының, Қазақстан Республикасы Ұлт­тық Инженерлік академиясының, Халықаралық инженерлік академиясының академигі – Бақытжан Тұрсынұлы сенатор, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі ретінде де абыройлы еңбек ет­ті.

Бақытжан Тұрсынұлының мемлекет және қоғам қайраткері ретіндегі жасағаған барлық іс-әрекеті мен еңбегі қазақ жұртшылығының көз алдында. Бұл туралы әріптестері мен жорналшы қауым аз жазған жоқ. Мен Бақытжан ағамыздың әулетіміз бен туған топырағына сіңірген еңбегі мен көрсеткен үлгі-өнегесіне қысқаша тоқталып өтсем деймін. «Тектіден текті туады, ата жолын қуады» деген тәмсіл бекер айтылмаса керек. Жабықбай бабамыздан атамыз Тұрсын мен Кәукер апамыз және Жақыпбек ата туса, Тұрсын ата мен алтын құрсақты Кенжетай әжемізден Қалқаман ата, Күләш апа, менің әкем Байжұман, Бақытжан аға, Гүлбаршын тәте, Күләй тәте, Бауыржан аға тарайды. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген, әке мен ананың аялы алақаны мен ыстық құшағынан нәр алып ержеткен әулет­тің әр мүшесі, алған білімі мен тәрбиесінің арқасында қоғамнан өз орындарын ойып тұрып алды.
Атамыз соғыс ардагері. Соғыстан соң шаруашылық саласында басшылық қызмет атқарды. Кенжетай әжеміз (Кенжетай Батырбекқызы, мәдениет саласының Еңбек сіңірген қызметкері) ұзақ жылдар аудандық кітапхананың меңгерушісі бола жүріп бала тәрбиесімен де айналысты. Балаларының барлығы дерлік сол кітапханада ержет­ті десе де болады. Содан болар, бәрі кітапқұмар, білімпаз болып өсті. Кітапханадағы кітаптардың түгелге жуығын оқығандарын өзара әңгімелерінен талай естідік. «Тоғыз ұлым – бір төбе, Ертөстігім – бір төбе» демекші, әжеміз балаларының ішінде Бақытжан ағаны ерекше жақсы көретін. Бақытжан ағаның да анасына деген көңілі, махаббаты, құрметі тым бөлек болды. Күніне бір не екі рет анасына телефон шалмаса, тілдеспесе көңілі алаңдап тұратын. Қыруар жұмысынан қолы қалт етсе, елге, анасы тұратын қарашаңыраққа асыға жететін. Әр келген сайын анасына еркелеп, еркелетіп, жанында жеке отырып сырласқанды ұнататын. Дастархан басындағы екеуара сөздерінен бір-біріне деген құрмет, қимастық сезіліп тұратын. Ағамыз ердің жасы елуден асып асқаралы алпысты алқымдаса да әжеміздің алдында өзін бала сезінетініне таңдана қараушы едік.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген. Тоқсанға келіп, өмірден озған асыл әжеміз өмірлік тәжрибесіндегі ойға түйгенін, ғибрат­тарын «Ғұмырдария», «Дәуір дәрісі», «Жизнь-река» ат­ты кітаптарына жазып қалдырды. Бертін келе Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті ғылыми кеңесінің 2022 жылдың 23 қыркүйегіндегі шешімімен білім ордасындағы көпсалалы ғылыми кітапханаға Абай атындағы Қазақ Ұлт­тық университетінің құрмет­ті профессоры, ардагер кітапханашы, бірнеше кітаптың авторы, марқұм әжеміз Кенжетай Батырбекқызының есімі берілді. Ұрпақтары ардақтаған ана есімі Батыс Қазақстан өңірінде осылай ұлықталды. Бүгінде ағамыздың жары Валентина апайымыз да шаңырақтың ұйытқысына айналып, әжеміздің жолын жалғастырып отыр.
Бақытжан ағамыз бір қарағанда қатал көрінгенімен, жүрегі жұмсақ жан. Шын қысылған жанға әрқашан көмектескісі келіп тұратынын тілдескен адам бірден түсінеді. Табиғатынан өтірікті жаны сүймейтін, шындық үшін кіммен болса да тайсалмай күресе алатын, өз ойын анық та қанық жеткізе білетін ағамның қара қылды қақ жарар әділдігі де баршаға үлгі. Қандай нәрсенің де байыбына жетіп, нақты дәлелдермен орын-орнына қоюы да нағыз математиктерге тән қасиет болса керек. Туған жері Қапалдағы Ғали Орманов атындағы орта мектептің ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстары мен сынып бөлмелерін заманауи техникамен жабдықтауы, елдің, жастардың болашағын ойлауы Бақытжан Тұрсынұлының ұлтжанды азамат екенінің көрінісі. Бабамыз (кіші Көтентәуіп) Ақшора-Шаппаның басына барар жолды жөндеуге, айналасын абат­тандыруға атсалысқанын, батыр бабамыз Бөрібай ескерткішінің бой көтеруіне де өз үлесін қосқанын халық жақсы біледі. Сонау 1986 жылы ызғарлы желтоқсанда, қылышынан қан тамған тотаритарлық жүйенің қаһарынан сескенбей, басшылықтың студент жастарды университет­тен шығару туралы даярлап қойған жарлығына қол қоюдан бас тартуының өзі ағамыздың нағыз елім дейтін ер екенін дәлдесе керек.
Хакім Абай: «…Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» дегендей, кіші әкем Бақытжан Тұрсынұлының еңбек жолына бала күнімнен қызығып өскенімнен болар, мен де ғылым жолына бет бұрдым. Ағамызды жетпіске толған мерейлі белесімен құт­тықтай отырып, ұстаздық ұлағаты, ерен еңбегі жемісті болуын тілеймін.

Тимур БАЙЖҰМАНҰЛЫ,
философия докторы (PhD)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір