МЫҢ БОЯУЛЫ МӨЛДІР ӘЛЕМ
Күйші-композитор Нұрғиса Тілендиев: «Домбырашы өз мінезін тартады», – дейді. Бас бармақпен бағаланатын сөз. Бұл өлшем әдебиет пен өнердің барлық түрі мен формасына, мазмұны мен сипатына қатысты айтылған десек, қателесе қоймаспыз. Әсіресе сөз ләмін біліп, құшырын танитын ақын әлеміне үңіліп, өмірі мен өлеңінен ұйқас тапқанда, ешқандай фальшсіз ойнайтын оркестр үнін естігендей боласың. Ақын Бауыржан Әліқожаның «Хұснихат» өлеңдер жинағын парақтағанда дәл осындай әсерге бөленіп, ішкі гармониясын тапқан, көркемдік палитрасы сан алуан түске бай шығармалар шоғырына тап болдық.
«Эрмитаждағы» әр суретті қызықтауға 1 минут уақытыңызды жұмсасаңыз, бүкіл галереяны тамашалап шығуға 3 жыл өміріңіз кетеді екен. Табиғат құбылыстарын сөзбен суреттеп, сырлай білетін Бауыржан ақын жырлары да кенеп бояумен салынған картиналардай сырға бай, құпиясы мол. Уақыт пен кеңістікке саяхат жасап, ойың оянып, санаң сергиді. «Топырақ», «Тау», «Аспан», «Таңғы шық», «Құйын», «Нөсерде», «Қыс» өлеңдері оқырманын жаратылыс жұмбағын шешуге шақырып, қазіргі өркениет заманында өз өрнегіңді табуға ұмтылдырады.
«Солғын тартқан ғаламнан аңғарылып,
Қылтияды бұлдырап жанған үміт.
Дөңгеленген бақылап дүниені,
Миллион көздер тұр, әне, талға ілініп», –
дейді ол «Мөлдір моншақтар» өлеңінде. Өкпесі түтінге толып, ауадағы ауырлықты сезінген ару Алматыға Көктөбеден қарап: «Ей, табиғат, сенің де адамдардан демалғың келіп тұр ма?!» деген сауал қоясың. Сондай бір сәтте «Ыршып түскен шыршаның жанарынан» тамшылардың адвокаты болып сөйлеген ақын жырларын оқып жұбанып, жүрек үнімен дуэт болып, жұпар иісін ұмыттырған жасанды интеллектіні дуэлге шақырасың.
Махаббат деген – жомарт сезім, ұлы сиқыр! Жүрегің екеу болып қалса, болды, сол сүйіктіңе әр сөзіңді әнмен айтып, жоғары ноталарды бағындырғың келеді. Қыз денелі ақ қайыңдарды аралап, ақ гүлдерге сезіміңді байлап қоятын күлте қанат көбелектерді бірге қуып ойнап, басқа әлемде жүресің. Ешқандай рентген сәулесі анықтай алмайтын бұл «диагноз» Бауыржанда да бар.
«Кеудені кернеп ғашықтық әні,
Тамырда тулап тасып тұрады.
Ақсамал мені қолтықтап алып,
Жолығар баққа асықтырады», –
дейді ақын «Бір сезім» өлеңінде. Кәсіби оператор соңғы үлгідегі дрондар көмегімен түсіре алмайтын, тек қана көңіл дүрбісімен көруге болатын құбылыс.
Образға орап, теңеумен қымтап, әрбір детальға жан бітіру шайыр шығармасының шырайын келтіріп, ажарын ашып тұр. «Есентай өзені» өлеңіндегі:
«Жылы жүзбен жырға орап әр уақытты,
Өтті күндер ақ қайыңды саялап.
Біз осында тастап кеткен бақытты,
Мына екі жас ұстап отыр аялап», –
деген шумақ осы ойымыздың дәлелі. Сартап сағыныш, сүт төгілген сарғана белдер жасырған мұңды сурет, өткен шаққа деген ностальгия… Сезім қылын шертетін сыршыл лиризм.
Шайырлар мен шайхылардың мекеніне айналған Сыр бойы шежірелі тарихқа бай. Майлықожа мақамынан рухтанып, Құранды қырағаттап оқитын күміс сақалды шалдары бар топырақтан шыққан дарындар қатары аз емес. Біздің Бауыржан да бата оқып, бет сипап, бала жасынан әптиекті жатқа білген ортаның тумасы. Оның «Ақиқат», «Түңілу мен жүгіну», «Қазына қарт», «Атамның әңгімесі», т.б. өлеңдері тәрбие мен тәлімге толы. Арын иманы күзеткен азаматтың концепциясы.
«Сұрақ көп сатылатқан,
Ғаламат ғалам мына!
Жаратты-ау топырақтан,
Көркем ғып адамды да.
Тіреусіз анау аспан,
Қандай күш құлатпайтын?!
Құран – шам сананы ашқан,
Бастайды жұмаққа айқын», –
дейді ол («Ақиқат») бесік пен бейіт арасындағы бес күн жалғанның мәніне тоқталып. Жасыратын несі бар, бүгінгі нарық заманының принциптері біздің буынға «Құдайдың суретін» ақшаға қарап салуды үйретіп, қасиет пен машықтың арасын ажырату қиындап қалды. Қазіргі жастарымыз Американың англо-африкалықтар кварталында пайда болған рэпке билеп, жаттың мәдениетін жалға алудың қауіпті құбылыс екенін естен шығарып барады. Бауыржанның имани жырлары рухани иммунитетімізді арттырып, ұлттың сапасын арттыруға үлес қосары анық.
Туған жердің бір жұтым ауасынан қымбат не бар?! Тақия төбелері мен кесірткебас келте жалдары жігерлендіріп, желпіндіріп, жазиралы белдеріне назиралы жырын арнап, ақын біткен шабыттың Байшұбарын қамшылайды. Біздің авторымыз да «Ауылды аңсау» өлеңінде:
«Туған елді ізгіліктің ізі етіп,
Шын жаңғырта салып жүрмін ырғақты.
Тас көшеде табанымнан сыз өтіп,
Топырағыңды аңсап жүрмін тым қатты», – деп ағынан жарылады. «Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» (Онере де Бальзак) деген қағиданы еске алып, ақынның аңсау мен арзудан туған жырларының ішкі рухына бас иесің. Адамды мүйіздеуге бейім мегаполистің мінезіне шыдас беретін ауылдық менталитеттің бекзат болмысында сақталып қалғанын көресің. Әсіресе өскен өңір мен ата-ана қадірін тануға шақыратын «Қаратау тәжі», «Киелі Кентау», «Қожатоғай», «Әке», «Қорған», «Шуақ», т.б. шығармалары махаббат пен мейірімнің, құрмет пен ізеттің жарқын мысалы.
Автор әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерін қазақша сөйлетіп, соңғы бірнеше онжылдықтар ауанында үзіліп қалған рухани-мәдени байланыстардың қайта жалғануына өз үлесін қосып жүр. Түрік ақыны Вейсел Шатыроғлының, әзербайжан ақыны Хусейн Жәуидтің бірнеше шығармасын ана тілімізге аударып, көркемдік көкжиегіміздің кеңеюіне атсалысып келеді. Оның бұл бағыттағы еңбегіне жеміс тілейміз.
Бауыржан Әліқожа – өзінің жазу мәнерін тапқан, қолтаңбасы қалыптасқан ақын. Өлең жазу филологиялық білімнің ғана емес, табиғи дарын мен табанды еңбектің жемісі екенін жақсы біледі. Қазіргі әдебиет сүйетін, өлеңқұмар жас буын оның өлеңдерін жатқа оқиды. Өзі де қаншама жыр додаларына қатысып, әйгіленіп те, бәйгіленіп те үлгерді. Өлеңінде өтірік айтпайтын, өз өрісі мен өрнегі бар бауырымыздың бағы мен бабы қатар шаба берсін!
Бекжан ӘШІРБАЕВ,
ақын, «Дарын» мемлекеттік
жастар сыйлығының лауреаты