Бізге ұқсас бар болса да адамдар…
19.01.2018
1955
0

Марфуға БЕКТЕМІРОВА


СОНДАҒЫ ӘНІМ СЕН БЕ ЕДІҢ?
Жаныммен жаным,
Жалғанда мынау егіз деп,
Жаныңа келгем,
Жаһаннан жалғыз сені іздеп.
Жылатып кеттің…
ең соңғы менің үмітім,
Толқыды жүрек,
толқыды жүрек теңіз боп.

Түсіме енді,
Сап-сары түсті шөл менің,
Мейірімге жалғыз,
Шөлдедім, шіркін,шөлдедім.
Әлемнен іздеп,
Көркіңе іштей табынған,
Сондағы әнім,
сондағы әнім сен бе едің?

Жаныммен жаным,
Жалғанда мынау егіз деп,
Жаныңа келгем,
Жаһаннан жалғыз сені іздеп.
Жылатып кеттің…
ең соңғы менің үмітім,
Толқыды жүрек,
толқыды жүрек теңіз боп.

ҚОС ҚАНАТТЫ ПЕРІШТЕ
Гулей берсін,
Гулей берсін өсегің,
Әңгімесі таусылмайды көшенің.
Сен ішсін деп су тасыдым Тобылдан,
Туған жердің көкорайын төседім.

Сезім жылы…
Төңіректе түн салқын,
Самал есіп тербетіліп тұр шалғын.
Көздерімде туған жердің түні бар,
Шаштарымнан аңқиды исі жусанның.

Не жасайын,
Айтшы, айтшы сен үшін?
Қос жүректің тойлау үшін жеңісін.
Пері қызы болып жұмақ бағының,
Теріп алып келем тәтті жемісін.

Қоштасарда,
Жанарыңнан жас тамған,
Жастық ыстық
жұлдыздардан жастанған.
Қос қанатты періште боп қондық біз,
Құшағына қара жердің аспаннан.

***
Күн құдірет,
Күн қадірлі, құрметті.
Сәбилер де салған талай суретті,
Бала жастан өмір неге,білмеймін,
Суретіңді түнде сал деп үйретті.

Түнде салам,
Көргенімді өмірден,
Ақ қайыңды…
жасыл шашы төгілген.
Ең әдемі бояу көздің жасы ғой,
Ақ параққа тамшылайды көзімнен.

Мөлдірліктен,
Туған өлең өлең-ді,
Қымбат ойлар көтермейді көлемді.
Айдан артық адамым жоқ қайтейін,
Түннен артық туысым да жоқ енді.

Түн Мен,
Мен Түн.
Араласты қанымыз.

ЖАҒАҒА ІЗДЕП КЕЛІП
Бір әнім,
Қалғандай менің Бурабайда,
Мұң шағамын,
Ақырын туған айға.
Өзім жоқта Айнакөл ақ толқыны,
Билемей ме, тыпыршып туламай ма?
Көк шыңы,
Көрінбесе Бурабайдың,
Көзіне,
Жас толатын құралаймын.
Жағаға іздеп келіп айлы түнде,
Мені таппай ішінен тына ма айдын?
Тұрып,
Тұрып төбеде күрсінетін,
Сұлу айдың,
Салды екен кім суретін?
Қолтығымнан көтеріп кербез таулар,
Орман жаққа сұлуым жүрші дейтін.
Мезі етті ме,
Жалғыздық Жұмбақтасты,
Кім түсінер,
Өзімсіз қымбат тасты.
Кім сенің сауалыңа жауап берді,
Кім сенің кеудеңдегі жұмбақты ашты?

***
Дүние-ай, қатты соқты қызыл желің,
Мұң шағып кімге керек мүжілгенім.
Көрер көз бар ма екен бұл дүниеде,
Көз ілмей тамшы жастың үзілгенін.

Дүние-ай, түк білместей тұнжырадың,
Ішіңде жатыр сенің сұр жыланың.
Тәңірден күнде іштей сұрап жүрем,
Тоқтамаса екен деп жыр-бұлағым.

Дүние-ай, бүлк етпейді бетің бірақ,
Өлеңмен оңай емес кету жырақ,
Құдайым, қолдай салсаң қайтер еді,
Жатқанда жер бетінде жетім жылап.

Таусылмас бұл дүниеде өсек деген,
Мен оны жау емес деп есептегем.
Әр жерден көртышқандай көр қазып жүр,
Күншілдің қорлығы жоқ көрсетпеген.

Аққу боп қонып жатыр қарға айдынға,
Қайтем енді қарғаны қорғайын ба?
Қандай тас атса дағы дұшпандарым,
Жұмсақ боп тисе екен маңдайыма.

***
Түсіме тағы сен ендің…
Сені ойлап,
Таң ата мен де сенделдім.
Көзімді жұмдым,
жұмдым да сені ойладым.
Сағыныш атты,
бесікте жатып тербелдім.

Түсімде көрдім…
Түс деген ғажап өмір ғой,
Өмір ғой ол да,
Іздеген оны көңіл ғой.
Лүпілдеп жатқан,
жүрегің барда кеудеңде,
Махаббатыңды ойламау деген өлім ғой.

СОЛ МАХАББАТ
КЕЛМЕСЕ
Кешегі арман,
Бәрі жалған…
Қайтер едік,
сол махаббат келмесе,
Дүние кеңейіп,
табылар ма еді кең көше?
Өткінші боп қалар болса сол сезім,
Бір-бірімізді неге сүйдік ендеше.

Неге, неге,
Жылап тұрдық, күлмедік?
Қоя алмадық,
Тоя алмадық күнде өбіп.
Біреуімізге келсе ажал дәл қазір,
Қол ұстасып кететінйдей бірге өліп.

Неге, неге,
Соның бәрі жалған ба?
Ұқсап еді,
гүлдер бүршік жарғанға.
Бізге ұқсас бар болса да адамдар,
Біздей ғашық,
жоқ дейтінбіз жалғанда.

Соңымызға,
Түсті суық сезімдер,
Бұл жалғанда,
сөзде тұрар өзің бе ер?
Өмір атты мына жарық әлемде,
Маған жігіт,
саған қыз да кезігер.

Неге, неге,
Өткіншіге алдандық?
Талай күнді өткізіппіз арман ғып.
Жүруші едік, қызықтырып жұрт көзін,
Бар әлемді, қоштастық біз қайран қып.


Есенгелді СҮЙІНОВ


ҚАЗАҚСТАН
Көз жетпейді, жазиралы жері кең,
Күндер өтер іздегенде шегін мен.
Қызғалдақтар қырларында жайнайды,
Ен даласы көмкерілген егінмен.

Күн сәулесі нұр шашады көгінен,
Ырыс-байлық қойнауынан төгілген.
Сүйікті Отан-бақытымның бастауы,
Қазақстан, сен кетпейсің көңілден!

Абыройың жер жаһанға асқақтап,
Қонды саған мерей, бедел, асқан бақ.
Сенсің қазір бейбіт өмір жаршысы,
Көтерілді өз мәртебең аспандап.

Бейбітшілік, ынтымақ қой ұраның,
Тыныштық пен келіссөздер-құралың.
Сансыз ұлттар ынтымағы жарасқан,
Достық елі, мен мақтанып тұрамын.

Асылымсың, аялаймын көркемім,
Өсіп жатыр ұрпақтарың, өркенің.
Қазақстан, сен барасың шарықтап,
Қандай ғажап болашағың, ертеңің.

Хан Кене
Биік ұстап қазағымның намысын,
Атқа қондың қару алып, арысым!
Қол бастадың қайсарлықты танытып,
Отан үшін, ұлтымыздың ары үшін.

Атой салдың найзағайдай күркіреп,
Жауың қашты қаһарыңнан дүркіреп.
Бостандыққа жетер ме еді, шіркін-ай,
Болған кезде қазағыңда бір тілек.

Бар арманың азаттық қой аңсаған,
Ерлігіңе бас иемін, хан саған!
Халқын қорғап қасық қаны қалғанша,
Шейіт болды қатарыңда қанша адам.

Қазағымның сыйлы ханы аталып,
Қариядан, үлкендерден бата алып.
Қапияда қолға түсіп, мерт болдың,
О, тағдыр-ай, неткен мынау қаталдық.

Дамыл таппай, ойға-қырға сабылып,
Әскер жидың, келді саған ағылып.
Қалың қолмен Ақмоланы басып ап,
Тұрған еді үміт оты жағылып.
Ұйқы көрмей, азап шегіп, қиналып,
Жорықтарға сапар шектің жиналып.
Бұл қазағым еркін халық болады,
Деген сөзге сенуші едің иланып.

Он жыл бойы тапжылмастан күрестің,
Жауларыңа бой берместен тірестің.
Отан үшін қазағымда өзіңдей,
Ержүректік көрсетпеген бірі ешкім.
Талай рет аман шығып жорықтан,
Жан емес ең хас дұшпаннан қорыққан.
Бейнет шектің, етегіңмен су кешіп,
Құтқарам деп туған елді зорлықтан.

Белді буып, алға шықтың жарқылдап,
Ұран тастап қалың топқа саңқылдап.
Тәуелсіздік тарихына, хан Кенем,
Есіміңді жазып кеттің алтындап.

Батылдық қой, табандылық не деген,
Ел сүюді үйренемін мен сенен.
Ескерткіш боп жадымызда тұрсың ғой,
Рухың жебеп бәрімізді хан Кенем!

БУРАБАЙ
Келбеті кімнің жанын тербетпейді,
Бейнесі көз алдымнан бір кетпейді.
Бурабай-жер жәннаты әлемдегі,
Жырлауға әттең, бірақ тіл жетпейді.
Мұнартып көк таулары көрінеді,
Оқжетпес-бетке ұстары өңірдегі.
Көкшетау, Жұмбақтас пен Бөлектау бар,
Басатын қос пернесін көңілдегі.

Айнакөл тұп-тұнық боп мөлдіреген,
Жанымда тудырады мөлдір өлең.
Сұлулық Бурабайға жиналғандай,
Көрген жан таңдай қағып, елжіреген.

Бас сұқсаң қалың, жасыл орманына,
Айналған бабалардың қорғанына.
Қарағай, ақ қайыңдар сыр шертеді,
Абылай, Кенесары болған мұнда.

Келмеп ем Бурабайға өзім көптен,
Ауасы дертке шипа, жанды өпкен.
Аттары аңыз болған тұлғалардың,
Іздері сайрап жатыр басып өткен.

Бурабай неткен сонша көркем еді,
Құлпырып масатыдай, өркендеді.
Жұмақтың жері болып жаҺандағы,
Гүлденіп, жасай берші өлкем енді.

МАРФУҒА
Кездескен күні мен, Марфуға,
Ұялдым сүйем деп айтуға.
Қысылып тұрдым да алдыңда,
Бет алдым қоштасып қайтуға.

Сені ойлап көңілім шалқуда,
Тал бойым ериді,балқуда.
Атыңды қайталап айтамын,
Марфуға, о, Марфуға!

Ән салдың жиында, алдымда,
Ұнатып, от болып жандым да.
Әуенің құлаққа жағымды,
Мен саған ғашық боп қалдым ба?

Ғашықпын ай сұлу аруға,
Батылым бармайды баруға.
Ынтық боп осылай жүрмін ғой,
Қарашы сен маған, Марфуға.

Мен сені сүйемін жаныммен,
Ып-ыстық бойдағы қаныммен.
Марфуға, қуаныш сыйлашы,
Арайлы, жап-жарық таңым сен.

Сымбатты, ақылды Марфуға,
Боларсың өлеңде нар тұлға.
Басыма бақ болып қонарсың,
Мен сені теңеймін аққуға.

МЕН СЕНІ ҰМЫТПАЙМЫН
Мен сені қалай жаным, ұмытайын,
Сен едің сәуле шашқан Күн мен Айым.
Көгімнен жұлдыздай боп ағып өттің,
Басыма түсті ауыр қайғы-уайым.
Сен барда елемеппін ештеңені,
Көңілім бақыт күйін кешкен еді.
Тағдырдың жазуы осы, мына ажал,
Біреуге ерте, біреуге кеш келеді.

Сенбеймін аяулым-ау жоқтығыңа,
Шыққанда ғұмырымның шоқтығына.
Бойыңнан ала алмадым, өкінемін,
Қадалған ажал деген оқты мына.

Сен біздің кеттің жаным, мәңгі тастап,
Ақылмен жүруші едің алға бастап.
Ақынсың аялайтын туған халқың,
Төрінде поэзияның тұрсың асқақ.

Жырладың қайсар, адал ұлтың жайлы,
Жырладың алға ұмтылған жұртың жайлы.
Марфуға, қадірлейтін ұлтың барда,
Есімің ешқашан да ұмытылмайды.

ҚАЛАСЫҢ МӘҢГІ-БАҚИ ЕЛ ЕСІНДЕ
Өмірде басымыздан не өтпеді,
Жыл өтті, айлар өтті сен кеткелі.
Осылай болады деп кім ойлаған,
Тағдырдың түсті сынақ бір өткелі.

Жүруші ең күлімсіреп жайраң қағып,
Көркіңе жұрт қарайтын қайран қалып.
Қолыңа қалам алып шабыттанып,
Жыр жаздың сырға толы, ойланарлық.

Болдың сен аяулы жар, асыл ана,
Күш бердің ақыл айтып жасығанда.
Сүйдім мен бір өзіңді жүрегіммен,
Көңілім саған деген басылар ма?

Марқа деп әжең сені еркелеткен,
Табиғат сені сұлу, көркем еткен.
Бір жаққа саяхаттап кеткендейсің,
Күз өтті, қыс та өтті, көктем өткен.

Көз жұмдың қапияда, жаз айында,
Рамазан келген күні, әз айында.
Жаның-жаз, мінезің-кең жарым болдың,
Толғанып өзің жайлы жазайын да.

Сенбеймін, өзің жоқсың арамызда,
Уайымдап түсе алмаймыз сабамызға.
Балалар, немерелер сені іздейді,
Дәл сендей жақсы ана табамыз ба?
Нұр бейнең есімізде, санамызда.

Елес боп көз алдыма келесің де,
Шыққанда елу төрттің белесіне.
Қазақтың маңдайалды ақыны боп,
Қаласың мәңгі-бақи ел есінде.

ТӘП-ТӘТТІ ҮНІҢ ТЕРБЕЙДІ
Іздеймін сені толқындай толқып, қайдасың,
Түспесін еңсең, қабағың гүлдей жайнасын.
Өзіңмен бірге өткізсем деймін өмірді,
Арманым асқақ шындыққа нағыз айналсын!

Алқызыл гүлдей махаббатымыз мәңгі солмасын,
Басыңда қайғы, қасірет, уайым болмасын.
Айдында жүзген аққудай болып сылаңдап,
Жайраңдап күлші, бір Алла сені қолдасын.

Сен жоқсың әлі қасымда, шөлдеп аңсадым,
Өтеді айлар жұлдыздай ағып, қанша күн.
Жанарым талды күтумен жолға қарайлап,
Сағындым сені, келесің қашан, шаршадым.

Орнына түссін жүрегің тыншып, жайлансын,
Көрікті қызсың, жарқырап тұрған айнамсың.
Сен қуансаң жаным, бар әлем бірге қуанар,
Қай жерде жүрсің, кімдермен бірге, қайдасың?

Махаббат оты алаулап маза бермейді,
Тәп-тәтті үнің әлдилеп, мені тербейді.
Қуаныш сыйлап, жанашыр болдың өзіме,
Қымбатсың жаным, жоғалтқым сені келмейді!

Астана қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір